Дина Нұрпейісова – күй анасы атанған тарихи тұлға

Күй – бұл қазақтың көне заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен ең киелі де қастерлі өнері. Қорқыт, Асанқайғы, Қазтуған, Құрманғазы, Дина сынды ұлы күйшілер сан ғасырлық тарихымызды домбыра үні арқылы ұрпағына жеткізе білді. Қазақ аналарының арасынан тұңғыш күйші болған Дина Нұрпейісова. Халық әртісі, күйші, композитор, қазақ халқының мәдениет қайраткері Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл толды.

Қастерлі күй өнерін хас шеберлігімен ерекшелендіре білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісова әлемі мен шығармашылығы ғасырдан ғасырға жетер сырлы да сынды сандық. Осы атаулы мерейлі күнге орай Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жас мамандарына арналған «Күй анасы – Дина» атты жоспарлы челендж ұйымдастырылды. Атаулы мерейтойға Қаскелең мәдениет колледжінің жас мамандары ат салысып, күйші анамыздың «Той бастар» күйіне арналған челендж жолдады.

Күйші, композитор Дина Нұрпейісованы жасынан өнер қонған ерекше қабілетті дарын иесі деп атауға болатыны баршамызға мәлім. Дегенмен, сырға толы, шежірелі, өнегелі тарихымызды келешек ұрпақ есіне салып, мәдени тарихымызды еске алып, толғана жырлауды толығырақ баяндап жариялауды жөн көрдім. Орал облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген, қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, күйші – композитор, Қазақстан Республикасының халық артисі Дина анамыздың әкесі де домбырашы болған адам.

Әкесі жас кезінен домбыра өнеріне баулыған Дина 1870 жылы алғаш рет Құрманғазымен кездеседі. Жас Динаның болашағына кәміл сенген Құрманғазы оның өнеріне дән риза болып, шығармашылық достықты «Менің оң қолым мен Динаның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді» деген сөздері айқын аңғартады. Динаның шығармашылығының арқауы халық музыкасына сүйеніп өзі де күй шығара бастайды.

1937 жылы халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлде алған Дина 1939 жылы Москвада өткен халық аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында «Домбыраның Жамбылы» атанады. Күйші анамыздың «Тойбастар», «Бұлбұл», «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Еңбек ері», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Партия туралы күй» «Сегізінші март», «Сауыншы», «Көгентүп», «Он алтыншы жыл», «Он жетінші жыл», «Науысқы» және тағы да басқа күйлері өнерсүйер қауымның жанына жақын, жанын жадыратар, әуені асқақ екенін ауыз толтыра мадақтай аламыз.

Осы күйлерінің ішінде «Тойбастар» күйінің шығу тарихына келетін болсам, 1940 жылы өткен Қазақстанның 20 жылдық тойына арнап Дина анамыз «Тойбастар» күйін шығарды. Күйші анамыз бұл күйінде өз мемлекетінің өркендеп келе жатқанын, экономикасы мен мәдениеті бар халқының шалқыған қуанышын кеңінен суреттейді. Бұл күй терең мағыналы мазмұнымен, өзгеше түр ерекшелігімен қазақ күйлерінің негізін салған туындының бірі.

Бұл күй музыкалық бейнесінің айқындылығы мен үш бөлікті композициясының сымбаттылығы арқасында, көп кешікпей-ақ жұртқа кеңінен таралды. Міне, колледжіміздің жас мамандары «Тойбастар» күйін тарту етті. Осы мағыналы күйдің келешек ұрпаққа берер үлгісі мол, тарихы терең екеніне көз жеткізе білді деп сенімді айта аламын. Қорытындылай келе, өнеріне бүкіл ел куә болған, қаншама санда шырайлы ұрпақтың шаттығына бөленген Дина Нұрпейісованың күйшілік қасиетіне бас иіп, анамызды пір тұтып, жолын жалғастырушы талант иелері колледж оқытушылары арасынан да шығарына кәміл сенемін. Егеменді еліміздің, Тәуелсіз жеріміздің мақтан тұтарлық өнер иелерінің аты да заты да өшпей, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз.

Саят Кыргызбаевич АКБАСОВ,
Қаскелең мәдениет колледжінің директоры.

Багдагул Кошпановна КАНАБЕКОВА,
колледж әдіскері,
Алматы облысының
Қарасай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий