Инклюзивті оқыту жағдайында бағалау құралдарын жетілдіру

Семей қаласындағы №28 мектебі мұғалімдеріне арналған ерекше оқу қажеттілігі бар оқушылардың білімін бағалаудағы жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру мен бағалау әдістері бойынша тренинг өткізілді. Бұл іс-шара жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдерге әдістемелік көмек беру мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату жоспары аясында ұйымдастырылды.

Білім берудің жаңартылған мазмұны, оның әдістемесімен бірге өзекті басқа да мәселелер арасында инклюзивті оқыту бойынша бірқатар сұрақтар мектеп мұғалімдерінде алаңдатушылық тудыратыны баршаға белгілі. Әлем ғалымдарының зерттеулер қорытындысы, болашақ мамандарды әзірлейтін жоғары оқу орындарындағы таңдау курстарының мазмұны, психологтар тарапынан берілетін кеңестер теориялық жағынан тұщымды болғанымен де, күнделікті туындайтын мәселелермен бетпе-бет келгендегі тәжірибенің өз қиындығы бар.

Мысалы, оқуда ерекше қажеттілігі бар оқушының қабылетін, ортамен қарым-қатынастағы деңгейін, оның білімін бағалауда өз ерекшелігін ескеру, оны дамыту және қолдау көрсету мұғалім үшін көп тер мен еңбекті қажет етеді. Заманауи зерттеулерде әр бала қандай да бір дарындылық қабылетіне ие екені дәлелденген. Туы біткен осы дарынын дамытқан жағдайда ғана оқушының қарым-қабылеті артып, өмірінде жаңа белестер ашылатыны мәлім.

Инклюзивті оқыту жағдайындағы балалар үшін де осы мәселе өзекті, олардың сыныптағы оқу мүмкіндіктері мен даму жолдарын қолға алу – кезек күттірмейтін жұмыс. Семей қаласындағы НЗМ мұғалімі Калиева Құралай Ақылбердіқызы «Дарынды балаларды дамыту» бойынша тренер ретінде мұғалімдерге мектепішілік курста дәріс береді. Осы жылдардағы тәжірибесін аталмыш жалпы білім беретін мектептегі әріптестерімен бөлісті.

Тренинг аясында оқушылардың тұлғалық ерекшелігіне байланысты оқудағы әрекетін белсендендіру тәсілдері көрсетілді. Келесі кезеңде мектеп мұғалімдері инклюзивті оқыту тәжірибесінде кездестіретін қиындықтармен бөлісті. Тренинге қатысушы қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика және география пәндерінің мұғалімдері бағалау тапсырмаларын әзірлеуде оқушының мүмкіндігін ескеретін, дамытатын жолдарын үйренді, әдістерімен танысты.

Тренинг мазмұны мен өткізу барысы туралы кері байланыс беруде мұғалімдер оның пайдалы болғанын атап өтті. Бағдарламадағы оқу мақсаттарына сәйкес тапсырма жасаудағы әдістемелік көмек, оқу ерекшеліктері бар балалармен жұмыс жасаудағы әдістер, қорытып айтқанда, тәжірибеге бағытталған тренинг мазмұнының тиімділігіне жоғары баға берді.

Құралай ҚАЛИЕВА,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ
математика пәнінің мұғалімі,
Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий