Шымкентте суретші – педагогтар бас қосты

«Мәдениет–ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықтың тарихи естелігі – ғасырлар бойы мәдени мұраға салынатын, барлық адамзат өркениетінің мәдени топтарын, халықтың, ұлттың, этностың өзін сақтап қалудың  негізі болып қалу факторы болып табылады. Қазіргі кезеңде баланы тұлға ретінде қалыптастыру, оның бойына ұлттық әдеп-ғұрып пен салт-дәстүр мұраларын сіңіру, имандылыққа тәрбиелеу бүкіл халықтық іске айналып, жұртшылық назарын аударуда. Бейнелеу өнері арқылы ұлттық, эстетикалық, адамгершілік, рухани тәрбие берудегі жұмыстың нәтижелі болуы суретшілердің шеберлігі мен ізденімпаздығы, шығармашылығы, білім деңгейімен де тығыз байланысты болмақ. Осы орайда,  еліміздің  барлық  өңірінен суретші -педагогтар Шымкент қаласына жиналды.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында «Мәдени мұра» атты халықаралық суретші–педагогтар симпозиумы ұйымдастырылды. Бұл басқосудың мақсаты заманауи педагогикалық көркем білім беру мәселелерін зерттеп жүрген ЖОО ғалымдарының, докторанттар мен магистрантардың, суретші-педагогтардың, орта мектептерде дәріс беретін көркем еңбек пәні мұғалімдерінің ғылыми-зерттеу нәтижелері мен көкейкесті мәселелері бойынша шығармашылық тәжірибе алмасуға бағытталған болатын. Жүздесу үш күнге жалғасты.

Халықаралық суретші–педагогтар симпозиумының ашылуына орай ұйымдастырылған кездесуде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы-ректор Дария Пернешқызы Қожамжарова: «Кеше ғана Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы үндеуінде «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Жеті тұғырдың Бесінші тұғыры, Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі деп атап көрсетті. Бұл симпозиум Тұңғыш Президентіміз атап көрсеткен бесінші тұғыр бойынша дер кезінде орындалып отырған іс-шара ретінде қабылдауларыңызды сұранамыз, – деп симпозиум қатысушыларына аталған іс-шараға алыс-жақын шет елдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, атсалысқандықтары үшін алғысын білдірді.

Жиынға қатысушыларды Ресей Федерациясының Омск мемлекеттік педгогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қайртай Амирғазин және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қуандық Ералин онлайн-форматта қатысып, Низамий атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика университеті, Бейнелеу өнері кафедрасының доценті Уринбай Нуртаев, Шәкәрім атындағы университеттің «Өнер және музыка» кафедрасының профессоры, п.ғ.к., ҚПҒА академигі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мадвакас Мырзаканов ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.

Кездесуден соң симпозиумға қатысушылар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының профессор-оқытушылары мен студент, магистранттарының шығармашылық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Симпозиум барысында Шымкент және Түркістан қалаларында «Шырайлы шымқала», «Жаңғырған Түркістан», атты бейнелеу өнері ұстаздары мен докторанттары, магистранттары арасында табиғат аясындағы пленэр ұйымдастырылды.

«Табиғатты аялау ата-баба салтымыз, тәрбиеге де мән берген дана халқымыз» демекші ата-бабамыз бастан-ақ табиғат пен тәрбиені бөле жарып көрмеген, екеуін қатар ұстаған. Балаға табиғат адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат, шапағатын ұялататын, сұлулық пен әсемдік әлемі екендігін тұла бойына сіңіру. Орман, дала, өзен-көл тау-тас, бау-бақша, жыл мезгілдері мен құбылыстары, құстар үні мен жануарлар дүниесінің қызығы, өсімдіктер әлемі адамның сезіміне әсерлі суреттеліп, оларды сиқырлы сырды білуге ынтықтырады.

Адамның көркемдікті қабылдауы мен оны өз қолымен жасауға бағытталған әрекеттерінің арқасында бейнелеу өнерінің мәнерлілігі, көркемділігі жастардың шығармашылық белсенділігіне сол арқылы олардың көркемдік талғамының дамуына зор ықпал етеді. Адам баласы қашанда қоршаған ортаны, табиғат сұлулығын жырлауға, бейнелеуге ынтық болған. Өйткені табиғат пен адам бір-бірімен етене жақын. Кең-байтақ еліміздің  мың құлпырған  сан-алуан табиғаты, көрген жанды ғажайып әсерге бөлейді. Сондықтан да Қазақстан бейнелеу өнерінде табиғат тақырыбының алар орны ерекше. Осы бір ауқымды  тақырыпқа қалам тартпаған суретші, сірә, жоқ та шығар.

Суреткердің жүрегінен шыққан  табиғат көріністері, көрген жанға белгілі бір көңіл-күй береді. Сондықтан шараға жиналған 50-ге жуық қылқалам шеберлері мақсатының бір ұшы –  суретші-педагогтардың біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдау. Бұл шарада суретшілер аймақтың бірнеше аудандарын аралап, көрікті мекендердің суретін салды. Табиғаты тамылжыған аудандардан бөлек тарихи орындарды да аралап, атап айтқанда Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінде болды. Пленэр барысында жасалған жүзге жуық көркем туынды оңтүстік жұртшылығының назарына ұсынылады және арнайы көрме ұйымдастыру жоспарланған.

Симпозиум жұмысының нәтижесінде плэнерге қатысқан суретші-педагогтар дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Шара соңы үлкен коцертке ұласты. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тарту жасап, тамаша туындыларды шығарған суретші-педагогтардың ізгі бастамалары мәдениеттің дамуына ықпал ететін дара жол болып табылады.

Мадвакас МЫРЗАКАНОВ,
Шәкәрім атындағы университеттің
профессоры, п.ғ.к., ҚПҒА академигі,
ҚР Суретшілер одағының мүшесі,
Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий