Шығыс Қазақстан педагогтеріне Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жеткен сый

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері көптеген игі істер атқарылуда. Өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз тіріліп, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы сақтап келген асыл мұраларымыз халықпен қауышуда. Сол жанданып жатқан  құндылықтарымыздың бірі – жер-су атауларымен қатар көше атаулары мен аялдамалардың аттарының заман талабына сай өзгеруі. Жер-жерлерде идеологиялық тұрғыдан мағынасы ескірген атаулар өзгеріп, жас ұрпаққа тәрбие, үлгі болатындай жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Өскемен қаласындағы Шәкәрім (бұрынғы атауы – Ворошилов) көшесі мен Тургенев көшелерінің қиылысындағы аялдаманың «Ұстаздар үйі» аталуы. Ол өз кезегінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтына бағыт алған педагогтер үшін таптырмас бағдар болмақ.

«Ұстаз болу – ірілік, ұстазға ұстаз болу – ұлылық», – деп халық ақыны М.Әлімбаев айтқандай, бүгінде ұстаздардың біліктілігін арттыру саласы қызметкерлеріне қойылар талап та, міндет те зор. «Өрлеудің» басты мақсаты – ұстаз біліктілігін арттыру, ал Шәкәрім көшесімен қатар жатқан Киев көшесі мен Тургенев көшелерінің қиылысында орналасқан 5 қабатты ғимарат «Ұстаздар үйінің» ашылуы облыс мұғалімдерінің біліктілігін заманға сай дамытуға зор мүмкіндік берді. Педагогтер  «Ұстаздар үйінде» біліктілігін арттыру курстарында оқытылып, курстан кейінгі кезеңдерде әдістемелік көмек, қолдау алып,  жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп, тәжірибелеріне енгізеді.

Қазақстан Республикасы білім беру қызметкерлерінің басым бағыттарының бірі педагог мәртебесін арттыру, ол мамандардың кәсіби құзыреттілігінің заманауи деңгейіне жоғары талаптар қойып отыр. Тәуелсіздік ұғымымен қатар келген ел ертеңі жас ұрпаққа сапалы білім беру – жақсы өмір сүруге деген елдің мұраты. Соның ішінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, салауатты тәрбие берумен айналысып жүрген ұстаздар қауымына жасалып жатқан қамқорлықтың бір дәлелі – аялдама атауының өзгеруі.

Бұл көшенің бойында Кеңес дәуірінен бері негізгі көлік – трамвай жүреді. Байырғы қала тұрғындары осы көше бойымен түрлі ұйымдар кеңселері, мектеп, әмбебап базар, дүкендерге қатынап отырғанымен, басқа жақтан келген мұғалімдер қаланың осы бөлігінде нашар бағдарланған еді. Тіпті 2ГИС картасының көмегімен де «Киев к. 69» деп іздегенде «Киевская-69» деп тіркелген бұл мекенді табу оңайға соқпайтын. Осыдан келіп, қалың көпшілік «Тургенев» трамвай аялдамасының артында Ұстаздар үйі тұрғанын білмейтін. Осыған байланысты институт басшысы ретінде «Тургенев» трамвай аялдамасын «Ұстаздар үйі» – «Дом учителя» деп ауыстырса орынды болатыны жайлы қала әкімі Омар Жақсылық Мұқашұлына хат жазып, осы мәселені шешуге көмек көрсетуді сұраған болатынмын. Хатта аялдама атауының өзгеруі мұғалім мамандығының мәртебесі мен беделін арттыратын шара екендігі де айтылған еді.

Тарихқа оралсақ, Шығыс Қазақстан облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты 1948 жылы құрылып, күні бүгінге дейін өзінің мекен-жайын бірнеше рет ауыстырған болатын. Институт 2017 жылға дейін ғимараттан ғимарат ауыстырып, көшпелі күн кешті. Қалалық орта мектептің қосымша бөлігінде жұмыс істеп, курстық дайындықтардың көп кезінде басқа жеке меншік мекеменің бөлмелерін жалға алған да кездер болды. Институттың жеке ғимаратының болмауы білім беру қызметтерінің міндеттерін өз дәрежесінде іске асыруда айтарлықтай қиындықтар туғызып отырды.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасының қамқорлығының арқасында Шығыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жеке ғимаратқа ие болып, ал облыс мұғалімдері ұстаздар қауымының ортақ шаңырағы – заманауи материалдық базамен жабдықталған аудиториялар, «Өзін-өзі тану», Монтессори кабинеттері, бейне және дыбыс жазу студиялары, «Coworking centr” бөлмесі, “Ақпараттық-әдістемелік орталық”, “Maker Space” (шығармашылық шеберхана), “Педагогикалық даңқ залы”, конференция және   салтанат залы бар «Ұстаздар үйіне» қол жеткізді. 70 жылдық тарихын атап өткен  мұғалімдер үйінің есігі облыс педагогтері үшін әрдайым ашық.

Облыстағы ұстаздар қауымы, институт басшылығы мен ұжымы Өскемен қаласы әкімдігіне өз қолдауымен «Тургенев» трамвай аялдамасына «Ұстаздар үйі» деген атауды заңдастырғаны, мұғалімдердің аялдама атауына сәйкес білім ордасын адаспай табуға жәрдемдескені үшін үлкен ризашылық білдіреді. Бұл атаудың берілуі  облыс ұстаздарына жасалған үлкен құрмет және мұғалім мамандығының мәртебесі мен беделін арттыра түседі. Басқа елді мекендерден келген педагогтерге жергілікті жерді оңай бағдарлауға көмегін тигізетіні анық. Институтта өткізілетін, кәсіби мамандар –тренерлер мен оқытушылар ұйымдастыратын кез келген іс-шара  әр мұғалімнің өз жұмыс тәжірибесімен алмасуға және даму мен одан әрі кәсіби өсу бағытын анықтауға мүмкіндік береді.

 

Жуманова Г.С.,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
акционерлік қоғамының филиалы
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий