Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеуін дамыту жұмысында синквейн технологиясын қолдану

Қазіргі таңда бала тілін жетілдіру бағытында заман талабына сай белсенді үдерістер жүргізіліп келеді. Соның бірі – синквейн технологиясы. Синквейн технологиясы – сөйлеуді дамытуға ықпал ететін тиімді және қызықты технологиялардың бірі болып есептеледі. Сонымен қоса, ол ешқандай ерекше жағдайларды талап етпейді. Балалардың сөздік қорын байытады, сонымен қатар педагогке баланың өткен материалды игеру деңгейін түсінуіне үлкен мүмкіндік береді.

Синквейн технологиясын мектеп жасына дейінгі балаларға қолдануға болады, тек ересек топтардан басталатындығын ескере кету қажет. Бұл технология педагогпен, қатарластарымен еркін сөйлесе білуге, жақсы қарым – қатынас орнатуға, пікір алмасуға, бірінің ойын бірі тыңдауға, құрметтеуге баулитын бағдарлама. Синквейн жапон өлеңдеріне ұқсас бес жолды өлең ретінде құрастырылады екен.  Ол сөздік қорды толықтыруға көмектеседі, қысқаша қайта айтуға, үлкен көлемді ақпараттан керекті мағлұматты бөліп алуға үйретеді.

Синквейнді құру барлығының қолынан келеді, ол сөйлеу мен ойлау қабілетін дамытады, мазмұны мен түсінігін меңгеру процесін жеңілдетеді. Сонымен қоса, синквейн — бұл өзін-өзі бақылау (балалар синквейндерді салыстырып және оларды бағалай алады). Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына төменгі шаралар жол түрінде қарастырылады: 

Бірінші жол – синквейн тақырыбы, талқыланатын нысан мен заттың атауы бір сөзден тұратын (зат есім немесе есімдік). Екінші жол – екі сөз (көбіне сын есім), тақырыпта талқылайтын нысан мен затты сипаттайтын болуы керек. Үшінші жол – үш етістіктен тұратын, автордың тақырыпқа өз көзқарасын көрсететін фраза. Төртінші жол – төрт сөзден тұратын, автордың тақырыпқа өз көзқарасын көрсететін фраза. Бесінші жол – тақырыптағы зат, нысанның мәнін сипаттайтын бір сөз.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеуін  дамытудағы кездесетін қиындықтар бүгінгі күні өте өзекті мәселелердің бірі деп айтсақ қателеспеген болар едік. Өйткені қазіргі заманда, мектеп жасына дейінгі балалардың жоғары пайызы әр түрлі сөйлеу бұзылыстары тұрақты болып қалыптасып келеді. Сондықтан да төмендегі сөйлеу әрекетінің аталған барлық түрлері балалардың үйлесімді сөйлеуін дамытуда өте маңызды болып қарастырылады:

Ана тілін меңгеру – мектепке дейінгі балалық шақтағы маңызды қабылдау болып табылады; Балаларды тәрбиелеу мен оқытудың негіздерінің бірі – мектепке дейінгі ұйымда сөйлеу тілін қалыптастыру; Сөйлеу-психиканың жоғары бөлімдерін дамыту құралы; Жеке тұлғаның да  жалпы алғанда да қалыптасуы сөйлеудің дамуымен байланысты барлық негізгі психикалық процестерде; Мектеп жасына дейінгі балаларды ана тіліне үйрету-басты міндеттердің бірі болуы керек; Мектепке дейінгі жастағы баланың үйлесімді сөйлеуін дамытудың негізгі міндеті монологиялық сөйлеуді жетілдіру.

Синквейннің тиімділігі, оның қарапайымдылығында, ол барлығын жасай алады. Оны құрастыруда әр баланың зияткерлік мүмкіндіктері іске асырылады және ең бастысы ол мектеп жасына дейінгі балаларда ең қызықты процесс – ойын түрінде жүргізіледі, сонымен қоса, синквейн технологиясы ертегі желісі бойынша да құрастырылады. Бұл технологияны пайдалану балаларға жазуда өте қызықты, көңілді және оңай. Қорыта келе, синквейн технологиясын оқу қызметінде пайдалану, оқу қызметінің сапасын жоғарылатуда берер пайдасы өте мол деп ойлаймын.

 

Оқу қызметінде жаңа технология элементтерін тиімді пайдалану балалардың танымдық әрекеттерін, белсенділігін дамытып, оларды шығармашылыққа жетелері сөзсіз. Баланың логикалық ойлау қабілеті дамып, оқу қызметінің сапасы арта түспек. Ізденушілігін арттырып қана қоймай, өз ісіне сенімін нығайтады. Оқу қызметіне қызығушылығын арттырып, белсенділігі күшейеді. Егер де жаңа технология элементтерін оқу қызметінде өз дәрежесінде ұйымдастыра білсек, өз нәтижесін береріне сенімім мол. Ең бастысы оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету, мақсатқа жету баланың өзі арқылы іске асары сөзсіз.

Шолпан Кудайкуловна АУБАКИРОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін – өзі тану»
балабақшасының тәрбиешісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий