НЗМ жобаларының ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы маңызы

Бала тәрбиесі баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу – парасаттылық пен байсалдылықты талап етеді. Ұрпақ тәрибесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы салт-дәстүрлері мен тағылымдарын, ұлы ойшылдар мен педагогтардың еңбектерін жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып, келер ұрпақтың бойына сіңдіру, дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Жас ұрпақты тәрбиелеуге ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті адамгершілігі мол, тұлға етіп қалыптастыру – қазіргі таңдағы өмір талабы.

Тәрбие беруде ұлттық құндылықтар арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне мәдениетті деңгейде бейімделе алады. «Атамекен, туған жер» ұғымы – әрдайым қастелі, қасиетті ұғым. Мен өзім еңбек ететін Алматы қаласы химия-билогия бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде, осы құндылықтарды балалардың бойына әртүрлі жобалар арқылы сіңіреміз. Осы жобалардың қатарына «Туған елге тағзым» жобасын жатқызуға болады. Сонымен қатар, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімдегі мақал-мәтелдер» деген жобаларды атап өтуге болады.

Ұлы Абай: «Бала мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деген екен. Отансүйгіштік сезімның қалыптасуына ата-ана, ауыл-аймақтың да ықпалы зор. «Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Сондықтан, баланың ер жетуі, бойындағы адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттер отбасында басталады. Осы бағытта тәрбиелеу мақсатында жаз айларында (7-8 сыныптар арасында) «Он күн ата-ана жұмысында», «Бір күн ата-ана жұмысында», «Екі апта ауылда» атты әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады.

Жоба барысында балалар ата-анасының жұмыс орнына барып, қандай кәсіппен айналысатынын көреді, ол кәсіптің қыр-сырымен танысады. Бұл баланы еңбекке баулуға және ата-анамен тығыз қарым қатынас орнатуға таптырмас тәсіл деп ойлаймын. Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары. Бір сөзбен айтқанда балалардың бойына ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, ұлттық рухымызды сіңіре білуіміз керек.

Осы орайда «100 қазақ әндері», «Бір күйдің шығу тарихы» жобаларын атап өтуге болады. Мектеп өмірінде өтіп жатқан іс-шараларда, мерекелерде балалар халық әндерін, анаға, әкеге, ұстазға арналған әндерді шырқайды. Ал үлкен үзілістегі жиындар бір күйдің тарихын таныстырумен және оның орындалуымен ашылады. Ал алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау сияқты іс-шараларда мектептің ұлт-аспаптық оркестрінің орындауында «Сарыарқа», «Адай» күйлері орындалады.

Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірбиесіне жүгіну тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен алатын заңды құбылыс. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр. Демек, жаһандану жағдайында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты қоғам талаптарына сай қалыптастыру біздің басты міндетіміз. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рухани және ұлттық құндылықтар ұлттық сананы қалыптастырушы негізгі факторлардың бірі.

Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы, ұлттың тұнып тұрған асыл мұрасын, рухани байлығын болашақта еліміздің тұтқасы болар балаларды отаншылдыққа баулу, халқына адал, отансүйгіш тұлғаларды  тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған міндет болып табылады. Осы орайда, халқымыздың ғасырлар бойы жинақтап, уақыт сынағынан өткен, тәжірибелік қазынасын қолдансақ қателеспейміз деп ойлаймын.

Ата-бабамыз салып кеткен сара жолды таңдап, өскелең ұрпақты салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға сай тәрбиелесек, ұтарымыз мол.  Өсіп келе жатқан жеткіншектеріміз отандық тарихты терең меңгеруі, мемлекеттік тілді және ұлттық психологияны білуі тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі кезде жастар маңызды азаматтық борыштарды орындауға жауапкершілікпен қарамайды. Жастардың арасында рухсыздық пен әлеуметтік жетілмегендік, өзгелерге келгенде шыдамсыздық, тіпті агрессивтік кездесіп жатады.

Олардың бойында білімге, еңбекке, рухани құндылықтарға, қоғам өміріне араласуға деген қызығушылықтар да аз байқалады. Жас ұрпақ арасында мұндай құбылыстарға жол беруге болмайды. Рухани дамыған салада тәрбиеленген ұрпақ міндетті түрде мемлекетіміздің дамуына қызмет етеді. Әр кезде алмасып отыратын ұрпақтың мүмкіншілігі мол, бұрынғы ұрпақпен салыстырғанда олардың саяси прогреске қосатын үлесі де үлкен. Ол адамдар арасында өркендеп, өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отырады.

Жалпы қоғамдық қатынастар саяси дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қалмастан өзгеріп, жаңара береді. Олай болса, ұрпақтар сабақтастығы арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады. Сондықтан мемлекетімізді көпке таныту, оны өсіп келе жатқан ұрпақтың қанына сіңіру – ең үлкен азаматтық парызымыз деп білемін.

Макия Орынбековна УТЕПОВА,
Алматы қаласы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий