QyzPU University: Музыка мамандарын даярлауда қандай мәселелер бар?

Музыка мамандарын даярлауда қандай мәселелер бар? Қазіргі уақыт талабына сай оқыту мен тәрбиелеуде не нәрсеге басымдық берген дұрыс? QyzPU Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанайдың Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Құрметті профессоры, белгілі дирижер Жалғасбек Бегендіковпен кездесуінде осы сауалдар жан-жақты талқыланды. Бұл туралы осы жоғары оқу орнының Коммуникация және медиа департаменті хабарлайды.

Университет басшысы өнер майталманына кәсіби мамандарды даярлауда үздіксіз қызмет етіп келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, саладағы өзгерістерге назар аударды.

– Сіз қызмет атқаратын Музыка кафедрасы 1963 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кафедра оқытушылары жүргізетін пәндер мен дәрістер қазіргі әлемдік деңгейдегі озық тәжірибе негізінде оқытылуда. Бұл тарапта қол жеткізген нәтиже де жоқ емес. Студенттеріміздің көптеген халықаралық, республикалық өнер байқауларында үздік атануы бұл сөзімізге нақты дәлел бола алады. Талантты білім алушыларымыз Университет даңқын арттыруға елеулі үлес қосуда. Бұл – Сіз және Сіздің әріптестеріңіздің қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін, – деді Гүлмира Қанай.

Ал Жалғасбек Бегендіков музыка мамандарын даярлауда қазіргі заман талабына сай оқыту мен тәрбиелеудің кейбір мәселелерін ортаға салып, Университет басшысына нақты ұсыныстарын жеткізді. Жалғасбек Бегендіков 1953 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. 1978 жылы қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Әр жылдары Қазақ халық аспаптар оркестрінің артисі, дирижері, Қазақ мемлекеттік консерваториясының дирижерлік сыныбының оқытушысы, Халық аспаптар оркестрінің жетекшісі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының дирижері қызметтерін атқарған. Ол Қазақстан өнер шеберлері қатарында Франция, Дания, Португалия, Швеция, Қытай мемлекеттерінде өнер көрсеткен.

Бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Музыка кафедрасында доцент лауазымында еңбек етеді. Айта кетейік, қазіргі таңда Университетте бакалавриаттың «Дәстүрлі музыка өнері» және «Музыка» білім беру бағдарламалары мен магистратураның «Музыка» білім беру бағдарламасы бойынша 120 студент пен 1 магистр оқиды.

Түлектердің жыл сайынғы жұмыспен қамтылуының көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Аталған мамандықтар бойынша бітірушілердің басым бөлігі педагогикалық, оқу-тәрбие, ұйымдастырушылық, мәдени-ағартушылық сынды кәсіби қызмет бағыттарында жұмыс істейді. 

Бұл мамандықтар бойынша бітірген танымал түлектердің қатарында «Айгүл» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, педагог Галина Қарамолдаева, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі, профессор, ұстаз Ағайша Исағұлова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар, танымал опера солисі Дина Хамзина, эстрада әншілері Роза Әлқожа, Гүлнұр Оразымбетова, Маржан Арапбаева сынды азаматтар бар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий