Экологиялық мәселелер оңтайлы шешілуі қажет

Өнеркәсіп саласының дамуы мен технологияның қарқынды ілгері басуы салдарынан әлемде мегатрендтік жүйе қалыптасуда. Негізгі трендтердің бірі – «Жасыл экономикаға» көшу. Жер шарында климат пен экологияның бұзылуы салдарынан адамзатқа және оның болашағына үлкен қауіп төнуде. Өндірістердің көптеп салынуы мен табиғи қазба байлықтарды  игеру салдарынан туындап жатқан ластану бұрын соңды болған өзгерістерге алып келуде.

Өндіріс орындардың табиғи ресурстарды кең көлемде қолдануы, экономика мен тұтыну кезінде қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар, ұшқын элеметтер, түтінді газдар (CO, SO2 NOx) мен жинақталған радиоактивті бөлшектер – экологиялық проблемалардың өсуіне, климаттың, ауаның, судың, экожүйенің бұзылуына кері әсерін тигізуде. Әлемдік экологиялық проблемаларды шешу мен жаңа заманауи трендтерге дер кезінде көшу елімізде оңтайлы іске асуда. Негізгі қадамдарға  – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүйелі реформалары мен үкіметтің қабылдап жатқан заңнамалық құжаттарды айтуға болады.

«Өнеркәсіп саясаты туралы» заңнама аясында елімізде ресурстық әлеуетті толықтай зерделеу, геологиялық барлауды арттыру, өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату, радиоактивтілігі жоғары техногенді заттарды залалсыздару, өндіріс орнынан бөлінетін парникті газдарды төмендету, ұшқын элементтерді тазартуда заманауи құрал-жабдықтарды орнату, қалдықтардың салдарынан туындайтын кәсіби аурулардың деңгейін азайту, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау орындалатын болады.

Қазіргі таңда, еліміздің егемендігін алған кезден жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар мен Кеңес Үкіметінің индустрияландыру дәуірінен қалған қоймалар мен үйінділерінде 30 млрд астам өндірістік қалдықтар жинақталған. Олардың басым бөлігі тау-кен, химия және түсті металлургия өндірістердің қалдықтары. Қоршаған ортаны сақтау мен өмір тіршілік қауіпсіздігін жүргізудің басым бағыттарының бірі – қалдықтарды қайта өңдеу мен залалсыздыру болып табылады.

Жоғарыда келтірілген мәселенің айрықша маңызға ие екендігін ескеріле келе, мәселені жоғары деңгейде шешу Президент жолдауының шеңберінде іске асып жатыр. Үкіметтің  «Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға бағытталған Концепциясы», жоғары ғылыми-техникалық кеңес шешімімен қабылданған «Ғылыми-зерттеу жұмыстарды дамытудың 2022-2024 жылдарға бағытталған басым бағыттары» құжаттары, сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес «инженерлік-техникалық» бағытта кадрларды даярлауда басымдық беру, «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға гранттар санын арттыру, жыл сайын 500 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуді қамтамасыз ету жұмыстарымен орындалуда.

Алғашқы қабылданған іс-шаралардың ел экономикасының дамуына септігін тигізері анық. «Болашақ» бағдарламасының жаңа ашылған «500 Ғалым» санаты бойынша алғашқылардың бірі болып 2022 жылдық қаңтар айында Ресейдің М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне 1 жылдық тағылымдамадан өту кезінде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде техногенді қалдықтардың (қорғасын шлагы, мыс шлагы, көмір өндіріс қалдығы мен  вулканды тау жынысы – тефритобазальт) микроқұрылымдары мен қасиеттері толық зерттелді.

Құрамында кездесетін токсинді элементтердің экологиялық аймаққа келтіріп жатқан зияны мен қоршаған ортаға шығарып жатқан радиоактивті гамма-сәулеленуі, адам денсаулығына кері әсері мен кәсіби ауру туғызу деңгейі бағаланды. Қолайсыз экологиялық факторлардың әсерінен халықтың демографиялық өсім көрсеткішінің төмендеуі, жаңа туылып жатқан нәрестелердің генетикалық ауытқулары мен балалар арасында денсаулықтың нашарлауы, физикалық және биологиялық дамудың децелерациясы, жүйке-психикалық статустың бұзылуы, мүгедектік деңгейі, нозологияның түрлері мен топтарына байланысты аурушаңдық көрсеткіштерінің өсімі тіркеледі.

Қалдықтарды кешенді қайта өңдеу мен залалсыздандыру, құрамындағы ауыр токсинді элементтердің (Ti, Zn, Pb) жойылуына, оның салдарынан туындайтын қан құрамында қант диабетінің жоғарлауын, гиперхолестеринемия, семіздік, салмақ жетіспеушілік, бронхит, өкпе тынысының бұзылуын және пиелонефрит ауруларының туындауын алдын алуға және антропогендік әсерін төмендетуге мүмкіндік жасайды. Тағылымдаманың 6 айлық мерзімінде жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша 3 ғылыми мақала, оның ішінде: 1 – Scopus деректер базасына кіретін, 2 – БҒССҚК бекіткен журналдарда жарық көрді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарды әр қарай да жалғасын табуда. Алдағы уақытта техногенді қалдықтарды кешенді қайта өңдеудің ұтымды әдісі, экономика-экологиялық көрсеткішінің тиімділігі, энергия үнемдеу бойынша технология әзірлену жоспарлануда. Өндіріс қалдықтардың қоршаған ортаға зиян келтіруші емес – экономикаға пайдасын беруші шикізат ретінде жұмсалу көзделіп отыр.

Нурғали Надырұлы ЖАНИКУЛОВ,
«Болашақ»  халықаралық бағдарламасының

стипендиаты, М.В. Ломоносов атындағы
Мәскеу мемлекеттік университетінің
тағылымдамашысы, М.Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан университетінің аға
ғылыми қызметкері, АР08053015 жобасының
жауапты орындаушысы, философия докторы (PhD)

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий