Бала тәрбиесіндегі ойдың, істің, бір жүйелігі

«Бөбек» ҰҒПББСО бірнеше жылдан бері «Адам жасампаздығы» атты ата-аналар университеті үздіксіз жұмыс атқарып келеді. 2020 жылдың 10 желтоқсаны күні Қазақстан бойынша республикалық ІІ ата-аналар оқуы өткізілді. Осы іс-шарада «Өзін-өзі тану» гимназиясының қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі әрі осы гимназияның ата-анасы жас ұрпақты тәрибелеу бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп, сөз сөйледі. Төменде сол мақаланы ұсынып отырмыз.                                                                    

Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да – балалар, яғни бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Мен сөзімнің басын шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің мынандай нақыл сөзімен бастағым келеді: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», – деген. Қоғамымыздың ертеңгі болашағы – бүгінгі жас ұрпақ. Әр халық өзінің тарихын жалғастыратын жас ұрпағын адалдыққа, еңбексүйгіштікке, шыншылдыққа үндеп отырған.

Сара Алпысқызы: «Мен бала жас кезінен әрқашан дені сау әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын иегере отырып, өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талаптанатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс», – дейді. («Өмір әдебі» кітабынан), Отбасы – қоғамның алғашқы ұясы болғандықтан, оны нығайту, тәрбиелік мәнін арттыру сол қоғамның басты назарында болуы керек. Осы орайда «Балаңыздың тәрбиесін бастамас бұрын, өзіңіздің мінез-құлқыңызды, өмірге көзқарасыңызды ой елегінен өткізіп алыңыз» деген ой келеді.

Барлық өнеге отбасынан тарайды. Әр отбасы кішкене тәрбие мектебі болуы тиіс. Осы тұрғыда халқымыздың ұлттық тәрбиесі тағы ойға оралады. Ол – үлкенді сыйлау, дөрекі сөйлемеу, ыммен және ишарамен білдіру, астарлап айту, қыз баланы сыйлау, ұл-қызын өнерлі, ұлағаттыққа, ерлікке шыңдау, мейірімді болуға үйрету. «Ел болу үшін бесігіңді түзе» дегендей, ел сенімін ақтап, ата даңқын шығарар, тәуелсіз еліміздің болашағын алға апарар білімді парасатты ұрпақ тәрбиелеу, ұлы парызымыз екенін естен шығармауымыз керек.

«Адамның бақыты – балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын «БАҚЫТ» деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – жанұяда бала тәрбиесінде сөзбен, теориямен дарымайды, үлкендердің үлгісімен, іс-әрекетімен сіңеді.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп халық даналығында айтылған. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты парызы. Ағаш тамырымен, адам ұрпағымен мың жасайды.

Бала табиғатын тану, оны түсіну, жөнімен еркелету, шынайы қарым-қатынас құру, оның бойындағы бар ерекшелікті көре біліп, қабілетін дамыту, бағдарлау, ынталандыру – ұрпағының ертеңі үшін алаңдайтын парасатты ата-ананың игілікті әрекеті. Өміріміздің ең мәнді өзегі – тұлғалық тұрғыда толық қалыптасқан парасатты перзент тәрбиелеу. АҚШ өнер академиясының түлегі, кәсіби киносценарист-журналист Мұрат Есжан: «Баланың көз алды ата-ана үшін қасиетті жерге айналуы керек», – дейді.

Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әр түрлі ойындар, хикаялар, ертегілер, қойылымдар арқылы беріледі. Адамгершілік – адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі – адами тәрбиеде. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттерімен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасымен сипатталады.

Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол адамгершілікті, қайрымдылықты, мейірбандықты дәріптейді. Ата-бабаларымыздың баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла!», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе!» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп сыйлаған. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет.

Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу – адамгершілік тәрбиенің жемісі. Балаларды адамгершіліке тәрбиелеуде ұлттық педагогика қашан да халық тәрбиесін үлгі етеді. Ал, адамгершілікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы – осы іске көзін жеткізу, сенімін арттыру. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады.

Адам баласының мінез құлқына тәрбие мен тәлім арқылы тек біліммен ақылды ұштастыра білгенде ғана сіңетін, құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрінісі болып табылады. Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік, әр адамға тән асыл қасиеттер. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.

Демек, балаға  жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің қоғам алдындағы борышымыз.

Назира Рахимжановна СЕЙЛХАНОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану»
гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиет
пәні мұғалімі және ата-ана, Алматы қаласы
   

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий