Әр түрлі шығармашылық байқаулар арқылы оқушылардың шығармашылық, дарындылық қабілеттерін дамыту

Тәуелсіз еліміздің ең басты  мұраты өркениетті елдер қатарына қосылу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, шығармашыл, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда әрбір оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту – жауапты міндеттердің бірі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:   «Бізге  керегі  шын  дарындар. Нарық  қол – аяғымызды  қалай  қыспасын, мемлекет өзінің  талантты  ұл – қыздарын,  нағыз  әдебиет  пен өнерін  жасайтын  тарланбоз  жүйріктерін қолдауға, қорғауға  міндетті», – деп  атап  көрсеткен болатын.

«Ақтөбе – Дарын» өңірлік ғылыми – тәжірибелік  орталығының шығармашылықты дамыту  және  қосымша  білім  беру  бөлімі бойынша  жүргізілетін  шаралардың  барлығы  да  әдебиет  пен  өнерді  жасайтын  талантты  оқушыларға  қолдау  көрсетуге  бағытталған. Шығармашылықты дамыту және қосымша білім беру бөліміндегі атқарылған   жұмыстар   жалпы  білім беретін мектеп оқушылары  мен мектепке дейінгі ұйымдардың, қосымша  білім  беру ұйымдарының  тәрбиеленушілерінің  шығармашылығын дамыту мақсатында жүргізіледі.

Сонымен қатар, олармен жұмыс жасайтын педагогтердің жауапкершілігін арттыру, кәсіби шеберліктерін көтеру талабын басты  назарда ұстайды. Өткізілетін шаралардың  арасында  жалпы  білім беретін  мектеп оқушыларының  шығармашылық қабілеттерін, тума талант, табиғи  дарындарын  анықтау  және  өз ой – пікірлерін  ғылыми  тұрғыда   жеткізе  білуін  дамыту  мақсатында  өткізілетін   әдеби   бағыттағы   байқаулар   негізгі орын алады.

Бөлім бойынша халқымыздың  біртуар  перзенттеріне  деген  мектеп оқушыларының  құрметін  арттыру  мақсатында өткізілетін  шаралар: республикалық «Жыр  алыбы- Жамбыл» атты жас ақындар айтысы, Абай, Махамбет, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Әбіш, Қадыр, МәшҺүр Жүсіп  оқулары,  сонымен  қатар,  әдеби шығармашылық бағыттағы шаралар: «Ақберен» байқауы, «Ясауитану»  білім  байқаулары.  Шығармашылықты  дамыту  және  қосымша  білім  беру  бөлімі аталған  шараның  облыстық  кезеңдері  өткізіп  отырады. 

Әдеби  бағыттағы  өткізілген  шаралардың  барлығы ұлылардың рухани мұраларына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, ұлттық мәдени  құндылықтарды сақтауға,  оны дамытуға және рухани жаңғыруға бағытталған. Республикалық  ақын  жазушылардың шығармашылығына  арналған оқулар бірнеше  бағытта  өткізіледі.  Әдеби  оқулар   ақынның  шығармаларына  деген  сүйіспеншілікті  арттырып  қана  қоймай,   оқушылардың  жаттау  қабілеттерін  дамытуға  және  оқушылардың  бойындағы  ақындық  қабілеттерін  де  арттыруға  үлес  қоса  алады.

Оқушылар арасында ұйымдастырылатын танымдық, шығармашылық қабілеттерін   жан-жақты дамытуға бағытталған іс-  шаралардың барлығы    да  өз мәнінде, жоғары дәрежеде өткізіліп келеді. Оқушы  бойындағы  қабілеттерін  анықтау  мақсатында жоғары оқу орындарының, қосымша білім беру ұйымдарының, шығармашылық орталықтар, мұражай, кітапханалар және тағы да басқа мәдени орындардың мамандарымен, сондай-ақ, ақын-жазушы, тілшілер, танымал әншілермен, суретшілермен, театр актерлерімен  тығыз байланыста жұмыс жасаймыз.

Осындай  игі  істердің  арқасында  әрбір  байқаудан  өзгелерден  озық  ойлы  екенін  көрсете  білген   шын  дарындар  дараланып, өз бойындағы қабілеттерін  айқын  сезініп,  алдағы  уақытта  шығармашылықпен  жұмыс жасауға  белсенділігі  артатыны  сөзсіз. Бірнеше байқауға  қатыса  отырып, оқушының  шығармашылығы  шыңдала түсіп, қабілеті артады. Байқауларға қатысушылар арасынан бірнеше жас ақын оқушылардың өздерінің алғашқы өлең  жинақтарын  шығара  бастауы – осы  шараларға  бірнеше  рет  қатысып,  шыңдалғандығының  белгісі  екенін байқаймыз.

Шығармашылықты – адамды дамытып, шебер етіп шыңға көтеретін фактор ретінде алып қарасақ, оқушыларға арналып, ұйымдастырылатын шаралардың  арасында    «Алтын қазына» атты көрме байқауы, «Бояулар  құпиясы» атты жас суретшілер байқаулары оқушы  бойындағы  өнерге  деген  құлшынысын  арттыруға көмектеседі. Мектепке дейінгі ұйымдардың  тәрбиеленушілері  арасында  мәнерлеп  оқу  және  жас  суретшілер  байқауы  ұйымдастырылып  өткізіледі.

Байқауларға  балабақша  тәрбиеленушісі  кезінен  мектеп  оқушысы  атанған  кезде  де тұрақты   қатысып  отырса,  ол оқушыдан  нағыз  өнер  иесі  шығатыны  анық. Қолөнер бұйымдарын  жасау  және  бейнелеу  өнеріне  байланысты  өткізілетін  іс – шаралар    қабілетті   оқушыларымыздың  көбеюіне  ықпал  етіп  қана қоймай,  болашақта жақсы  маман  иелерінің  шығатынына  сеніммен  қарауға  болатынын  көрсетеді. 

Өткізілген  шаралар оқушылардың  бойындағы  тағы да басқа  шығармашылық қабілеттерінің артуына, яғни, музыкалық бағыттағы жеке орындаушылық қабілеттерінің қалыптасуына септігін  тигізетін  шаралар да  өткізіліп  отырады.  Ұлттық  мұраны сақтап, оны  ары қарай  дамыту  бағытында өткізілетін  «Үкілі  домбыра»,  «Дәстүрлі  ән»  байқаулары  маңызды  орын  алады.  Аталған  шараға  жалпы  білім  беретін  мектеп  оқушылары  мен  қосымша  білім  беретін  ұйымдарының  тәрбиеленушілері  де  белсенді  қатысады.

Аталған  шаралар   оқушы  бойындағы  күй  өнері  мен  халық  әндерін  орындау   қабілеттерін  дамытып,  шеберлігін  де  арттырып  отыратыны белгілі. Шығармашылық бірнеше бағыттағы  байқауларды өткізу арқылы,  оқушы  бойындағы әр  түрлі  қабілеттерді  ашып   қана  қоймай, оны  ары  қарай дамытуға, қатысушылардың  болашағына  айқын  жол  табуға  көмектесуге  болатыны  анық  көрінеді.

Шығармашылық  байқауларға  қатысу  арқылы  оқушылардың  арасында  ақындар  мен  айтыс  ақындарының  бәсекелестігі  қалыптасып,  олардың  сапалық  құрамы  анықталып,  іріктеле  бастады.  Әр  түрлі  шығармашылық  байқауларға қатысып, оқушылар  бойындағышығармашылық қабілеттері   одан  әрі шыңдала   түседі. Бірнеше  байқауларға  қатысып, қанаты  қатайып, шыңдалған  талай  талантты  жастарымыз  бүгінде  республика  көлемінде өткізілетін байқаулардың жеңімпаздары  атануда. Ендеше, шығармашылық байқаулар оқушы бойындағы қабілеттерін ашып,  дамытуда  маңызды  роль  атқаратынын  анық  көруге  болады.

Айгүл Жантөреқызы БИСЕКОВА,
«Ақтөбе  – Дарын» өңірлік  ғылыми
тәжірибелік қосымша білім беру
орталығының бөлім басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий