Оқушыларды өз бетімен ізденіп, зерттеуге, шығармашылыққа тәрбиелеу

Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапасымен өлшенеді. Сапалы оқыту және оқушының өздігінен оқытуға баулу арқылы ғана парасатты азамат тәрбиелеп шығуға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей ұстаздың біліміне, оның іздену шеберлігіне байланысты деп түсінемін. Кез келген өндіріс саласында қазіргі кезде шығармашылықпен жұмыс жасайтын маманды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адам ісі- ақыл-ойға негізделеді, алған білімін таныс емес іс –әрекеттерге бағыттайды.

Шығармашылық  адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен түзіліп, ақыл-ойы мен сезімінің, қиялының ерекше бітімінен көрінеді. «Шығармашылық – адам ойлауының және өз бетінше әрекетінің жоғары формасы» деп анықтама береді ғалымдар. Білім беру саласында оқушынының өз бетімен ізденіп, зерттеуге, шығармашылыққа тәрбиелеу үшін мұғалім сабақты түрлендіріп өткізуі керек.

Шығармашылық, зерттеушілік дағдыны қалыптастыратын сабақтар оқушылардың таным деңгейін кеңейтіп, белсенділігін қалыптастырады. Оқушы барлық істе шығармашылық бағыт ұстануға тырысып, бойындағы қабілеті мен білігін жетілдіре түседі. Оқушыларды өз бетімен ізденіп, зерттеуге, шығармашылыққа тәрбиелеудің төмендегідей пайдалы жақтары бар: оқушылардың танымдық дүниетанымы қалыптасады; оқушылар сұрақтар мен мәселелерді терең талдауды меңгереді; топтық жұмыс кезінде ортақ әрі нақты тұжырым жасауға дағдыланып, ұжымдық ойы мен пікірі жетіледі.

Және түрлі дерек көздерімен (кітап, көркем және ғылыми әдебиет, баспа материалдары, жинақтар, конференция материалдары) жұмыс істеуді үйреніп, шығармашылық деңгейі өседі; мұғалім және оқушы арасында ынтымақтастық пайда болып, сенімділігі арта түседі; оқушылардың білімі жүйелі түрде толықтырылып, өз ісіне сыни көзқараспен қарай алады; оқушы сөйлеу және сөз мәдениетін үйреніп, өз ойын еркін айта алатын болады. Оқушы бойында осы пайдалы жақтарды, қасиеттерді қалыптастыру үшін мұғалім де талапшыл әрі ең маңыздысы, білімді болуы керек.

Мұғалім әр сабақ сайын тек жаңа ақпаратты ғана түсіндірмей, шығармашылық, зерттеушілік, өз бетімен ізденіп жұмыс істеу қасиетін шыңдай түсу  керек. Түсініктірек болу үшін өз тәжірибемнен мысал келтіріп кетейін. Сын есім тақырыбын өткен кезде ауызша тез арада қызықты ертегі құрастырдық.  Оқушы оқиға желісін байланыстыра отырып мәтін құрастыруы тиіс және ол сөйлемдердің ішінде міндетті түрде сын есім болу керек. Мысалы, «Ертеде бір қоңыр аю болыпты.

Бірде ол серуендеп келе жатса, алдынан аппақ көжек шыға келіпті. Аю одан:  -Сенің тоның өткенде ғана сұр сияқты еді ғой,-деп сұрапты. Көжек оған өзінің сиқыршы көжек екенін айтыпты. Қоңыр аю одан қорқып тиіспей кетіп қалыпты. Тапқыр көжек осылайша аман құтылыпты» деген ертегі құрап шығарды. Бұлайша шапшаң ертегі құрастыру оқушылардың ертегі құрауға деген қызығушылықтарын арттырды. Басқаша «Ерте, ерте, ертеде бір ғажайып мекен болыпты…» деп сөйлем беріп, әр оқушы алдыңғы сөйлем мағынасын жалғайтын сөйлемдер құрап жазу керек. 

Негізі әр бала табиғатынан шығармашыл болып келеді. Алайда уақыт өте келе жоғалып кетуі мүмкін. Шығармашылыққа деген ұмтылысты өмір бойы сақтау үшін оқушыға әртүрлі қызықты шығармашылық жұмыстарды ұсынып отыру қажет-ақ. Қорыта айтқанда, жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін сабақта және сыныптан тыс жұмыстарда үнемі түрлендіріп, тиімді пайдалану- оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың бірден-бір жолы.

Соның негізінде ғана тіл байлығы мол, сауатты да шығармашыл, елінің ертеңін ойлар жас жеткіншектерді тәрбиелей аламыз. Оқушыларды өз бетімен ізденіп, шығармашылыққа, зерттеуге тәрбиелеу оқушы үшін де, мұғалім үшін де аса пайдалы болмақ. Себебі, жеке дағдылар шыңдалып, тұлғалық болмысы қалыптасады.

Асель Бакитжановна ДЖАПАРОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО,    «Өзін-өзі тану» гимназиясының
қазақ  тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий