ЕҰУ өткізген іс шара көңілден шықты

ЕҰУ-дың «Мұзбалақ» тұлғалық даму ұйымы онлайн іс шара өткізді. Ұйымның «Сауатты оқырман» бағыты өз оқырмандарын мемлекеттік «Дарын» және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Нұржан Қуантайұлының «Үрейлі үш күн» атты әңгімесін талқылауға шақырды. Талқылау барысында қазақ прозасы үшін үлкен жаңалық болған шығармаға қатысты айтылған пікірлер аз болмады.

Қазіргі уақытта елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты студенттер қашықтықтан оқуға мәжбүр. Бірақ ізденуші адам үшін сол тосқауыл ма!? Әсіресе, кітапқұмар жандар үшін бұл іс шара басқалармен ой алмасуға мүмкіндік берді. Кешкі сағат тоғыздар шамасында қатысқысы келетіндер үшін сілтеме жіберілді. Қатысушылар сол сілтеме арқылы телеграм арнаға өтті. Сол жерде «Voice chat» – қа қосылды. Жүргізуші амандасып болған соң, жарық көрген әңгіме туралы ақпарат бере келе, алдын ала дайындалған сауалдарға көшті.

Жасыратыны жоқ, талқыға түскен мәселелер шынайы да өзектілігімен  өзіне баурады. Мысалы, қоғамдағы адам болмысы туралы. «… Биороботқа айналып, корпорацияда жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің өмірлері жақсы, таңдаулары дұрыс деп көрсетіледі екен. Алайда тек жұмыс істеп, мекеменін тапсырмасымен жүріп, өз болмыстарын жоғалтып кеткендердің өмірлері қалайша жақсы болады!? Пікірі, принциптері жоқ адам роботқа айналады, өз тіршілігін осылайшы мәнсіз өткізеді.

Мұндағы корпорация – шынайы өмірдегі қоғам» деп, қатысушылардың бірі өз ойымен бөлісті. Тағы бір оқырман назарын аударған нәрсе ол баланың өмірі. О бастан анасының құрсағында жатып, тіршілік етуі екіталай еді. Ауруға шалдыққан шешесі тандау алдында тұрды, операция жасаса сәбиі қайтыс болады, жасатпаса дүниеге нәресте әкелсе де өзінің ұзаққа бармайтынын біледі. Бірақ ананың көңілі балада.

Әкесі баласын жалғыз өсіреді, оны мүмкіндігінше жалғызсыратпайды, алайда сондағы заң екеуін бір бірінен айырғысы келеді. «Мұнда ата-ананың ерлігі көрініп тұр. Анасы сәбиін өмірінен биік қояды. Ал өз міндетін шын ықыласымен атқарып отырған әкеге олар неге тиіседі, баласын қинаса, мойындамаса бір жөн, бірақ ол оны жақсы көреді ғой!?»  деп, тағы бір ой ортаға салынды.

«Бұл тарих пен болашақ туралы ойлардың үйлесімімен әдемі жазылған шығарма» деді жүргізуші, себебі антиутопиялық жанрмен құрастырылған әңгімеде ашаршылық, соғыс жылдарын еске түсіру мен синтез тағам, білезік дисплей сынды тағы да сол сияқты сөздердің қолданылуы келер күнге болжам жасап тұрғандай. Шара барысында қатысушылар білгендерімен бөлісіп, керек нәрселерді қоржындарына сала білді.

Бір сағатқа созылған онлайн талқылау өз мәресіне жетті. «Мұзбалақ» тұлғалық даму ұйымы ЕҰУ-да 2018 жылы құрылған. Қазіргі таңда университет қабырғасындағы ірі, белсенді ұйымдардың бірі. Осыған дейін «Сауатты оқырман» бағытында  «Ақ лалагүлдер өлкесі – Финляндия», «Бекторының қазынасы» және тағы да басқа шығармалар оқырмандар арасында талқыланған болатын.

Әділет АМАНГЕЛДІ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика
және саясаттану факультетінің
4-курс студенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий