Парасат мектебінің мәртебелі мұғалимасы еді

Бүгінде әлем қауымдастығы арасында лайықты орны бар жас та абыройлы мелекетіміздің тарихын тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан деп шартты түрде бөліп қарайтын болсақ, оның қалыптасуына лайықты үлес қосқан айтулы тұлғалар аз болған жоқ.  Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жетіп, өркениет талаптарына сай зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қалыптастыруға барша халық атсалысты.

Мұндай мемлекет тарихындағы аса маңызды оқиғаны жүзеге асыруда  ұлт зиялылары атқарған өрелі істерді бүгінгі ұрпақ бағалай білуі тиіс.  Өйткені Кеңестер Одағы тұсында буыны бекіп, тәуелділік пен тәуелсіздіктің дәмін қатар тартқан ұрпақ егемен ел болудың жауапкершілігін бәрімізден де анығырақ сезініп, айқынырақ түсінетіні ақиқат. Осындай ел өміріндегі маңызды оқиғаның алдыңғы легінде азаматтармен иық тірестіре қатар қызмет еткен жаны нәзік әйелдер қауымының қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмас.

Міне, осындай ықпалды топтың бел ортасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі, кейін ректоры қызметін атқарған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Сократ» сыйлығы мен М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Шәмшә Көпбайқызы  Беркімбаеваның болған еді.

Иә, өткен айда ару Алматы қалың қауым кезінде Фариза апамыз:
“Жан әке ұлға теңеп, үміттенген,
Қазағым жастайынан ұлық көрген.
Елді ойлап, жерді ойлаған қыз ғұмырдың
Тең түсер парасаты жігіттермен”, – деп жырға қосып, Әсет аға әнмен әрлеген туындының кейіпкері –  қазақтың ардақты қызы, өмірден ізгілік іздеп өткен қоғам қайраткері Шәмша апаймен қимай қоштасты. Қаралы жиын мен аста ел ағалары лебіздерін жүрегімізге сыйғызып айтты, күре тамырға құйғызып айтты, қабырғамызды сөгіп айтты, сөз дестесін төгіп айтты.

Әсіресе ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің аманатқа адалдығы елді сүйсінтті. Шәмша апай министр болған кезде жүзеге асыра алмай кеткен бір маңызды идеясын Асхат Қанатұлына аманаттаған екен. Министр мырза сол аманатты адалдықпен жеткізді. Бүгінде ел педагогтері шарапатын көріп жүрген осы шараның идея авторына да, оны жүзеге асырушы азаматтарға да Алла разы болсын! Шәмша Көпбайқызы Алматы облысы Қаскелең ауданы Киров (Тұрар) ауылында өз өңірінде беделді, балаға деген мейірім-махаббатпен ұлт қамын жейтін азамат тәрбиелеудің тамаша үлгісін көрсеткен Беркімбай ақсақал мен тектінің тұяғы Ханымбала ананың шаңырағында дүниеге келеді.

Бала кездегі ең сүйікті ойыны «мектеп директоры»  болған зерек те алғыр оқушы  қыз осы арманның жетегімен, алдымен, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен  бітіреді. Елге оралып, дипломдағы мамандығы бойынша емес, орыс тілі мен әдебиетінен мұғалім болу қызметін жүрексінбей қабылдаған жас қыздың бойындағы талабы мен алғырлығы басшылар назарына ілікпей қалмады.

Сол кездегі ең жауапты қызметтердің бірі – Қаскелең аудандық, Алматы облыстық комсомол комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыройлы атқарған Шәшә Көпбайқызына  небәрі 35 жасында республикалық мәні бар 37 мекеме, 29 ғылыми-жобалау институттары, бірнеше жоғары оқу орындары, театрлар, шығармашылық одақтар, әр деңгейдегі бүкіл құқық қорғау органдары, өндіріс кәсіпорындары бар Алматы қаласының бүгінгі Алмалы бұрынғы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (1977-1982) қызметін, артынша көп ұзамай Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы (1982-1987) қызметін атқару жауапкершілігі ұсынылады.

Қай істе де білім, тәжірибе  мен табандылық қана нәтиже беретінін түсінген Шәмшә Көпбайқызы аса жауапты саяси қызметтерді абыройлы атқару үшін  Мәскеудегі СОКП жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып, қайраткерлік қабілетін шыңдайды. Осы жылдары Қазақстан Компартиясының ХІҮ, ХҮ, ХҮІ, ХҮІІ съездерінің, Совет Одағы Компартиясының ХХҮ съезінің, Бүкілодақтық Жастар ұйымының ХҮІІ съезінің, Қазақстан Жастар Одағының ХІІІ съезінің делегаты болып сайланып, Бүкілодақтық Жастар ұйымы Орталық Комитетінің, Совет Одағы Бейбітшілік қорғау Комитетінің, Қазақстан Компартиясы ревизиялық комитетінің, бірнеше мәрте Алматы облыстық, қалалық партия комитеттерінің, Қазақстан Жастар Одағы орталық комитетінің мүшесі де болады. 

Бұл кезеңде комсомол мен партияның қойған міндеттерін адал атқарумен бірге, қоғамда  өзіндік көзқарасы мен пікірі бар, іскер де қабілетті маман ретінде қалыптасып, партия мүшелерінің мәселесі талқыға түскен сәтте «оның ар жағында адамның тағдыры тұр ғой» деген отбасынан алған басты қағиданы өмірлік кредосына айналдырған нағыз Адам ретінде танылды. Осы жылдардағы, одан кейінгі кезде де саяси, кәсіби өсу жолдарында белгілі қоғам қайраткерлері Асанбай Асқаров, Қожахмет Балахметов, Сейділда Көпбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Иманғали Тасмағанбетов, Қуаныш Сұлтанов және тағы да басқа алдыңғы толқын ағалар мен үзеңгілес әріптестерінің тигізген ықпалын Шәмша Көпбайқызы үнемі мақтанышпен еске алатын.

Осылайша еңбектен абырой, мехнаттан қанағат тауып, өрлеп келе жатқан тұлғаның өмір жолында кездейсоқ іркіліс болады. Үш ғасырға созылған ұлттық азаттық рухының дүмпуі – Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлты үшін қоғамдық сананы дүр сілкіндірген оқиға болды. Алаңға шыққан жастар оқудан шығарылып, үш бірдей іргелі оқу орнының ректорлары орнынан алынғанда да, Орталық Комитеттің шешіміне қарсылығын білдірген Ш. Беркімбаева екендігін сол кездегі Жоғары және арнаулы орта білім министрі болған академик Көпжасар Нәрібаевтың естелігі нақтылайды.

Алматы обкомының идеология хатшысы Ш.Беркімбаеваның ұлтқа жасалып жатқан қиянатқа қарсы тұруға, жазықсыз жаза көрген  қазақ жастарына араша түсіп, көмек қолын созуға мүмкіндік бермеген тотолитарлық жүйеге наразылық ретінде сол замандағы лауазымды қызметті шағын мектептің директорлығы қызметіне ауыстыруға саналы түрде қадам жасаған батырлығын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмес. Қай кезде де биік парасат иесі бұл қызметті де қомсынбай, шынайы педагог ретінде тозығы жеткен Алматыдағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы саналатын № 12 қазақ мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп,  оқу-тәрбие жұмысына жаңа серпін берілді.

Әлденеше буын ұлт зиялылары қанат қаққан бұл білім шаңырағында оқитын оқушылардың жан-жақты білім алуына күш алып, адамның ойлау қабілетін арттыратын ойынның төресі боп саналатын шахмат клубы мен ұлттық өнеріміздің алдаспаны саналатын домбыра үйірмелерінің ашылуы да жоғары жақтың бұйрығы бойынша емес, қай кезде де ұлт келешегі – жастардың болашағына немқұрайы қарай алмайтын мектеп басшысының жеке инициативасы еді.

Осы мектеп үшін жасаған Шәкеңнің ересен еңбегін қазақтың тағы бір ардақты қызы ақын  Фариза Оңғарсынова былай деп жазған екен: «Пәленбай жылдан бері күрделі жөндеу түгілі, сылақ көрмеген мектеп үйін айтарлықтай қалыпқа келтіру үшін миллиондаған қаржы, вагон-вагон ағаш пен темір қажет еді… Табиғатынан ақылға жүгінетін есті қыз ішкі қайсарлығын осы тұста көрсетті. Қаусап тұрған  мектеп үйін күрделі жөндеуден өткізуді қолға алып, күн демей, түн демей іске кірісті...

Екі жылға жуық мерзімде мектепті «су жаңа» етіп, бүкіл жиһазын жаңартқан Шәмша кейін халыққа Білім беру министрінің орынбасары қызметіне шақырылғанда, педагогикалық коллектив те, ата-аналар да шуласып, наразылық білдіргені менің де есімде… Абзал әкенің үкілі үмітіне ел-жұртының, туған халқының тілеулес ықыласын қоса нәзік көтеріп келе жатқан Шәмшадай сіңлілерімді «Менің халқымның қыздары осындай» деп мақтаныш тұтамын, сол сезімнен өзім де биіктей түскендей күй кешемін».

Расында да Шәкеңнің өмір сынағында асқан төзімділік пен қайтпас қайсарлықтың, майталман мананның  үлгісін көрсеткен бұл әрекеті оның қоғам алдындағы беделін одан әрі асқақтата түсті. Адал еңбек ертелі-кеш өз бағасын алады. Тәуелсіздік салтанат құрған тұста ол мектеп директорлығынан Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары қызметіне көтерілуі – кездейсоқ құбылыс емес. Жоғары білік пен биік парасат, дер кезінде орынды шешім қабылдап, салиқалы сөз айту, жеке мүддеден ұлт, ел мүддесін жоғары бағалайтын мұндай тұлғалардың еңбегі ескерусіз қалуы мүмкін емес еді.

Міне, халық арасында осындай құрметке бөленген танымал тұлға осы қызметте жүргенде де, кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі (2002-2003), сенатор,  өзі тәлім алған   Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының ректоры (2003-2011) қызметінде жүрген кезде де білім беру ісінің білгір маманы, әрі іскер ұйымдастырушысы ретінде танылды. Шәмша Беркімбаева министрдің орынбасары ретінде жалпы білім беретін мектептер мәселесімен шұғылданады.

Бұл кезең – қазақ мектептерінің көптеп ашыла бастаған кезеңі. Жаңа ашылған мектептердегі проблемалардың көп болатыны белгілі, бірақ бұрынғы қазақ мектептерінің ахуалы бұдан да нашар еді. Өйткені қазақ мектебінің басым көпшілігі – ауылда. Сондықтан да кейіпкеріміздің жоғары мінберден ауыл мектебі мәселесін көтерген, оның проблемаларын шешуде пәрменді іс атқарған тұлға ретінде халық санасынан лайықты орнын алды. Халқының шынайы ықыласпен сол кезде таққан «Бас мұғалима» лауазымы күні кешеге дейін қолданыстан түспеуі көзі қарықты жанға біраз нәрсені аңғартса керек.

Өзін ісіне асқан жауапкершілпен қарайтын маман үшін проблеманың үлкен-кішісі болмайды. Білім беру жүйесіндегі басшылық қызметте жүрген кезде осындай бірнеше мәселені анықтап, оның оң шешімін табуға ықпал етті. Солардың бірқатарын атап өтер болсақ: кадр сапасы. 2000 жылдың бас кезінде республикамыздың түпкір-түпкірінде арнайы білімі жоқ он мыңнан аса  мұғалім сабақ беріп жүргеніне алаңдаған министр мұғалімдерді қайта даярлау курстары мен екінші жоғары білімнің берілуіне күш салды; білім стандарты мен төл оқулықтардың сапасы.

Күні бүгінге дейін күн тәртібінен түсе қоймаған осы мәселелердің жоғары деңгейде көтерілуі Ш. К. Беркімбаеваның кезеңінен бастау алды десек қателеспейміз. Мұны бас мұғалиманың сол кезде «Түркістан» (11.04.2002 жыл) газетіне берген сұхбаты айқынлдайды: «Бүгінгі күнге дейін жаңа буын оқулықтарын әзірлеу, басып шығару, сынақтан өткізу және енгізудің нақты жүйесі жоқ. Сондықтан қазір біздің алдымызда әрбір пән бойынша жан-жақты ойластырырлған, ғылыми тұрғыдан дау туғызбайтын стандарттар жасау мәселесі тұр. Ол үшін мемлекеттік білім стандарты болуға тиісті.

Бұрын оның барлығын Мәскеуге қарап жасайтынбыз. Ол стандарт сол кездегі коммунистік идеологияға бағышталған болатын. Енді стандартты қайтадан жасау мақсаты тұр алдымызда… орыс класы болсын, қазақ класы болсын және де басқа тілді мектептер үшін де біз бастауыш кластарға арналған оқулықтарды міндетті түрде өзіміз жазуымыз керек. Себебі, уызынан  жарымаған бала ары қарай да ой-санасын дамыта алмайды. Сонан соң жоғары қарай барлық гуманитарлық пәндердің оқулықтарын өзіміз дайындаймыз. Бұл жерде басқа жақтан ешқандай әдебиет келуге тиіс емес».

Мұғалім мәртебесі. Рухани құндылықтар әлсіреп, материалдық  құндылықтар алға шыққан кезде мұғалімнің мәртебесі де, жалақысы да төмендеп,  жер-жерлерде оқушыларымен бірге жүгері жинап, көше сыпырса да, жекешелендіру мен несие алудан сырт қалған мұғалімдер мәртебесін көтеру туралы бастамалары да көпшілік көкейіндегі  өзекті мәселе еді. Шәмша апай аманаттаған бұл мәселе бүгінде оң шешімін тауып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғаны туралы жоғарыда айттық.

Тіл мәселесі. Бұл мәселе – Шәмшә Көпбайқызының азаматтық позициясының ең бастысы да қадірлісі.  Орыс тілін бір кісідей жетік білетін лауазымды тұлғаның қандай биіктен болсын қазақ тілінде сөйлеуі, өзі сөйлеп қана қоймай, қандай қызметте жүрсе де мемлекеттік тілдің кеңінен қанат жаюына аянбай тер төгуі оның өз халқының шын мәніндегі патриоты екенін дәлелдей түседі. Өз сөзімен айтар болсақ, «егер бала ана тілінде оқып, ана тілінде білім алған болса, міндетті түрде, елінің, халқының тарихына үңіледі, әдебиетін іздейді.

Өнерін меңгеруге тырысады. Әйтеуір, халқымен етене жақын болуға деген талпынысы оянады. Егер, ол өз тілінде оқымаған болса, мұның барлығына немқұрайды қарайды. Тілдің құдыреті деген осы. Жетпіс жыл бойы біз орыс тілін үйренсе ғана  жақсы қызметкер бола алады, өмірден өз жолын таба алады деген тәрбиемен келдік қой. Құлдық психология – буын-буынымызды жайлап алған. Барлық жақсы нәрсе өзге мемлекетте деп ойлаймыз. Ал, халқымыздың өзіне тән өркениеті болғандығын, мәдениеті, қайталанбас өнері барлығын, ешкімге ұқсамайтын болмысы бар дегенді баланың санасына құя беру керек.

Сонда ғана ұлттық рух пайда болады. Біз сол жетпіс жылда ұлттық рухтан ажырап қалдық. Ұлттық рух пайда болмай, балада ұлтына деген ерекше сезім пайда болмайды. Сондықтан, ұлттық рухты жаңғырту керек». Немесе министрліктердегі қазақ тілінің қолданылу деңгейін сынай келіп, «Мемлекеттік тілдің халықаралық деңгейдегі мәртебесін көтеру – ҚР-ның егемендігі мен тәуелсіздігін  нығайту. Жеріміз бен еліміздің тұтастығының кепілідігі –  мемлекеттік тілімізде.

Мемлекеттік тілдің халықаралық қарым-қатынаста қолдану аясын кеңейтуге Парламенттің, оның Аппаратының тікелей қатысы бары сөзсіз», – деп халық қалаулылары мен аппарат қызметкерлеріне салмақты ой тастаса, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына он жыл толуына орай өткізілген конференцияда орыс тілінде баяндама жасаған билік пен іс басындағы замандас сіңлілеріне қарата айтылған: «Түрік халқы  «ата тіл», славян халқы «туған тіл» деп атайтын ұғымды қазақ халқы «ана тілі» деп атаймыз.

Бұған қоса өзімізге ең қадірлі, қасиетті ұғымдарды ана атымен байланыстырамыз. Ендеше қоғамның рухани саясатын жасауға тікелей араласып жүрген әйелдер өз ана тілінде сөйлеуге неге құлықсыз? Апаларына қарап, өсіп келе жатқан сіңлілері не ойлар екен деп жүрегім сыздады»,  – деген уәжді сөзге тоқтамаған адам кемде-кем. Сенатор болып заң жүйесінде жүргенде де әлденеше рет Үкімет, министрлік алдына мәселе қойып, көпшіліктің назарын аудара білген жан өзінің ұшқан ұясы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына келгенде де талай игі істердің ұйтқысы бола білді.

Қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары жастарды тәрбиелеуге қол жеткізетін сапалы, бәсекеге қабілетті білім ордасын қалыптастыру мақсатында атқарған қыруар жұмыстың ішінен айтпай кетуге болмайтын бірқатар  мәселелер бар. Оның алғашқысы – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында институттардың бәрі жаппай университетке айналып, тіпті аудан орталықтарына дейін университет ашқан тұста да материалдық-техникалық базасы мен кадрлар әлеуеті жеткілікті болғанына қарамастан, институт қалпында қалған осы бір аяулы білім ордасының қасиеті мен жетістіктерін Елбасына жеткізіп, университет статусын алып беруі.

Екіншісі – сол тұста маңдайалды университеттер ректорлары қол жеткізе алмай жүргенде Парламенттің қолдауымен Қыздар университетіне ешбір университетке бұйыра қоймаған озық үлгідегі Студенттер үйін салғызуы. Контингенті, негізінен, ауыл қыздарынан құралған бірегей университеттің бүгінгі студенті, ертеңгі ұлт тәрбиешісі заманауи жабдықталған үйде тұруы тиіс деген ұстанымы бір университет қыздарына емес, қоғамдағы қазақ қыздарына, қала берді, ұлтқа деген құрметі еді. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, басшыдан үлкен қайраткерлік пен қыруар еңбекті талап ететін шаруалар.

Үшіншісі – ауылдан келген қазақ қыздарын болашақ ұлт тәрбиешісі ретінде танып, олардың білімі мен тәрбиесіне үнемі көңіл бөлуі. «Тәрбиесіз берілген білім қашан да қауіпті» деген әл-Фараби нақылына сай, студенттерді рухани байыту,  жалпы дүниетанымын кеңейту мақсатында республикамызға белгілі тұлғалармен,  ғалымдармен,  ақын-жазушылармен кездесулер,  халықаралық конференциялар мен әдеби кештер өткізуге мұрындық болды.

  Зиялы қазақ қызын тәрбиелеу мақсатында  барлық мамандыққа өзінің бастамасымен енгізілген «Қазақ аруы» атты арнаулы курсы сапалы маман, аяулы жар, болашақ ана болуы үшін маңызы зор болды. Халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың тірі кезінде тойланбай кеткен туған күнін республика деңгейінде тойлатып, ақын ескерткіші алдында «Мұқағали оқуларын» және тамырлас халықтар достығын насихаттау мақсатында «Түбі бір түркіміз» фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырды. Мұндай шаралардың басқы сөзі «Айналайын қыздарым!» деген қаратпамен басталушы еді.

Сөз қадірін білетін жан ретінде ұлтқа деген махаббатын, мейірімін осылайша жеткізетін. Осындай қарбалас тірліктің арасында ғылыми, бұқаралық ақпарат құралдарында білім берудің өзекті мәселелеріне арналған екі жүзден астам мақала мен сұхбаттар беріп, іскер басшы, білікті маман, жақсы жолдас, шаршы топта сөз сөйлеудің асқан шебері ретінде танытатын «Ізгілікті іздеп келем», «Әлі де ізгілікті іздеп келем…», сондай-ақ  «Қазақ тәлімінің тарихы», «Тәрбие тағлымы» атты кітаптар мен авторлық бірлестікте жазылған «Педагогика тарихы», он томдық «Қазақ тәлімдік ойлар Антологиясы», «Педагогика» түсіндірме сөздігі және тағы да басқа құнды еңбектері әлі талай ұрпаққа қызмет етеді деп сенеміз.

Өзі саналы ғұмырын арнаған білім жүйесі – балабақша бүлдіршіндері мен мектеп, колледж оқушылары,  жоғары оқу орындарының студенттері, олардың тәрбиешілері мен ұстаздары, Білім және ғылым министрлігі мен білім бөлімінің барлық деңгейдегі қызметкерлердің басын біріктіретін еліміздегі ең үлкен жүйе. Ендеше осы қалың қауым Шәмша апайды еліміздің білім беру жүйесінде  өшпес із қалдырып, ұлт руханиятының дамуына өзіндік үлес қосқан жан ретінде қадірлейді, есінде сақтайды.

«Бұл университет – қазақ  қыздарының парасат мектебіне айналуы тиіс» деп өзіңіз ат қойып, айдар таққан бүгінгі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өзіңізден өмір сабағын алған әріптестеріңіз еліміздің қоғамдық-әлеуметтік дамуы мен білім беру саласына көптің бірі емес, бірегейі ретінде жарқын қолтаңбасын қалдырған халқымыздың аяулы қызы, тектілік пен бекзаттық, тазалық пен биіктік, елжандылық мен мемлекетшілдік сияқты  абзал қасиетімен қазақ қызының эталонына айналған қадірлі жанның қазасын қинала қабылдадық.

Ел игілігі, ұрпақ болашағы үшін жасаған ізгі істеріңіздің жемісі әлі талай ұрпаққа қызмет етеді. Өзіңізге арналған «кабинет ашу салтанатын ұйымдастырайық» деп ұсыныс жасағанда: «Еліміз пандемиядан арылып, қыздарымыз университетке жиналған кезде кейінірек өткізейік, өзім хабарласамын» дегенсіз. Қазіргі буынмен, бүгінгі студенттермен жүздескіңіз келді. Қыздарыңыз да күтіп жүрген…

Кабинетке күліп кіріп, қабырғадағы «қыздарымның есінде жүрсін» деп, бұдан біраз бұрын өзіңіз іріктеп берген нақыл сөздерді оқитын, бүгін мұңайып шығып жатыр.  Өйткені, өзіңіз айтқандай, дүние тағы бір жақсы адамға азайды… Жаныңыз жәннктта болсын, Жақсы адам, мәртебелі мұғалима!

Тыныштық ЕРМЕКОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетінің профессоры, филология
ғылымдарының докторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий