Жатақхана оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастырудың жайы

Тұлғаның жан-жақты дамуы үшін біліммен қатар, баланың мазмұнды демалысы мен бос уақытын тиімді өткізу ерекше рөл атқарады. Бос уақыт – бұл әр адам өмірінің ажырамас бөлігі. Ал бос уақытты тиімді өткізу барлығымызға ортақ міндет. Орыс ғалымы, педагог С.А. Шмаков баланың бос уақытын ұйымдастыруды бірнеше топқа бөлген екен. Соның біріншісі баланың әртүрлі күштерін қалпына келтірумен байланысты.

Оларға таза ауада серуендеу, спорт, демалыс кештері, көңілді ойын-сауық, түрлі ойындар жатады. Соның ішінде спортпен шұғылдану балалардың дене белсенділігін арттырады және денсаулықты нығайтуға, төзімділікті, ептілікті дамытуға ықпал етеді. Жатақханамызда оқушыларымыздың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру,  спортпен шұғылдануға баулу мақсаттарында түрлі бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі ойындарын жатақхана балалары жақсы меңгерген және осы спорт түрлеріне деген қызығушылықтары басым. Сабақтан кейін және демалыс күндері оқушылардың сұранысы бойынша осы ойындардан командалар арасында жолдастық кездесулер өткізіледі, ойындар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, мектептің дене шынықтыру мұғалімдерімен де тығыз байланыста болып, сабақтан тыс уақыттарда жатақханамыздың ата-аналары мен тәрбиеленушілеріне түрлі бағыттағы спорттық іс-шаралар өткізіледі. «Кім жылдам?», «Теннистен жатақхана ашық біріншілігі», «Волейболдан жолдастық кездесу», «Футболдан жолдастық кездесу» т.б. осы сынды шаралар оған дәлел.

Балалардың бос уақыттарын ұйымдастырудың бір түрі – үйірмелер. Жатақхана қабырғасында бірнеше спорттық үйірмелер де қызмет етуде, олар: «Былғары доп» волейбол үйірмесі; «Шахмат» үйірмесі; «Қол күрес» үйірмесі; «Тоғызқұмалақ» үйірмесі. Кейбір үйірме қатысушылары түрлі деңгейдегі жарыстарда мектебіміздің құрама командасы сапында өнерлерін көрсетіп жүр.

Биылғы оқу жылында жатақхана тәрбиешілері «Инклюзивті білім беру» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттыру курсынан өткен болатын. Инклюзивті білім беруге тоқтала кететін болсақ – бұл балалардың жынысына, жасына, географиялық тұрғылықты жеріне, қозғалыс және психикалық жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан сапалы білім алу және олардың әлеуетін дамыту мүмкіндігі.

Соған сәйкес, жоғарыда аталған үйірмелерге «Ерекше» балаларды да қатыстыру жұмыстары жолға қойылған. «Ерекше» балаларға денсаулықтарына кедергі болмайтындай тапсырмалар беріліп, ол оқушылардың спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын оятуға үйірмелер арқылы ықпал етілуде. Оқушы бос уақытты мазмұнды өткізе білсе, сабақ оқу кезіндегі, түрлі шараларға қатысу кезіндегі жұмсалған физикалық күші мен психикалық энергиясын қалпына келтіреді.

Сондықтан баланың бос уақытын тиімді, өзіне пайдасы бар нәрсеге жұмсағаны аса маңызды. Демек, егер әр адам бос уақытын ұтымды пайдаланса, онда ол шынайы байлыққа айналады, оған жоғары білімді, жоғары мәдениетті және физикалық кемелді тұлға болуға көмектеседі.

Ерзат КАРИБАЕВ,
Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің жатақхана тәрбиешісі,
Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий