Тұғырлы еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тәуелсіздік – бұл бәрінен бұрын, біздің басты құндылығымыз! Біздің міндетіміз – өркендеген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру».

Иә, ел Президенті атап өткендей, Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Тәуелсіз – әлемдегі ең құдіретті сөз. Ел еркіндігі. Қазақстан  тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына биыл 30 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.

1991 жылы 16 желтоқсан әлем картасында жаңа жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Бұл тәуелсіздік қанша ғасырдан бері армандап келе жатқан бұрынғы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, аналарымыздың көз жасы. Барша әлем елдері еліміздің тәуелсіздігін мойындап, қолдау көрсетті. Еркіндікке қол жеткізген жас мемлекеттің алдында жасалынатын көптеген жұмыстар тұрды. Өзінің ішкі және сыртқы саясатын, экономикасы мен валютасын қалыптастыру сынды жауапты жұмыстар тұрды. Осының бәрін отыз жылда орындап, әлем жұртының алдында өзінің даңқты ел екенін мойындата білді. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті бүгінде Астана арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзін мәдениет пен әдебиеттің қаласына айналдырды. Өзінің ішкі туризмі, ұзын сонар қара жолдары тарамдалып жатты.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  өзінің бір сөзінде  Президентіміз «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген еді. Осы пікірді қолдай отырып, қашанда ел болашағы жастарымызды Отанды сүюге, ұлтжандылыққа, ізгілікке, сенімділікке, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір-қасиетін ұғынуға тәрбиелеу мақсатында “Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті” КЕАҚ тіл білімдері кафедрасының тәрбие жұмысы жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасында белгіленген мерекеге арнап «Тәу еткен қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл» атты музыкалық-поэтикалық фестиваль өткізілді.

Фестиваль номинациялары: күй, әр түрлі тілдегі әндер мен әр түрлі аспаптардағы әуендер мен әндер болып табылды.

Фестивальға қатысу үшін студенттер музыкалық аспаптарда (домбыра, гитара, баян және т.б.) ойнай отырып, роликтер түсіріп, түрлі тілдерде патриоттық әндерді музыкалық аспаптармен және акапельмен сүйемелдеп, әр тілде Тәуелсіздік мерекесіне арналып жазылған ақындарымыздың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. 

Фестиваль өзінің шығармашылық идеяларын таныстыруға, шығармашылық әлеуетін ашуға, сондай-ақ басқа студенттердің шығармашылығымен танысуға және, әрине, өз жұмысының бағасын алуға мүмкіндік берді. Көрермендер үшін бұл мереке атмосферасына енуге, жаңалыққа үйренуге, қызықты және шығармашыл студенттермен танысуға тамаша мүмкіндік берді дегеніміз артық емес.

Кешімізді университетіміздің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Серік Қапанұлы Махмутов көпшілік қауымды Ұлттық мерекемізбен құттықтау сөзімен ашып, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, кеш барысында  қазақ халқын дүние жүзіне танытқан Желтоқсан оқиғасының құрбандары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Жансая Сабитова, Ербол Сыпатаевтарды еске алып, олардың рухына тағзым ету парызымыз екендігін және Ербол Сыпатаевтың біріміз еңбек етіп, біріміз білім алып отырған университетіміздің студенті болғаны атап айтылды.    Университет кітапханасының кіші оқу залы осы Желтоқсан батыры Ербол Сыпатаевтың есімімен аталатыны  және ол кісінің әркез біздің есімізде жүретіндігі де сөзге арқау болды. 

Фестивальға университет студенттерінен 40-қа жуық жұмыс ұсынылды.   

Әділ қазылар алқасы фестивальдің барлық қатысушыларының шығармашылық өнерлерін жоғары бағалай келе, келесі студенттерді жүлделі орындарымен марапаттады: Арон Данияр, Жұмабек Ерғалым, Бекзат Кеңес,

“Күміс көмей, жез таңдай әнші” – Әбілқасымов Данияр, “Күмбір-күй шебері”- Жолдасов Райымбек, “Мәнерлеп оқу шебері”-Қыдырбаев Есбол, “Гитара шерту шебері”- Самаев Алмас.

Жалпы, өткені қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.    Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс.   

 

Жекеева К.О.
“Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті” КЕАҚ тіл білімдері кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий