Дарындылық — даналық кілті

Абай атамыз «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – «ішсем, жесем, ұйықтасам» деп тұрады, екіншісі – «көрсем, білсем, үйренсем» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді» – дейді өзінің жетінші қарасөзінде. Біздің қарастырып отырғанымыз да дәл осы көрсем, білсем, үйренсем деп жүрген дарынды балаларымыз.

Дарындылық – даналық кілті екенін біз әсте естен шығарып жатамыз. Дарындылықты тек оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға жекелей жақындап келу ұстанымында қарастырамыз. Сондықтан дарынды оқушының теориялық үлгісінің жоқтығын және осы сәтте дарындылықтың нақты анықтамасының болмауын айта кету керек. Соған сәйкес, С.В.Кузнецова төмендегідей анықтама береді: оқушы дарындылығы – осы білімді кез-келген жағдайға қолдана алатын, білімнің кеңдігі, жас ерекшелігіне сәйкес жоғары белсенділігі, психикалық процестерінің дамуының жоғары деңгейлігі, дұрыс ой-түйіндерге сүйене отырып, жұмысты жемісті орындауды қамтамасыз ететін психикалық қасиеттерінің жиынтығы.

Белгілі психолог Н.Ожегов өз еңбегінде дарындылық «табиғаттан» берілетін ерекше қабілет деп атаған. Педагогикалық энциклопедияда бұған келесі түсінік беріледі: Дарындылық – бұл адамның белгілі іс-әрекет аумағында ерекше табыстарға жетуге көмектесетін, қабілет дамуының жоғары деңгейі. «Дарындылық» пен «қабілет» түсінігі өте жақын. Дарын дегеніміз адам бойында негізінен ана сүтімен, ана тегімен даритын құбылыс екенін өмір тәжірибелері дәлелдеп отыр.

Ғылымда қоғам, орта, мектепте тәрбие нәтижесінде дарынды анықтауға, оны дамытуға мүмкіндік бар. Осыны дер кезінде анықтап, оны одан әрі дамыта білу қажет. Жалпы адам баласы табиғатында қабілетсіз бала болмайды. Біреулердің қабілеті жоғары, екінші біреулердің қабілеті орташа, төмен болады. Өз қабілетіне сай маман иелері өмірде көздеген мақсаттарына қол жеткізе алады. Сонымен дарын деген не? Дарынды балалар қандай? Дарынды балалар әр түрлі, бір-біріне ұқсамайды. Дарынды баланы байқамау мүмкін емес, көпшіліктің ортасында ол өзінің іс-әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен бірден көзге түседі.

Дарынды балаларды қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Н.С.Лейтес қабілетті балалардың төмендегідей үш категориясын анықтап берді: – Ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған оқушылар – өздерінің ой-өріс қабілетімен ерте жастан көзге түсуімен қатар, олар белсенділік пен оқу кезіндегі қарқындылық қасиеттерімен ерекшеленеді. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамып, өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл-ойының кемеңгерлігі сонша, оларды байқамау мүмкін емес.    

– Жеке бір іс-әрекет түрі мен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар. Өкінішке орай, бала дарындылығының байқалмайтын жағдайлары кездеседі. Тіптен, баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жататыны да белгілі. Осы бағытта бала бойындағы белгілі бір қабілеттердің жарқын көрінісі – ой-өріс деңгейінің жалпы дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады. Сол себептен, бүгінгі күні мектеп психологтарының міндеті – алдымен, баланы жеке тұлға ретінде толық танып-білуі, одан кейін оны дамытуы қажет.

Ал, педагогтарға бала бойынан анықталған қабілеттердің қалыптасуы мен тереңдеуіне жұмыс жасау міндеттеледі. Бұл талаптар кең ауқымды педагогикалық тәсілдер мен әдістердің көмегі арқылы жүзеге асырылуы керек деген ойдамын. – Дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар – жалпы дамуы жағынан өз қатарластарының алдына шықпайды, бірақ ақыл-ойының өзіндік ерекшелігімен өзгешеленетін оқушылар.

Дарынды бала – оқушы бойында бұл қасиеттердің бірде-бірі, әсіресе, дүниетанымдық көзқарасы қалыптасып үлгермейді. Сондықтан оқушының дарындылық қасиеті барынша орнықсыз қасиет. Оның басқа түрге енуі немесе сөніп қалуы көзқарастың өзгеруіне байланысты кез келген сәтте орын алуы мүмкін. Белгілі ағылшын психологы Элис Пол Торренстің зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында да жиі кездесетінін анықтады.

Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақтар қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне, түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. Осы  зерттеу нәтижесінде оқушының жеке дарындылығы және ондай оқушының нашар оқитын оқушылар арасында да кездесетіні айқындалған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеудің нәтижесін есте ұстағандары жөн.

Сонымен, дарынды бала – бұл болашақта жаңа технологияларды шығарушы, әділ саясаткер, сенімді медик, шебер музыкант, қайталанбас суретші, бұл еркіндікті сүйетін, жауапты, рухы биік адам, бұл – ұлттық құндылық. Менің өз ойым – дарындылық балаға қаннан беріледі, бірақ барлығына бірдей емес. Қазақта мынадай сөз бар «қанына тартқан, қанында бар қасиет» – дегенді атам қазақ бекер айтпаған. Қажет болса бұл сөздердің өзін философиялық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.             

Жиырма бірінші ғасыр мұғалімі білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы, оқыту мен тәрбиенің соңғы жетістіктерін меңгерген педагогикалық-психологиялық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы қабілеті, нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді шығармашыл педагог зерттеуші, ойшыл болуды қажет етеді. Баланың жас ерекшелігіне қарай қабілетті, белгілі бір іс-әрекетке бейімділігі жас кезінен болады. Бейімділік – бұл адамның белгілі бір іс-әрекетпен айналысуға бетбұрысы, оянып келе жатқан алғашқы белгісі.

Демек, бала кезде ерекше көзге түсетін бейімділік – келешектегі қабілеттіліктің көрсеткіші бола алады. Ерекше қабілеттілік – белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі. Жоғарыда Э.П.Торранстың зерттеулерінен түйіндеген «мұғалімдер арасында жиі кездесетін «үздік оқушы – дарынды оқушы» деген пікірін айтқан болатынбыз. Шынымен де мұғалімдер қауымына оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды.

Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. Э.П.Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн. Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру.

Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Дарынды оқушымен жұмыс жүйесіндегі мұғалім маңызды орын алады. Олардың тәжірибесі мына ережелерге негізделеді: оқытуды мұғалім мен оқушының өзара шығармашылық қарым-қатынасы ретінде қабылдау; күрделі мақсат идеясы (оқушының алдына барынша күрделі мақсат қойылып, оны орындай алатындығына сенімін нығайту); өзіндік талдау (оқушылардың жұмыс нәтижелерін жеке және ұжымдық талдау).

Ерікті таңдау (мұғалімнің оқу материалының жақсы меңгерілуі мақсатында сабақ уақытын өз бетінше пайдалануы); оқушылардың өзін-өзі шығармашылық басқаруы; тәрбиеге жеке тұлға тұрғысынан қарау; ата-аналармен ынтымақтастық; ата-анасымен тұрақты байланыс жасап, педагогикалық-психологиялық кеңестер беріліп отырады. Бастауыш сыныпты аяқтаған соң орта буын мұғалімдері қатыстырылып қабілетті, дарынды оқушымен жұмыс нәтижелері, болашақтағы бағыт-бағдар туралы нұсқаулар жасалады. Орта буынға барған соң педагогикалық кеңесте пәндік үйлесімділік тақырыбы қорытылады, сонда дарынды балалармен жұмыс нәтижесі де тыңдалады.

Оқушы орта және жоғары буынға барғанда дарынды оқушымен жұмыс өз жалғасын табады. Мектептің педагогикалық-психологиялық зертханасы оқушы тұлғасын қалыптастыру және дамыту барысындағы жұмысын жетілдіріп, «оқушы – мұғалім – ата-ана» арасындағы қарым-қатынас сарапталады, оқушының білім сапасы мен тәрбиелілігінің мониторингілері салыстырылады, сабақтардың рейтингісі анықталады. Мұғалімдердің тиімді педагогикалық технологияларды игеру диагностикасы жасалады.

Оқушының өз бетімен жұмыс істеу дағдысы – жүйелі жұмыстардың қорытындысы, жеке тұлғаның қалыптасуының бастауы. Ал оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, оқу материалдарын өздері игере алуға мүмкіндік туғызудың шешуші факторы – оқытудың жаңа әдістемелік жүйелерін құру болып табылады. Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс.

Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мәліметтерді сараптау арқылы жеке ойын білдіріп, қорытынды жасайтын, қандай да болмасын қиын істердің шешімін таба білетін, өз бастамаларын тәжірибеде қолдана алатын, ойы жүйрік, таңқаларлық жаңашыл ойлар айтып, жаңалықтар ашатын және жұмыс үрдісі нәтижесіне қарай бағаланатын рухани құндылықтар иесін таба білу.

Сол себептен де, бүгінгі күні білім беру тәжірибесінде дарынды, талантты балаларды анықтап, оларды терең біліммен қаруландыру ең көкейтесті мәселе болып отыр. Олай болса, әр педагог «дарындылық – даналық кілті» екенін әсте есте ұстағаны жөн. Өйткені, әлемдегі шынайы ғажаптар мен адамзатқа маңызды жаңалықтар дарындылар қолында, ал сол дарындылардың тағдыры біздің, яғни, ұстаздар қауымының қолында.

Гульжихан Жалғасбекқызы ИМАНХАТОВА
«Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен
талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік
орталығы директорының орынбасары, Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий