Шешендік өнердің тарихы
Ұлттық шешендіктанудың ғылыми негіздерін жасап, методологиялық арналарын белгілеп берген А.Байтұрсынұлын қазақ шешендік сөздерінің алғашқы теоретигі деуге әбден болады. А.Байтұрсынұлы шешендік сөздерді шешендіктің тақырыбымен мазмұнына, айтылу орнына қарай бес түрге бөледі: а) шешендер жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатпен сөйлегенде – саясат шешен сөзі деп аталады.
Екінші шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау я қаралау мақсатпен сөйлеп сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздері – билік шешен сөзі деп аталады; в) біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі – қошемет шешен сөзі деп аталады; г) білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені – білімір шешен сөзі деп аталады; ж) дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі – уағыз деп аталады.
Ол демек шешендік сөздерді алғаш айтушы жеке адамдар болғанмен оны кейін өңдеп жөндеуші сақтаушы халық. Сондықтан оның шын иесі авторы да халық дейміз деген ой айтады. Ал оның шешендік сөздерден құрылысына қатысты бірен-саран өңдеу, жөндеу жасау кез келген кісінің қолынан келе бермейді – дейтін пікір де шешендік сөздердің «халықтығын» паш етіп тұрмағанын баяндауға болады.
Шындығында М.Әуезов есте қалмаған ескі заманда шыққан Алдар көсе, Жиренше, шешен әңгімелерін, халықтық аңыздарды ғана қалың бұқара туындысы деп бағалаған. Демек тарихи таңба бедері бар шешендік сөздердің жолы басқаша. Олардың белгілі бір би шешенге тән екенін нақтылы тарихи оқиғалар шеңберінде айқындауға болады.
Айталық «Алты Емен дауына дауа» сөзінің тек Бөлтірік шешен атынан айтылуының мәнісі осында. Көп нұсқалы болуын мұраны жеткізушінің шығармашылық құрамы деп түсінген жөн. Сонымен қатар шешендік сөздердің авторлығына қатысты мәселенің бірі – дәстүрлі шешендік сөздердің би шешендердің көпшілігіне қатар телінетіндігі. Өйткені оларды айтушы адам сөзі өтімді болу үшін көнеден қалған сөзді өз елінің беделді би шешендерінің атынан айтқан.
Әйткенде, бұл кемшіліктердің сөзге ұйытудың тәсілі екені рас. Алайда дәстүрлі тарихи деректер мен шежірелер, жазба мұрағаттар айғақ болмақ жағдайларда да дәстүрлі шешендік сөздердің алғашқы шығарушысын айқындау қиын. Дейтұрғанмен де ауызша сақталып жеткен дәстүрлі шешендік сөздердің билер сөзі екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал дәстүрлі шешендік сөздердің би шешендердің көпшілігіне қатар телінетіндігі ауызша тарағандығымен байланысты екенін дәлелдеуді қажет етпесе керек.
Олай болса, ұлы М.Әуезов пікірін қазық ете отырып, жаңаша таным тұрғысынан шешендік өнердің авторлы шығарма екенін танытатын еңбектің бірі – Бөлтірік Әлменұлының «Шешендік сөздер» жинағы. Белгілі ғалым Ж.Дәндібаев «Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері» атты оқу құралында Бөлтіріктің Төленің шешендік сөздерін олардың төл туындысы ретінде қарастырады. Сондай-ақ белгіл би-шешендерінің өнер туындысының көркем шығарма екендігіне көз жеткізеді.
Сонымен қатар ұлы жазушы М.Әуезов аталмыш еңбегінің «Билер айтысы» деген тараушасында бұл жанрлық түрдің толық жиналмағандығы зерттеу ісінде қиындық келтіретінін, сондықтан оны сол кезеңде түгел жіктеп бөліп қоюға болмайтынын айта отырып: «Бірақ бұл жіктеу уақытша ғана жіктеу және ылғи ішкі мағынасына қарай жасалған жіктер болады» – деп ескертеді. М.Әуезовтің алғашқы жіктемелері кейінгі зерттеушілер – Ә.Қоңыратбаев, С.Садырбаев, Б.Искакова, С. Қасенов еңбектеріне ғылыми негіз болып, одан әрі дамытылды.
Мая КЕНЖЕБАЕВА,
№178 мамандандырылған лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, Алматы қаласы