Пікірталас – жаңа идеялар мен көшбасшылықтың бастауы

Қазіргі әлемде ең құнды ресурс – адам. Кез келген қызмет саласында бәсекеге қабілетті болу – өмірлік қажеттілік екенін барлығымыз білеміз. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың кездесулер мен сұхбаттарында білім мекемелері мен жоғары оқу орындарда пікірсайыс қозғалысының  жандануы  мен  өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын дамыту қажеттігі туралы  айтуы бекер емес.

Пікірталас жүргізудің маңыздылығы – қазіргі әлемдегі бәсекелестікке бейім, өз заманына сай қоғамда өз орнын таба білетін, дербес таңдау жасауға дайын, кез келген ортада жұртпен бірге жұмыс істеп, көпшілікті игі істерге жұмылдыра алатын, белсенді өмірлік ұстанымы қалыптасқан қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Пікірталас барысында әр бала қарым-қатынастағы олқылықтарын жоюға ұмтылады және сыни тұрғыдан ойлау, зерттеушілік, төзімділік, көпшілік алдында сөйлеу, көшбасшылық сияқты маңызды қасиеттерін және өз көзқарасын төзімділікпен жеткізе білу дағдыларын қалыптастырады.

«Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына қарасты біздің жергілікті филиал ұйымдастырған екінші ауысым – «Discussion club» жас спикерлер мен дебатерлердің ауысымы осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өтті. Орталығымыздағы дебат клубы пікірсайыс қозғалысын дамыту үшін  барлық деңгейде дебаттарды дамыту жолында іс-шаралар жоспарын әзірлеп, күн сайын жүйелі, ауқымды түрде жұмыстар жүргізуде.

Атап айтатын болсақ, «30 жылдағы Қазақстан» тақырыбындағы дебаттық турнир әсерлі өтті. Тіпті қатысушы оқушылардың көптігі мен белсенділігі дебаттық турнирлерге іріктеуде қиындық туғызды. Дебат барысында командалар тақырып аясында берілген уақытқа сай өз ұстанымдарын дәлелмен қорғап, финалға шығу қабілеттерін, қызығушылықтарын, ынтасын, қарым-қатынас мәдениетін көрсете білді. Көрермендерге дебатерлердің  ақпаратты талдауы, шебер сөйлеуімен қатар жаңа көзқарастарын ашық айтқандары ұнады.

Орталығымызда қонақ болған  Талдықорған қаласынан келген жас ұстаз, республикалық «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауының жеңімпазы  Ераділова Айдана «TEDx құпиялары» атты семинарында жастармен  креативті ойларымен бөлісті. Нәтижесінде жас ұстаздар мен ұйымдастырушы- ұстаздардан құрылған «TEDx BALDAUREN» жобасының жетекшілері пікірсайыс қозғалысын дамыту үшін өзара семинар-тренингтер ұйымдастырып, қойылған мәселелер мен алдағы перспективаларды талқылап, жұмыс бағыттарын анықтады.

TEDx-тің қазақша баламасы –  технология, көңіл көтеру және дизайн. Осы сөздердің аясында жаңа идеялар айтылатын конференция деген сөз. Ал «x» деген ТЕД-тің форматында өткізілетін тәуелсіз іс-шаралар дегенді білдіреді. TEDx әлемдегі ғылыми жаңалықтарды насихаттауға арналған ғылыми конференция болғандықтан, таратуға тұрарлық идеялармен қатар дүниежүзілік коммуникацияны және сол идеяларды таратуды ынталандыру керек. Орталығымызда ұстаздар мен ұйымдастырушы-ұстаздардың өткізген алғашқы «TEDx BALDAUREN» конференциясы қатысушылар мен көрермендерге ұнады.

Әсіресе қатысушыларға ұнағаны – еркін тақырып таңдауы. «Маған бәрібір», «Робот дәрігер», «Зона комфорта», «Жастардың жаңа менталитеті», «Үздік оқушы синдромы», орыс тіліндегі «Цикл злости», «Как избежать конфликта?», «Школа убивает кретивность детей», «Центр помощи и адаптации неопределившихся в жизни подростков», «Какие предметы внести в школьную программу?» сияқты тақырыптар арқылы балалар бүгінгі жастардың өткір де өзекті әлеуметтік мәселелерін  қозғап, сыни көзқарастарын белсенді түрде жеткізе білді.

Қазіргі кезде балалар арасында пікірталас өнерін қалыптастыратындай ахуал туғызуымызды түсінуіміз керек. «TEDx BALDAUREN» конференциясына қатысқан баланың саналы, салмақты шешімдер қабылдауына алғашқы қадамы болуы мүмкін. Өйткені, жасөспірімдердің сөздерінен  қаншалықты терең әрі сапалы ойлайтынын, қазіргі таңда біздің қалай өмір сүретінімізді, болашақта еліміздің өсіп келе жатқан ұрпақпен  қалай дамитынын көруге болады.

Осындағы іс-шараларға белсене қатысқан оқушылар өз қалалары мен ауылдарында, өз мектептерінде дебаттарды жандандырып, осы жаңа форматағы «TEDx» жобасын жалғастырады деп сенемін. Ендігі кезеңде балалардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуына бағытталған жобаларды қолдай отырып, әр ауысымда TEDx форматта дөңгелек үстел, немесе конференция, тренингтерді жалғастыруды жоспарлаудамыз. Елімізде мемлекетіміздің болашағы ретінде балаларға көп көңіл бөлінуде.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: – Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз, – деген сөздерін басшылыққа ала отырып, осындай жаңа бағыттағы іс-шаралардың білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі ретінде заманауи оқушы, болашақ бәсекеге қабілетті азаматын тәрбилеудегі рөлі үлкен деп санаймын.

Пікірталас өнерін меңгеру, толеранттылықты дамыту және басқа біреудің көзқарасын құрметтеу сияқты қасиеттерді жеткіншектердің санасына сіңіру – біздің басты міндетіміз. Өмір бізге бірден шеше алмайтын міндеттерді қояды, бірақ жолды жүрген адам ғана  игереді.

Жаркинай Биболатовна ХАДЖИМУХАНОВА,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру
орталығындағы кешен басшысының оқу-тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары, Алматы облысының
Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий