Мемлекет басшысының жолдауы ойымыздан шықты

Президент ең алдымен бірлік керек екендігін баса айтты. Егер елде бірлік болмаса егеменді ел болып осы кезге дейінгі жеткен жетістіктерден айырылып қалуымыз кәдік екендігін баян етті. Бұл рас сөз. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халқымыз. Кешегі өткен қаңтар оқиғасы туралы алып-қашпа сөздер көп екені белгілі. Оны теріс пиғылды адамдар өздерінің миссияларына қарай бұрып сөйлетіп отырғандары да аян.

Президент жолдауында осы қаңтар оқиғасына байланысты ашық айтты. Мемлекеттік төңкеріс бола жаздағанын, қандай қауіпті бастан кешкенімізді басқа ақпарат көздерінен есту бір бөлек те, Ел Президентінің өзінен естіп білген бір бөлек екендігі даусыз. Болып өткен сол алмағайып кезең Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз жардың шетінде тұрдық» деген бір ауыз сөзінен-ақ түсінікті.

Осы қиын кезеңді ой елегінен өткізе келе Президенттің «Мен халқым үшін бәрін жасадым, бұл менің Президенттік әрі Перзенттік борышым» деген сөзі патриоттықтың үлгісі деп есептеймін. Жаңа Қазақстан құру жолында атқарылуы тиіс жұмыстарды атап көрсеткен Президент «Халыққа көпірме сөз емес, көзбен көретін, қолмен ұстайтын іс керек» деп нақты айтты.

Бұрынғы биліктің тарапынан берілетін құрғақ уәде, алдаусырататын бос сөздерден ығыр болған, сол ығыр болуынан митингке шығуға мәжбүр болған халықтың көңілінен шығатын сөздер бұл. Президенттік өкілеттілікті біртіндеп тоқтатып, парламенттік басқаруға көшу туралы айтқан пікірі де ел көңілінен шығуы тиіс, Жаңа Қазақстан құру жолындағы игі қадам.

Азаматтық белсенділікті жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін форматта әрекет етуге мүмкіндік алуы да қуантарлық хабар. БАҚ өкілдерінің ашық та еркін ақпарат таратуына енді даңғыл жол ашылды. Ең бастысы Республика Президентінің бұл жолдауында ұлттың қан тамыры соғып тұр деп айта аламын. Оған «Ұлттық Құрылтай» құру туралы ұсынысы куә.

Халықтың ойын, тілегін, енді құрылмақ қоғамдық кеңестер жинап, билікке жеткізетін болса, сол қоғамдық кеңестердің басын біріктіретін осы Құрылтай болмақ. Билік пен халықтың арасын жалғастыру мақсатында құрылатын бұл Құрылтайдың әлем елдері алдында республикамыздың келбетін айдынды да, айбарлы қылып көрсетуде мәні зор. Себебі халықпен санасып, халықтың үнін естіп отырған мемлекеттің келешегі айқын, алар биігі көп.

Жолдауда сонымен бірге еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымдарын қайта қарастыру мәселесі көтерілді. Бұрынғы уақытта бірқатар облыстардың біріктірілгені белгілі. Алайда одан не экономикалық, не рухани пайда болмағаны тағы да белгілі. Қайта оның қолайсыздығы көп болды, облыс орталығы шалғай болуына байланысты халықтың қатынауы қиындық туығызды. Бұл да өз кезегінде елдің наразылығын тудырып отырды.

Осы жәйттер Президенттің де назарында болғанға ұқсайды. Семей облысы аумағын Өскеменнен бөлектеп, «Абай» облысы деп атау, сол сияқты Алматы мен Жетісу облыстарын, Ұлытау облысын құру әділ шешім, игілікті қадам. Бұл облыстардың орталықтарының атауы – ұлттық сананың көрінісі. Ұлы Абайдың есімін бұдан артық қалай ұлықтауға болады, жер жаннаты – Жетісудың әсем бейнесін бұдан артық қалай суреттеуге болады,

Ұлытаудың кәрі тарихын бұдан артық қалай танытуға, қастерлеуге болады деген ой әркімге де келері анық. «Бізге сырттан келіп ешкім ешетеңе істеп бермейді, бәрі өзіміздің қолымызда. Жаңа Қазақстанды бірлесіп құрайық!» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының жүрек жарды қорытынды сөзі әрбір Қазақстандықтың көңілінен шығады деп сеніммен айтта аламыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ Ел Президентінің бұл мәниғалы да маңызды, ауқымы кең жолдауы ойымыздан шықты.

Абат Шамұлы ПАНГЕРЕЕВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің «Абайтану және ұлттық
руханият» ғылыми-зерттеу орталығының
жетекшісі, филология ғылымдарының
докторы, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий