Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

Бүкіл саналы өмірін жас ұрпаққа үлгі боларлық игілікті істерге бағыттаған адамдар қашанда ел алғысына бөленіп, бедел биігінен көрінетіні ақиқат. Еңбегімен елге ардақты, ғұмыры ұрпаққа өнеге болатын сондай абзал жандар Алматыда да көптен-көп. Осындай әулет мүшелері бір аталмыш саланы түбегейлі түлету арқылы қажырлы жұмыстарды атқарғаны үлкен мәртебе. Соның бірі – болашақ ұрпақ тәрбиесі жолындағы ұстаз еңбегі. Сондай жанұяның бірі – Алматы қаласындағы Қаныш Сатпаев атындағы №56 гимназияның ардагер ұстазы Шестакова Маргарита Ивановнаның отбасы. Жұбайы Сатпаев атындағы политехникалық институттан зейнетке шыққан ардагер-ұстаз Феофан Георгиевич. Осы абыз  ақсақалдармен болған сұхбатымызды сіздерге арнаймыз.

Маргарита Ивановна, еңбек жолыңыздың қалай басталғаны туралы әңгімелеп беруіңізді өтінеміз. -Бүгінде тоқсаннан асып отырған біздің жастық шағымыз ауыр кезеңмен, сұрапыл соғыс шағымен тұспа-тұс келді. Аштық пен жоқшылықтың да зардабын тарттық. Еңбекке де ерте араластық. 14 жасымда заводқа барып токарь болдым. Соғыс біте салысымен мұғалімдер училищесіне түсіп, бастауыш сыныптарда мұғалім болдым. Кейін институтта оқып орыс тілі мен әдебиетінің маманы болдым. Содан зейнетке шыққанша мұғалімдік қызмет атқардым.

Өткен жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» деген төсбелгісімен марапатталдыңыз. Сіздің арқаңызда барлық ұстаздардың беделі, мәртебесі көтерілгендей болды. – Алматы қаласының әкімі шақырып дүйім жұртқа паш етіп сондай зор марапат тапсырғанда барлық ұстаздар үшін разы болдым. Нағыз ұстаздың ұлағаттылығы өзгермейді. Соғыстан кейінгі кезде ұстаздың беделі өте жоғары болатын. Халық шаруашылығының деңгейі де, даму қарқыны да жоғары болатын.

Тоқсаныншы жылдары біз ұстаз мәртебесін төмендетіп, тіпті жоғалтып алғандаймыз. Қаламызда үлкен әріппен аты жазылатын көптеген ұстаздар бар. Солардың ішінен даралап осы атақты маған бергеніне жасымды құрметтегені деп ұқтым. Қазір мектептерде, балабақшаларда жұмыс істеп жүрген педагогтар үшін еңбегінің ертең де еленетіні жақсы нышан.

Алдарыңызда білім алған шәкірттеріңіз қандай салада халқына қызмет етуде? – Түлектеріміз мемлекетіміздің әр шетінде, түрлі салада қызмет етуде. Ғалым, дәрігер, мұғалім, инженер, журналист, тіпті кәсіпкерлері де бар. Олардың әрбіреуі есімде, ұстаздар күні, туған күнімізде әрдайым келіп тұрады. Мен олармен әзілдесіп әлі балаға ұқсатып сөйлеймін. Барлығының 40-50 жыл бұрыңғы қылықтарын  білемін, әрбіреуін жақсы көремін және мақтан етемін.

Жас кезіңізде мектеп кәсіподағының белсендісі болыпсыз. Ұйымның сол кездегі жұмысы туралы не айта аласыз?  – Кәсіподақтардың сол кезде де негізгі қызметі өз мүшелерінің құқықтарын қорғау болатын. Ұйымның беделі өте жоғары болатын. Тұрғын үй алу, жеңілдетілген шипажай жолдамасын алуды басқарма емес, кәсіподақ өзі шешетін. Бұқаралық ақпарат құралдарынан «Ұстаз» кәсіподағының жұмысы туралы естіп қуанып отырамын. Әсіресе қазіргі жағдайда кәсіподақ әрбір мекемеде ауадай қажет.

Бүгінгі мектептегі мұғалімдер туралы не айта аласыздар? – Қазір мектептер де жаңа, мұғалімдердің білімі де соған сай. Парта, тақта мен бор ғана бар сынып бөлмесі өткен ғасырда қалған. Интерактивті тақталар, заманауи лабораториялар, бүткіл дүниямен байланыстағы ғаламторлы компьютерлермен жабдықталған. Жаңа ғасыр жаңа міндеттер мен талаптарды алға тартқан. Бұл қазіргі дәуірдің талабы. Ұстаз осы талаптарға жауап бере алуы керек, ол үшін үнемі біліктілігін арттырып отыруы қажет.

Теориялық білімнен өзге шеберлігі, шығармашылығы болған ұстаз ғана алдындағы оқушыны баурап ала алады. Жай ақпаратты бала өзі де тауып алады. Соны білім, білік, дағды қылып қалыптастыру тек ұстаздың қолынан ғана келеді. Осындай мұғалімдер көп. Мен ұстаздардың барлығының осындай болғанын қалар едім.

– Біз мектепте, институтта мұғалім болдық. Ал қызметтен тыс жерде, отбасымызда ана, әке, кейін ата-әже болдық. Балаларымызға үнемі адал болудың, еңбекпен ғана мұратына жетуге болатынын түсіндіріп айтумен болдық.

Тек қана тәрбиемен білім беру керектігіне көзім жетті. Шын әрбір оқушымызды жақсы көретінбіз. Онсыз білімімізді қабылдату қиын. Ізбасар мұғалімдерімізге айтатынымыз: білім беру үшін өзің сол білімді жетік білуің қажет. Жанұяларыңда түсініспеушілікке жол бермендер. Біз 60 жыл бірге тұрамыз. Ақсақалым маған әлі өлең жазады. Махаббаттарыңның отын өшіріп алмандар. Жастар, білуге, үйренуге құштар болыңдар. Еліміз сонда ғана өркендейді. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерді әлі де қуып жетеміз. Оған барлық мүмкіншіліктеріміз бар.

Сұхбаттарыңызға көп рақмет!
Бөрібай СЫДЫҚОВ,
«Ұстаз» кәсіподағының Медеу аудандық
филиалының маманы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий