Кітапхана – білімпаздар мекені

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. «Кітап – білім бұлағы» демекші, мектеп кітапханасы кішкентай болғанымен атқарар қызметі үлкен. Бұл орын – оқушылардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына көп ықпалын тигізеді. Кітапхана оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оқумен тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдерді қабылдауды үйретеді.

Оқушының ойлау қабілетін қалай дамытуға болады? Оқушылардың білімге қызығушылығын оятуға не әсер етеді? Осы сұрақтарға тек педагогтар ғана емес, сонымен қатар кітапханашылар да  ойлануда. Әр кітапхана оқырманның жеке басының дамуын, қызығушылығын арттыруды көздейді. Мектеп кітапханасы – мектептің жүрегі, бір бөлігі. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана.

Ыбырай Алтынсариннің «Туы бірдің түбі бір, жолы бірдің жүгі бір» деген аталы сөзіне ден қойсақ, бала тәрбиесі – баршамызға ортақ. Біздің барлығымызға да ортақ міндет оқушы өзінің керек кітабын тауып, білімін жетілдіруге, өзіндік  тұлғасын қалыптастыруына жағдай жасау. Себебі кітапхана күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқушы, мұғалімдер легі тағы да басқа. Сөйтіп, кітапханашы мен мектеп оқушылары және ұстаздар, ата-ана, қоғамдық ұйымдармен бірлескен іс – әрекет жалғасады.

Мектеп кітапханасы үшін әңгіменің атқаратын маңызы үлкен, өйткені ол кітапханашы мен оқырман арасындағы нақты қарым-қатынас тудырады әрі оның қызығушылығын, жас ерекшелігіне, мінез – құлқын ескеруге мүмкіндік береді. Әңгіме барысында кітапханашы жедел кері байланыста болады, мұның өзі жағдайға қарай әңгіме мазмұнын, желісін өзгертуге ықпал етеді. әңгіме арқылы оқырманның талғамын анықтау; оқушының оқырмандық даму деңгейін анықтау; оқыған кітабы туралы әңгіме.

«Кітапта не туралы айтылған?», « Сен жаңа не білдің?», « Ерекше есінде қалған оқиға?», « Қандай сұрақтар туындады?», «Не түсініксіз болды?», «Алғысөз, соңғы сөз, иллюстрациялар кітапты терең түсінуге көмектесті ме?». Баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін, ең басты кітаптарды сүюге көмектесу қажет. Қазіргі балалардың көбінің қиялдары компьютерлік ойындарға ауып кетуіне қарамастан, кітапханашылар мен ата-аналарда балаларға кітап әлемін сыйлау мүмкіндігі және құқығы қалады.

Осы тұрғыда мектеп кітапханасы ерте жастан кітап оқуға қызығушылықты дамытуда көмекші және бағыттаушы қызметін атқарады. Жас оқырманмен жұмыс – бұл оның ата-анасымен жұмыс істеу. Баланың тұлғасын қалыптастыруға, ата-аналарды толғандыратын мәселе туралы қажетті ақпаратты табуға көмектесу кітапхананың міндеті. Кітап оқуға қызығушылық ерте балалық шақтан  қаланады және осы жерде көбі ата-анаға байланысты болады. Сондықтан баланы уақытында оқуға үйретіп қана қоймай, оны оқуды жақсы көруге ұмтылдыра білуіміз керек.

Балалармен жұмыс жасай отырып, кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру, оларға кітаптармен жұмыс  жасай білуді  үйрету – кітапхананың негізгі міндеті. Оқу арқылы әлеуметтік құны бар, мәдениетті, рухани бай, жетілген, ағартушы  адам пайда болады. Кітапхананың басты мақсаты жанұямен, мектеп, көпшілік ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, жоғары талантты оқырман тәрбиелеу, олар адамгершілігі мол, интеллектуалды, әдеби шығармалардағы тәжірибелерді ала беретін болуы керек.

Бұрынғы дәстүрлі «кітапханашы – оқырман – кітап» жүйесінде жаңа буын – компьютер енгізіліп отыр. «Ақпараттық мәдениет» деген не? Ақпараттық мәдениет – тек компьютермен жұмыс істей білу емес, кез келген ақпарат көзін – анықтамаларды, сөздіктерді, энциклопедияларды дұрыс пайдалана білу. Осы тұрғыда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұсынылған 30 кітапты QR код арқылы оқитын мобильдік кітапхана жасақталған. «Ізденіс» газетіне Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұсынылған 30 кітапты насихаттау жөнінде «Кітап – рухани ұлы күш», Орталық Қазақстан» газетіне «Кітап – тілсіз тәрбиеші» мақалалары шықты.

Білімнің қайнар бұлағы – кітап. Сондықтан да мұны адамзаттың баға жетпес құндылығы деп білеміз. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетелейді. Француз философы және жазушысы Дени Дидро «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген. Мұны ғалымдардың зерттеулері де дәлдейді. Олардың зерттеулері бойынша кітап оқитындар қоғам өміріне белсенді қатысады екен. Олар мәдениет мекемелері – мұражайларға, картина галереяларына, театрларға, концерт залдарына басқаларға қарағанда жиі барады, спорттық шараларға да көбірек қатысады.

Олардың тағы да бір ерекше қасиеті – рақымшылық танытуда да алдыңғы қатардан көрінеді. Міне кітаптың құндылығы осында, яғни, оның тәрбиелік мәнінде. Осы ойлардың бәрі оқушы санасына үнемі негізделіп, танымдық сағаттар жоспарланған. Сондықтан да қазіргі уақыттағы кітаптың, кітап оқудың мәртебесі төмендеуі жұртшылықты алаңдатады. Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да кітап оқуға қызығушылық азая бастағаны байқалады.

Кітап оқу бос уақытты өткізу түрі ретінен гөрі іскерлік оқуға қарай ойысты, ақпараттық және білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана оқу жиі кездесетін болды. Оқушылар тапсырылған тақырып бойынша реферат, баяндама, шығарма жазуға ғана келеді. Бірінші кезекте мұндай жағдай кітапхана қызметкерлерін ойлантып, мынадай сұрақтар жиі мазалайды: біздің кітап оқуға қызығушылығымыз төмендеуінің себептері неде және оның соңы неге әкеледі? Кітап оқымайтын адам сауатсыз, ойлау қабілеті төмен, шығармашылық қиялдауы шектелген болып келетіні белгілі.

Осы орайда, айта кететін жайт: қазіргі уақытта қазақ қоғамының алдында тұрған негізгі мәселе – тіл мәселесі ғой. Осы мәселенің де бір шешімі, менің ойымша, жастар болсын, үлкендер болсын – бәрін кітап оқуды, қазақ тілінде көркем шығармаларды оқуға тартуда. Көркем шығармалар біздің тілімізді байытып, қазақ тілінде сөйлеу қабілетін арттыратыны анық. Ал кітапқа деген қызығушылық бала жастан қолға алынса, оның беретін жетістігі де мол болмақ. Осы мақсатта мектепте бастауыш сынып оқушылары арасында «Жақсы кітап – жан азығы» деген тақырыпта әдеби кеш өтті.

2020 жылдың 22 қазанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің ІV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқуға деген қызығушылық, кітап арқылы қоршаған әлемді тану балаларда мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек. Кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, кітаптардың қызықты әлеміне жетелейтін орын болуы қажет» деген болатын. Кітапхананың бір бөлігі атаулы күндерді насихаттап іс-шараларға қатысу болып табылады.

Оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында  Білім және ғылым министірлігі 2020-2025 жылдар аралығында білім беру ұйымдары кітапханаларының дамуы бойынша жол картасының жобасы бойынша кітап оқуды насихаттау мақсатында республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы бастау алды. Биылғы оқу жылында аудандық білім бөлімінен бастауыш сынып оқушыларына ертегілер, орта буын жастағы балаларға арналған әдеби кітаптар берілді. Жоба аясында биылғы оқу жылында өткізілген іс-шараларға тоқталсақ.

Мектепте кітап алмасу бойынша орындар – буккросинг ұйымдастырылған. Онда қойылған кітаптарды оқушылар алмасып, оқиды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұсынылған 30 кітапты QR код арқылы оқитын мобильдік кітапхана жасақталған. Кітапханада өткен шараларға келсек, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай  5-11 сынып оқушыларының аралығында  мүшайра ұйымдастырылып, өткізілді. Мектепте үзіліс уақытында кітап оқу үрдісін дамытуда бастауыш сынып оқушылары белсенділік танытуда.

«Оқы! Таны! Талқыла!» атты қашықтан өткізілген облыстық буктрейлер байқауына 10 – сынып оқушылары Бекенова Ажар мен Алпысбай Манара қатысып, алғыс хатпен марапатталды. “Оқырмандық сауаттылық» апталығын қазақ тілі мен әдебиет пәнінің, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері кітапханамен бірлесіп өткізді. Апталық жоспарға сәйкес, әрбір шара мерзімді өткізіліп, әлеуметтік желіге салынды. Ж.Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жүз жыл жырлаған жүрек»  мүшайрасы ұйымдастырылды.

А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Бір ел – Бір кітап» акциясы негізінде зияткерлік ойын 9 Ә, 6 А сынып оқушыларымен жүзеге асты. М.Мақатаев «Жырлайды жүрек» поэзия кеші өтті. Буккросинг «Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет!» кітап алмастыру акциясы 5-7 сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жоба бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Баса айтатын мәселе – 20 минут кітап оқу үрдісін мектепте қалыптастыру.

Алдағы уақытта кітапханаға кітап өткізу акцияларын ұйымдастыру жоспарда тұр, барлық сынып жетекшілер мен оқушыларды ат салысуға шақырамыз. Мектеп кітапханасымен бірлесіп жұмыс жүргізіп отырған сынып жетекшілер мен мұғалімдерге және оқушыларға алғыс білдірілді. Бірлесіп жұмыс атқару тапсырылды. Жерлесіміз қазақ жазушысы А.Сейдімбековтің 80 жылдық мерейтойына «Алаштың Ақселеуі» атты көрме ұйымдастырылып, «Ақселеу биігі» ғалымның басына барып,  танымдық сәт өтті.

Мектеп кітапханасы аудандық орталық және балалар кітапханасымен кітапхана аралық байланыс жасауда. Көркем әдебиет қорын толықтыру мақсатында кітапхана «Кітап – білімнің қайнар көзі» атты жыл сайын акция ұйымдастырылуда соның нәтижесінде кітап қоры  6953 данаға өсті. Оқу жылы аяғында  1-11 сыныптар аралығында  оқушы оқырман, сынып жетекшісінің оқыған кітабы, кітапханамен өткізген іс-шарасы, оқулықпен қамтылуы, баспасөзге оқушының және сынып жетекшісінің жазылуы бойынша рейтинг жүргізіліп қорытындысы шығып отырады.

Қыркүйек айында С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханада ұйымдастырылған «Түнгі кітапхана» атты ойын-сауық, сазды кешке мектебіміздің бір топ ұстаздары мен оқушылары қатысып, әр түрлі іс-шараларына ат салысты. Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай «Мың тағзым саған, Ұлы Жеңіс» атты көрме ұйымдастырылып, Жаңаарқа газетіне мектепте өткен патриоттық айлық туралы «Өскелең жас ұрпақ – ел болашағы» атты мақала жариялануға ұсынылды.

Бұл мақалада «Жас қаламгер» оқушының қаламынан  ұшталып ұдайы  аудандық, облыстық газет-журналдарына өз мақалаларын жариялап тұрады. Осының өзі оқушылардың бос уақытын мектеп кітапханасы мен тығыз байланыста екенінің дәлелі. Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай «Ленинградтық өренім» буктрейлер байқауына қатысып, 3 Дәрежелі Дипломмен марапатталдым. Оқушыларды кітапханаға тарту мақсатында олармен жүргізілетін көпшілік жұмыстардың мынадай түрлерін жүргіземіз.

Олар: кітап көрмесі; әңгіме; оқырмандар конференциясы; библиографиялық шолулар. Жеке оқуды басшылыққа алу әдісі: анықтамалық әңгіме / ой бөлісу /; оқылған кітап жайлы әңгіме; топтық әңгіме; ашық кітап сөрелері, каталогтар және картотека туралы мәлімет беру. Жалпылық оқуды басшылыққа алу әдісі: кітап көрмесі; әдебиеттер жайлы мәлімет; оқушылар конференциясы, әдеби ойындар; кітапты талқылау және ауызша журнал.

Кітапхана – оқушы – кітапханашы – кітап байланысының ұтымды, тиімді жүргізілген жұмысы нәтижесінде жоғарыдағыдай нәтижелерге жетуге болады. Ең бастысы, Ата Заңдағы – адам факторы, оның ішінде алдымыздағы шәкірттеріміздің болашағы. Шәкірттеріміз – ел болашағы. Ел ертеңі – ол біздің алдымыздан тәлім, ғибрат алып шыққан өнегелі, өнерлі, білімді өрендер. Сондықтан да адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы болып қала бермек. 

Ельмира АКИМОВА,
Оразала Жұмабеков атындағы
тірек мектебінің кітапхана меңгерушісі,
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий