Жаны жайсаң, жүрегі жомарт

Бұл өмірде кезінде әріптес болып етене араласқан азаматтар туралы өткен шақпен естелік жазудың машақаты ауыр екен. Өткен жылы әлемді діттеген пандемия кеселінен көз жұмған таныстарымның арасында Бақытжан Әбдіқалықұлы Сайлыбаевта бар болатұғын. Ауыр қазаны алғаш естігенімде қатты жабырқағанымда жасырын емес, себебі соның алдында ғана университеттің бір оқытушысының шаңырағындағы тойға сонау Қызылорда қаласынан арнайы келгенде кездескен едік.

Уақыт шіркін дегенін жасап тұр, амалың жоқ, бәрі Алла тағаланың ісі деп өзіңді өзің жұбатасың. «Уақыт – өмір, өмір – өзен» деген осы, шығар?! Бақытжан Әбдіқалықұлымен алғашқы таныстығым 2011 жылдың 3 қазан күні басталды. Сол күні ректордың кеңесшісі, ұстазым, профессор Хисмет Табылдиев өзіне шақырып алып, бір әңгіменің шетін бастады: – Ал, шәкіртім, сен мені дұрыс тыңда. Мына университеттің басшылығына келіп жатқан азаматқа қолдау көрсетіп, жан-жақты көмектесуіміз керек. Жағдай онша мәз болып тұрған жоқ, әсіресе шаруашылық саласы.

– Иә, менің оған қандай қатысым бар, жасап жатырған жігіттер бар емес пе? Мен ғалыммын, не үшін кандидаттық диссертация қорғадым. Жүрейін сол айқайласып, әйелдермен, – деп жұлып алғандай қарсыластым. – Жоқ. Олардың жұмысына көңіліміз толмайды, керек десең қысқа да әзір емеспіз. Айналаны көрдің бе, қоқыстың астында қалдық, – деп, профессор терезеден шарбақтағы жөндеуден қалған қалдықтарды көрсетті. Сонымен не керек, ұстазыммен бір сағат саудаласқан жандардай айтысып, айтысып  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік униерситетінің ректоры міндетін атқарушы Бақытжан Әбдіқалықұлы Сайлыбаевтың  кабинетінен бір-ақ шықтық.

Хисмет Бозанұлы мені басшыға таныстырып, көп жыл селолық Кеңес төрағасы болғанымды, шаруашылық басқарудан тәжірибесі мол екенімді жеткізіп, мақтауымды жетістірді. Сөйтіп, бір күнде Бакеңмен қоян-қолтық жұмыс жасауымызға тура келді. Келесі күні ертемен бастықтың алдына келіп, өзімнің жоспарымды және шұғыл жүзеге асыратын мәселелерді алдына қойдым. Атап айтқанда, тәртіп мен үшін университетке кіретін қақпа мен есіктен басталады.

Сондықтан шарбақтағы жеке меншік автомашиналар түгел сыртқа шығарылып, тек қана мекемеге тиісті көліктер қалуы тиіс дедім. Бұл шаруа көптің ызасын тудырды, әсіресе бұрыннан декан болып қалған азаматтардың бүлігі қатты болды. Ректор  мырзаның бұйрығын баспаханаға бастырып іліп қойғаным қандай жақсы болды десеңізші, оқиды да мені көздерімен бір, ауыр сөздерімен екі атып кетеді. Шыдаймын, шыдауың керек, Қылыш деп қоямын.

Келесі мәселе, 36 мың шаршы метрге орналасқан 9 ғимараттағы жылу мен су. Ол жұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті құрал-жабдықтар қажет. Атап айтқанда, электрмен дәнекерлеуші аппарат, ток өлшегіш құралдары, сорғылар (насос), қуатты моторлар, әр түрлі өлшемді пластик құбырлар тағысын тағылар. Бұл мәселелерде тезінен шешімін тапты.  Облыстық жылу жүйесі басқармасына сұраныс беріп, қуатты машиналармен трубалар бойындағы қысымды сықтық.

Тозығы жеткен жылу-су жүйелерін тез ауыстырдық, сөйтіп 15 қазанға жылу беруге рұқсат алдық. Бұл шаруаларды жүзеге асыруда Бақытжан Әбдіқалықұлының тікелей ықпалы болғанын ашып айтқым келеді. Шаруа бірыңғайға келгесін, университет ауласын тазартуға кірістік. «Арнаулы база» мекемесінен 2-3 «Камаз» автомашиналарын алып келіп, ғимараттарды жөндеуден қалған қоқыстарды шығардық. «Буревестник» спорт кешеніндегі бассейн орнын сан жылдар жиналып қалған қалдықтардан тазарту өзі бір бөлек әңгіме.

Осы тұста кезінде құрылысы салынғанмен құжаттары бітпеген жаңа спорт кешенін бір ретке келтіріп, пайдалануға бердік. Студенттердің қуанышында шек болмады. Бақытжан Әбдіқалықұлының ұсынысымен «Жайық» атауы берілген ғимараттың ұшар басына неонды шамдар орнатылды, түнде жарқырап университет айналасын нұрға бөледі. Директорлығына менің ұсынысыммен Амантай Мұхамбеталиев деген оқытушы тағайындалды. Жұмысымыз жаңа бағытқа түсті десекте болады, бастық ойының жүзеге асқанына дән-риза.

Біз кешкісін жұмыс аяқталғасын шаруа жәйімен кездесіп тұрушы едік. Сонда Бакең алпыс жылдық тарихы бар оқу орнында бір іліп алар зертхана жоқ деп қатты налитын. Көп ұзамай тендер арқылы Шымкент қаласындағы жиһаз фабрикасынан екі дәрісханаға құны 20 миллионды құрайтын химия-физика пәндеріне лайықты сужаңа оқу жабдықтары алынды. Жаңа жыл қарсаңында оны да орнатып үлгердік. 40 жыл 3-4 қабаттарға көтерілмеген су мәселесінде шешіп тастадық.

Бұл ісімізге еден жуушылар дән-риза! Ректорлық лауазымдық қызметі ұзаққа бармасада  Бақытжан Әбдіқалықұлының осындай басшылықтағы батыл шешімдері көптің есінде қалған шығар деп ойлаймын. Иә, адам – өмірге қонақ. Өмір деген – өткінші. Ғұмыр – қысқа, әркімге өлшеп берілген өмір ғана бар. Ажал біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Ол – табиғаттың заңы. Сондықтан күні кеше қасыңда бірге жүрген азаматтардың бақилық болғанына қимастық танытасың, бірақ қолдан келетін шара жоқ.

Сөз соңында көпке есімі ортақ, артына өшпестей із қалдырған, қара басының қамын күйттемеген, жаны таза, сұлулықты сүйетін, жақсылық пен жамандықты алтын өлшегендей безбендеп отыратын  Бақытжан Әбдіқалықұлы Сайлыбаевтың жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады дер едім.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Атырау облысы білім және ғылым
қызметкерлерінің кәсіптік одағы
қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
тарих ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий