Сабақ зерттеу – оқушы біліміндегі олқылықтарды жою жолы

Қазіргі сабақтардың басты мақсаттарының бірі – оқушы біліміндегі олқылықтарды жою. Осы мәселеден шығу жолы – бірлесе сабақ жоспарлау мен зерттеу. Алматы қаласы педагогикалық шеберхана орталығы – сабақ зерттеу үдерісін жан-жақты үйрететін нағыз шеберлік орта. Әріптестерімді осы жұмысқа үйрету мен қолдау көрсетуді осы орталықтан үйренген едім. Сонымен 8-сынып  оқушыларының жазылым дағдысы бойынша  біліміндегі олқылықтарды жоюды өзім еңбек ететін Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияда сабақтарды зерттеу арқылы іске асырылып жатыр.

Қазіргі кезеңге дейін Lesson Study сабақ зерттеуі бойынша 2-кезеңін аяқтадық. Зерттеу тобында 4 адамбыз. Біз зерттеуді 3 кезеңге бөліп жоспарлаған едік. Алғашқы кезеңінде жинақы мәтін, аннотация, жазуды әріптестерім Майра, Гүлмира, Жансаялармен бірлесе жоспарлап, зерттеген болатынбыз. Оның ұстазға да, оқушыға да берері мол болды. Сонымен жинақы мәтін жазуда оқушылар нақты ақпаратты табуда және сөздер мен сөз тіркестерін синониммен ауыстыруда қиналады. Осы қиындықты еңсеру үшін оқушыға осы мәтінде нақты ақпарат санын айту, нәтижесін дұрыс жауаппен салыстыру маңыздылығына көз жеткіздік.

Сонымен қатар мәтіндегі тірек сөздердің синонимін алдын ала беру, оқушыларға тапқызып алу уақытты ұтымды пайдалануға көмектеседі.  Мәтін түрлерінің ішінде пайымдау мәтінінің нақты ақпаратын табу қиындық тудыратындығы байқалды, сондықтан дағдыланғанша әңгімелеу, сипаттау, талқылау мәтіндерін берген дұрыс. Ал аннотация жаздыруда оқушылар жаттыққанша қажетті сөздерді беру, сол арқылы жазғызу, қадамдарын сақтау және жинақы мәтін жазу үдерісімен салыстыру, ұқсастығы мен айырмашылығын табу өз жемісін беретіндігіне көз жеткіздік.

Мақалада — қарастырылады, мақала – арналған, мақалада — көрсетіледі, мақаланың негізінде  — жатыр, автор – мәселелерге тоқталады, автор — мәселелерді қозғайды т.б. Берілген стандартты сөздерді беру себебіміз, оқушыларды дұрыс жазуға жетелеу және сөздік қорларына қолдау көрсету мақсатынан туындады. Оқушылар жинақы мәтінмен салыстырып, аннотацияның басты екі айырмашылығын тапты. Ол: 1. Аннотация жазуда мәтіннен ешбір сөз алынбайды тек өз пайымы бойынша жазылады; 2. Қажетті  сөздер қолданылады.

Зерттеудің екінші кезеңде кіру бақылау жұмысында анықталған олқылық бойынша мақала жанрын үйретуді іске асырдық. Мақаланың түрлері ішінде проблемалық мақаланы үйрететін болып шештік. Тағы да әріптестерім Майра, Гүлмира, Жансая – төртеуіміз жоспарладық. А. Байтұрсынов мақаланы «көсемсөз», ал оның жанрын «замансөз» деп атаған екен. Ұлт көсемі  айтқандай, қазіргі заманның сөзі, яғни мәселесінің бірі – кітап оқу. Бөліміміз «Адамзаттық құндылық және әлем мәдениеті» болғандықтан да осы тақырыпты алып отырмыз.

Кітап оқу мәселесі туралы мақала жазуды 8-сынып оқушыларына үйретуде продуктивті әдісті алдық, онда кітап туралы жазылған дайын мақаланы оқушыларға ұсындық, құрылымын, көтерген мәселесін, мәселенің шығу себептерін, шығу жолдарын, әсерлі сөздерін тапқыздық. Қалған 25 минуттың 15 минутын өз бетінше мақала жазуға, 10 минутын талдау мен бағалауға арнадық. Оқушылар «Кітап оқуға не кедергі?», «Кітап оқу үшін не істеу керек?» тақырыптарының бірін таңдап мақала жазды. 

Ең алғашқы сабақты Г. Исова 8 «Б» сыныбында өткізді. Сабақ мақсатына жетті. Келесі сыныпта одан әрі жақсарту үшін «дайын мақала үлгісінің құрылымын анықтау тапсырмасын жеке жұмыс ретінде беру, дұрыс жауаппен өзін-өзі тексеруді іске асыру, мақала жазып болған соң, бір-бірін тексеру» деген өзгеріс енгіздік. Келесі күні әріптесім  Ж. Буктербаева 8 «Ә» сыныбында өткізді. Біздер бақылаушы болдық. Бұл сабақта өзін-өзі, бірін-бірі бағалау болды, нәтижесін зерделеп қарағанда, бағалаудағы ашықтық пен әділдікке оқушылардың көзін жеткізу, дағдыландыру маңыздылыған көз жеткіздік.

Жаза алмай қалған оқушы болмады. Барлық оқушыны дескрипторға сай бағалап, нәтижесін шығардық. Осы кезеңде оқушылар жазған мақалаларында әсерлі сөздер мен көркемдегіш құралдарды пайдалана алмағанын байқадық. Сондықтан келесі сабақ жоспарына «Мақала тақырыбына сай көркемдегіш құралар мен әсерлі сөздерді тақтаға жазып қою керек» деген өзгеріс енгіздік. Келесі күні дәл осы сабақ жоспарымен 8 «В» сыныбында М. Хамза өткізді. Бұл сынып та сәтті жазып шықты.

Әсерлі сөздер мен көркемдегіш құралдарды орынды пайдаланған, демек, лайықты қолдау көрсете білдік. «Жалпы зерттеудің екінші кезеңі оқушыларға не берді?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Мақаланы сәтті жазып шығуда оқушыларға дайын мақаланы талдау көп әсерін тигізді. Барлық оқушылар өз жұмыстарында мәселе көтерді, шығу себептері мен шығу жолдарын айтты. Соңғы сабақта тиісті қолдаудан кейін әсерлі сөздерді қолдана алды.

Дей тұрсақ та мақаланың жазылу стиліне, құрылымына оқушылар әлі жаттыға қойған жоқ, мақаланың мақсатынан ауытқып, өз көзқарасын жазып кетеді. Сонымен қатар сауатты жазуы да бізді ойландырады. Дәл осындай қиын жанрды оқушыларға үйретуде бірігіп жоспарлау мен іске асырудың және осы жолда көшбасшының, бір-бірінің  көмегінің маңызды әрі пайдалы екендігіне әріптестерімнің  де көзі жетіп, мақұлдап жатыр. 

Гүлмира Дәулетқазықызы РЫСКЕЛДИЕВА,
Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ПШО дербес
тренері, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий