Наурыз кездесулерінде ұсынылған тың жобалар

2020 жылғы 16-18 наурыз аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Наурыз кездесулері өтті. Биылғы жылы көктемгі дәстүрлі ғылыми жобалар байқауы қазіргі заманның ең өзекті басымдықтарының бірі – «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбына арналды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Екі күн бойы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде онлайн форматта вебинарлар жоспарланған, онда жасанды интеллект, цифрлы технологиялар, робототехника, инженерия, сәулет және экология саласындағы танымал отандық және шетелдік спикерлер сөз алды. Олардың қатарында Австралиядан су көліктері түрлері бойынша сарапшы Брендан Норман, ресейлік «R:ED» компаниясының білім беру жобаларын дамыту бөлімінің басшысы Алиса Большакова, Назарбаев, Астана IT университеттерінің ғылыми қызметкерлері және басқа да беделді ғалымдар бар.

Қатысушылардың бірі «Машиналар мен адамзаттың болашағы. Жасанды интеллект және адам интеллектісі» тақырыбындағы қызықты баяндамасымен Цюрихтен әйгілі швейцариялық футурологы Герд Леонхардтың қосылды. Герд Леонхард жасанды интеллектіні «көмекші» немесе «интеллект ассистенті» деп атаған жөн екенін айтты. Сонымен қатар еуропалық футурист машиналық құзіреттілікті адамның ақыл-ойымен, санасымен шатастырмау керегін ерекше атап өтті.

– Біз өзгерістер әлеміне нық қадам басып келеміз. Өзгерістерге кванттық компьютерлер, әртүрлі тілдерді қайта өңдеу, блокчейн, 3D басып шығару, гендік инженерия, виртуалды шындық сияқты заттар кіреді. Басында бұның бәрі баяу, біртіндеп дамиды деген ойда болдық, алайда бұл процестер әп-сәтте және тез дами бастады, – дейді Герд Леонхард, – Адамзаттың іздегені адамдарға ұқсайтын машиналар емес, пайдалы заттар, зияткерлік көмек болуы керек.

NIS-тің «Жасанды интеллект және мехатроника» Наурыз кездесулерінің екінші күні Австралиядан қосылумен басталды. Сутек негізінде қозғалатын көліктер сарапшысы, Hyzon Motors компаниясының негізін қалаушы Брендан Норман өзінің вебинарын жасанды интеллекттің сутек жанармайы арқылы жүретін көліктер мен автопилот жүйелерінде пайдалануына арнады.

«Жасанды интеллект және толықтырылған шындық» вебинарының авторы, ISSAI NU смарт жүйелер мен жасанды интеллект ғылыми қызметкері Жанат Махатаева осы бағыттағы зерттеулері туралы айтып, толықтырылған шындық көзілдірігі мысалында бүгінгі күні жер бетіндегі 55 миллионнан астам адамға әсер ететін когнитивті ауруларды емдеудегі жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін көрсетті.

– Қазақстанда Назарбаев Университетінің ғылыми зертханалары жасанды интеллект саласындағы көшбасшылары екеніне біз бүгін тағы да көз жеткіздік, – деді Наурыз кездесулеріне қатысушы, Алматы химия-биология бағытындағы мектеп оқушысы Даниял Сұлтанов. – Толықтырылған шындық көзілдірігін көрсету мысалы негізінде жасанды интеллект көмегімен адамның жақын арада есте сақтау қабілетінің орнын толтыруға болатынына және осыған байланысты көптеген аурулардың жойылатынына көз жеткізуге болады.

Наурыз кездесулерінің үшінші күні қатысушы топтар Назарбаев Зияткерлік мектептері филиалдарында өз жобаларын қорғады. Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейінен келген топ «Антисептик шашатын роботпен» таныстырса,  Облыстық информатика, физика және математика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лиецейінің оқушысы «Луноход-бурильщик» жұмысын қорғады.

Біздің жобамыз – ай бетінде жұмыс жасайтын шынайы луноходтың кішірейтілген моделі болып табылады. Модель шынжырлы табан арқылы жүреді, бұрғылау құрылғысы арқылы жер бедерін ұңғылап, зерттеуге материал алады. Оны зерттеу орталғына жіберіп отырады. Және модельде алдынан шыққан кедергілерді тазалап отыратын механикалық қол орналасқан, – дейді жобаны таныстырған авторы Амир Хасенов.

Жалпы білім беретін мектептер және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары тарапынан өзекті әрі қызықты бірнеше жобалар ұсынылды. Таныстырылым аяқталғаннан соң, NIS мұғалімдерінен шеберлік сағаттары өтті. Сабақтар барысында топографиядағы Пифагор теоремасы, жер сілкінісін түсіну үшін математикалық модельдеуді қолдану, ғарыштық материалдарды құру және химия, биология, физика, математика және информатика саласындағы басқа да жобаларға арналды. Шара соңында барлық қатысушылар сертификаттармен, ғылыми жетекшілер алғыс хаттармен марапатталды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий