Тәуелсіздіктің ерлері – еңселі елдің тірегі

Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», – дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар кейінгі толқын  – жалынды, жігерлі жастар. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші ер азаматтар екендігі ақиқат дүние. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», — деп азамат жастарға мол  үміт артты.

Міне, сол азамат жастар,  жас буын өкілдері алдымыздағы аға буын өкілдеріне қарап бет түзеп, бағыт алып келе жатыр.  «Табыс күштілерге ғана келеді» деген сөз бар  көне даналықта. Ешкімге шағымданбайтын және ешкімнен көмек күтпейтін адамдар ғана табысқа жете алады. Сондықтан өз ісінің нағыз кәсіпқойы болу үшін уақыт талабына сәйкесу қажет екендігін  жадымызда ұстап, тарлан уақыттың тасқынына ілесіп,  бүгінгі күнді аға буын, орта буын және  жас буын өкілдері арасындағы үндестікке, ұрпақтар сабақтастығына арнаған біздің білім ордасында «Егемен елдің ерлері – еңселі елдің тірегі»  атты ерлер слеті  өтті.

Слеттің мақсаты: Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында аға ұрпақ пен жас ұрпақ арасындағы мәдени сабақтастықты нығайту; Ер азаматтардың қоғамдағы, білім саласындағы орнын, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудағы рөлін айқындау; Шеберлік сағаттары арқылы ер мұғалімдердің озат тәжірибелерімен таныстыру. Кеш «Адай» күйімен ашылды. Қабисатов Бейбіттің орындауындағы «Біздің елдің жігіттері» әні аясында  Ақшұқыр мектеп – лицейінің ер мұғалімдерінің жеткен жетістіктері бейнероликтен көрсетілді.

Біздің лицей жігіттері,
Жігіттердің төресі.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» олар,
Биік тұрған өресі.
Олар жайлы шындық осы,
Шартарапқа тараған,
Бүгін міне, мықтылығын,
Мықтылығын білесің… , – деп аяқталған ән мектеп жігіттерін  сан қырынан білуге ұмтылдырды. Қоғамдағы рөлі мен міндеті артқан сайын аға ұрпақ өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетіп, өздерінің қадірін біліп, жастардың орынды істерін, оң пікірлерін қолдап-қуаттап, қателерін түзетіп, ақыл-кеңес беріп, жөн сілтейді.

Кейінгі ұрпақ аға буынның озық өнегесін сақтап, одан ғибрат алып, өз өмір тәжірибесінде ілгері дамытып, өз кезегінде кейінгі буынға жеткізіп отыруға ерекше мән береді. Осы орайда, Абай атамыздың «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деген өлең жолдары да аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасындағы мәдени сабақтастықты көрсетіп тұрғандай. «…Өзін елінің бөлінбес бөлшегі санайтын азамат бақты да, сорды да елімен бірге көруге пейіл болады ,…елінің бейнетін жеңілдетуге күш салады.

Сол жолда қажыр-қайратын аямайды. Сондай өрелі сана иесі ғана азамат атануға әбден лайық. Мен осындай санаттан табылатындар қатарына өзімнің қанаттас інім Өмірзақ Озғанбайұлын қосар едім…», – деп кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайұлы баға бергендей,бүгінгі кешіміздің қонағы, ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен, өнегелі өмірінде жүздеген шәкірттер мен ұстаздардың білім сапарындағы көшбасшысы бола білген, ағарту саласына өлшеусіз еңбек сіңірген, қаруы қарымды қаламгер, жазушы, ғалым, Педагогика ғылымдарының кандидатыТарих ғылымдарының докторыпрофессорҚазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері,  Маңғыстау облысының Құрметті азаматы  Өмірзақ Озғанбайұлы және 30-ға жуық  ән мәтінінің авторы, халықаралық «Дарабоз»  әдеби бәйгесінің жүлдегері, Қазақстан   Жазушылар Одағының  және Журналистер Одағының мүшесі Темір Мыңжасұлы.

Ақын шығармашылығы  туралы Маңғыстау маржандарын тірнектеп жинап, ақын-жырауларының, күйшілерінің, әншілерінің рухын тірілтіп кеткен ізденімпаз, ғұлама ғалым Қабиболла Сыдиықұлы: “Темір Мыңжастың алғашқы жырларынан–ақ, өршілдік, өлеңдерінің бойында өріліп жүретін азаматтық әуен мол”, – деп дәл тауып айтқан-ды. Туған жері үшін, елінің қамы үшін  сүбелі сөз сөйлеп, азаматтық ойын ашық айтатын өр мінезді ағамызды туған өлке топырағында білмейтін жан кемде-кем. Бүгінгі таңда қоғамда өз пікірін ашық білдіріп жүрген от ауызды, орақ тілді, сергек ойлы, сыншыл әрі шыншыл қоғам белсендісі Жәнібек Сүйеуұлы.

Оның әр сөзінен Отанға деген лүпіл қаққан үлкен жүрегі көрінеді. Кеш қонақтарына арнап «Ағаларым» әнін әуелеткен әншілер көптің көңілінен шықты. Сондай – ақ, облыс көлемінде ұйымдастырылған тағылымды шараға облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Құралай Нұрлығайынқызы, қоғам қайраткері Айкүміс Сәрсенғалиқызы, Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызы қатысты. Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – ұстаз қызметінің тағылымды өлшемі, ізденіс нәтижесі.

Білім саласында жүрген ер ұстаздарымыздың темірден түйін түйген технология пәнінің мұғалімінен бастап педагогика саласында өз қабілеттерін көрсетіп жүрген тарих, география, физика, математика пәнінің мұғалімдері,мұғалімдік қызметпен қатар өз кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ,спорт саласында республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен дараланып жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін мақтан етеміз. Білімнің  биік белесін, ұлттық  өнердің құдіретін, өз кәсібінің нәсібін, қоғамдық өмірдегі игі істердің көшбасшылығын, отбасының қамқор азаматтығын, ұлттық құндылықтардың насихатталуын, спортта жеңіс шыңын  бағындырған Ақшұқыр мектеп-лицейінің ер мұғалімдерінің жеткен жетістіктері жетерлік.

Салтанатты жиын қонақтарына бет бұрып. Өмірзақ Озғанбайұлынан «Бүгінде мұғалімдердің сапалық құрамы сізді қанағаттандыра ма?»,- деген сұрақ қойылған болатын. Бұл сұраққа Өмірзақ аға қазіргі таңда білім саласына  ер мұғалімдердің ауадай қажет екенін, ел арасында мұғалімдіктен гөрі табыс­тылау өзге мамандыққа ұмтылу жағы басым екендігін  жетер жеріне жеткізіп айтты. «Ұл тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» демекші, ер мұғалімнің «тәйт!» деген сөзінің өзі талай балаға тоқтау бола алатындығын да баса айтты. Қоғам қайраткерінің кесек пікірінен соң, Өмірзақ ағаның өз туындысы  «Бабадан балаға даритын рух» шығармасынан лицей жігіттері үзінді оқыды.

Келесі сұрақты Қазақстан Жазушылар Одағының  және Журналистер Одағының мүшесі Темір Мыңжасұлына бағыттадық. “Бұрынғы намысты, ер жүрек, батыр бабалардың ұрпақтары ұлдарымыздың тәрбиесі бүгінде әлсіреп кеткен жоқ па? Отбасындағы әке жауапкершілігі бұрын  қандай болған?Ал қазір ше?», – деген сұрағымызға ақын бүгінгі таңда отбасындағы әке рөлінің төмендеп кеткенін тілге тиек ете отырып, отбасындағы ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әке рөлінің басым болуына күш салуымыз керек екендігін, бұл тақырып күн тәртібінен түспейтін тақырып болуы керектігін де айтып өтті. 

Қазақ қоғамында тәрбие алған баланың әкеге деген құрметі ерекше болатын. Әкенің қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаhарынан сескеніп жүретін. Ал, бүгінде ел ішінде алаң бар. Осындай ойларға жауап іздеген көпшілік толық, тұжырымдардан соң, ақын ағаның «Тәуелсіздік» өлеңінен үзінді тыңдады. «Ер азаматтардың қазіргі қоғамдағы рөлі» атты сауалға жауап іздеу кезегі Жәнібек Сүйеуұлына да жетті. Бұл сауалға қазіргі қоғамдағы ер азаматтардың рөліне өткір сын айта білетін және шын айта білетін  ағамыз бұл тақырыпта ер азаматтарды елдік мәселелерге өз үнін қоса білу керектігін, мектеп қабырғасындағы білім алушы ұлдарды елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу кезек күттірмейтін өзекті мәселе екендігін ашық, өткір айтты. 

Біздің бүгінгі мақсатымыздың өзі де жас буын ер азаматтарымыздың ертеңгі күнгі ел басқарар биі де, сөз бастар  шешені де осы жерде екенін көрсетіп, «Бүгінсіз ертең жоқ» – дегендей, ой тастау, бағыт – бағдар беру болатын. Өскелең ұрпақты театр өнері әлеміне тарту мақсатында әр мектепте «Балалар және театр» ағартушылық жобасын жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Театр өнері арқылы адамгершілік-эстетикалық тәрбие балаларды адамгершілік негіздері, идеялары қалыптасатын іс-әрекеттерді қабылдау, түсіну және пайымдау дағдыларын қалыптастыруға негіз болатын әдеби-көркем тілмен таныстыруға ықпал етеді.

Кешіміздің қонақтарының пікірлерін  түйіндей келе, отбасындағы ұлт тәрбиесі қозғалатын,дала заңын ұстанған халықтың мәрттігін көрсететін  М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» атты  шоқтығы биік  туындысынан «Әке үкімі» атты  қойылым көрермендерді толқытты. Жаны жайсаң, жақсыларға арналған «Жақсы адамдарым» әні қойылымнан кейін көп көңілін сергітті. Мерекелік кеш  облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінде І орын алған жігіттер хорымен аяқталды. Арыстан келбетті, жолбарыс жүректі, қырандай қырағы, қасқырдай өжет, нардай төзімді, еңсегей бойлы, сергек ойлы  жігіттерге жігерлеріңіз мұқалмасын, алар асуларыңыз, шығар шыңдарыңыз биік болсын дейміз!

Қаламкас Қалиқызы ТІЛЕУБАЕВА,
Ақшұқыр мектеп – лицейінің директоры.
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы   

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий