Оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруда жоба жұмыстарының маңызы

Бүгінгі қоғамда жаһандағы болып жатқан өзгерістерге тез бейімделе алатын адамдар қажет. Сол себепті, ұстаз шәкіртін ғылым мен білім көкжиегіне шығарып қана қоймай, оны жаһандық білім, ғылым, ақпарат пен экономика кеңістігіне шығуға, бәсекеге қабілетті өмір жағдайына сай тәрбиелеуі керек. Осы орайда, «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерістің алғашқысы өзің бол» деген тұжырым мұғалімнің жаңа бейнесін жасауға септігін тигізуде.

Себебі, бүгінгі заман ұстазы – жан-жақты дамыған, шығармашыл, жаңалыққа жаны құштар, білімнің құнын түсінетін, өз пәнін, оның оқытылуын жетік меңгерген тұлға болуы тиіс. Ұлы ағартушы-ғалым А.Байтұрсынов осы орайда: «Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі басқаларға үйретпекші нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табыиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек.

Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткеніне тәнмен қатар, ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасыдағы ғылымды білерге керек» – деп, ұстаздарға талап қоя отырып, сол талапты орындаған жағдайда мұғалімнің ұтатын тұстарын да атап өтеді. Осы тұрғыда Қытайдың мына даналығы ойға оралады: «Маған айтсаң — мен ұмытамын. Маған көрсет — сонда мен есте сақтаймын. Менің өзіме әрекет етуге мүмкіндік бер – сонда мен үйренемін».

Бүгінде ұстаздарға білімімен қатар білігіне де қойылатын талаптар жоғары болуы заңдылық. Себебі, біліммен қатар, кәсіби шеберлік, біліктілік пен құзіреттілік сияқты қабілеттердің ұстаз бойынан табылуы бүгіннің күннің басты талабы. Ұстаздың қазіргі заманға сай, нарық дәуірінде бәсекеге қабілетті бола алатын тұлғаларды даярлауы – ең өзекті мәселе. Неге десеңіз, функционалды сауатты, игерген білімін шынайы өмірде өз қажеттілігіне жарата білетін кәсіби шыңдалған тұлға – нағыз акмеолог, кемелденген тұлғаға айналады.

Кемелденген тұлға өмір бойы оқып, ізденіп, өз білімін шыңдауға күш салады. Функционалдық сауаттылық кез келген тұлғаның өмірдің барлық саласына белсене араласауы, жаһандық мәселелерде өзінің тұщымды ойын жеткізе алуы мен өзінің таңдаған мамандығы бойынша үнемі білімін шыңдап отыруы. Даму тарихына келетін болсақ, «Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды да, кейіннен зерттеушілердің қолданысына енді.

1990 жылы ЮНЕСКО бойынша «халықаралық сауаттылық» жылы болып жарияланады. БҰҰ 2003-2012 жылдарды бұл ұғымның кең аясында «сауаттылықтың он жылы» деп жариялаған болатын.Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі.

Функционалдық сауаттылық – адамның ортаға тез бейімделіп, қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Функционалдық сауаттылық тұлғаның бүгінгі еңбек нарығында бәсекеге түсе алуға қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады.

Дегенмен, функционалдық сауаттылық білік пен білім әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Демек, функционалдық сауаттылық тұлғаның сапалық сипатын арттыру тұрғысынан қарағанда жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады. Функционалдық сауаттылық оқушылардың танымдық қабілеттерінің деңгейін және оқушылардың өнімді жұмысының көрсеткішін білім деңгейі ретінде қарастырады.

Бұл деңгей өмірдің әртүрлі саласындағы тапсырмаларды шешуде мектептік білім мазмұнының қолданбалық сипатына және оқушылардың игерген біліміне негізделеді. Сондықтан, қоғамдағы өмірлік пен практикалық іс-әрекеттердің дағдылары мен әлеуметтік іс- тәжірибені меңгеру үшін оқушылардың білім алу барысында негізгі және пәндік құзіреттіліктері қалыптасуы тиіс. Қазіргі таңда өзекті проблемалардың бірі мектеп оқушыларының алған теориялық білімдерін өмірде қолдана алмауы.

Сонымен қатар, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылықтарының төмендеуі  пәнге деген қызығушылықтың төмендеуіне алып келді . Осы орайда  мектебімізде туындаған  проблемаларды шешу жолдарын қолға алу  үшін функционалдық сауаттылыққа негізделген іс-шаралар жасалынды. Мектебімізде мынадай смарт-мақсат негізге алынды: S (нақты) – Оқыту мен тәрбиені нәтижеге бағыттау арқылы сабақ беру үрдісін жақсарту және құзыретті тұлға қалыптастыру.

M (өлшемді) – оқыту мен тәрбиедегі өзгеріс арқылы саналы түрде өз бетінше білім  алатын тұлға қалыптастыру. A (қолжетімді) – сабақта жеті модульді кіріктіру, іс-әрекетті зерттеу жұмыстарын және өзін-өзі басқару жұмыстарын ұйымдастыру, нәтижені талдау. R (өзекті) – құзыреттілігі жоғары жеке тұлғаны қалыптастыру. T (уақытпен шектеулі) – үш жыл (2020-2023ж). Мектепте «Кітап оқы –рухани бай бол!» акциясы жүйелі түрде жүргізіледі. Акция барысында төмендегідей жобалар мен бағдарламалар іске асырылады:

«Мен кітап оқимын»; «Әңгімелесу уақыты»; «Кітап апталығы»; “Менің отбасымның сүйікті кітабы»; «Біздің мектептің электрондық кітапханасы»; « Менім сүйікті кейіпкерім»; ТЕД Х алаңы. Балалар оқуын дамыту және қолдау бағдарламасы, «Оқу бақыты!» жобасы. Шәкірт бойында функционалдық сауаттылық дағдыларын қалыптастырумен қатар, дамыту жолында бірнеше жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда.  Осы орайда мектебімізде «Оқу бақыты» жобасы 2020 жылдан бастап өз жұмысын бастады.

Жобаның өзектілігі: қазіргі мектеп алдындағы қойылған мақсат функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, бірінші кезекте ол, ең алдымен, әр түрлі сабақ беру барысында оқытудағы сауаттылығын, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын мақсатты түрде қалыптастыруына мүмкiндiкті қамтамасыз ету керек. Жоба «балалар оқуының бағдарламасын әзірлеуді қолдау, оқуға қызығушылығын дамытуды бағдарлау, оқушылардың  оқу сауаттылығы нәтижесін мәдени оқу дәрежесіне көтеру» мақсатын негізге ала отырып, төмендегідей міндеттерді қарастыруды көздейді:

Оқырманның қызығушылығын және мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын жетілдіруде қазіргі тәсілді зерттеп білу. Мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын қалыптастыру және олардың оқырман қызығушылығын арттыру үшін оқыту тәсілінің тиімді әдістерін, түрлерін, бағытын таңдап алу. Мектеп оқушыларының оқуын дамыту және қолдау бағдарламаларын әзірлеу. Бағдарламаның жүзеге асуына әрекет жоспарын белгілеу». Жоба 2020-2023 оқу жылы аралығын қамтуды көздеп отыр.

Жобаны жүзеге асыру бірнеше кезеңнен құралады: дайындық кезеңінде жобаны жүзеге асыру жұмыс жоспарын құру; жобаның іске асуының нәтижелігінің көрсеткіші мен өлшемін анықтау сынды жұмыстарды қамтыса; қалыптастыру кезеңінде жобаны енгізу бойынша жұмысты ұйымдастыру; жобаға қатысушыларға семинарлар өткізу; қорытынды кезеңі қол жеткізген нәтижелердің диагностикасы және талдауы, оқырман біліктілігі бойынша қоғам желісін құру, мұғалімдерді тақырып бойынша біріктіру тәрізді жұмыстарды алға қояды.

Жоба бойынша оқу құзіреттілігін қалыптастыруда бастапқы кезең маңызды рөл атқарады. Себебі, оқушыларды көркем әдебиет оқуға тарту үшін оның кітапқа қызығушылығын қалыптастыру қажет. Мектеп жасында балалардың кітапқа деген көзқарасының белсенділігі немесе селқостығы, оқырмандық шеберлігі мен дағдылары қалыптасу мәселесі шешіледі. Осы орайда балалар оқуын дамытудың басты мақсаты ретінде ойлы оқырман тәрбиелеу, оқырманның талғамын дамыту, мәтінді түсіне және зерделей білуге үйретуді басшылыққа аламыз.

«Оқу бақыты» жобасы аясында оқу сауаттылығын дамыту мақсатында мектебімізде әдеби оқу сабақтары; мұғалімнің бағыттарының бірі оқушылардың оқу сауаттылығын және оқуға деген қызығушылығын дамытуға жағдай жасау, мысалы: сабақта және   сабақтан тыс уақытта оқуға деген әр түрлі қажеттілікті дамытуға түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану;  сахналық қойылым сабақтары дәстүрлі түрде жүргізіледі.

Жоба аясында 9-11 сыныптар аралысында «Кейіпкерлер әлеміне саяхат» атты эссе жазу сайысы, «Менің сүйікті кітабымнан алған әсерім» ТED x, 5-7  сыныптар арасында «Менің сүйікті кейіпкерім» атты сайыс, үзіліс кезінде он минуттық кітап оқу шарасы дәстүрлі түрде жүргізіледі. Он минуттық кітап оқудың арқасында оқушылар кітапханадан кітап іздеп жүріп оқитын дәрежеге жетті. Сондай-ақ жоба аясында мектеп оқушылары мен сыныптар арасында мониторингтік анализ жүргізіліп отырды.

Осыған байланысты соңғы үш жылда мектебіміздің жалпы білім сапасы 3%-ға артып, 65%-ды көрсетіп, алға ілгерілеушілік бар екенін айқын аңғартты. Сонымен қатар бір тоқсан бақылауға алынған сыныптар арасында өзгеріс бар екені де көрінді. Атап айтсақ, бақылауға алынған 5 «Д», 6 «Г», 7 «Ә», 8 «А», 9 «Б» сыныптары қалған сыныптарға қарағанда кітап оқу жиілігі мен оқу техникасының әжептәуір жақсарғанын байқатты. Тағы бір айта кетер жайт, пәндік олимпиадаларға қатысуға сұраныстың артуы да – аталған жоба аясында қол жеткізген жетістіктеріміз.

Жобаны қолға алғанымызға бір жыл толуына орай мектебімізде оқу техникасын тексеру мақсатында «Кім жылдам?» атты сайыс барлық сыныптарда өткізілді. Мақсаты: оқушының пәнге деген қызығушылығын ояту, кітап оқуға баули отырып, шапшаңдыққа, жылдам оқуға тәрбиелеу. Сайыс барысында ерекше көзге түскен 6 «Ә», «Б», 8 «А», «Г», 9 «Б», «В» және 11 «Д» сыныптары мен бақылауға алынған сыныптар болды.

«Оқу бақыты» жобасының іске асуы кітап оқумен ғана шектелмей, барлық пәндерді меңгеруге де өз септігін тигізді. Мәселен 10 минуттық үзіліс кезінде көркем әдеби шығармалардан басқа, оқулықтарындағы тапсырмаларды да сыныппен орындап, талқылауға жақсы мүмкіндік болды.  Сондай-ақ мектепте сыныптан тыс сабақтардың жиі ұйымдастырылуы, дебат клубының өз жұмысын бастауы – жобаның басты жетістігі. Демек жобаның білім сапасын арттыруымен қатар, оқушылардың қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, өзін басқа қырынан танытуына да мүмкіндік туғызды.

«Оқу бақыты» жобасы – енді қолға алынып, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруда өз үлесін қосып отырған жоба. Білім алушылардың оқу сауаттылығын дамыту арқылы мектебіміздің білім сапасы артып, оқушылардың өз бетінше оқып, ізденуі мен білім алуына зор септігі тиіп отыр. Өздігінен білім алып қана қоймай, өзгелердің де жаңа арнаға бетбұрыс жасауына ықпал етіп отырған жобаның алдағы уақытта да жақсы нәтиже көрсететіні заңдылық.

Оқу сауаттылығы бүгінде барлық пәндер аясында жүргізіліп, қамтылады, себебі оқу сауаттылығын қалыптастыру – мектептегі білім берудегі өзекті міндеттерінің бірі. Түркі әлемінің ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұнның: «Білім – адам баласының ортақ қазынасы» деген пікіріне зер салсақ терең мән бар. Бүкіл адамзаттың ғылымды игеріп, жаңалықтар ашып, әлемнің жұмбақ сырларын ашып, әлемнің жұмбақ сырларын ашқаннан бері де бірнеше ғасыр өтті.

Бүгінде біз ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттың молдығы сондай, қабылдау мен түйсінудің өзі адам баласына көп күш түсіруде. Осындай заманның жас өскінін қалай оқытамыз, халық даналығына бой салсақ, «жақсыға үйретеміз, жаманнан жирендіреміз». Бұл бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен міндет.

Қорыта айтқанда, оқушыда әр түрлі дағдыларын қалыптастырып, ақыл-ой қабілетін жан-жақты дамытуда шәкіртке тек дайын білімді меңгертіп, оны қайталаумен шектелмей, оқушының өзіндік ізденісіне, өзіндік әрекетіне бағдар беріп, өзін және жолдастарының білімін өздігінен бағалай білу дағдыларын қалыптастыру көзделеді.

Гульфайруз Советовна БУХАТОВА,
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта
мектептің директоры, Алматы облысының
Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий