Жастардың дінге көзқарасы

Қарағанды техникалық универститетінің «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығының 1-ші курс студенттерімен «Жастардың дінге көзқарасы» тақырыбында онлайн кездесу өтті.  Кездесуге Қарағанды техникалық универститетінің рухани адамгершілікке тәрбиелеу бойынша Кеңес төрағасының орынбасары, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Түсіпбеков Жарқын Амантайұлы қатысты.

Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағалайтын мемлекет жастарының санасы ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Дін – санаға әсер ететін күш. Ал сана жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, ынта мен күш-жігерлерін арттырушы. Саналық негіз қалай қалыптасса, жастарда солай қарай бой түземек. Абай Құнанбаев: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде. Тәрбие ата –анасы, ұстазы, ортасы арқылы қалыптасады. Жас өсе келе қай ортаны жақсы көрсе, сол ортаның ықпалы жастардың санасына көп ықпал етеді», деген болатын қара сөзінде.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп, атап көрсеткен болатын. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты.  Кездесуді топ тураторы Кадирова Ж.Б. бастап Жарқын Амантайұлына сөз берілді.

Жарқын Амантайұлы бүгінде қандастарымыздың көбінің жат діннің жетегінде жүргені жасырын еместігін және діни сауаттылықты арттыру мақсатында дінге бет бұрған жастар арасында Ислам мемлекеттеріне барып, ілім ізденіп келушілердің саны көбейгендігін, сол жастарымыздың Исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандығын, ал кейбірі діни сауаттығының таяздығынан жат елде алып жатқан ілімнің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын алып, бүгінде ел арасына іріткі салып жүргендер де аз емес екендігін баса айтты.

Студенттерге діни сауаттылықты арттыру мақсатында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан рұқсат етілген діни ағартушылық сайттар тізімі берілді: www.e-islam.kz, www.muftyat.kz, www.azan.kz, www.meshit.kz, www.muslim.kz, www.islam.kz, www.ummet.kz, www.sunna.kz, www.mazhab.kz, www.hanafi.kz. «Жиһад» сөзінің мағынасын талдап, түсіндіріп берді. Шынайы жиһад – өз нәпсіңмен күрес. Радикалды діни ағымдардың өкілдері исламдағы «жиһад» ұғымын қате түсінеді. Олар жиһадты басқаларға қарулы соғыс жүргізу деп ұғады.

Ал шындығына келгенде «жиһад» сөзі араб тілінен аударғанда белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін адамның қажыр-қайрат жұмсауы деген мағынаны білдіреді. Шынайы жиһад дегеніміз: әркімнің өз кемшіліктерін түзеуі; өзіңнің ішкі дүниең мен жүрегіңді тазарту; өз бойыңдағы қызғаншақтық, қанағатсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді жаман қасиеттерден арылу; өз бойыңдағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіру; әркімнің өз нәпсісін, еліктеуін және әлсіздігін жеңуі. Студенттер дін саласында өздерін ойландырып жүрген сұрақтарды Жарқын Амантайұлына қойып әр сұраққа толық жауап алып отырды. Солардын біразын келтіре кетейін.

1-ші сұрақ: Елімізде болған «Жусан» операциясының еліміз үшін маңызы қандай және де Сирияға кеткен қандастарымызды елге әкелгені дұрыс па? Жауабы: Елге қайтарылып келген азаматтардың басым көпшілігі —  балалар мен әйелдер. Оларға оңалту орталықтарында барынша кәсіби көмек көрсетілуде. Олармен дінді қате түсінген жерлерін қайта түсіндіріп, діни танымын дәстүрлі қазақи бағытқа бұра алатын мамандар жұмыс жасауда. Бұл тек уақыттың еншісіндегі мәселе ғана. Егер райынан қайтпайтындай немесе қылмысты екені расталатын жағдай болса, біздің мемлекетіміздің құқық қорғау ұйымдары аталған факторларды өз назарына алатыны анық. Сондықтан кімнің болсын адамзат алдындағы қылмысы жауапсыз қалмайды және «Жусан» операциясы арқылы өзіміздің қаракөз қазақтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беріп жатұандығын айтты.

2-ші сұрақ: Жат ағымда екенін қалай білеміз? Қандай белгілері бар? Жауабы: Дәстүрлі емес діни ағымдар үкімет билігіне қол жеткізу және халық арасында өз діни ілімдерін таратып, үстемдік орнату мақсатында дәстүрлі діни білімі жоқ тұрғындарға, соның ішінде жастарға өз ықпалдарын тигізеді. Сондықтан мұндай ағымдар тәуелсіз мемлекет пен халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін естен шығармағану керек. Көп жағдайда өздеріне жан –жағындағы адамдарға шектеу мен тыйым салу. Мемлекеттік рәміздерді және түрлі мерекелерді құрметтемейді. Олар әскерде қызмет ету, орта білім алу секілді мемлекет бекіткен міндеттерден бас тартады. Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады.

3-ші сұрақ: Жат ағымда еріп кеткен адамға қалай көмектесу керек? Жауабы: Теологтар  мен психологтар бірлесіп жұмыстарын түсіндіріп, жан-жақты жүргізу нәтижесінде ғана жүзеге асады. Жат ағымда кетіп зардап шеккен адамның туған-туысқандары, жанұясы, дос-жарандары, айналасы да өте маңызды рөл атқарады, себебі адамның ең жақын жандарының моральдық қолдауы, шынайы махаббаты, психологиялық көмегі ауадай қажет. Қазір адасқан адамдардың көпшілігі өз ортасына қайта оралуда.

“Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі”, – деп Абай Құнанбаев ұлағатты сөз айтқан. Жастардың дүние танымы отбасындағы рухани құндылықтар мен тәрбиелік жауапкершіліктен бастау алады. Бұндай мәселе мемлекет, қоғам, адам дамуының маңызды жақтарын ашып көрсетеді. Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, дамытуға, рухани бай және тәні сау жастар ортасын қалыптастырып дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды қолға алып ерекше көңіл бөлуі өте маңызды.

Кездесу барысында қазіргі қоғамдағы дәстүрлі дінге жат жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы тарап жатқан экстремистік және террористік идеяларды белсенді насихаттайтын топтар және олардан сақтану жолдары жайлы кеңінен түсіндірілді. Студенттер де өте белсенді қатысып отырды.

Ж.КАДИРОВА,
Қарағанды техникалық университетіндегі
АТҚ кафедрасының аға оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий