Әлихан Бөкейханұлы – ұлт көсемі

Жасынан зерек, алғыр өскен, баспасөз беттерінде өзін «қыр баласы» деп таныстырған, көпшілік жұрт оны «ұлт көсемі» деп білген, қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, ақтық демі шыққанша еліне адал қызмет еткен тарихи тұлғаларымыздың бірі ғана емес, бірегейі, өз заманында халық жанашыры болған.

«Алаш» саяси партиясын құрып, «Алашорда» үкіметін жасақтап, Қазақ топырағында тұңғыш толыққанды ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеруге ұмтылыс жасауға бағыт берген, игі іс бастап, ел қамы үшін күрескен батырымыз, қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, ұлт мақтанышы – Әлихан Бөкейханов болғаны тарихтан белгілі.

Ал осындай ірі тұлғаның бойында елі мен жеріне деген сүйіспеншілік оты лаулап қана қоймай, қайтсем де елімді биіктетіп, көкке өрлетемін деп жар құлағы жастыққа тимей, саяси – әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, өткен ғасырда қазақ зиялыларының көшбасшысы болып, тәуелсіз, азат, дербес мемлекетттіліктің қалыптасуы үшін аянбай тер төгіп, бар өмірін сарп еткені баршамызға аян.

Оған  ұлт көсемінің мына бір негізгі бес ұстанымы дәлел боларлықтай. Соның біріншісі, елі мен жеріне қатысты, оның ішінде жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі, екіншісі, әр  мемлекеттің  астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі  және «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс» екендігі, үшіншісі, қазақ жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керектігі.

Төртіншісі, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы, бесіншісі,  ең негізгісі ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы, сол ұстанымы негізінде дербес мемлекет болуды көздеген еді. Әрине, ұлт жанарышының ұстанымдары бүгінгі күнде дербес, тәуелсіз, азат ел болып отырған бізге, «теңізге құйған тамшыдай» болса өзіндік үлес қосқаны айдан анық.

Сонымен қатар, көзі тірісінде-ақ қазақтың саяси да рухани көсемі ретінде танылған Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған бай да мол мұрасы – қазақ және орыс тілдерінде жазылған қазақ қоғамы туралы статистикалық мақала-очерктері, монографиялары, ғылыми ізденістері, әдеби аудармалары, талдаулары, ауыз әдебиетінің үлгілері, ғылыми-публицистикалық туындылары бүгінгі күнде тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық интеллектуалдық меншігі санатындағы құнына баға жетпес зор игілігі болып табылады.

Сөз соңын,  қазақтың тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау ниетінде жұрт жұмысының жауапкершілігін мойнына жүктеп,   басын бәйгеге тіккен тарихи тұлғаның тарихымыздағы өзіндік орны, ұлтымыздың оянуына, өркендеуіне сіңірген зор еңбегі ғана емес, қайсар мінез, табанды қайраткерлік болмысымен, саяси күрескерлік рухының биіктігімен және жан-жақты білімділігімен, бүтін бір елдің тағдыры мен оның алдыңғы қатарлы зиялы қауымын қалыптастыру, азаттық үшін бірігіп күресу жолында көшбасшылық қасиетімен ерекшеленіп, дараланып тұрған ең көрнекті тұлға болды десек артықтық айтқандық болмас.

Абай хакім айтқандай «Құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады», бір мезетте жарқ етіп жанып, сәулесі әлі күнге дейін жарқырап тұрған,  жарық сәуле бола білген, осындай ірі тұлғаларымыздың күрескерлік келбетін, адами болмысын келер ұрпаққа тереңінен танытып, үлгі ете білсек біздің де ұлт көсемі алдындағы бір борышымыз өтелгендей болмай ма?!

Камал Отарбайқызы РАХАТОВА,
Тасарық орта мектебінің тарих пәні

мұғалімі, Алматы облысының Сарқан ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий