Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Жалпы, тәрбие саласының белді өкілі ретінде ұстаздар  баланы оң тәрбиелеу жолында маңызды рөл атқарамыз. Бұл тұрғыда, отбасы, мектеп, қоғам үштігінің маңызы зор екендігін баса айтқан жөн. Қазіргі уақытта мектептің отбасымен өзара ынтымақтастығы – өзекті және сұранысқа ие мәселе. Өйткені, ата-ана міндеттерін сәтті шешу отбасы мен мектептің өзара оң қарым-қатынасы жағдайында ғана мүмкін болады.

Мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы егер олардың ынтымақтастығы күнделікті тәжірибеде жүзеге асырылып, мұғалімдер мен ата-аналар бірлескен күш-жігермен ортақ мәселені шешкен кезде ғана нәтиже береді. Яғни, осы арқылы баланың сәтті және үйлесімді дамуына жағдай жасалады.  Функциялардың ара-жігін ажыратпай, отбасының жауапкершілігін төмендетпей, керісінше, оған педагогикалық ұжымды қосу арқылы тәрбие процесін тереңдету – білім беру мен тәрбие сапасын арттырудың жалғыз дұрыс жолы.

Біздің ойымызша, мұғалім мен оқушылардың оқу іс-әрекеті процесінде өзара әрекеттесуінің тиімділігі мұғалімнің ата-аналармен ынтымақтастығына байланысты. Ата-аналармен өзара әрекеттесу процесінде мұғалім баланы тәрбиелеудегі өз рөлін түсінеді. Ата-аналармен ынтымақтастық баланы жақсырақ білуге, оған әр түрлі тұрғыдан және позициядан қарауға, түрлі жағдайларда, жеке ерекшеліктері мен әрекеттерін көруге мүмкіндік береді.

Ал, тәрбиенің жалпы көрінісіне міндетті түрде қоғам әсер етеді. Қоғам – ол біз жүрген орта, бізді қоршаған айнала. Ондағы кез-келген жағымды-жағымсыз фактордың бәрі біздің тіпті күнделікті көңіл-күйімізге де әсер етеді. Сондықтан, толыққанды, жағдайы жақсы қоғамда өмір сүретін ата-ана тәрбиелеген бала да осал болмайды. Яғни, қоғам, отбасы, мектеп ұғымдары бір-бірінен ажыратып алуға келмейтін, егіз ұғымдар.

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығының аясында мектебімізде вебинарлар жиі отуде. Мектебімізде бала тәрбиесіне қатысты ата-аналармен бірлескен шараларды жиі өткізіліп тұрады. «Ұлттық кодты сақтау», «Патриоттық тәрбие діңгегі-ұлттық сананы қалыптастыру», «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыптарында вебинарлар өткізілді. Мәселен, «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты вебинарымыз өз деңгейінде өтіп, ата-аналарға үлкен  ой салды. Оған ата-аналар, әсіресе, көненің көзіндей болған асыл әжелеріміз  де қатысты.

Шара барысында қазақтың ұлағатты сөздерінің, нақылдарының мағынасына көз жүгіртіп, жиылғандар арасында тереңірек талқыладық. Мәселен, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты нақылдар бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, барлық мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Мұны ата-аналар да жете түсініп өз ойларын ортаға салды.

Шара барысында ұл тәрбиесі мен қыз тәрбиесі бөлек тақырып ретінде қаралып, кейін ортақ қорытындысы шығарылды. Ұл туралы сөз қозғалғанда, алдымен ата-аналдарға «Ұл баланың бойында қандай қасиеттер болуы керек?» деген сауалымызыд жолдадық. Олардың көбі қайсарлық, батылдық, бір сөзділік, ұстамдылық, өз-өзіне деген сенімділік сынды қасиеттерді тілге тиек етті. Бала тәрбиесінде алдымен ата-ана өз іс әрекетіне мән беріп балаға үлгі бола білуі шарт.

«Баланы тәрбиелеме – өзіңді тәрбиеле, себебі балаңыз өзіңізге тартады» деп те айтылған. Өзара пікірлесу барысында ұлына әрқашан қолдау көрсету, үй жұмыстарына араластыру, әкесімен тығыз қарым-қатынаста болу, әдеп қағидаларын сақтау секілді өз тарапымыздан бірнеше ұсыныстар айтылды. Жиылғандардың басым көпшілігі бұл айтылғандарымызбен келісе отырып, өз отбасындағы тәрбиелік әдіс-тәсілдерімен де бөлісті.

Нәтижесінде, екі жақты оң тәрбиеленген баладан білімді, болашағына сенімді ер азамат қалыптасарына сенім білдірдік. Ал, қыз тәрбиесінің өзі қазақ үшін бөлек институт. «Қоғамды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деп бекер айтылмаған. Қазақ қызын қырық үйден тыйып, қонағындай құрмет тұтып, және осының бәрімен қоса, бесаспап қылып тәрбиелеген. Қыз бала бөгде босағаға бармай тұрып та үй тірлігінен хабардар болуы шарт. Сондай-ақ, салт-дәстүрді сақтай отырып, замануи көштен қол үзбей өзін біліммен  де дамытқаны жөн.

Қазақта алып та, дана да, дара да анадан туады деген аталы сөз бар. Әр қыз бала – ертеңгі ана. . Яғни, өзінің салиқалы , салмақты ақыл-парасатымен, «әйел тек өз бесігін ғана емес, әлем бесігін де қоса тербей алатын құдіретке ие. Осындай ойтолғамдарымызды айта келе, біз өз тарапымыздан ата-аналарға бірнене ұсыныстар жолдадық: қыз баланың сүйікті ісіне қолдау көрсету керек; балалық шағын ұзақ сақтауға тырысу керек; қыз баланың мінез құлқына мән беріп отыру қажет және қыздың тазалығына жіті мән беру шарт.

Сондай-ақ, қыз баланың жас ерекшелігін 3 кезеңге бөліп, әр кезеңге тән ақыл-кеңестер айтылды. Бұл пікірімізге ата-аналар да қосыла кетіп, өз тәжірибелерімен де бөлісті. Әдеттегідей, екі жақтағы тәрбие де мінсіз жүзеге аса алса, осы айтылған қасиеттерді бойына дарыта алған қыз бала тәрбиелі, білімді, жан-жақты бойжеткен болары сөзсіз. Бұл  – жекелей алған кездегі тәрбиелеу әдістері. Ал, мұндай оң тәрбиенің барлығы түптеп келгенде ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып жатыр.

Мәселен, отбасында тек ата-ананың ғана емес, ата-әженің берер тәрбиесі де маңызды рөл атқарады. Кейбір отбасыларда ата мен әженің ролін жете түсіне бермейді. Көненің көзі болған ата,әжелеріміздің өсиеті асыл мұра. Қазақ – қариясын құрметтеген халық. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата болған кісілерді «ақсақал» деп құрметтеп, төрден орын берген, олардың батасын алмай ешбір іс бастамаған.

Ал бүгінде осы үрдістердің барлығы біртіндеп өзгеріске ұшырап барады. Ата – елдің, отбасының ақылшысы, батагөйі әрі қамқоршысы болса, ақжаулықты «әжелеріміз» отбасы мен ағайын-туыс, ел-жұрттың амандығын, тілеуін тілеп, халықтық салт-дәстүрімізді ұлдары мен қыздарына ұғындырып, үлгі-өнеге көрсететін жандар. Қорыта айтсақ, ата мен әженің бала өмірінде алатын орны ерекше.

Бала ата әженің бар құндылығын бойына сіңіруі үшін ата-ана да екі арада алтын көпір бола білуі шарт. Сонымен қатар ағайын-туыстың алатын орны да ерекше. Ағайын болып өмір сүру, бауыр-қарындастың қамын ойлау, туыстың жайына жанашырлық сезіммен қарау,үйге келген қонақты күтіп, құрметтеу ата-бабамыздан келе жатырған құбылыс. Осы шарадан әжелер де, ата-аналар да ерекше әсерге бөленіп өз ойларымен бөлісіп вебинардың бір бөлігіне айналды.

Өз қорытынды сөздерін айтып, алғыстарын білдірді. Қазіргі таңда өзекті мәселе тақырып екеніне пікірлерін білдірді. Түйгеніміз – мектеп пен отбасының  өзара ынтымақтастыққа құрылған қарым-қатынасы арқылы болашақ қоғамды тәрбиелейтін бойжеткен мен болашағына сенімді ер азамат тәрбиелеп шығарымыз сөзсіз.

Бақытгүл Әділбекқызы ӘДІЛБЕКОВА,
Айнұр Нурлабековна МЕДЕТОВА,
Марал Мақсотовна ҚЫДЫРҒАЛИЕВА,
Атырау қаласы химия-биологиялық
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің педагог-ұйымдастырушы-тәлімгерлері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий