Наурызым – нұрлы ырысым

Наурыз мерекесі – қасиетті күн. Әулие, дана ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған.

Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыз мерекесі күндері ұлттық тағамдар ұсынылады. Театрландырылған көріністер көрсетіледі.

Ұлттық ат спортынан жарыстар өтеді. Қазақша күрес, арқан тарту, бағанға өрмелеп, жүлде алу секілді жарыстар, жүгіру, спорттық шаралар өтеді. Наурыз мерекесіне тән – көпшілікке наурыз көже даярланады, ол тағам жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Үй иесі үлкен кісілерден наурыз көжеге бата сұрайды. Ол кісілер:

«Пәле-жала жерге енсін!
Төрт түлік ақты болсын
Өрісің малға,үйің жанға толсын!
Ақ мол болсын!» деп бата берген. Қазақ халқы бұл күнді «Ақ түйе қарыны жарылған күн» деп ерекше қастерлейді. Осы күні ел ішіндегі дуалы ауызды батагөй, әулие ақсақалдарды арнайы дәмге шақырады.

Не арнайы іздеп барып ақ батасын алады. Ол қарияларға шапан-шақтық жейде не тақия сыйға тартады. Қазақтың «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақалы осы шындықты растайды. Өйткені қазақта наурыз күнгі тілек қабыл болады деген наным бар.

Назерке Сейітжанқызы ОРАЗОВА,
«Балдәурен» республикалық оқу
сауықтыру орталығының қазақ
тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы облысы, Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий