Ғибратты ғұмыр

Біз оқырман қауымға саналы ғұмырын отандық баспа саласының дамуына арнаған Элеонора Нығметқызы Баталова жөнінде баяндамақпыз. Ол кісі – 50 жыл бойы күш-жігерін Қазақстан Республикасының кітап мәдинетін дамытуға жұмсап, талайлардың рухани жетілуіне жол сілтеген тұлға. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дағдарысқа қарамай, «Алматыкітап баспасы» атты мекеменің қабырғасын қалап, тізгінін ұстады. Артынан айтулы мекеме мемлекетіміздің ең ірі баспасының біріне айналды.

Қазіргі кезде «Алматыкітап баспасы» оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын қазақстандық үш ірі кәсіпорынның бірі, балалар әдебиетін шығаратын баспалардың көшбасшысы. Заманауи жаңа оқулықтарды қазақ тілінде дайындауға және руханият саласындағы таңдаулы кітаптарды қазақша сөйлетуге кірісті. Айналасына өз ісінің хас шеберлерін жинап, ұлттық идеологияның тасын өрге сүйреді. Өз бастамасымен қолға алған жобаларды терең шығармашылық тұрғыдан қарап, «темірді қызған кезінде соқ» дегендей, озық ойларын батылдықпен жүзеге асыра білді.

Елімізде алғаш рет 5-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дайындауға негізделген оқу-әдістемелік кешендерді дайындауды қолға алды, Қазақстанның сегіз облысы бойынша мектеп оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулықтарын әзірлеп, басып шығарды. Сонымен қатар Элеонора Нығметқызы Баталова жетекшілік ететін «Алматыкітап баспасы» «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде алғаш рет толыққанды цифрлық оқулықтар жасап, сынақтан сәтті өткізді. Бүгінгі таңда «TopIQ.kz» деп аталатын цифрлық оқулықтар платформасы өңірлік мектептерге кеңінен енгізілуде.

Кейіпкеріміз Қазақстандағы кітап мәдениетін дамытып, оның халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлкен үлесін қосуда. Мәселен, «Менің Қазақстаным» бірегей кітаптар сериясын дайындап, оларды орыс және ағылшын тілдерінде де басып шығарды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, тұрмысы мен салт-дәстүрі, географиясы, флорасы мен фаунасы суреттелген кітап беттерін парақтауда. Серия   жетпіске тарта құнды кітаптан, альбомдар мен энциклопедиялардан тұрады.

«Менің Қазақстаным» этнографиялық жинағын жарыққа шығарудағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа патриоттық және рухани тәрбие беру, жастарды үш тілді де жетік білуге ынталандыру. Бұл сериядағы кітаптың барлығы дерлік еліміздің шетелдердегі елшіліктеріне таратылып, жыл сайын Франкфурт, Лондон, Пекин, Болонья, Турин және Мәскеу қалаларындағы ірі халықаралық көрмелерде жүлделі орындарды иеленуде.

Oxford University Press, Usborne Publishing Limited, AD Dorling Kindersley Book, Natan халықаралық баспаларынан шыққан әлемнің ең үздік «Әлемдік ғылымның тарихы. Ғылым жылдан-жылға», «Өнер тарихы», «Балаларға математикадан көмектес», «Балаларға информатикадан көмектес» сынды кітаптар мен жетпіске тарта энциклопедия қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Қазіргі таңда аталған баспалармен ынтымақтастық жалғасуда. Бүгінде мектеп кітапханалары осы кітаптармен қамтамасыз етіліп, орта білім беру жүйесін жетілдіруге өз септігін тигізуде.

Кітап нарығында жұмыс істейтін кәсіпорындардың құқықтарын қорғау мақсатында, Элеонора Нығметқызы «Қазақстанның баспагерлер мен кітап таратушылар қауымдастығын» (БКҚ) құру туралы бастама көтерді. Қауымдастық құрылған 1997 жылдан бастап ұйымды өзі басқарды. Аталған қауымдастықтың ұсынысымен Қазақстан Республикасының Үкіметі 2001 жылы Алматыда алғаш рет «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық кітап және баспа жәрмеңкесін өткізу туралы шешім қабылдады.

Бұл кәсіби форум алыс және жақын шетелдерден 120-дан астам қатысушының басын қосып, үлкен із қалдырды, білім және мәдениет салаларында Қазақстанның беделін арттыра түсті. Сол жылдан бастап кітап жәрмеңкесі екі жылда бір рет өткізілетін дәстүрлі шараға айналды. Баталова Элеонора Нығметқызы – Отанымыздың да, Алматы қаласының да жанашыры,  патриот кісі, елорда мен Алматыда кітап дүкендерін сақтап қалуға атсалысқан кітапсүйер тұлға.

Алматыдағы Абай/Назарбаев даңғылдарының қиылысындағы қаланың ең көрікті нысандарының бірі – «Алматыкітап баспасының» Кітап үйінің негізін қалаушы. Кітап үйі – заманауи кітап дүкені ғана емес, жаңа кітаптардың тұсаукесері, жазушылармен кездесу, балаларға арналған шеберлік сабақтары сияқты мәдени-ағартушылық іс-шаралар өтетін әдеби салон. Кітап үйі – көркемдігі және сәулет-экологиялық безендіруі бойынша ТМД елдерінің ішіндегі үздіктердің бірі.

Қала тұрғындары бұл жерді ерекше атмосферасы, көркем дизайны, атақты жазушылар, өнер майталмандары мен ғалымдар жиналатын әдеби және әуенді кештер үшін жақсы көреді. Қазақстан Республикасының рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға және молайтуға зор жеке үлесін қосқан айтулы тұлға – «Парасат» орденімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің «Мәдениет қайраткері» айрықша белгісімен, халықаралық баспа және полиграфия өнеркәсібіндегі көп жылғы жемісті қызметі үшін Франция Өнеркәсіпті дамыту қауымдастығының (SPI) «Наполеон Бонапарт» алтын медалімен және «Халықтар достығы» орденімен (Германия) марапатталып, «Баспа және кітап ісі саласының маршалы» секілді атақтарға қол жеткізді. Қазіргі таңда «Аруана» Іскер әйелдер клубының президенті.

Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы, тәрбиесі, дуалы сөзі және дара мінезімен ел жадында қалған әйелдер аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, даналығымен ел билеп, жүректілігімен жауға шапқан аналардың көп болғандығын аңғарамыз. Олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны да орасан. Сондай кісілердің бүгінгі қатарын  толықтыратын Элеонора Нығметқызы әлі күнге дейін ер-азаматтардан қалыспай, білек сыбана елге қызмет қылуда.

Мәселен, былтырдың өзінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясындағы ірі жобалардың басы-қасында жүрді. Солардың бірі – білім берудегі жаңа технологиялар бойынша әлемге әйгілі конференция «EdCrunch Glocal». Шара 7-8 желтоқсанда Алматы қаласында «Жаңа білім беру тәжірибесін жобалау» (Learning experience design) тақырыбы бойынша өтті. Іс-шарада Мәскеу, Тель-Авив пен Сингапурдегі жергілікті онлайн-студиялардың спикерлері сөз саптап,  25 елден келген 300-ден астам спикер 150 сараптамалық сессия, панельдік пікірталас және мастер-класс өткізді.

Осы «EdCrunch Glocal» кең ауқымды конференциясының бас демеушісі әрі ұйымдастырушысы жауапты міндетін «Алматыкітап баспасы» абыроймен атқарып шықты. Артынша мектептерде оқыту үрдісін цифрландыруды дамыту мен қаланың үздік digital-ұстаздарын анықтауды мақсат еткен «Digital Ustaz Almaty» байқауы ұйымдастырылды. Ustaz Camp қорытындысы бойынша финалға шыққан 10 ұстазға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. 7 желтоқсан күні «Алматыкітап баспасы» басшылығының бастамасымен «DIGITAL USTAZ» финалистері байқаудан тыс, клуб мүшелері ретінде кездесті.

Клуб мүшелері оқыту барысында цифрлық технологияларды қолдану мен цифрлық педагогикалық әдістемелерді ұтымды игеру арқылы, Алматы қалалық оқу-ағарту  істерін ілгерілетуге негізделген жоспарларымен бөлісті. Цифрлық оқулықтардың шығуына бастамашы болған «Алматыкітап баспасы» қызметкерлерімен де  жолығып, пікірталас өткізді. «DIGITAL USTAZ» түлектері баспа мамандарымен біріге отырып жаңа цифрлық оқулықтарды дайындауға атсалыспақ. 

Бұл кісінің кітап пен қоғамға қатысты қызметін жіпке тізіп түгендей берсек, жазарымыз таусылмасы хақ. Өзінің емес, өзгенің, бүкіл жұрттың қамын ойлап үйренген Элеонора Нығметқызының елімізге әкелер пайдасы таусылмай, ғибратты ғұмыры кейінгі буынға үлгі бола берсін демекпіз.

PR жобалық орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий