Ахмет Байтұрсынов филологиясы Ақтөбе педагогикасында

Қазақ халқының рухани мұрасының мәнін ашу, оны игеруде қазақгың ақын-жазушы-педагогтары еңбектерінің бүгінгілігінің қазіргі кезде маңызы ерекше. Белгілі ғалым-академик Құбығұл Жарықбаев айтқандай: “Халықтан шыққан үздік ойшыл тәлімгерлер халықтық тәлім-тәрбиеден нәр алып, дамиды. Ал халықтық тәлім-тәрбие ойшылдардың ой-пікірлері арқылы күрделеніп, шырай алып, әрмен қарай дамиды”. Ал қазіргі еліміздің тәуелсіздік алып, өркениетке бет бұрған кезеңінде қазақ ғұламаларының еңбегі бүгінгі білімнің мақсат-мүддесімен үйлесімдік тауып отыр.

Осыған орай, жан-жақты жетілген түлғаларды тәрбиелеу іс-әрекетінде олардың педагогикалық мұраларын кеңінен пайдалану кезек күттірмейтін мәселеге айналуы жаңартылған білімге басты міндет болып та қаралуда. Олардың ғылыми, әдеби еңбектері, педагогикалық көзқарастары білім беру саласында бұдан бұрын да айтылып, жазылып келді, айтылып, жазыла да береді. Соның ішінде ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың есімі мен еңбегі биылғы мерейлі 150 жылдығында білім саласындағы бар іс-шаралардың басты тақырыптары болғаны белгілі.

Неге мен Ахмет Байтұрсыновты ерекшелеу атаудамын? Ахмет Байтұрсынов  ең алдымен, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсаған ағартушы. Ағартушылық басты мақсаты – өз алфавитін жасау, оқулықтар жазу болғанды. Осы мақсатты орындау үстіне ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап – танытқан зерттеуші әрі сол зерттеулерінің негізінде оқулықтар жазғаны белгілі. Бұл мақсат бүгінгі қазақ тілін оқытудағы бағдарламалық білімнің де астарында әлі күн өміршең.

Атап айтқанда, «Әдебиет танытқыш» – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалған.

Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетеді. Ерекшелігі жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. кетеді. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған.

Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Ағартушы өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп, сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі.

Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы, «Жәнібек батыр» аңыз әңгімесі мысалға алған. А.Байтұрсыновтың бұл еңбектеріне басым тоқталуым-бүгінгі қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы әдістемемен сабақтастығын жоймаған, және аталған пәндік тәжірибелерден танығандығымнан. Тұлғаның бүгінгі білім мазмұнында тағы бір құнды еңбегі қазақ тілінің әріптерінің жүйелі тізбегі, қазақ халқының мәдени өмірінде басқа да түркі халықтарымен бірге пайдаланып келген әр түрлі әріп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесі – қазақ әліпбиі туралы еңбектері дер едім.

Ғалым сауатсыз халықтың болашағын ойлап, жаны күйзелді. Қазақ халқы тұтынып отырған араб алфавитінің теріс жақтарын, кемшілік тұстарын көріп, өзгеріс енгізуді қажет деп санайды. Ол туралы ойын «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» сөйлеген сөзінде айтады. А.Байтұрсыновтың ойынша, жақсы әліпбидің мынадай қасиеттері болу керек: жақсы әліпби тілге шақ болу керек; әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс; жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Ағартушының сол кезде айтқан сындарлы пікірі бүгінгі әліпби аясындағы істерге сай келуде екенін жалпы тіл жанашырлары мен білім саласындағы мамандар қауымы біледі.

Осы бағытта Ахмет Байтұрсынов филологиясы Ақтөбе педагогикасында да дер едім. Ал Ақтөбе филологиясы дегенде профессор,түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбанов бірінші болып аталары сөзсіз. Құдайберген Қуанұлы осы Ахмет ұстаз жазған «Оқу құралымен» ауыл мектебінде сауат ашқан ұрпақтардың алғашқы толқыны қатарына жатады екен. Қазақ фонетика мәселелерін арнаулы жүйеге салып зерттеу кезеңі Құдайберген Жұбановтан басталады.

Профессор Қ.Жұбанов қазақ лингвистикасының ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Ол қазақ фонетикасының бір топ мәселелері (атап айтқанда – тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру құбылысы, үндестік заң, сөздің буын құрылысы және акцентуация саласы) жөнінде зерттеу жүргізіп, олар туралы белгілі шешімге келеді. Осы зерттеулерінде ол А.Байтұрсыновтың тұжырымды талдауларын дамыта түседі. Екі тұлға арасындағы тағы бір байланыс Ахмет Байтұрсынов 1934 жылы ГУЛАГ жүйесінің лагерінен босанып, Алматыға оралады.

Алайда Алаш азаматтарын жау көруден танбағандар ұстаздың ілім-білім саласында қызмет істеуіне де, ғылымдағы өзіне тиесілі орнын алуына да мүмкіндік бермеген екен. Сонау қиын шақта профессор Құдайберген Жұбанов тағдыр талқысына ұшыраған ұлы ұстазға материалдық және моральдық жәрдем көрсетіп тұрған екен. Бұл да болса екі тұлғаның халықтық-педагогикалық үндестігі дер едім. Ахмет Байтұрсынов филологиясы Ақтөбе педагогикасында педагог Қ.Жұбанов еңбектерінен бастау алып,бүгінгі күн облыстың озық әдістемесі және тағылымды тәжірибесіне айналып келеді.

Ағартушы еңбектері мен есімі 150 жылдық іс-шаралары барысында тереңірек танылды десем де болады. Облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы Баишев университеті «Рухани жаңғыру» институтымен бірлесіп 17 ақпан күні жалпы орта білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында «Тұлға тағылымы» атты ақын өмірі мен шығармаларына бағытталған ұстаздар арасында эссе жазу, жыр мүшайрасы байқауын өткізді.

Байқаудың мақсаты қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаз А.Байтұрсыновтың 150 жылдық мерей тойына орай өткізілетін «Тұлға тағылымы»  атты облыстық байқаудың мақсаты туғанына 150 жыл толуына орай, «ұлт ұстазы» атанған ақын шығармаларының көркемдік ерекшелігіне талдау жасау, педагогтердің кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және шығармашылықпен жұмыс жасайтын креативті педагогтерді анықтау.

Байқауға облыстың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасынан барлығы 200-дей  сұраныс келіп түсті. Эссе байқауы сырттай өтсе, мүшайраға сұраныс берген ұстаздар өлең-арнауларын шаршы топта оқыды. Мүшайраға Ази Есентүгел Аманкелдіұлы – айтыскер ақын, мәдениеттанушы ғалым, Баишев университеті “Рухани жаңғыру” институтының директоры, Тілеулесов Талғат Бұрханұлы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми  кітапханасы директорының орынбасары, Самат Есенқұлұлы Нарегеев – Облыстық «Ақтөбе»  газетінің тілшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі қазылық етті.

Жеңімпаздар облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Баишев университетінің ректорының Дипломдары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Қорыта келе айтарым, ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов педагогикалық еңбектерінде дүниежүзілік жəне орыс əдебиеттану ғылымындағы жаңалықтардың бəрін жетік біліп, оны өз тəжірибесінде қолданып, насихаттады. Бүгінгі қазақтың ұлттығы мен егемендігін бүгінгі таңда бүкіл дүниежүзі танып, мойындап отырған тұста ағартушы еңбектері білім мазмұнында  озық әдістеме және тағылымды тәжірибе болып педагогтер  игілігіне айнала берері хақ.

Құралай Илиясовна КУРАЗОВА,
облыстық ғылыми-тәжірибелік
орталығының әдіскері, педагогика
ғылымдарының магистрі, Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий