Тарихтың терең тамыры

Археология – тарих ғылымының ежелгі дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы. Басты зерттеу нысаны алғашқы қауымнан, ерте заман мен орта ғасырлардан қалған материалдық ескерткіштер: еңбек құралдары, қару-жарақ түрлері, мекен-жай, қоныстардың, керуен сарайлар мен әскери бекіністердің жұрты, үй-іші заттары, зираттар, обалар және тағы басқа.

Антропология — адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтін жалпы биология ғылымының қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысы бар саласы. Аристотель ғұлама осы терминді ғылыми айналымға алғаш рет енгізгендігімен де ерекшеленеді.  Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде тамыры терең төл тарихымызды жете зерттеу мақсатында жұмыс жүргізетін арнайы ғылыми орталық бар.

– ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы бойынша “Халық – тарих толқынында” мемлекеттік бағдарламасында белгіленген басым бағыттарды жергілікті өңірлерде ұтымды ұйымдастыру үшін арнайы құрылған біздің бұл республикалық деңгейдегі мәртебесі бар ғылыми-зерттеу орталығының он жылға жуық тағылымды тарихы бар.

Мемлекет тарапынан ғылымды еліміздің әр аймағында ілгері дамытуға негізделген бұл бағалы бастаманың облыстардағы сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибені жетілдіруге және ең бастысы уақыт ұзаған сайын көмескілене бастаған материалдық ескерткіштерге қоса адам ұрпағының даму сатысын зерделеуге тың серпін бергені даусыз.

Оңтүстік Қазақстан аумағы бойынша Шымкент қаласындағы осы жоғары оқу орнының базасында ұйымдастырылған біздің орталыққа Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрамындағы антропология зертханасының жауапкершілігін қоса жүктеген болатын. Басты мақсат кең байтақ қазақ жерінде өмір сүрген байырғы бабаларымыздың тұрмысы мен тіршілігін, қол жеткізген нәтижелерімен бірге ұрпақтарына қалдырған мұраларын ғылыми тұрғыдан талдау арқылы халыққа барымызды жеткізу қажеттілігі көзделген.

Ұлттық тарихты жастардың санасына сіңіру үшін еліміздің әр аймағынан жинақталған мағұлматтардың бәрі тұжырымдалған нұсқасында орта, арнаулы және жоғары білім беру бағдарламалары бойынша оқулықтарға енгізіліп, жалпы оқырмандарға арналған ғылыми зерттеу еңбектері де жарық көрген болатын. Университет басшылығының жан-жақты қолдауымен арнайы зерттеу экспедицияларының құрамындағы кәсіби мамандардың ізденісті еңбегімен табылған сирек кездесетін құнды жәдігерлерді арнайы сөрелерге қойып, келушілердің назарына ұсынудамыз.

Дәл осындай ерекше мұражай республикамыздың бірде-бір аймағында әлі қалыптаспағандығын айтпағанда, дәл осындай ғылыми зерттеу орталығы көршілес елдердің ешқайсысында жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, орталығымызды Орта Азия мемлекеттеріндегі сала мамандарының басын біріктіретін әрі тәжірибе алмасу алаңы ретінде қайта құрылымдау жоспарда тұр, – дейді осы археология және антропология жөніндегі республикалық орталықтың жетекшісі Амангелді Саипов.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий