“Өзін-өзі тану” рухани – адамгершілік білім беру негізінде пилоттық білім беру ұйымдарында тәрбие ортасын құрудың маңызы

Қазіргі таңда баланы тұтас дамыту жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген біртұтас білім беру кеңістігінде баланың рухани табиғатын ашуға бағытталған шынайы  білім беру арқылы жүзеге асырылады. Шынайы білім берудің мақсаты – баланы жан-жақты тұтас дамыту, ол үшін  білім тұтас берілу керек. Тұтас білім беру үшін  мектептің білім беру мазмұнын  жалпыадамзаттық құндылықтармен интеграциялау қажет. Сол кезде оқушылардың пәндік білімін жандандырғанда  адамның ішкі болмысына тән қасиеттері ашылып, өздерінің іс-әрекетін ажырата алатын болады.

Сара Алпысқызы Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» рухани- адамгершілік білім беру Бағдарламасы» қоғамды рухани-адамгершілік тұрғысынан өзгерту мәселелерін шешуге арналған. Сондықтан қазіргі таңда барлық мектептерде өзін-өзі тану пәні жүргізіледі. Және де қосымша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы  №208 бұйрығымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік  білім беру Бағдарламасын» оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялау» пилоттық жобасын іске асыруға байланысты білім беру ұйымдары тартылды. Оқушы тұлғасының жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған жан-жақты тұтас дамуы үшін бірыңғай рухани –адамгершілік кеңістік қалыптастыру мақсатында әрбір пилоттық білім беру ұйымының миссиясы білім беру үдерісіндегі әрбір субъектінің ішкі әлеуетін ашу үшін жағдай туғызу болды.

Пилоттық білім беру ұйымдары  «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы»  негізінде жалпыадамзаттық құндылықтарды оқу пәндерінің мазмұнына, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру, ата-аналармен жұмыс,  әкімшілік-әдістемелік іс-шараларға жүйелі түрде енгізіп, жұмыстар  жүргізді. Нәтижесінде педагогикалық ұжымдар интеграцияланған сабақтарды ұйымдастыру мен өткізуде біршама жетістіктерге жетті. Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – мектеп оқушыларын рухани дамыту, яғни өзінің өмірдегі орнын, атқаратын міндетін, дүниенің күрделі құрылымын түсіну және өзін – өзі үздіксіз, бірқалыпты жетілдіру.

Рухани даму тұлғаны қалыптастырудың өзегі болып табылады. Даму күрделі, қозғалмалы үдеріс болғандықтан, тәрбие арқылы ұрпақты жетілдіру тәжірибесінің мүмкіндігі мол. Сондықтан да «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы негізінде пилоттық білім беру ұйымдарында тәрбие жүйесін құру бойынша  «Мектеп (балабақша, колледж) – сүйіспеншілік мекені» (2021 – 2024 жж)  пилоттық жобасының негізгі  мақсаты – «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру Бағдарламасы негізінде білім беру ұйымының тұтас білім беру кеңістігінде білім алушы тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін ғылыми негізделген педагогикалық жағдайлар кешенін іске асыратын тәрбие жүйесін құру.

Пилоттық жоба Бағдарламасында тәрбие жүйесі туралы былай делінген: тәрбие жүйесін жүзеге асыратын білім беру ұйымы жоғары тиімділікпен және тұрақтылықпен әзірленген тұжырымдама негізінде оқушылардың жеке тұлғалық дамуы мақсатын тек оқу-тәрбие үдерісі шеңберінде ғана емес, сонымен қатар тәрбиеге табиғи, материалдық, пәндік-эстетикалық және әлеуметтік ортаны қосу  арқылы жүзеге асырады. Тәрбие жүйесі «Өзін-өзі тану» РАББ Бағдарламасы негізінде білім беру ұйымының тұтас  білім беру кеңістігінде жүзеге асырылады, оның құрамына оқу-тәрбие үдерісі, қосымша білім беру, оқудан  тыс жұмыстар, ата-аналармен қарым-қатынас, қоғаммен өзара әрекеттестік сияқты салалар кіреді.

Білім беру ұйымдарының тәрбие жүйелерінің педагогикалық тиімділігінің негізгі шарты – ұжымдағы ортақ мақсаттармен, бірлескен іс-әрекеттермен, адамгершілік қарым-қатынастармен біріктірілген педагогтардың, оқушылар және ата-аналардың біртұтас қоғамдастығының болуы. Тұтас білім беру кеңістігін құрайтын оқу-тәрбие үдерісі, қосымша білім беру, оқудан  тыс жұмыстар, ата-аналармен қарым-қатынас, қоғаммен өзара әрекеттестік «тәрбие», «білім беру», «оқыту» арқылы тұлғаға сырттан ықпал ете отырып жүзеге асырылады  және олар тұлғаның өзіне ғана байланысты емес.

Тәрбие бір ұрпақтың тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үдеріс, осы арқылы адамды дамытады. Тәрбие барысында адамның дамуына басшылық жасалады. Адам дамуға жаратылысынан қабілетті болғандықтан, нәтижелі тәрбие тұлғаны дамытады. Оның бойында дамуға ықпал ететін Құдыретті Күш бар. Оны Рухани Бастау деп атаймыз. Осы Құдыретті Күш – дамудың қозғаушы күші. Адамды дамытудағы оған ықпал ететін сыртқы жағдайлар нәтижелі болу үшін ол оның жан дүниесімен үйлесімділікте болу керек. Білім беру – қоғамда адамды дамыту жағдайын арнайы ұйымдастыратын жүйе.

Оқыту мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас арқылы ұрпақтар тәжірибесін тарататын және  қабылдайтын үдеріс. Адамның жан дүниесінің тетігінде сыртқы ықпалды қабылдай алатын қабілет бар. Осыған сәйкес адам өзін дамытатын сыртқы жағдай арқылы ішкі жан дүниесін бейнелейді. Адам өзін дамыту үшін сыртқы жағдайларды жасап қалыптастырған. Соңғы жылдары педагогикада адамның ішкі жан дүниесін бейнелеу үшін жиі қолданылатын атаулар. Мысалы, өзін-өзі тәрбиелеу, өздігінен білім алу, өздігінен  оқу. Сонымен тәрбие, білім беру, оқыту – ішкі жан дүниеге түрткі болатын, жағдай жасайтын, оларды іске асыратын сыртқы жағдайлар.

Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу ара қатынасынан «тәрбиелік қарым-қатынас» өрбиді. Тәрбиелік қатынас өзара қарым-қатынастың бір түрі. Ол адамды  тәрбие, білім беру, оқыту арқылы дамытуға бағыттайды. Тәрбие жүйесінің салалары білім беру ұйымының тұтас білім беру кеңістігінде  «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік   білім беру Бағдарламасы  негізінде  төмендегідей жүзеге  асырылады: Жалпыадамзаттық құндылықтарды оқу пәндерінің мазмұнына интеграциялау: жалпыадамзаттық құндылықтарды басқа пәндермен  интеграциялауға  бағытталған сабақтар сериясын айқындау; барлық оқу пәндері бойынша сабақтардың қысқа мерзімді жоспарларын әзірлеу; басқа пәндердің мазмұнына интеграциялаудың жаңа түрлерін, тәсілдерін, амалдарын байқаудан өткізу;  әдістемелік ұсынымдар, әзірлемелер, жадынамалар, нұсқаулықтар және тағы басқа ұйымдастыру-әдістемелік өнімдерді әзірлеу.

Жалпыадамзаттық құндылықтарды оқудан тыс қызметтің барлық бағыттарының мазмұнына интеграциялау: әлеуметтік,  жалпымәдени,  жалпызияткерлік,  спорттық-сауықтыру, кәсіптік бағдарлау және тағы басқалар. Білім беру қызметін ұйымдастырудың заманауи нысандары мен әдістерін, мысалы, квестерді, пікірталастарды, акцияларды, марафондарды апробациялау. Мысалы, «Менің азаматтық ұстанымым», «Мен әлемді қалай өзгертемін», «Қамқорлық көрсету – адам руханиятының негізі», «Жақсылық жаса!». Жобалық қызметті ұйымдастыру.

Жалпыадамзаттық құндылықтарды қосымша білім беру мазмұнына интеграциялау: факультативтік сабақтардың, үйірмелердің, клубтардың және басқа авторлық бағдарламаларын әзірлеу; ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісіне қатысуын жандандыру, ата-аналар қоғамдастығын рухани-адамгершілік тұрғысынан ағарту:  ата-аналар үшін тәрбие жүйесін дамыту, оқу-әдістемелік орталықтарды біріктіру, нормативтік-құқықтық құжаттар мәселелері бойынша лекторийлер,  ата-аналар университеттерін ұйымдастыру.

«Сүйіспеншілік педагогикасы» шеберлік сыныптарын, мектепте және оқушылардың қоғамдық бірлестіктерінде ашық тәрбие іс-шаралары мен мерекелерін, отбасылық жобалар конкурстарын, «Балалық шақ үшін серіктестік», тақырыптары бойынша интерактивті ата-аналар  жиналыстарын, сыныптағы балалар арасындағы қарым-қатынас мәселелері туралы талқылаулар өткізу, отбасылық клубтарды, ата-аналардың қоғамдық бірлестіктерін құру; демалыс уақыттарында отбасылық демалыс, отбасылық білім туризмі инфрақұрылымын кеңейту,  отбасылық командалар, ансамбльдер, жобалық топтар үшін конкурстар, фестивальдар өткізу; ата-аналардың БАҚ-та, әлеуметтік желілерде өз пікірлерін жариялауы, мысалы, «Мектеп бізге көмектесті…», «Мейірімділік – отбасылық қатынастардың негізі» және тағы басқалар. 

Қорытынды.  Адам өмірінде әлеуметтік ортаның  маңызы зор, егер орта жағымды болса тұлғаның  рухани жетілуіне ынтасын арттырады, ал орта жағымсыз болса  – теріс ықпал адамгершілікке қайшы келетін істерге бағыттауы мүмкін. Сондықтан ортаның жағымды әсерімен қатар жағымсыз әсері де болады. Жағымды ортада тәрбиеленген рухани  дамыған тұлғаның көрсеткіштері  мыналар: басқаларға жанашырлық білдіру;  өзге адамға жақсылық тілеу; адамдарға көмек көрсету; айналадағы өмірді жақсартуға ұмтылу; өмір туралы мәселелер жайында толғану; өмірдің мәнін іздеу; өзін-өзі дамыту; жетілу арқылы бүкіл дүниені жетілдіру.

Сондықтан, пилоттық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы» негізінде сүйіспеншілікке, сенімге негізделген   оқушының әлемді және өзін интуитивті тұрғыдан ұғынуына,  өзін-өзі зерттеуіне  жағдай жасалынған шығармашылық шабыт атмосферасы құрылған тәрбие ортасын құрудың маңызы зор.    

Р МҰРАТХАНОВА,
АҮДҰИ-ның жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий