Әуезов университетінің үздік студенттері Мұхтар еліне саяхатқа шықты

Биыл елімізде қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің  125 жылдығы республика деңгейінде атап өтілуде.

Бүгін 7-ші маусым күні М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері М.Әуезовтің 125 жылдығын атап өту аясында қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалымы Мұхтар Омарханұлының туған жеріне  Абай облысына сахатқа салтанатты түрде шығарып салды.

Басқарма Төрағасы-Ректор Дария Пернешқызы Қожамжарова саяхатқа  шыққан студенттерге арнаған өз сөзінде: «Семей жері – киелі мекен. Кезінде Алаштың астанасы да болды. Ол топырақтан Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты қазақтың алып тұлғалары түлеп ұшты. Тұлпар аунаған жерде түк қалады дейді қазақ. Абайдың, Мұхтардың, басқа да Алаш арыстарының жүріп өткен жерлерін, қазақтың рухани астанасына сіздердің барып, өз көздеріңізбен көргендеріңіз – мен үшін қуаныш. Студенттік кез – өте тамаша шақ. Қызығы мол кез. Осы уақытта достарыңызбен бірге алыс сапар шегу де бір – ғанибет. Шыны керек, сіздерге қатты қызығып тұрмын. Тамаша әсермен, күшті естелікпен, естен кетпес сезіммен оралуға тілектеспін. Ақ жол!» – деп тілек білдірді.

Сонымен қатар Шымкент қалалық маслихатының депутаты Қуандық Сұлтанғали Нұрлыбайұлы арнайы келіп, саяхатқа шыққан студенттерге сәтті сапар тіледі.

Бұл саяхатқа баратын оқуда озат, спорт пен мәдениетте жетістікке жеткен және университет пен Шымкент қаласының қоғамдық өміріне белсене қатысқан 50 студент іріктеліп алынған болатын. Бұл іс сапарды оқу орнының басқарма мүшесі, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Сармурзин Ербол Жаңбырбайұлы бастап шықты. Сонымен қатар делегация құрамында «Мұхтартану» ғылыми орталығының қызметкерлері Қалшабек Ақжол мен Исабек Әзімханда бар. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында саяхаттың басталғаннан аяқталғанына дейін Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері қадағалап, бастап жүретін болады.

Саяхат 7 маусым күні басталып 15 маусым күні Шымқалаға оралады деп күтілуде. Саяхат барысында студенттер Тараз, Балқаш, Қарағанды, Қарқаралы,  Семей, Абай ауданын аралап Аягөз қаласына ат басын тірейді. Қайтар жолда Талдықорған, Қонаев Алматы қалаларында болып мұражайлармен танысады.

Сапардың мақсаты:

  • Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің шығармашылығы мен өміріне деген қызығушылықты арттыру;
  • Қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттау;
  • Студенттердің бойында патриоттық сезімді қалыптастыру;
  • Студенттерді Қазақстанның киелі жерлерімен таныстыру;
  • Жыл бойы жақсы нәтижеге қол жеткізген студенттерді ынталандыру.

Жоспар бойынша студенттер «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының тарихи нысандары («Қарахан кесенесі», «Айша бибі» кесенесі, «Көне Тараз» археологиялық паркі) мен М.Х.Дулати атындағы Тараз Университетін аралайды. Сондай-ақ Академик Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен танысып, КарЛАГ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейіне, 15 метр тереңдікте орналасқан көмір шахтасының музейіне барады. Одан кейін Қарқаралы қаласына барып, Құнанбай мешітін, Абай үйін аралап, Қарқаралы тауына шығады.

Қарқаралыдан кейінгі бағыт – Абай облысы. Студенттер Семей қаласына барып, Шәкәрім атындағы Семей университеті мен Семей қаласындағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайымен танысады. Жоспарға сәйкес, студенттер Абай ауданында орналасқан «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін, Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөрілідегі Әуез әулеті қыстауында орналасқан Әуезовтің мұражай-үйін, Шыңғыс тау бөктерін араламақ.

Одан бөлек, студенттер Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Унвиерситетіне барады. Сонымен қатар Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйін,  Д.Қонаевтың мұражай-үйін аралап, Ұлыттық Ғылым академиясының жұмысымен және Сәтбаев Университетімен танысады. Ғылым ордасына қарасты Палеонтологиялық зерттеулердің негізіне айналған Табиғат музейін, Археология музейін, Сирек кездесетін кітаптар музейін, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайын және Академик Қ.Сәтбаевтың кабинетін аралайды.

Сапардың соңғы күнінде студенттер Каскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирель Университетіне барып, профессор-оқытушы құраммен кездеседі.

Баc-аяғы 50 студент 10 күннің ішінде 5 облыс, 10 елдімекен, 30-дан астам тарихи-мәдени нысанды аралап, 7 университет жұмысымен танысып, 4000 км жерді еңсереді.

Маршрут карта

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий