“Шабыт” – ұлттық мұраны насихаттау жобасы

Мемлекеттің өркендеуі сол қоғамның рухани, мәдени дамуына байланысты. Өз заманының жетістігін білімге, өнерге, ғылымға, жастарды тәрбиелеуге бағыттау, болашақ ұрпақты туған жерін қадірлеуге, тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, кейінгі ұрпаққа жеткізе алардай саналы болуына атсалысу – ұстаздар қауымының басты міндеттерінің бірі.

NIS Педагогикалық шеберлік орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен ұлт зиялыларының ғылым, педагогика, мәдениет және ағарту, білім жайындағы еңбектерін зерделей отырып, олардың қалдырған мұраларының білім беру жүйесіндегі заманауи идеялармен өзара үндестігін, сабақтастығын насихаттау мақсатында еліміздің педагогтеріне арналған «Шабыт» рухани-танымдық арнайы жобасын қолға алып отыр.

Бабалардың ұлы істерін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы екенін ескере отырып, жоба аясында Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бауыржан Момышұлы сынды тұлғалардың мұралары паш етілмек. Жоба мазмұны педагогтерге жалпы адамзаттық құндылықтардың маңыздылығын, ұлт зиялыларының мұраларын дәріптеу және олардың еңбектеріндегі педагогикалық қөзқарастар мен заманауи педагогикалық идеялар арасындағы сабақтастықты насихаттауға бағытталған.

Елдің елдігін көрсететін қастерлі ұғымдар ұлттың тілі, тарихы, туған жер, салт-дәстүр екенін ескерсек, бұл жобаның қазақстандық ұстаздар қауымына берері мол болады деп сенеміз. Жоба шымылдығы «Мағжан Жұмабаев. Ұлттық тәлім-тәрбие» тақырыбымен ашылмақ. Мағжан Жұмабаевтың 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» атты ғылыми еңбегінің негізгі тұжырымдамасы, идеялары талданады. Сонымен қатар аталмыш еңбектегі құнды идеялардың білім жүйесіндегі заманауи идеялармен сабақтастығы қарастырылады.

Мағжан – әлемдік деңгейдегі ақын ғана емес, кең тынысты ғалым. Оған дәлел – «Педагогика» оқулығы. Мағжан бұл еңбегінде әлемдік педагогикалық идеяларды сараптап, сұрыптап, оның қазақ жанына қабысатын тұстарына талдау жасап, сол кезеңдегі қазақ ұстаздарына ұсынған. Алғашқы дәрісімізде әлемдік деңгейдегі осы еңбектің қыр-сырына үңіліп көрмекпіз. Келесі онлайн форматтағы дәрісте даңқты қолбасшы, әскери теоретик, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан Момышұлының Отанды сүю, үздіксіз ізденіс және педагогикалық ой-толғамдарына талдау жасалмақ.

Біз Бауыржан Момышұлын, негізінен, батыр ретінде танимыз. Ақиқатында, Бауыржан Момышұлы – тек батыр ғана емес, әлемдік деңгейдегі ірі ғалым, бүкіл өмірін ізденіске арнаған қаламгер. Қаламын жүрекке, жүрегін ақиқатқа малып ап жазған Бауыржан Момышұлы мәдени, тарихи, әдеби салада мол мұра қалдырды. Бауыржанның батырлығы туралы баршаға мәлім, бірақ оның ғалымдық қыры һәм ғылымға қосқан үлесі туралы жүйелі сөз айтылған жоқ.

Оны айту да оңай емес. Досы Дмитрий Снегин Б. Момышұлына: «Ученый, писатель, военный историк» деп баға берген. Баукеңше айтқанда, бұл – «үлкен баға». Баласы Бақытжан Момышұлының айтуына қарағанда, Момышұлының мұралары әлемнің 12 мемлекетінің әскери мектептерінің оқу бағдарламаларына енгізілген. Екінші дәріс Баукеңнің ғалымдық, қаламгерлік, педагогикалық идеяларын ашуға, талдауға бағытталмақ. Мәдениет кеңістігінде мұражайлардың өзіндік орны бар екендігі белгілі.

Жоба аясындағы «Мұражай – мәдениет феномені» атты дәрісте Қазақстанның және әлемнің ең үздік он мұражайына виртуалды саяхат жасалады. Бұл дәрістің оқушыларды ұлт мәдениетіне баулуға, әлем тарихына басқаша ракурстан қарауына әсері мол болады деп үміттенеміз. Биыл халықаралық ЮНЕСКО ұйымының шеңберінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осы орайда, қазақстандық ұстаздар қауымына Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұраларындағы ұлттық ерекшеліктер, ұстаздың ғылым-білімге қатысты тұжырымдары мен қағидаларына талдау жасауды көздеп отырмыз.

Осыдан жүз жыл бұрын айтылған идеялардың заманауи көзқарастармен сабақтастығы, үндестігі расында да таңғалдырады. Педагогикалық шеберлік орталығы ұлт ұстазының ғылыми мұраларын насихаттауды жыл көлемінде жалғастыра бермек. Дара тұлға Жүсіпбек Аймауытұлының «Психология» атты ғылыми еңбегіндегі педагогикалық-психологиялық көзқарастардың қазіргі замандағы педагогикалық көзқарастармен ұштасуы, мұғалімдер қауымы үшін ұлы жазушының ұлттық психология бедерлері туралы концепциялары әрі қызықты, әрі пайдалы болады деп есептейміз.

ХХ ғасыр басында жарық көрген «Психологияның» бүгінде жапондық білім беру жүйесімен үндестігі назар аударуға тұрарлық. Жоғарыда аталған дәрістердің барлығы отандық ұстаздарды ұлт тұлғаларының ұлттық болмыс, ұлттық педагогика мен психология, әлемдік өркениет туралы ой-пікірлерімен таныстыруға, осы идеяларды өз тәжірибесінде қолдануға шақыруға бағытталғанын баса айтқымыз келеді.

Бұдан бөлек Абай Құнбайұлының, Ыбырай Алтынсарин мен Мұқағали мұраларына тоқталып, олардың оқу мен оқытуға қатысты тұстары тілге тиек етіледі. Өткен ғасыр басында қазақ халқын оятуды мұрат тұтқан Абай Құнанбайұлының ғылым-білімге, оқу жүйесіне қатысты шығармаларына талдау жасалады. Абай идеялары қазіргі кезеңге сәйкес жаңаша сипатқа ие екендігі, «Китаб тасдиқ» шығармасына жасалған транскрипция туралы тағылымға толы ой-пікірлер айтылады.

Мұхтар Әуезов Абайдың алдыңғы буын ақындарынан ең үлкен артықшылықтарының бірі ретінде оның қоғамдық көзқарасындағы ерекшелікті атап өтеді. Хакім Абай – өз заманын тап басып танып, өзі өскен ортамен тығыз байланыста болған тұлға. Дәріс барысында осы идеяларға терең талдау жасауды жоспарлап отырмыз. Тағы бір жаңалығымыз – Ыбырай Алтынсарин мен Лев Толстойдың педагогикалық көзқарастарындағы үндестікке тоқталмақпыз. Дәріс барысында Лев Толстойдың өзінің мектебіне арнап жазған оқулығы мен Ы.Алтынсарин жазған оқулықтар арасындағы ұқсастықтар жайлы тың деректермен бөлісеміз.

Лев Толстой да өмірінің бір кезеңінде мектеп ашып, сол мектеп балаларын оқыту үшін өз қолымен оқулық жазғаны – тарихи шындық. Ыбырай бабамыздың алғашқы оқулықтарында әңгімелердің біраз бөлігі Лев Толстойдың оқулығынан алынып, аударма арқылы қазақ оқушыларына ұсынылған еді. Бұл да қазақ педагогикасындағы тың тақырыптардың бірі деп санаймыз. NIS Педагогикалық шеберлік орталығы мұғалімдерге жаңа идеялар мен мол мүмкіндіктер ұсынуды жалғастыра бермек.

Осы ізденіс жолында біз қазақстандық ұстаздар қауымымен бірге әлі талай белестерді бағындыратынымызға сенімдіміз. Тікелей көрсетілім Педагогикалық шеберлік орталығының Facebook әлеуметтік желісінің парақшасындағы «Шамшырақ» онлайн алаңында өтеді. «Шабыт» жобасынан сіз де табылыңыз!

Абай ҚАЛШАБЕК,
Педагогикалық шеберлік орталығы,
Шымкент қаласы филиалының аға менеджері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий