Асхат Аймағамбетов: «Мектеп директорлары бос жұмыс орындарын жасырын ұстайды. Бұл – заңсыздық».

«Мектепте бар бос орынды бізде көп мектеп директорлары көрсетпейді, оны біз жақсы білеміз. Жасырын ұстайды. Тиісті құзырлы органдарға бос орын барын уақытында хабарлап айтпайды. Кейін, қыркүйек айы өткеннен кейін, біраз уақыттан соң, «адам келген жоқ, мұғалім таппадық» деп, сол бар сағаттарды ішіндегі жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге бөліп бере салады. Бұл – заңсыздық». Бұл – ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың бүгінгі аппарат жиынында айтқан сөзі.

Иә, бүгінгі аппарат жиынындағы күн тәртібінің алғашқы тақырыбы да  мемлекеттік білім беру ұйымдарына мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі турасында болды.

Алдымен сөз алған министр дәл қазіргі таңда аталмыш мәселе бойынша көптеген мәселелер орын алып жатқандығын айтты. Іле-шала ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Таңатқызы арнайы баяндама жасады.

– Былтыр 19 қарашада Білім және еңбекпен қамту министрлігінің бірлескен бұйрығы қабылданды. Биылғы оқу жылына мұғалімдерді қабылдау осы жаңартылған бұйрық негізінде жүзеге асырылмақ. Негізгі мақсат – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, оқу жүктемесін бөлу барысында бос сағаттарды ұсақтап бөлуді болдырмау, педагогикалық бекітілген жүктемемен қамтамасыз ету мәселелерін шешу. Бос жұмыс орындары босаған жағдайда әр жұмыс беруші, яғни, директор жұмыс орындарының босауы бойынша 5 күн ішінде еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, халықты жұмыспен қамту орталығына ақпарат ұсынады. Мәліметтер жазбаша немесе электрондық еңбек биржасы мемлекеттік ақпарат порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершіліктің де қарастырылғанын естеріңізге салғым келеді. Сондықтан, барлық босаған орындар бойынша мектеп басшылары немесе өзге де басшылар бос орындар туралы ақпаратты тез ұсынуы тиіс, – деді вице-министр.

Осыған дейін педагогтарды жұмысқа орналастырудың реттелген тәртібі болған жоқ. Жұмыс беруші кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа алуды өзі шешетін. Мектеп директоры 1 ставкаға кей жағдайда 3-4 педагогты қатар қабылдап, бос сағаттарды ұсақтап бөлгендігі туралы да жағдайлар анықталған. Қазіргі уақытта педагогтарды жұмысқа қабылдау жаңа ереже бойынша конкурс негізінде және нақты өлшенетін өлшем шарттары арқылы жүзеге асырылуда. Конкурсты ұйымдастырудың тәртібі мынадай:

  • конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
  • конкурс өткізу күні мен орнын анықтау және конкурстық комиссияны құру;
  • кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
  • олардың құжаттарының біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау.

Ал, жұмысқа орналасудың рәсімі төмендегідей:

  • Алдымен үміткерлер өтініш береді;
  • өтініш иесі өз жетістіктерін, нәтижесін, еңбек өтілін әкімшілік немесе әдістемелік қызметін, тәжірибесін, курстық дайындықтан өтуін көрсете отырып, бағалау парағын толтырады;
  • биылғы түлектерге де көрсетілген өлшем шарттары бар;
  • әр бағыт бойынша белгіленген бағалаудың өлшем шарттарына сәйкес, үміткер өз құжаттарының ұпайларын өзі қояды;
  • конкурстық комиссия растайтын құжаттарын тексере отырып, үміткер мұғалім қойған баллдардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпайларды жинап шығарады. Нәтижесінде, ұпайы ең жоғары педагог бос орынға қабылданады.

Айта кетерлік жайт – үміткердің міндетті түрде біліктілік санаты болуы шарт. ЖОО және колледж түлектері міндетті  түрде біліктілік тестілеуінен өтуі қажет, сондай-ақ, мектепке келіп, педагог деген білктілік санатын алады.

Ал, тағайындау туралы шешімді  құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің немесе білім беру ұйымдарының, азаматтық қоғамның мүшелері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мамандары, педагогтар кіре алатын конкурстық комиссия қабылдайды. Бір пән бойынша  оқу жүктемесі 8 сағаттан артық болған жағдайда, қоса атқарушы педагог конкурсқа жұмысқа қабылданады. 8 сағаттан кем болған жағдайда бос орын жүктемесі бар білім беру ұйымының педагогтарына бөлініп беріледі. Алайда, бір пән бойынша 9 немесе одан да көп бос сағаттар болған жағдайда сағаттарды бөліп таратып беруге мүмкіншілік болмайды.

 Енді, санайғақты сөйлетсек… Өңірлерде оқу сағаттарының әркелкі бөлінуі туралы фактлер бар. Оның ішінде сағаттарды бөлу, педагогтардың оқу жүктемесін 2 ставкаға дейін жеткізу жағдайлары да жетерлік. Мәселен, 16 сағаттан кем оқу жүктемесі бар педагогтар үлесі Қызылорда облысында 31 пайызды құраса, Солтүстік Қазақстан обылсында – 27 пайыз, Қостанай облысында 25 пайызды көрсетті. Бұл – былтырғы оқу жылының көрсеткіштері. Алматы жән Нұр-Сұлтан қаласында педагогтар жетіспеушілігі әсерінен 1 жарым ставкамен жүрген ұстаздар саны артып отыр. Яғни, әр өңірде түрлі себептерге табан тірейтін әркелкілік байқалады. Қысқасы, тиісті педагогикалық жүктеменің дұрыс бөлінуін басты назарға алуымыз керек.

Аталмыш жаңа тәртіп бекітілгелі бері республика бойынша 3139 адам жұмысқа қабылданыпты. Олар қызметке расымен де жаңа тәртіп бойынша қабылданды ма? Жоғарыда жазылған шарттарды жұмыс беруші тарап пен қызметкер дәлме-дәл сақтады ма? Жаңа қызметкер арнайы конкурстан қалай өтті? Өзін бағалаған ұпайға ісі, құжаттары расымен де сәйкес келе ме? Оны комиссия мүшелері қаншалықты дұрыс бағалады? Конкурс нәтижесі қаншалықты әділ болды? Бұл сұрақтарға жауап жуық арадағы 10 шақты күн ішінде белгілі болмақ. Министр Асхат Аймағамбетов дәл осы сауалдарға арнайы тексеріс жүргізу арқылы нақты жауап табуды комитетке тапсырды. Сондай-ақ, сөз ауанын былайша жалғады:

– Мектепте бар бос орынды бізде көп директорлар көрсетпейді, оны біз жақсы іблеміз. Жасырып ұстайды. Тиісті құзырлы органдарға бос орын барын уақытында хабарлап айтпайды. Кейін, қыркүйек айы өткеннен кейін, біраз уақыттан соң, «адам келген жоқ, мұғалім таппадық» деп, сол бар сағаттарды ішіндегі жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге бөліп береді. Бұл – заңсыздық!

Расымен де, бұған қарастырылған арнайы әкімшілік жауапкершілік бар.  Жүктемені талан-таражға салып, тым ұсақтатып, 1 ставканы 4-5 адамға бөліп отырған басшылардың шала ісіне Министр мырза наразылығын білдірді:

– 16 сағатты қалайша 5 адамға бөліп беруге болады? Сонда қалай, бір сыныпта математиканы өткізгенде 1 емес, 2-3 мұғалім бере ме? Қалай ондай заңсыздыққа баруға болады? Бірнеше облыстарда 1 жарым, екі ставкамен жұмыс жасайтын ұстаздар көп екен. Қызмет бабында біз бекіткен тәртіпті бұзатындар болса, онда олар жауапкершілікке тартылады. Біз мұғалімдерді ашық, әділ конкурс арқылы жұмысқа алуымыз керек. Тәртіпті бұзбай, тиісті деңгейде орындауды тапсырамын, – деп шегеледі министр.

Мектепке арнайы конкурстан әділ өткен ұстазды қабылдап, жалпы жүктемені әділ бөлістіру мәселесін осылайша Оқу-ағарту министрі өз қолына алды. Мәселеге мықтап ден қойылуда. Айта кету керек, бұрын ауыл-аймақтағы әділетсіздіктер бірден республикалық деңгейде көтеріле қоюы қиындау болатын. Ал, бұдан былай әр апта сайын өткізілетін республикалық аппарат отырысына енді бүкіл мектеп директорлары, әр облыс, қала, аудан, тіпті ауыл-аймақтың білім саласындағы қызметкерлері ашық қатысып, көкейтесті мәселесін министрге тікелей жолдай алады. Демек, енді мәселе көзге көбірек көрінеді, құлаққа да бұрынғыдан ерте әрі жиірек естіледі. Сәйкесті түрде, нәтижесі де көңіл көншітерлік боларына сенім мол.

Бұл – жаңа Қазақстанның оң беталысы деп қабылдадық. Ел болашағы – білімді жастың қолында десек, бұл салада қордаланған кемшіліктер болмауы тиіс. Ешқандай сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі керек. Түйін –осы.

 

Орынгүл МАХМУД

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий