Латын әліпбиі – өркениет жолы

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Бірақ бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін, алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында  қазақ тілін жаңғыртудың басты белгісі – ол латын жазуына көшу.

Латын жазуына көшу әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол .Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. “Ел бүгіншіл, менікі- ертең үшін” деген екен Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, ол кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ әліпбиін өзгерту тарихи, негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.

Иә, шын мәнінде, ұзақ жыл бодандықтың бұғауында, саясаттың салқынында қалған Қазақ елі үшін кириллицадан құтылып, әлемдік өрениетке негізделген латын әліпбиіне көшу ежелгі арман болғаны даусыз. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы.

Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Латын әліпбиіне көшу халықаралық қауымдастықта беделді орынға ие болған Қазақстанның рухани саладағы тәуелсіздігін айғақтайтын шара болып табылады.

Оның үстіне бұл шара Қазақстанның бүгінгі даму үрдісінің рухани саладағы жалғасы болып табылады. Сондай-ақ ол тәуелсіздікті, әсіресе мәдени саладағы тәуелсіздікті бекемдей түседі. Олай болса, бірлік, білім, еңбекті ұштастырып, ортақ межеге қол жеткізуге атсалысуымыз керек.

Алия Омиржановна БАТТАЛОВА,
С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп гимназияның
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Қарағанды
облысының Балқаш қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий