Дара тұлға: Сәулелі ғұмыр

Ажары жарық нұрдан жаратылған,
жарқылдап жақсылыққа ара тұрған.
Маңдайда жұлдызындай, құндызындай
қыздары-ай қазағымның дара туған!, – Фариза Оңғарсынова (Шәмшаға, 1992 ж). Сексенге қараған шағында ортамыздан мәңгілік мекеніне аттанған халқының аяулы қызы Шәмша Көпбайқызы жайлы естеліктер көп жазылған және әлі де толассыз жазыла  беретініне кәміл сенемін.  Әр мақаланың авторы Шәмша апайымызды өзінше суреттеп, өзінше бағалайды. Мен білетін әріптес, мен білетін ғалым, мен білетін ұстаз, мен білетін халқының қызы қандай еді?

Шәмша Көпбайқызы – ұлы даланың кеңпейіл қасиетін кеудесіне сыйғыза білген қазақ ауылында дүниеге келген, кішкентайынан өз ата-анасының мейіріміне, өскен соң халқынының зор махаббатына бөленген ұстаз. Қарасай ауданының шағын ғана Тұрар ауылында дүниеге келген шынашақтай қыз, әкесі Беркімбайдың екі баласынан кейін балалары тоқтамай  ұзақ уақыт аңсап барып көрген қызы еді. Туғаннан әкесінің шексіз қамқорлығына бөленіп, ерекше шапағат шуағынан нәр алып өсті.

Аяғы шыққаннан бастап Шәмшаның әкесі ауыл ішінде қасынан бір елі қалдырмай, көзінен таса қылмай ертіп жүрген екен. Бірінші сыныпқа барғанда бір жыл бойы арқалап апарып, арқалап әкеліп жүрудің өзі сирек кездесетін ерекше құбылыс еді. Шәмшаның ата-анасы да ерекше сабырлы, тәубәшіл, балажан жандар болатын. Бар тілектері балаларының амандығы еді.  Шәмшаның 8 жасында көз жұмған әкесінің бүкіл ауыл-аймағына, ағайын-туысына соңғы өтініші, осы Шәмша қызының амандығы еді. Әкесінің өсиеті, әкенің мейірімі мен мұраты Шәмшаның биікке самғауына, ешкімге жамандық жасамауына, халқына қалтқысыз қызмет етуіне ғұмырлық аманат болды.

Тұрар ауылындағы Шәмша оқыған  жетіжылдық мектепте білім алып жүрген кезде-ақ өзінің ұстаз болатынын білгендей, балаларды жинап алып, өзі мұғалім болып ойнағанды ұнатушы еді. Мектепте үздік оқыған Шәмшаның ұстаздықты таңдауына тағы бір себеп болған, Қызылорда педагогикалық училищесін бітіріп, Тұрар ауылына мұғалім болып келген жас ұстаздың әңгімесі мен өз мамандығына деген сезімі қатты әсер еткен. Арманшыл Шәмша жетінші сынып бітірісімен Қызылордаға педагогикалық училищеге оқуға түседі.

Арманы алға жетелеп әуелі Қызылордаға одан Алматыға жол тартты. Қазақ педагогикалық институтын бітірді. Туған ауылына оралып қарапайым мұғалім болып еңбек жолын бастады.  Дәл осы кезде жігерлі жас ұстаздың бойындағы табандылығы, іскерлік қасиетімен көзге түсе бастайды. Ауылында небәрі екі жыл ғана мұғалім болды. Шәмшаның кішкентай жүрегіндегі арманы, биік мақсаты мұғалім болу, ұстаз болу, бала оқыту еді. Небәрі екі жыл мұғалім болған Шәмшаның еңбек жолы басқа арнаға бұрылып, комсомол және партия қызметінде үнемі баспалдақтап өрлеу үстінде болды.

Жастар ұйымдарының, кезіндегі партия билігінің аудандық, облыстық, басшылық қызметінде жүрсе де мектеп, білім саласынан қол үзген емес. Талабын да қамқорлығын да аямады. Көп жылдар білім беру саласының облыстық, республикалық құзырларының басшылығында қызмет етті. Қызмет еткен кездерінде ол тек орындаушы шенеуніктердің қатарында болған жоқ, халықтың қайнаған ортасында бола білді. Кездесулер мен жиындарда, пікірталастарда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, салт-дәстүрлерді дәріптеу туралы салиқалы ойларымен бөлісіп, тың ұсыныстар беретін.

Осы тұста ол өзінің табиғи биязылығы мен ішкі мәдениеті  арқасында менменсімей, басқалардың да  пікірімен санаса отырып ой қорытып, түйіндеп отырушы еді. 1986 жылдың желтоқсанының ызғарлы күндерінде Шәмша Көпбаевна Алматы облыстық партия комитетінің идеология хатшысы еді. Өз ісіне ерекше жауапкершілігінен де жоғары тұратын өз халқына деген адалдығы, ер азаматтардың қолынан келе бермейтін қайсарлығы мен батылдығын осы тұста тағы да бір нақты қадаммен дәлелденді.

Сол кезде болған жағдайдың қиянат екенін сезген Шәмша ары қарай бұл жұмыста қала алмайтынын білдіріп, өз еркімен жұмыстан кетеді. Жоғары лауазымдық қызметтен кетіп, Алматы қаласындағы жалғыз қазақ мектебі  №12 мектепке директорлыққа келеді.  Өзінің ұстаздық өміріне қайта оралуға бел буғаны ұстаздықтың ұлы жолын таңдағанының  бір дәлелі еді. Саясат пен билікте биікке самғаған Шәмша өзінің адами келбетін жоғалтпай, халқынынан алыс кетпей бірге жүргендігінің арқасында биіктен төменге еш ауырсынбай оралды.

Сол жылдары бірге жұмыс істеген мұғалімдер Шәмшаның сондай қарапайымдылығы мен парасаттылығына тамсана қараған. Өзін олардан жоғары қоймай, тең дәрежеде әріптестік қарым-қатынас орната білді. Мектепте өткізген екі жылында ұстаз ретінде өз мүмкіндіктерін анықтап, тек директор болып қана қоймай, өзі сабақ беріп, мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен тіл табысып, рухани, моральдік-психологиялық тұрғыда жеңіске жеткендігін талай рет естеліктерінде жазған еді.

Ұжымда адамгершілікті қарым-қатынас орнатып, ізгіліктің, кішіпейілділіктің, біліктіліктің үлгілерін көрсете білді. Бүгінге дейін сол мектептің мұғалімдері мен ата-аналары Шәмша апайдың жасаған еңбегін айтып тауыса алмайды. Мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жар құлағы жастыққа тимей шапқылап, материалдық-техникалық базасын жоғары деңгейге көтеріп-ақ кетіп еді. Екі жылдан соң Шәмша Көпбайқызы Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары болып ауысты. Билік пен саясаттың қатал заңының шырмауында қалмай, ең басты құндылық халық игілігі екенін бір сәт естен шығармағандығын әр ісінен көруге болатын еді.

Сол кездегі Білім министрлігінің жүргізген басты шаралардың ең маңыздысы, тәуелсіздігіміздің тірегі іспеттес ұлттық мектептерді дамыту, ұстаздардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, мәртебесін көтеру, мұғалім беделін көтеру үлкен мінбелерден ашық айтыла бастады. Бүгінгі күнгі мұғалімдеріміздің жетіп отырған жетістіктерінің бастауын сол кезде көрегендігімен сезе білді. Шәмша Көпбайқызы министр болып келген кезде мені министрдің орынбасары қызметіне шақырды.

Білім саласында ұзақ жылдар бойы  еңбек етіп қана қоймай, оқу-ағарту жүйесіндегі барлық баспалдақтарынан өтіп, білім жүйесінің бүге-шігесіне дейін  нақты білетін  ұстаз болса да, министр Шәмша әр өңірден қарапайым ұстаздарды жинап, ақылдасып отыратын. Сол жиындарда көптеген өзекті мәселелер талқыланып, әсіресе ауыл мектептерінің мұң-мұқтажы сөз болатын. Шәмша Беркімбаеваның Білім және ғылым министрі қызметін ауыл мектептерінің мүшкіл жағдайын жақсартудан бастағаны ерлікпен парапар іс болды. 2002 жылы жаңа Үкі­меттің алғашқы отырысына ауыл мектебі жайлы мәселе қойы­лды да, бізге екі апта ішін­де барлық материалды дайындау тапсырылды.

Министірліктің жұмыс тобы ауыл мектебінің әлеуеті туралы барлық қажетті деректерді дайындап үлгерді. Әр екінші мектеп арнайы салынған типті ғимаратта емес, оның бәрі күрделі жөндеуге зәру еді. Осы бастамалар оң нәтиже беріп, «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, ауылдарда мектептер бой көтерді. Қаншама білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, жаратылыстану бағытындағы пән кабинеттері қайта жабдықталды. Шалғайда жатқан шағын жинақты мектептердің жағдайын көтеру шағын ауылдардың жойылып кетпеуіне де ықпал етті.

Ауыл десек қазақты, қазақ десек ауылды ұғынатын халқымыз үшін де киелі елді мекендердің мәртебесін көтеруге Шәмша Көпбайқызы орасан зор еңбек сіңірді. Ол жөнінде өзі де былай деді: «Міне, сол уақыттан бері менің ең жиі баратын, жақсы көретін мекемем – мектеп, нәзік сезімдерімнің иесі –  оқушы балалар, ең көп араласып сыйласқан жұртым – мұғалімдер қауымы болды». Бүгінде өзекті болып отырған ұстаз беделі жайында алғаш рет: «Ұлттық тәрбиенің негізі – қазақ мектебінде ғана қалыптасады.

Біз ең алдымен «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылдауымыз керек» деп бастама жасап, ұсынысын алғаш рет Президентке жеткізген де Шәмша апайымыз болатын. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, билік пен саясаттың қалың ортасында жүрген Шәмша Көпбайқызының достарына деген ықыласының ерекше болуы маған ұнайтын қасиеттерінің бірі еді. Балалық шағынан бірге өскен, студенттік шағының куәсі болған достары жайлы жазған «Дос – өміріңнің  куәсі» атты естеліктерінде қазаққа тән айрықша «құрдастық құқы» жайлы жазған.

Осы құрдастықтың мән-жайын өз ата-анасының өмірінен байқап, кішкентай кезінен өзі куә болған достықтың маңызын түсінген. Достарының жақсы қасиеттерін, жеткен жетістіктерін мақтанышпен баяндайды. Роза атты досымен Қызылорда педагогикалық училищесінде бірге оқыған студенттік өмірде жолыққан. Сол кезден бастап арасындағы ерекше жылы достық қарым-қатынас өмірінің соңына дейін жалғасқан. Естеліктерінде өз достары жайлы ерекше мақтаныш сезімі мен шынайы қамқорлығы сезіліп тұрады.

Роза Киікбайқызының бір айтқаны бар екен, мен бақыттымын себебі, бір Шәмшаның арқасында студент дос, мұғалім дос, министр дос таптым деп. Өзінің бекзат мінезімен достыққа деген көзқарасын қай лауазымда жүрсе де, қандай биікте болса да жоғалтып көрген емес. Қазақтың  сүйікті батыры Бауыржан Момышұлы «Адамның әр қаракетінен оның жан дүниесінің сыры аңғарылады» дегеніндей тектілікті осы іс-әрекеттерінен көруге болады. Шәмша Көпбайқызының ғибратты өмірін бір мақалаға сыйғызудың өзі оңай емес.

Дегенмен, өзі оқып білім алған Қыздар педагогикалық институтына ректор болып оралып жасаған еңбектерін жазбай кетуге болмас. Жоғары кәсіби білім беру ісінде саналылық пен салауаттылықты, ізденімпаздық пен іскерлікті бағдар еткен осынау бірегей оқу орнының басшысы мен ұжымының соңғы жылдардағы мақтанышпен айтарлықтай жетістіктері халықаралық деңгейдегі қоғамдық институттар мен сараптау орталықтарының назарына ілігуіне аянбай қызмет етті.

Ерекше атап өтер қасиеті – өзінің мамандығы әдебиетші, ұстаз болғандықтан университетті басқарған 8 жылда ауылдан келген қазақ қыздарының жалпы дүниетанымын кеңейтіп, рухани ортамен таныстыру мақсатында көптеген ақын-жазушыларымен кездесулер, әдеби кештер, белгілі бір тақырып төңірегінде дөңгелек үстелдер, пікірталастар ұйымдастыру арқылы ұлттық тәрбиені насихаттады. Ұлттың рухани мұрасының жанашыры мен жанкүйері бола білді. Құрғақ сөзбен емес, нақты іспен дәлелдей білді. Институт осы тұста университет мәртебесіне де ие болды. Салтанатты жиында осы хабарды ұжымға жеткізу мәртебесі маған бұйырған еді.

Шәмша Көпбайқызының өнегелі өмірі халық өмірімен өзектесіп, тағдыры тұтасып кеткен. Еліміздің білім саласындағы соңғы он жылдан астам уақытта болып жатқан жаңашылдықтар мен реформаға зор ықыласпен назарын аударып еді. Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылып, халықаралық деңгейге теңесетін білім беруге жасалып жатқан ұмтылысқа ризашылығын білдіріп отыратын. Шәмша Көпбайқызы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің зияткерлік және рухани әлеуетін дамытуға да өз үлесін қосты.

«Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» атты көлемді мақаласында мектебіміз жайында: «Ғаламдану дәуірінде бәсекелестікке дайындайтын, өз халқының рухани құндылықтарын бойына жинаған, ұлттық санасы, ұлттық намысы қалыптасқан, мен – осы жердің иесімін, мен осы мемлекеттің гүлденіп, өсіп-өркендеуіне жауаптымын дей алатын ұрпақ тәрбиелейтін білім ошағы» деп баға береді. Өзі де өзгерістерге үлес қосып, Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалында біраз жылдар еңбек етті.

Сол жылдарда Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курстарының тыңдаушыларымен жиі кездесіп, дөңгелек үстел басында ғибратты заманауи басшыға мықты ой салатын әңгімелер жүргізетін. Кездесулер  бір-біріне ұқсамайтын ерекше деңгейде өтетін. Шәмша апайдың аудиторияға кіргенінің өзі бір ерекше сәнді, салтанатты болып, күннің шуағындай жарқын жүзі мен мейірімді күлкісі бірден баурап алады.  Кездесу барысында халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихына терең бойлап, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың маңызы мен жолдарын ұсынады.

Кездесулердің бірінде айтылған тамаша бір өсиетін бүгінгі күнге дейін осы бағдарламаның бір бөлшегіне айналдырып, басшыларымызға біз жиі қайталап отыратын болдық. Мектеп басшылары тек өз мектебінің аясында ғана еңбек етумен шектелмей, сол ауылдың, сол қаланың әлеуметтік, мәдени өміріне белсенді араласып, ұлттық құндылықтарымыздың мейілінше сақталуына аянбай еңбек ететін қайраткер болуы керек деген еді. Сол өңірдің мәдениетінің өркендеуі мен салауаттылығына әр мектеп басшысы тікелей жауапты екенін сезінуі тиіс деген.

Әр мектепте, әр қазақтың баласында домбыра болып, әр мектепте оркестр болса, әр қазақ мектебінде ұлттық жәдігерлерімізді жасайтын шеберханалар жұмыс істесе деген ұсыныстарын айтқан. Келесі бір кездесуде «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген Әуезовтің сөзімен бастай отырып, қыздарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырып, халқымыздың сүйегіне таңба болып жатқан тастанды балалар проблемасын көтерді. Статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, жетімдер үйіндегі қаракөз балаларымыздың санының өсіп бара жатқанына алаңдайтынын айта отырып, мектептегі қыздар тәрбиесіне қатысты кеңестер берді.

Мектептерде ата-аналармен жұмысты ұлттық арнада, ежелден келе жатқан қазақ қыздарының әдебі мен мәдениетін жаңғыртатын іс-шаралар мен «Әжелер өсиеті», «Болашақ аналар», «Жас аналар» клубтары жұмыс істесе деген пікірін білдірген болатын. Жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында директорлар заманауи талаптарға сай жаңаша технологияларды меңгерумен қатар, апайдың кездесулерінен алған тамаша кеңестерімен де толықтыратын.

Мен білетін Шәмша апай мықты қайраткер, халқының адал қызы, еңбекқор әріптес, талапшыл басшы, жанашыр сырлас, адал дос, мейірімді туыс, жаңашыл, ойшыл жан еді. Осылайша өмірінің соңына дейін бар жиған-терген білімі мен тәжірибесін, салиқалы ойларын халқына арнаған апайымыз бүгін ортамызда жоқ. Екінің біріне бұйыра  бермейтін, бірақ қазақтың қайраткер әрі аяулы қызы Шәмша Көпбайқызы Беркімбаеваға бұйырған бақ пен ғибратты ғұмыр кімге болса да үлгі-өнеге.

Күләш ШӘМШИДИНОВА,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері»
ДББҰ Басқарма Төрайымы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий