Ұлтқа қызмет қылатын ұрпақ тәрбиелеу – ортақ міндет!

Адамзат тарихында 30 жыл тым қысқа көрінгенімен, осы кезеңде әлеуметтік-саяси тұрақтылықпен қоса экономикалық дамуға қол жеткізе білген мемлекет үшін 30 жыл – құнды уақыт. Қыран құстың қанаты талар кең далаға қоныстанған қалың елдің ортақ Отаны – Қазақстанның тұғыры берік, рухы асқақ.

Біз, қазақстандықтар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың кемел мемлекеттілік құру жолындағы жарқын идеяларын темірқазық етіп, 30 жылдық тарихи қалыптасу кезеңінен бірге өтіп келеміз. Әлеуметтік әділеттілік үшін, Тәуелсіздік игілігі мен Ізгілікті қоғам үшін барлық деңгейдегі ел азаматтары күш-жігері мен тәжірибесін сарқа жұмсады. Егемен еліміздің 30 жылда бағындырған биігі мен белесі – біздің ортақ жеңісіміз.

Тәуелсіздік іргетасы қаланған кезеңдерден бастап білім жүйесінде де әдістемелік, бағдарламалық, құқықтық, кадрлық, педагогтарды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша бірқатар реформалардың кезең-кезеңмен сәтті іске асырылып келе жатқанын мақтанышпен айтамын. «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламалары өңірдегі елді мекендердің әлеуметтік өміріне оң өзгерістер әкелді. «Еңбек», «Серпін» жобалары, Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жаңа міндеттер легі іске асырылуда.

Тәуелсіздіктен кейін елге оралған қандастардың, іскер мигранттардың көші-қоны, халықтың табиғи өсімі мектептерде орын санының жетіспеушілігіне әкелді. Қиындықтар мемлекет қолдауының арқасында ғана еңсеріліп келеді. Жаңа мектептер салу есебінен бос орынға қажеттілік 9596-ға дейін азайтылды (2017 жылы-17 429). Білім беру нысандарының көбеюіне мемлекеттік-жекеменшіктік институттың дамуы мен бизнес сектор инвестициясының зор ықпал еткендігін атап өту қажет. 

Тұтастай алғанда, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өңірімізде жаңадан 218 балабақша, 101 мектеп, 17 колледж іске қосылды. Осылайша, кәсіптік-техникалық оқу орындары 3 есеге (10-нан 27-ге дейін), балабақшалар саны 3 есе (113-тен 331-ге дейін), мектептер 2 есеге (86-дан 171-ге дейін) жуық өсті. Соның арқасында 3 пен 6 жас арасындағы балалар балабақшамен толық жүз пайыз қамтылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша студенттер саны 3 есе артты.

Алдағы бес жылда үш ауысымдық мектептер кезең-кезеңмен азаяды, жаңадан 35 мектеп салынады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны 3,5 есеге артты (38-ден 134-ке дейін). Бүгінгі таңда барлық оқушының 77%-ы мемлекеттік тілде білім алады. Соңғы үш жылда «Алтын белгі» иегерлері 30%-ға, үздік аттестат иегерлері 40 %-ға көбейді. 2018 жылдан бері 14 жоғары оқу орнындағы 25 мамандық түрі бойынша 485 студентке, 40 магистрантқа оқу гранты берілді.

Кәсіптік-техникалық білім алушы студенттер командалары әлемдік, еуропалық, республикалық WorldSkills чемпионаттарында 13 алтын, 9 күміс, 12 қола медаль, 10 мәрте «Үздік маман» атағын жеңіп алды. Соңғы он жылдың өзінде 1048 оқушы республикалық олимпиадалардың, 315 оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 5-6 сынып оқушылары жалпы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада 1 алтын, 5 күміс, 4 қола медальға қол жеткізді. Педагог мәртебесінің заңмен белгіленуі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Бүгінгі таңда педагогтар заңмен реттелген барлық кепілділдіктермен қамтамасыз етіліп отыр. Аттестаттау қорытындысы бойынша педагогикалық шеберлігі үшін 9369 мұғалімге жалақысының 30%-ынан 50%-ына дейінгі мөлшерде, білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына жалақысының 30%-ынан 100%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленіп отыр.  

Республикалық «Үздік педагог» байқауына облыстың 86 мұғалімі қатысты. Жеңімпаз 25 мұғалім «Үздік педагог» төсбелгісіне ие болды, 1000 АЕК мөлшерінде сыйақы берілді. Аймақтық телеарнасындағы «Ұстаз» бағдарламасы арқылы 150-ден астам мұғалімнің тәжірибесі таратылды. Бұлар Тәуелсіздіктің 30 жылының парақтарына жазылып қалатын жарқын істердің біразы ғана. Алда атқарылар істер қыруар. Баршамыздың міндетіміз – кемел және қуатты Қазақстанды бірге жасау және ұлтқа қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеу.

Әр бала тәуелсіздіктің қадірін терең ұғуы үшін үйінде ата-анасы, оқу орнында ұстазы, ұран сөздермен емес, өзі үлгі бола жүріп, ұрпағын отаншылдыққа, мемлекетшілдікке тәрбиелеуі қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздіктің 30 жылдығына мерейтой емес, тарихи оқиға ретінде қарауды, 30 жылдық белесін елге өзгеріс әкелетін, салалардың дамуына үлес қосатын, рухани серпіліс әкелетін шаралармен есте қалдыруды тапсырды.

Тәуелсіздіктің отыз жылдығы құрметіне, облыстың барлық білім ұйымдарында ұстаздар мен білім алушылар күшімен ғылым мен білімнің жетістіктерін, дәстүр мен мәдениетті, бірлік пен бейбітшілікті, патриотизм мен азаматтық қоғамды насихаттайтын ғылыми, танымдық, шығармашылық жобалар, конкурстар, форумдар, басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда.   

Ұлт көшбасшысы “Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады» деген болатын. Барша ұстаздар қауымын тәуелсіз елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті естен шығармауға шақырамын! Халықтың игілігі, мемлекеттің мүддесі жолындағы қызметте мерейіміз үстем, мәртебеміз биік болсын! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Елдің еңсесі биік, болашағы баянды болсын! Ынтымақ-ырысымыз, береке-бірлігіміз арта берсін!

Светлана Дүмбайқызы ТУЛЕБАЕВА,
Маңғыстау облысы білім басқармасының
басшысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий