Балалар мен жасөспірімдердің өзін-өзі басқару жұмысын іске асыру жолдары

«Әр бала белгілі борышпен өмірге келеді. Және әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны – ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтің міндеті сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей, баланың өмір жолына бағыт көрсету», – дейді гуманистік педагогиканың негізін қалаушы Шалва Амонашвили. Біздің басты мақсатымыз – Балалар мен жасөспірімдердің мүмкіндіктеріне сәйкес келетін іс-шараларды ұйымдастыру, қабілетіне қарай бейімдеп шығармашылық қабілетін ашу.

Жас ұрпақтың тәрбиесіне қойылатын басты талап – адамгершілік құндылықтарды қастерлейтін, өз Отанын сүйіп және құрметтейтін, өзара қарым-қатынас жасай білетін, өзін-өзі жетілдіру арқылы өмірлік мақсаттарына жете алатын, жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қоғам талаптарымен үйлестіре білетін әлеуметтенген тұлғаны қалыптастыру үшін оңтайлы тәрбие үдерісін ұйымдастыруға, соның негізінде жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына баса назар аудару.

Осы мақсатта «Бөбек» орталығы оқу – сауықтыру кешеніндегі Өзін – өзі басқару жұмысы – баланың жеке тұлға болып қалыптасуының негізі болып табылады. Бұл жоба: баланың тұлғалық өсуіне, мүмкіндіктерін шыңдауға; балалардың ұйымдастырушылық қабілеттерін арттыруға; әрбір іске белсенділікпен, жауапкершілікпен атсалысуға; топтың тиімді жұмыс істеуін ұйымдастыруға; оқушылардың адамның әлеуметтік рөлдер жүйесін орындауға дайындығы мен қабілетін қалыптастыруға; өздеріне қызықты іс-шараларды өткізуге деген ынта-жігерлілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Өзін-өзі басқару жобасы мынадай үш құрылымнан тұрады: жалпы жиналыс; орындаушы ұйым – кеңес; қатысушылар – топтағы балалар. Өзін-өзі басқарудың басты принциптеріне тоқталып өтсек: таңдау құқығының болуы – оқу-сауықтыру кешеніне келген әрбір бала өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесі болуға құқылы; ұсыным принципі. Кеңеске барлық бала өзін немесе досын ұсына алады; жариялылық принципі – атқарылып жатқан әрбір істің ашық түрде өткізілуі; есеп беру принципі – әрбір ауысымның соңында өзін-өзі басқару ұйымының есеп беруі бойынша пресс-конференцияның ұйымдастырылуы.

Өзін-өзі басқару ұйымының атқаратын қызметтері төмендегідей: балалардың шығармашылық-танымдық белсенділігін дамытуға арналған іс-шаралар өткізуге ұсыныс білдіру; интелектуалды сайыстар өткізу; мереке күндерін, әдеби-сазды және спорттық жарыстарды ұйымдастыруға атсалысу; топ бұрышын шығару; іс-шараларға жауапкершілікпен қатысу. «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешеніне балалар 22 күнге келетін болғандықтан, жоспарымыздың іске асуы сол уақыт аралығына ғана құрылады. Бұл уақыт үш кезеңге бөлінеді:

Бірінші – ұйымдастыру кезеңі; Екінші – құзыреттіліктері бойынша балалардың белсенді қызмет ету кезеңі; Үшінші – қорытындылау кезеңі. Бірінші, ұйымдастыру кезеңі. Балалар кешенге келгеннен кейін екінші күннен бастап, өзін өзі басқарудың іске асырылуы, жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлесімді түрде жүргізілуі, өзін өзі басқару кеңесінің мүшелері және атқаратын қызметтері туралы балаларға толық ақпарат беріліп, хабарландыру жұмыстары жүргізіледі.

Балалар оқу-сауықтыру кешеніне келгеннен кейін төртінші күні өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі болуға тілек білдірген үміткерлер арасында сайлау жүргізіледі. Сайлауға әр топтан екі баладан, жалпы он бала қатыса алады. Сайлау барысында әр бала өздерін таныстырып, өздерінің идеяларын ұсынады. Кешенге келген барлық балалар, сайлауға белсенділікпен қатысып, үміткерлерге сұрақ қойып, өзіне ұнаған үміткерге дауыс береді. Бастауыш сынып оқушылары үшін өзара сайлаудың жүргізілуі өте қызықты жаңа дүние болып табылады. Әрі өздерін іскерлік тұрғыдан дамытып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына жол ашатын бағыт.

Сайлау өткізілген соң, келесі күні сайлау нәтижесі жарияланып, жеңімпаз үміткерлер өз қызметі бойынша іске кіріседі. Әр ауысымда президент және төрт министр болады. Атап айтатын болсақ: денсаулық министрі, спорт министрі, мәдениет министрі және қауіпсіздік министрі. Президент барлық балаға және өткізілген іс шараларға жауапты болғандықтан, ұйым басшысының  әділеттілікті ұстануы  – оның ең басты қағидасы болып табылады. Осы себепті де президент ақиқат құндылығының үлгісін көрсете білуі тиіс. Мәдениет министрі өзі ұсынған идеясы бойынша мерекелік іс шараның жоғары деңгейде жүргізілуіне жауапты.

Мәдениет саласы өнерлі балалардың ортасы. Өнер асқан ұқыптылықты, табанды еңбекті талап ететіндіктен, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарау басты құндылық болып табылады. Спорт министрі балалардың спортпен белсенді түрде айналысып, күнделікті режимді дұрыс ұстанып, дұрыс әрекетте болудың маңыздылығын көрсетеді. Денсаулық министрі әрбір баланың өз денсаулығын нығайтуы үшін медбикелермен бірлесе отырып қызмет етеді. Балаларға денсаулықтары мықты болу үшін жан дүниелерімен үйлесімділікте өмір сүрудің маңыздылығын түсіндіреді.

Бұл балалардың бойында ішкі тыныштықтың орнауына жол ашады. Қауіпсіздік министрі балалардың тәртібін қадағалайды. Балаларды бір біріне құрметпен қарауға, қандай да бір әрекетпен өзіне және өзге балаларға қиянат жасамауға шақырады.  Бұл ретте балаға тәрбиешілер және жетекші қызметкер көмектеседі. Президент және министрлер өзін өзі басқару кеңесінің мүшелері ретінде бірлесе отырып қызмет атқарады. Әрбір министр өз құзіреттілігі бойынша іс шара өткізеді.

Екінші, балалардың белсенді қызмет ету кезеңі.  2022 жылдың  басынан бері біз бес ауысымның балаларымен жұмыс жүргіздік. Осы бес ауысым бойы өзін-өзі басқару кеңесінің атқарған қызметтеріне тоқтала кетсек. Денсаулық министрі медбикелермен бірлесе отырып балаларға қол жуу алгоритмі мен өз-өзіне массаж жасауды көрсетті. Жеке бас гигиенасын сақтаудың маңыздылығы туралы қызықты ақпараттар берді. Қауіпсіздік министрі балалардың топ ішінде тәртіп сақтау, жолда жүру ережелері туралы тәрбиешімен бірге дайындалған бейнематериалдар ұсынды.

Балалар арасында осы тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырып, өз материалын толықтыра түсті. Мәдениет министрінің ұсынысы бойынша «Мистер және Мисс Бөбек» байқауы жүргізіліп, ауысымның ханшайымы мен ханзадасы анықталды. Тағы бір ауысымда «Екі жұлдыз байқауы» жүргізіліп сауықтырылуға келген балалар кешен қызметкерлерімен бірге ән айту сайысына түсті. Сайыстар өте көңілді, тартысты жүргізілді. Спорт министрі тарапынан қыс айларында дене шынықтыру пәнінің мұғалімімен бірлесе отырып, қыс қызықтары деп аталатын қыстың қыраулы табиғатында керемет сайыс жүргізілді.

Ал көктем айларында таза ауада «Спорттық квест ойындарын» өтіп, таңғы жаттығулар спорттық әуеннің сүйемелдеуімен жүзеге асты. Президент ауысым соңында шаттық шеңберін жүргізіп белсенділік танытқан балаларға мақтау қағаздарының тапсырылуын өз жауапкершілігіне алды, барлық топтың топ әкімшілерімен және министрлермен тығыз байланыста жұмыс жасай білді. Балалардың шығармашылық қабілетін ашу мақсатында ауысым сайын әр топтың өнер көрсету кештері жоспарлы түрде өткізіліп тұрады.

Шығармашылық кеш барысында топтағы барлық балалар өнер көрсетеді. Кештерде балалар жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген әндер орындап, көріністер қояды. Бұл балалардың бес құндылық туралы түсініктерін кеңейтіп, бойында ізгіліктің қалыптасуына жол ашады.Осы іс-шара барысында «Өзін-өзі басқару» кеңесінің мүшелері өз құзыреттіліктері бойынша қызмет атқарады. Президент іс шараның өткізілу барысына көмектеседі және барлық балалардың тәртібін, іс-шараға белсенді қатысуын қадағалайды.

Қауіпсіздік министрі тәрбиешілермен бірге балалардың қауіпсіздік шараларын сақтауын қадағаласа, денсаулық министрі медбикелермен бірге балалардың денсаулық жағдайын қарайды. Мәдениет министрі іс шараның жүргізілуіне көмектеседі. Мұндай жүйелі жұмыстардың жүргізілуі балалардың бойында ұқыптылық, жауапкершілік, тиянақтылық сезімдерін жетілдіреді. 2022 жылдың 5-ауысымынан бастап оқу-сауықтыру кешенінде жас мамандардан құралған «Талантты жастар тобының» ұйымдастыруы бойынша «Smart and talented shildrens» байқауын өткізу қолға алынды.

Бұл сайыстағы басты ерекшелік «Өзін-өзі басқару кеңесінің» мүшелері жүргізілген іс-шара барысында қатысушылардан сұхбат алады. Сұхбат мазмұны балалардың қызығушылығына, кешендегі ұйымдастырылып жатқан іс-шараларды бағалауға бағытталған. Сұхбат алу әдісі балалардың сыни тұрғысынан ойлай алуын, танымдық білігі мен дағдысын дамытады. Үшінші қорытындылау кезеңінде Өзін өзі басқару ұйымының мүшелері атқарған істері бойынша есеп беруге арналған пресс-конференция ұйымдастырылып тұрады.

Әрбір пресс-конференцияда балалар өз қызметін атқару барысында игерген білім, біліктерімен, қызықты естеліктерімен бөлісіп, ойларын ортаға салады. Бұл жобаның балаларға ұнағаны, қызығушылықпен атқарғаны, жаңа нәрселерді үйренгені әр баланың көз жанарынан байқалып тұрады. Сондай-ақ, денсаулық, қауіпсіздік, мәдениет министрлері атқарған қызметі байланысты болашақта дәрігер, тәртіп сақшысы, әнші мамандығын таңдайтындарын айтты. Пресс-конференция нәтижесінде Өзін-өзі басқару кеңесінің ауысым бойы жүргізген жұмыстары бағаланып, жалпы қорытынды шығарылады.

Жүргізілген әрбір пресс-конференция Шалва Амонашвилидің төмендегі әдемі сөздеріндегідей көрініс берді. «Әрбір бала – керемет рухани күш иесі. Кез келген мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарау керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі», дейді. Біз сенім артып, қолдау білдірген бала міндетті түрде тырысып, еңбектеніп, нәтижеге қол жеткізеді.

Бұл аталған шаралар балалардың өз мүмкіндіктерін дамытып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, жаңа өзгерістерге ашық, саналы ұрпақ болып қалыптасуына зор үлесін қосатын бағдарлама болып жүзеге асырылуда.

Талғатқызы Ұлпан ТӘЖІБАЕВА,
«Бөбек» орталығы оқу – сауықтыру
кешенінің психологі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий