Білім сапасын арттырудың маңызы зор

Қазіргі таңда  халықаралық зерттеулер қорытындысы бойынша Қазақстан оқушыларының оқу сауаттылық деңгейі  едәуір артта қалып отырғаны бәрімізге мәлім. Қай пән болмасын оқушы тыңдаған, оқыған  мәтіндегі ақпараттар бойынша болжам жасау, негізгі ойды анықтау арқылы  тақырыпты түсініп,  шынайы өмірмен байланыстыра білу керек. Бірақ, өкінішке орай, комуникативтік дағдылардың  дұрыс, жүйелі  қалыптаспауы – оқушының негізгі пәндерді терең меңгеруіне кедергісін келтіреді.

Сондықтан, мектеп басшысы ретінде оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастырудағы жұмысқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарладым. Ең алдымен, мектеп әкімшілігі және  аталған кемшіліктерді жою үшін  қызығушылық танытқан мұғалімдермен команда құрып, «Акселератор успешных школ» тақырыбындағы курстан тәжірибе жинақтадық. Әр сыныптың ерекшелігіне қарай «Оқушылардың оқу сауаттылығын қандай белсенді тәсілдермен арттыруға болады?» деген өзекті мәселемен іс-әрекеттегі зерттеулер жүргізілді.

Оқу сауаттылығы бойынша жоғары нәтиже көрсетіп жүрген халықаралық трендтер, бенчмарктер зерттеліп, талданды. Мектепте мұғалімдермен  оқушылардың білім сапасын  көтеруге кедергісін тигізетін факторлар сараланды. Нәтижесінде пәндер бойынша оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым  дағдыларының әлсіздігі орын алды. Осы анықталған кемшіліктерді жою және оқушылардың  оқу сауаттылығын арттыру үшін  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі бекіткен  «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында  мектепте «Оқуға құштар мектептен-  оқуға құштар  қоғамға»  жобасын іске қосу түрткі болды.

Жоба аясында оқушылардың  мәтінді түсініп оқуына «Скорочтение», «Бір минут оқып, түсінігіңді баянда» оқыту әдісі, «Классиканы бірге оқимыз» ұжымдық коворкинг алаңы,  “20 минут оқы да, 3 минут эссе жаз” оқырмандар акциясы, «Бірге оқимыз»- ақын-жазушылармен, беделді адамдармен бірлескен оқу, “Оқы және өзгеге сыйла” вookcrossing, «Қызықты кітаппен демалыс» марафоны және  «Мобильді кітапхана»  жұмысымен бірге «Балбөбек» жас қаламгерлер журналын шығару, «Оқылым шеңберінде»  іс-шаралары өз ықпалын тигізуде.

Қазіргі «Z» ұрпақтың сандық технологияларды қолдануы жоғары екені бәрімізге мәлім. Осы бейімділіктерін «Аудиожазба» әдісі арқылы ұтымды пайдаландық. Яғни, сыныптағы оқушыларды тыңдауға, деңгейін анықтауға, қатемен жұмыс жасау тапсырмаларын дайындау оңай болды. Оқушының мәнерлеп, сауатты  оқуы артты. Сонымен қатар, «Аудиожазба» әдісі мұғалімдердің де жұмысына көмекші құрал болды. Мұғалімге аз уақытта көп оқушының деңгейін анықтауға, бағалауға көмегін тигізіп отыр.   

«Классиканы бірге оқимыз» ұжымдық коворкинг алаңында оқығаны бойынша  оқушылар диалогке, дебатқа қатысып, білімдері шыңдалды. Жағымды  және жағымсыз кейіпкерлердің мінезін, іс-әрекетін  талдауда,  өзін-өзі реттеуде әр  отбасыға, әр оқушыға өзіне өмірлік сабақ алуға өз ықпалын тигізіп отырды. Оқушылардың  түсініп оқу,  мәтінді талдау дағдылары  артты.  Оқушылардың оқу сауаттылығынын арттыруға бағытталған және дамуына ықпал ететін жұмыстың түрі «Оқылым шеңберінде» байқағанымыз, оқушылардың басқа пәндер бойынша қызығушылықтары, белсенділіктері  көтеріле бастады.  

Ойымды  қорытындылай келе, мектеп басшысы ретінде оқу сауаттылығын арттыру үшін  келесі қадамдарға  назар аудару керек екенін айтқым келеді: жұмыста мектеп әкімшілігі тарапынан фасилитацияның қажеттілігі; ұжымдық кері байланыс және эвалюация  үдерісі. 

Оксана Тастановна АСЫМХАНОВА,
Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің
директоры, Алматы облысының Жамбыл ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий