Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жарлығымен 2018 жылдан бастап шілде айының алғашқы жексенбісі Қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы Ұлттық домбыра күні деп белгіленді. Бұндай тағылымы терең, мазмұнды мерекенің  атап өтілуі – Ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық. Домбыра – ол қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі болғаны тарихтан белгілі.

Белгілі ақын-жазушы Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ- қазақ емес, нағыз қазақ- домбыра!» деген нақыл сөзі бар қазақтың жүрегінде лүпілдеп соғары анық. Яғни қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлы аспабы домбыра екендігі сөзсіз. Халқымыз  домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да кеңінен қолданып келеді. Домбыраның сыңғырлаған үнімен халқымыздың  тарихын, салт –дәстүрін, құндылықтарын жеткізе білген. Домбыраны халқымыз  киелі аспап деп үкілеп, биік жерге төріне іліп құрметтеп ұстаған.

Ал домбырада  ойнау өнері мен күйлері ұрпақтан–ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған. Жүздеген, мыңдаған жылдар бойы Қорқыт баба ғұмыр кешкен дәуірден бермен қазақтың жансерігі болып, әрбір қуанышы мен ренішінің, арманы мен мүддесінің, жүрек лүпілінің жазбасындай болып келе жатқан қобызбен, домбырамен тартылатын әр күйдің өзіндік шығу тарихы бар екенін де бүгінгі жас ұрпақтың  бірі білсе, бірі білмеуі де мүмкін.

Ал бүгінгі жас өрендеріміз ұлттық дәстүрлі мәдениеттен алшақтап, бірыңғай даңғаза, батыстық, орыстық үлгідегі музыкаға ғана ден қойып, күй атаулыға жатырқап қарайтын  жастар да жоқ  емес. Өйткені жас­тайынан қазақы дәстүрлі ән мен күйдің кәусарымен сусындамай, шетелдің  мағынасыз даңғыр-дұңғырын тыңдап өскен жастарды қазақ халқының болашағы деу – үлкен қателік болар. «Домбыра  -жай ғана музыкалық аспап емес, бұл қасиетті мұра»,- деген Н. Назарбаев. Осы мұраны жалғастыру, жас ұрпақтың бойына дарыту мақсатында 2017-2018 оқу жылы «Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің» филиалында «100 күй» жобасы басталды.  

«100 күй» жобасының мақсаты – ұлттық өнер тәрбие негізі. Мектеп қабырғасындағы оқушылардың өнерге деген қабілеттерін ашып, ұлттық мәдениетке деген танымдық қабілеттерін арттыру. Өз елінің ұлттық мұрасын қастерлеуге баулу және эстетикалық танымын дамыту. Рухани құндылығымыз болып саналатын – ұлттық өнеріміздің маңыздылығын түсіндіру. Оқушылардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін, мақтаныш сезімдерін арттыру. Осы ұлттық өнерімізді дәріптеу мақсатында республикалық «100 күй» жобасы өткізілді.

Жоба барысында балалар халқымыздың қасиетті домбырасын қолдарына алып, түрлі күйлерді төгілтіп, өнер сүйер қауымға ерекше қуаныш сыйлады. Концертте мектебіміздің жас күйшілері  домбыра үйірмесінен жыл бойы алған білімдерін көрермендерге  ұсынып, қасиетті домбыраның үнін  күйлерімен жеткізді.  Мысалы, «100 күй» жобасы бойынша 7-сынып оқушыларының әрқайсысы жылдың соңына дейін 1 күйді қалай орындауға болатындығын білуге мақсат қойса, жоғарғы сынып оқушылары Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Ж.Еңсеповтің «Әке толғауы», «Хафиз», Т.Мұхамеджановтың «Детство», А.Райымбергеновтің «Секіртпе», «Кенес», «Қос алқа», «Келіншек» және тағы да басқа күйлерді жетік меңгеріп, түрлі сайыстарға қатысып жүлделі орындарға иеленіп, мақтанышқа бөленеді.

2018 жылдың мамыр айында Адлен Ролланұлы мен Балжан Аликенова Алматы қаласында «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми – әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауының ақтық сынында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Байқаудың домбыра жанры бойынша бақтарын сынаған олар бірінші және үшінші орындарды жеңіп алып, мектеміздің абыройын асқақтатты. 1 – орын иегері А.Балжан, 3 – орынды Адлен жеңіп алды.

Сондай-ақ 2019 жылы Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары Ұлан Талғатов пен Дархан Оралханов «Ұлы даланың – Ұлы Абайы» атты республикалық балалар өнер байқауында 1-ші орынды жеңіп алды. «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми – әдістемелік журналы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырған доданың «Аспапта ойнау» сайысында Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін шәкірттеріміз екі дауыста орындап шықты. 

– Дәстүрлі байқау балалардың жас ерекшелігін ескере отырып,  7 жанр бойынша өткізілді. Ұлан мен Дархан  мектебіміздегі талантты шәкірттерінің қатарынан. Осының барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі желілік «100 күй» жобасының үлкен жемісі. Жыл сайын Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының Тұңғыш Президент күніне орай, «100 күй» жобасының аясында дәстүрлі желілік домбыра флешмобына  80 –нен астам домбырашылар өз үлестерін қосып  отырады.

Семейлік зияткер оқушылар үшін қашықтықтан оқу кедергі емес. Күнделікті сабақтарына белсене қатысып, білім алуды жалғастырып жүрген олар бос уақытты тиімді пайдаланудың жаңа бір жолы – онлайн арқылы өнерлерін шыңдауда. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алатын әрбір оқушыға қазақтың қасиетті домбырасын үйрету басты міндетіміз. Қазіргі таңда 7-сынып оқушылары ұлттық аспабымыз бен өнерімізді дәріптеу үшін өз білімдерін арнайы «100 күй» жобасын онлайн арқылы жүзеге асырып келеді.

Жоба аясында шәкіртке домбыра тартуды ғана емес, сонымен бірге күй тарихын, оны  өз ұрпағына көңілдің сөзін күймен жеткізсе білген кешегі күй атасы Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбеттей тума таланттардың өмірі мен шығармашылығы жайлы деректерде айтылады. Айта кететін болсам,  қазір 7- сынып оқушылары Абайдың «Тор Жорға» күйімен толықтай танысып, алды күйді меңгеріп, домбыраның құлағында еркін ойнауда. Ал жоғары сынып оқушыларымен ұлтымыздың мәдени мұрасын дамыту мақсатында онлайн арқылы жиі кездесулер ұйымдастырып отырамыз.

Қорыта айтқанда «100 күй» жобасы  арқылы оқушылардың бойынан ұлттық тәрбие көріп, өз елінің ұлттық мұрасын қастерлеуге үйрету, рухани құндылығымыздың маңыздылығын түсіндіре отырып, танымдық қабілеттерін арттыра аламыз деп сенемін. Бүгінгі жас ұрпақ үшін қазақ пен домбыра ұғымы қашанда қос ішектей егіз, қос ішектей бірге болып, қасиетті домбыра ұлы мұрамыз болып  қала бермек!

Н. КАСИМОВА,
«100 күй» жобасының үйлестірушісі,
Семей қаласы, НЗМ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий