Үздіксіз ізденістегі жүйелі еңбектің жемісі

Наурыз айының 15-і күні елордасындағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында еліміздің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» тақырыбындағы съезд ұйымдастырылған еді. Бұл басқосуға  ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінен 300-ден астам педагог қатысқан болатын. 

– Қазір қаралып жатқан мәселелердің бірі – “бастауыш пәндерінің арнайы кабинеті”. Бұл да өте қажет сұрақ. Сондықтан қазір №170 бұйрыққа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл мектептерді құрал-жабдықтармен жабдықтау туралы бұйрық. Аталған бұйрықта осы мәселені қарастырып жатырмыз. Бастауыш пәні мұғалімдерінде бағдарламаға сәйкес арнайы құрылығылары болуы керек. Бала басқа дүниетанымдағы пәндер бойынша өзіне керек мағлұматты сол кабинеттен табатындай. Осы тұрғыда жұмыс жүргіземіз”, – деді жиналғандардың алдында алғы сөз сөйлеген салалық ведомстваның жетекшісі Асхат Қанатұлы.

Мен жиналған әріптестеріме “Бірінші сынып оқушыларына арналған ұлттық педагогика негізіндегі тапсырмалар жинағы» авторлық бағдарламасын таныстырдым. Негізгі мақсат: оқушылардың білімі мен дайындық деңгейін, жас ерекшеліктерін ескере отырып, ұлттық педагогикаға негізделген тапсырмалар арқылы қызығушылықты арттыру, пән бойынша білім-білік дағдыларын жетілдіруге, ұлтжандылық қасиет пен ұлттық тәрбиені бойына сіңіруге қолайлы жағдай туғызу.

Мектеп қабырғасында бұл ойымды тағы бір мәрте растау үшін бастауыш сынып оқушылары арасында гугл диск жүйесінің көмегімен оқушылардан қашықтан сауалнама алып көрдім. Сауалнаманы құрастырып, жүргізудегі мақсатым – қазіргі кездегі бастауыш сынып оқушыларының қызығушылығын анықтау; оқушылардың ұлттық құндылықтар, атап айтқанда, қазақ ертегілері, олардың кейіпкерлерін танып-білуі, оқушылардың бос уақытында ойнайтын ойындарының ішінде ұлттық ойындардың орны, ұлттық киімге деген көзқарасын анықтау, жүйелеу және талдау еді.

Сауалнама whatsapp мессенджері арқылы республиканың түкпір-түкпірінен жиналған топтағы бастауыш сынып мұғалімдеріне, ата-аналар чатына жіберу арқылы анонимді және ерікті түрде жүзеге асырылды. Сауалнама үш күнге созылып, 209 бастауыш сынып жасындағы оқушы қатысты. Бұл бағдарлама туралы былтырғы көктемде бастауыш сыныптар кафедрасы және мектептегі жас мамандарға таныстырылым жасалып, мектепішілік іс-тәжірибе ретінде таратылды.

Нәтижесінде мұғалімдер тарапынан жоғары баға беріліп, 2021-2022 оқу жылының 1-сыныптарына авторлық тапсырмалар жинағымен жұмыс жүргізуге рұқсатнама актісі жасалғанын үздіксіз ізденістегі жүйелі еңбегімнің жемісі ретінде қабылдадым. Басты мақсатқа сай келесі міндеттер орындалуы тиістілігі көзделген. Оқу бағдарламасы негізіндегі оқу мақсаттарына сай білім-білік, дағдыларын жетілдіру; каллиграфиялық нормаларды сақтау.

Және сауатты жазу дағдысын дамыту; оқушылардың рухани, мәдени мұралар (ою-өрнек, қол өнері және тағы да басқа), салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті үлгілері туралы қарапайым түсінігін арттыру; оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты іздестіру арқылы өзіндік жұмыспен айналысуына мүмкіндік беру.

Аяужан Нұрланқызы МЫРЗАБАЕВА,
№3 Күршім гимназиясындағы бастауыш
сынып мұғалімі, 2021 жылдың «Үздік
педагог»
байқауындағы облыстық кезең
бойынша
жүлдегері, Шығыс Қазақстан
облысының
Күршім ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий