Алты мың асығы бар бөбекжай

 Қазақ халқы асықты бала кезінде қолына алып, тіпті сәби дүниеге келмей жатып, жас нәрестеге арнап  асық жинаған. Сол ойындарымыз жаңғырып, өзінің құндылығын жоймай, тәрбие құралы болса, нұр үстіне нұр. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын оятып, «қатарымнан озсам» деген   талпынысқа шақырады. Қазір жұртшылық ұлттық ойындардың ұлықталу деңгейі төмен деп кейіп, оны жаһанға жарқырата көрсетудің жолын таппай жүрген заманда Атырау қаласындағы 33 «Көркемай» бөбекжай-бақшасы ұлттық құндылықты ұлықтау тұрғысынан өзгелерден көш ілгері тұр. Қоржынында 6000 асығы бар мекемені көріп пе едіңіз? Иә, кәдуілгі балабақша үшін бұл – үлкен көрсеткіш.

 

 Асық ату – көшпелі халықтардың, әсіресе, қазақ ұлтының ежелгі кезден келе жатқан ойыны. Біріншіден, ол бір-бірімен сыйласуға, ұйымшылдыққа, тәртіпке үйретсе, екіншіден көз мергендігіне, қол ептілігіне баулиды. Асық ойыны – балалар үшін ең қажет ойын.  Міне,  осындай қанат қақты бастаманы,  жаңаша мазмұнда қолдануды «Көркемай» бөбекжай-бақшасы ұжымы қолға алды. Директорлары Гүлбану Қонаеваның жетекшілігімен, әлбетте.  

 

Қазір аталмыш бөбекжай қоржынында  – 6000 асық. Оның бәрі қайдан кеп жатыр деп таңқалуыңыз заңдылық. Оны жинауға ұжымға ата-аналар көмектеседі. Алыдмен келген асықтар арнайы бөлмеде тазартылып, сіңірінен ажыратылып, әбден тазаланады. Одан әрі, залалсыздандыру мақсатында қайнатылады. Кейін оны арнайы түрлі-түсті бояулармен бояп, балаларға ойынауға береді. Қазір 50-ден аса дидактикалық ойын түрлері  жинақталған. «Асық терапиясы» атты әдістемелік құрал да жарық көрді. Бұл тұрғыда, директормен қатар, тәрбиеші Светлана Салыққының да еңбегі зор. Ал, оларды бір ауыздан қолдай кеткен ұжымның еңбегі тіптен бөлек. Әсіресе, дене шынықтыру нұсқаушысы, шығармашыл ұстаз Жайнагүл Самайева да бұл бастаманы абыройлы жалғай білді. 6000 асық қызір бөбекжай ішіндегі арнайы жасақталған бөлмеде тұр.

Мұнда балаларға ыңғайлы етіп, дөңгелек жер үстелдер мен ойын кілемшесі жасақталған. Педагогика және психология­ ғы­лымында мектеп жасына дейінгі балалардың жетекші әрекеті ойын екендігі дәлелденіп, білім берудің нәтижелілігі ойынның алуан түрлі­лігіне  тікелей бай­ланыс­та болса, соған сәй­кес бүлдіршіндерді дамыту­  мақсатында замануи  асық ойындары құрастырылды.  Бұл туралы тәжірибелі басшы былайша бөлісті:

 – Десек те, асық ойындарының балабақшаға келуі кездейсоқтық емес. 2017 жылдың 5 мамырында маған Алматы қаласында өткен, республикалық Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, ондағы озық тәжірибелер көрмесін тамашалау мүмкіндігі бұйырды. Бұл көрме мектепке дейінгі әлем үшін жаңалықтарға толы болды. Атырау қаласынан қатысқан менің де педагогикалық қоржыным «олжалы» озық тәжірибелермен толықты.  Мені ерекше қызықтырған  Алматыдағы №51 балабақша педагогтарының «Асық ойындарын» жаңаша бағытта ұйымдастырған жұмысы еді. Мен де балабақшама құр келмей, осы тәжірибені педагогтарыммен бөлісіп, жүзеге асыру туралы ұсынысымды білдірдім. Мен басқарып отырған №33 «Көркемай» бөбекжай-бақша ұжымы бірауыздан қолдап, жұмысты бастап кеттік. Кейін балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді педагогтар мен ата-аналар  байқай бастады. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі. Дене шынықтыру ойындары қатары да  ұлттық асық ойындарымен толықты.  

 

 Расымен де, бұл ойын түрлері арқылы баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабі­леті артады, эстетикалық тал­ғамы дамиды және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысын­да шапшаңдыққа үйренеді. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқы­ту стандарты мен үлгілік бағ­дарламасына сай барлық білім сала­сында асықтың элементтерін  қолдануға болады. Ертеден келе жатқан асықтың санаулы ойын түрлерін жаңғыртып қана қоймай, педагогтар асықтан 50-ге  жуық  замануи дидактикалық ойындар мен қимылды ойындар құрастырып, картотекалар дайындады.

Бүгінгі таңда балабақшада асықтан жасалған ойын түрлерін вариативтік компоненттерде және ойын әрекеттерінде қамтып отыр. Асықтан  тек ойын құралы емес, барлық білім салалары үшін оқу құралдары жасалды. Мәселен, «Таным» білім саласы үшін, сандарды тануға, санауға үйретуге, тура және кері санау түсініктерін қалыптастыруға, баланың қызығушылығын оятып, еске сақтауына жұмыстануда.

«Денсаулық» білім саласындағы асықтан жасалған массажды құралдар балалардың күнделікті әрекетіне  айналды. Массаж –адамға мөлшермен берілетін механикалық тітіркендіргіш. Олай болса, осы  массажбен  балаларда кездесетін жалпақтабандылық, тірек қимыл аппаратымен байланысты аурулардың алдын алуға болады. Арнайы асық жолдарымен жүру арқылы, табан нүктелеріне әсер етіп, бұлшық еттің жетілуін, қан айналымының функциясын жақсартады.

 «Қатынас» білім саласы үшін дайындалған жаңа құралдар «Сауат ашу» оқу қызметінде білімдерін пысықтап, буынға бөлуге және дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстарды ажыратуға үйретті. «Шығармашылық» білім саласы үшін түрлі дыбыс шығаратын асықтан жасалған музыкалық аспаптар жасалды. Балалардың қолына икемді, қабылдауға жеңіл, әсерлі дидактикалық ойындарға қызығушылық басым болды. Асық көбейген сайын, педагогтар шығармашылығымен бірнеше қызықты ойындар пайда болды. Олар монтессорри, сын тұрғысынан ойлау, Зайцевтің, Никитинің, Воскобичтің  технологиясы негізінде жасалды.

«Домино», «Асық бизиборд» тақтасы, «Математикалық диктант», «Асық легосы» ойындары өте сәтті шықты. Балалар үшін  қызықты ойын алаңы болып  қана қоймай, есте сақтау қабілетін дамытуға, түстерді ажыратуға өзіне-өзі қызмет алатын машықтарға тәрбиелеп, достыққа, ұйымшылдыққа баулитын оқу тәрбие құралына айналды.

– Осы күнде балабақша қоржынында барлығы 6000-ға жуық асық бар. Асықты оқу тәрбие құралы етіп іске асыра отырып, “Асық өнімін балабақшада пайдалану” атты Ұйым стандартын және “Сараптама қорытындысын” “Стандарттау және сертификаттау” институтының Атырау қаласындағы филиалынан заңды түрде  рәсімдеп алдық. “Ұйым стандартын” институттың мамандарымен ақылдаса отырып  жасадық. Асықтан жасалған дүниелер үшін арнайы бөлме жасақтап, заңдылығына сәйкес, арнайы маманды да алып отырмыз. Бірнеше рет озық тәжірибені тарату мақсатында 2018-2019 жылдары “Өрлеу”  БАҰО институтымен бірлесе отырып, курс тыңдаушыларына, ал  2019 жылы  Атырау қалалық білім бөлімінің  13 қарашадағы  № 342 бұйрығының   “Мектепке дейінгі ұйымдардың тірек-бөбекжай-бақшасы”  болып   бекітіліп, жоспар бойынша өз  тәжірибемізді  көшпелі семинар көрсету арқылы  қала бөбекжайларына  барып, «Асық терапиясындағы жұмыс тәжірибелерімізбен бөлісіп тараттық, –  дейді басшы.

 

Мұндай тәжірибе алмасу шаралары еш үзілген емес. Дәріс барысында дене шынықтыру нұсқаушысы, тіл мамандары, психолог, бейнелеу өнері маманы  оқу қызметтерін «Асық терапиясының» элементтерімен қалай өткізуге болатынына   қанық  болып, оқу іс-тәжірибемен алмасты. Көрнекіліктер көрмесі де педагогтар үшін  күтпеген тосын сый болды.

Бұл игі бастама біраз қоғам белсенділерінің көңілінен шықты.

– Асық ойындарын қолданып өткізген оқу қызметтері балаларды жалықтырмай, қызығушылықтарын оятып, оқу үстінде білімдері беки түседі. Бұл іс-тәжірибелік жұмыс мектепке дейінгі ұйым педагогтері мен ата-аналар үшін ұлттық құндылықтарға тәрбиелейтін бірден-бір құрал» дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Амангелді Шамғонов.

 

          

Қорыта айтсақ, кейінгі кездері  балалар  мен жасөспірімдер ойын автоматтары мен смартфондарға, интернет сынды зиянды ойындарға әуес болып барады. Оның зияны сол – баланың ойлау қабілеті, ойлау шеңбері белгілі бір жүйеде шектеліп қалады. Ал, ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойынын жетілдіріп, жаңаша бағытта жүзеге асыруға болады. Оған осы жазбамыз дәлел. Осы орайда, бөбекжай тарапынан асық ойынын ұлттық деңгейде көтермелеуге бағытталған ұсыныстар легін таныс қыла кетуді ұйғардық: 

1. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында балабақшадағы оқу тәрбие бағдарламасына асық ойындарын енгізіп, балабақшада  асық ойынының қыры мен сыры терең түсіндірілсе;

2. Жылына бір рет асық ойындарынан  турнир өткізілсе;

3. Облыс  көлемінде ұмытылып бара жатқан асық ойындарын зерттеу және жинақтау мақсатында баспасөз бетінде конкурс жарияланса;

4. «Асық ойындары» атты балаларға арналған кітапшалар шығарылса… Біздегі ұсыныс  – осы. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау үшін зор пайдасы мол бұл ұсыныстарды жүзеге асыру да соншалықты қиын емес сыңайлы. Түптеп келгенде, жоғалғанымызды жаңғыртуға зор үлесі бары айдан анық. 

Ендеше, асығыңыз алшысынан түссін!

 

Орынгүл  МАХМУД
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий