Тәрбие бастауы – балабақшада

Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның абыройлы міндеті екенін назарға алған «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Жезқазған қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподағы білім бөлімімен бірлесе «Алғашқы ұстаз – ата-ана» тақырыбында тәрбиешілер байқауын ұйымдастыруды қолға алды.

Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін арттырып, тәжірибе алмасуына жағдай жасай отырып, бала тәрбиесі ісінде ата-аналарға әдістемелік көмек көрсетуді мақсат тұтқан байқаудың алғышарты қазақ тілінің мәртебесін жоғарлату болғанын айта өту керек. Шынтуайтында қазіргі ата-аналардың көпшілігі бауыр еті баласының тілі шұбарланғанына баса назар аудара бермейді. Байқауға қатысқан тәрбиешілер осы өзекті мәселеден арылудың жолдарын іздестіріп, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің маңызы зор деген тұжырымға келді.

Екі кезеңнен құралған «Алғашқы ұстаз – ата-ана» байқауына мысты өлкедегі барлық балабақшалардың бірді-екілі тәрбиешісі қатысуға ниет білдірді. Алғашқы айналым «Қазақ тілінің білгірлері» атты эстафеталық ойыннан 7 тәрбиеші шығармашылық кезеңге жолдама алды. «Ертөстік» бөбекжайында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен байқаудың соңғы кезеңі үш тапсырмадан құралды. Тәлімі мол тәрбиешілер ата-аналарға арнап, буклеттер мен жадынамалар, кеңестер мен ұсыныстар каталогын жасаудан, сондай-ақ қазақ ертегісін сахналаудан жарысты.

Бала тілін дамытып, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру үшін тәрбиешілер сан түрлі әдіс-тәсілдерді ұсынды. Бірі қазақ әндерін, енді бірі салт-дәстүрді, тағы бірі ұлттық киім мен тағамдар тақырыбын таңдап, көз тартар көрнекіліктер әзірлеп, ойындар құрастырған. Сайысқа түскендер заман талабына сай сандық білім беру ресурстарын кеңінен қолдану арқылы баланың тіл үйренуге деген ынтасын ашуға болатынын байқатты.

Қазақ ертегілері тұнып тұрған тәрбие екенін айтып жатудың өзі артық сияқты. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Алдар көсе», «Екі дос» және тағы да басқа ұлттық ертегіні сахналаған тәрбиешілер саусақ театры, үстел театры, көлеңкелі театр, алжапқыш сияқты ертегі көрсету тәсілдерін жетік меңгерген. Олардың сахналық шеберігі, киім таңдауы, дауыс ырғағы бәрі-бәрі кәсіби актерден кем еместей көрінген қазылар алқасына жүзден жүйрік шыққанды анықтау оңай болмады.

Дей тұрғанмен, жылдар бойы жүрек қалауымен таңдаған мамандығына әбден төселгендер топ жарды. Атап айтқанда, бас жүлде «Тамаша» бөбекжайының тәрбиешісі Манат Сұраухановаға бұйырса, жүлделі бірінші орынды «Ертөстік» бөбекжайының тәрбиешісі Ақниет Жакупова жеңіп алды. Жүлделі екінші орын «Балбөбек» пен «Салтанат» бөбекжайының намысын қорғаған Бекзат Әбікенова мен Аяжан Сәменоваға бұйырған болатын.

«Арман», «Балауса», «Ұшқын» бөбекжайының тәрбиешілері Ақдидар Балтабаева мен Ақерке Сейітжаппарова және Майра Амангелдинова жүлделі үшінші орыннан табылды. «Алғашқы ұстаз – ата-ана» байқауы өз мамандығының жілігін шағып, майын ішкен майталмандармен иық тіресуге жүрексінбеген жас мамандарға тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік берді.

«Жезқазған аймақтық білім және
ғылым қызметкерлерінің жергілікті
кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі,
Қарағанды облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий