“АТАМҰРА” баспа корпорациясына 30 жыл: Еңбектегенге де, еңкейгенге де керек кітаптар

Абитуриенттерден академиктерге дейін. 1992 жыл басталардан жарты ай бұрын Кеңес Одағы құлап, Қазақстан үшін әр салада сан тарапты бұрын жүрілмеген жол тұрды. Көктемгі далада қар еріген кезде жолдың бәрі лайсаң, атты мен жаяудың аяқ алысы қиындайтын еді. Бұл да тура сондай жағдай. Қандай ауыр болғанмен, ілгері басу керек.

Бір тұста жаңалықтар басталып кетсе, енді бір қатпарда бұрынғы ұстанымдар сақталып тұрды. Экономика әзірге жекешеленбеді, бірақ өндірістік кооперативтер құрылды. Сол жылы көктем соңында біз қызмет етіп жатқан «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстанда тұңғыш рет жоғары сынып оқушылары мен абитуриенттерге арналған көмекші құрал шығарылғаны туралы шағын мақала жылт етті. «Математика» пәні бойынша екі тілде, «Биология», «Химия», «Орыс тілі», «Қазақ тілі» пәндерінен жеке-жеке кітапшалар.

Бірі – жасыл, бірі – сары, бірі – қоңыр мұқабалы. Ол кезде Қазақстанның баспалары әлі жекешеленбеген, мемлекеттік болып саналатын. Солардың ішінде «Мектеп» пе, «Білім» бе, «Қазақстан» ба, «Балауса» ма, әйтеуір біреуі шығарған шығар дегенбіз. Жоқ, олар емес, кітапшалардың ішкі бетінде «Атамұра» деген таңбалы жазу тұр. Бұл Қазақстанның кітап пен полиграфия өнімдерін шығару нарығына тұңғыш жекеменшік баспа «Атамұра» қосылғанын айғақтайтын айшықты таңба екен. Баспаны құрған азамат әкесінің өзіне отыз жасқа толуына сыйлаған «Жигули» автокөлігі мен энциклопедиядағы қызметі кезінде әупірімдеп қолы жеткен пәтерін кепілдікке қойып, банктен бір миллион кеңес сомын несиеге алыпты.

 

Ол кезде сомның барынша сорлап жатқан уақыты. Экономистердің тілімен айтқанда, гиперинфляция. Досымыз бастапқы бағаммен 16 мың АҚШ долларына тең соманы банкке үш айда қайтаруға тиіс екен. Иә, өзіне қаншалықты сенімді болса да, ар жағында тағы бір айды резервке белгілепті. Шағын кәсіпорынның жұмысын бастау үшін банктен несие алғанда жиырма проценттік өсімге амалсыз келіскен көрінеді. Алған несиені уақытылы және өсіммен қайтаратындарына кепілдік берген сақтандыру компаниясына және 8 проценттік өсімақы төленеді. Кітап шығару бизнесі осындай қиындықпен басталған-ды.

Шығарған кітапшаларды таратудың өз машақаты болды. Қазіргі тілмен айтқанда, маркетинг. Алматыда оның жолы табылды. Алдымен өзі бастап, қасындағы бірер көмекші – жаңа ашылған баспадағы санаулы қызметкер қаланы шарлап, 18 жоғары оқу орнында болып, осы кітапшаларды бума-бумадан студенттерге тапсырады. Бұл Кеңес Одағы тарқаған соң, студенттік құрылыс отрядтары ыдырап, жастардың жазғы уақытты сенделіп, пайдасыз өткізетін тұсы еді. Студенттерге баспаның бағасын айтып, «соны қайтарған соң, артығын өздеріңде қалдырасыңдар» деуі жеткілікті екен. Бірінші буманы оларға апарып берген еді, баспаға өздері келіп қалғандарын сатуға алып кете бастады. Алматыда оңтайлы әдіс іске асты. Студенттер өздерінен кейінгі буын болатын талапкерлерге көмекші құралдарды жаппай өткізіп жатты.

 

Әлі 1992 жыл, ұлттық валюта – теңгенің айналымға кіре қоймаған кезі. Баспаның қойған бағасы бір кітапша үшін – 19 кеңес сомы 50 тиын болғанмен, мемлекетке беретін жиырма процент қосымша құн салығы қосылғанда 25 сомға шығады. Бұған жеткізген және сатқан кітап саудасы мекемесінің жиырма бес процент үстемесі қосылғанда оқу құралының бағасы – 32 сом. Онда сапасы бұдан төмен, бар болғаны ротапринтпен басылған ресейлік осындай кітапшалардың бағасы 100 сом еді. Салыстыратын болсақ, «Атамұра» шығарған әрбір оқу құралы бір кесе қаймақтың бағасымен бірдей болатын.

«Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті», «Математика», «Биология», «Химия» аталған кітапша авторларымен жұмыс қиындықпен, тапқырлықпен жүрді. Әрбірінің артында бір емес, бірнеше қызық оқиғалар жатты. «Атамұра» баспасы құрыла сала қазақ елінің тарихындағы «ақтаңдақтарды» ашуға қажет кітаптарды шығарғаны неге ұмыт қалсын! Кезінде Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тарих және ағылшын тілі мамандықтары бойынша бітірген Көшім Есмағамбетов баспаның алғашқы авторларының бірі болды. Оған «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты зерттеу жазуға тапсырыс беріліп, кітап 1994 жылдың басында жарыққа шықты. Туынды өзекті әрі тың тақырыпты қозғағандықтан, авторға және баспаға абырой әкелді.

 

XVI ғасырда қазақ даласы арқылы өткен ағылшын көпесі А. Дженкинсонның жазбасы, тағы бір ағылшын Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханға барған сапары жөніндегі күнделігі, ХХ ғасыр басында Орталық Қазақстанда жұмыс істеген ағылшын инженері Дж. Уорделлдің естелігі және басқа материалдар осы кітап арқылы қазақ тілінде оқырмандар қолына жетті. «Қазан революциясын Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары арасында орыстар ғана қабылдады» деп жазыпты Лондон университетінің профессоры Х. Сетон-Уотсон.

Бізді мектепте бүкіл қазақ «уралап қарсы алған» деп оқытып еді. Колумбия университетінің профессоры А. Парк «1917–1927 жылдардағы Түркістандағы большевикшілдік» зерттеуінде былай депті: «Жетісуда қазақтарды түгелдей ауылшаруашылығына жұмылдыру деген желеуге негізделген құлдық тәртіп орнады. Шын мәнінде, қазақтарды орыс шаруаларына бөліп берді, бас тартқандар мен қашқандарды өлім жазасына кесті». Міне, Қазан төңкерісінің шын көрінісі.

 

Енді мынаған назар аударыңыз. Ағылшын тарихшысы О. Кэроу: «Араб әліпбиінің орнына кириллицаны енгізу Орта Азия халықтарын сол кезде араб әліпбиін пайдаланып келген Түркия ықпалынан бөліп тастауды көздеді». Өте құнды ой ғой. Танымал ғалым Мекемтас Мырзахметов шынайы тарихқа сусап отырған оқырманның қолына «Атамұра» баспасы арқылы «Қазақ қалай орыстандырылды» аталатын жаңа еңбек ұсынды.

Мұнда миссионерлер Ильминский, Алекторов, Остроумов және тағы басқалардың бет-бейнесі ашып көрсетілді. Олар қазақты орыстандыру үшін қандай тәсілдер қолданғанын автор жеке-жеке талдады. Шоқындыру. Аралас орыс-түзем мектептерiн ашу. Дәстүрлі араб жазуынан орыс жазуына көшіру. Жер атауларын өзгерту. Бұл кітаптың ішкі жүйелеуі ерекше назар аударады. «Ел қалай орыстандырылды?», «Жер қалай орыстандырылды?» және «Сана қалай орыстандырылды?» деген тараулар «Атамұра» баспасында зерделі редакциялау жұмысы бірден жолға қойылғанын аңғартады.

 

Осы алғашқы кітаптардың бәрінің соңына «редакторы Әділхан Пірманов» деп жазылған. Әділхан біртіндеп баспаның бас редакторы қызметіне жоғарылады, отыз жылда мыңдаған кітаптың қолжазбасы қолынан өтті.  1993 жылы «Атамұра» баспасының тарихқа түрен салғанын дәлелдейтін және бір кітап – «Қазақ әлемі» еді.  Астына «Қазақтың саны қанша?» деген тақырыпша қосылған кітаптың авторы белгілі демограф Мақаш Тәтімов болатын. Бұл кітапта демограф бұрын тығулы жатқан архив деректерін тапқанын айтады.

«1927 жылғы құжатта 1932 жылы Қазақстандағы ауыл-село халқының саны 4,2 миллион адам болуға тиіс еді. Ал 1933 жылдың ортасында жүргізілген ресми санаққа республика басшылары қанша қосып жазуға тырысып, өлген адамдардың санын азайтқысы келгенмен, ауылдық жерлерде тірі қалған адамдардың санын 1,5 миллионнан асыра алмады. Жоғарыда айтылған қылмыстың кесірінен құрбан болғандардың санын «есептік зерттеуші» ғалымдарымыз 1,1–1,2 миллион адам деп анықтаманы төмендетіп берді. Осы деректердің өзі бастапқыда бүркемеленіп келді де, кейін «темір сандыққа» салынып тасталды. Қазақстанда ашаршылықтан 2,5 миллион адам өлді деген дерек шындыққа өте жақындайды».

 

Ашаршылық тақырыбын ғалымдар содан бері 30 жыл бойы қаузап келеді. Жазылған еңбек, жарияланған кітап жеткілікті. Бірақ ешбірі Мақаш Тәтімовтің алғашқы есебін жоққа шығара алмайды. Ең дәл шындықты шығарған, әйтпесе оған тым жақын дерек осы болса керек. Жүз алпыс беттік кітаптың әр бетінде цифрлар мен кестелердің көптеп кездесуі – баспаның редакторы мен корректорының өте мұқият болуын талап етті. «Атамұраның» мамандары бір рет те цифрдан сүрінбей, аса сауатты еңбек ұсына білді.

«Ақтаңдақтардың» сырын ашқан. Тоқсаныншы жылдар ортасында тарих саласындағы кітаптар «Атамұра» баспасының басым бағыты болғаны даусыз. Неге? Өйткені қалың оқырман қазақ халқының шынайы тарихынан адасып қалған. Жетпіс жылғы коммунистік боран, оның алдындағы тағы соншама уақыт патшалық отарлау тұманы халықты арғы тамырдан ажыратқан. Олқылықтың орнын толтыруға сол кезде аты танымал, беделді баспалар белсене қоймай, тиіп-қашып атсалысса, «Атамұра» білек түре кірісті. 1995 жылы «Атамұра» баспасы қазақ мектептерінің 10-сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын ұсынды. Мұқабасында сол тұста қабылданған Мемлекеттік Тудың түсі. Дөңгеленген Күннің нұры астында қанатын жайған қыран бедері бар. Сыртының өзінен кітаптың ішкі мазмұнын аңғарту «Атамұра» басшылығының саясаты болды. Оқулық авторлары әкелі-балалы Қозыбаевтар оны төрт бөлімге бөлді. Ол Қазақстанның түрлі саяси кезеңдерімен сәйкес келеді.

 

«Қазақстан казармалық социализм жүйесінде» деп аталған үшінші бөлімінде ауылшаруашылығын ұжымдастыру саясатына жан-жақты талдау жасалды. Ұжымдастыруға қарсы шыққандарға қатысты «үштік» 9085 іс қарап, 22933 адам жөнінде шешім қабылдағаны, оның ішінде 3386 адам атылғаны жария етілді. Оқулық сол күштеп ұжымдастырудан болған зардапты ашып көрсетті. «1930 жылы аштықтан 313 мыңнан астам адам өлді. 1931 жылы ондай өлім 755 мыңға жетті. 1932 жылы 769 мың адам өлді…» Баяғы жұп-жұқа «Қазақ ССР тарихы» оқулығында мұндай дерек мүлде жоқ. Ол тек жетістіктерді «жыр етуге» бағытталған болатын. Сол арқылы жоғары сынып оқушылары кеңестік саясаттың туралығы мен түзулігіне күмән келтіре алмайтын. Ал қызыл саясат не істегенін мына оқулықпен оқығандар жақсы білетін болды.

Біз «Атамұра» баспасында қызмет істеген жылдардың өзінде оқулық үш рет қайта басылған еді. Әрі авторлар оны толықтырып отырды. 10-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихын» газет пен журналдағы мақалаларды қиып, жинау жолымен оқытып келген ұстаздар қауымына бұл ересен тарту еді. Ең бастысы – саналы өмірге қадам басатын мектеп түлектері өздерінің қандай Отанда туып-өскендерін анық сезінетін болды. Ендеше «Атамұра» баспасы тәуелсіз елдің болашақ азаматтарының бойына патриоттық сезім құюға зор үлес қосқан деп бағалаймыз.  

 

Баспа тарихқа қатысты оқулықтар шығарумен шектелмей құлашын кеңге сермеп, мемуар жанрын көпшілікке ұсынуды ойластырды. Алғашқы автор ретінде Исатай Әбдікәрімов таңдалды. Ол бүкіл қоғам үшін жұмбақ тұлға болды. Жетпісінші жылдардың соңында баршаны таңғалдырып, Қазақстанда саяси Олимпте тұрғандардың қатарына қосылды. Бір жылдан соң бұл қызметтен кетті. Республикалық мекеме емес, тіпті облыс емес, ауданға бір-ақ төмендетілді. Мұның сыры жұмбақ еді.

Естелікте Мәскеудегі уақыт ұмыт қалмаған. Өйткені Исатай Әбдікәрімов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Төрағасымен қатар КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасының орынбасары болды. Сол уақыттың қызықтары мен қиындықтары қатар баяндалды. «Көп екен көргенімнен көрмегенім» деген атпен «Атамұра» шығарған бұл мемуар қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Ешкім «Әбдікәрімов естелік кітап жазады» деп ойламаған. Тіпті, оның атын және қандай қызмет істегенін ұмыта бастаған. Осы тұста қарт қайраткер қалам қуатын жарқ еткізді және баспа оны дереу кітап етіп шығара қойды. Сөйтіп Қазақстанда мемуар жанрын бастау мен дамытуға елеулі үлес қосылды. 

 

Отандық тарих оқулықпен және естелікпен түгенделіп қоймады. «Атамұра» баспасы қазақ елінің бастан кешкен оқиғаларын үшінші қырынан – көркем әдебиет түрінде бағалауға кірісті. Бұл орайда сөз жоқ, алғашқы табысы атақты жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» эпопеясының бесінші «Тамұқ» кітабын 1994 жылы шығаруы еді. «Тамұқ» романы Тұрардың Кисловодск курортына келе жатқан жайма-шуақ тіршілігінен басталады. Курортта Голощекин дегенді көреді. Оны алғаш көргенде Тұрар мен келіншегі Әзиза тіксіне қалғаны суреттеледі. Бекер емес екен. Не керек, «Тамұқта» Тұрар мен баласы адам төзгісіз азапты көрсе де, рухани күйремей, рухтары сынбай өмірден өтті. «Ескендір», «Өмірзая» сияқты тараулардағы ауыр трагедияны күйзелмей, күрсінбей оқу мүмкін емес.

Манаш Қозыбаев, Исатай Әбдікәрімов, Шерхан Мұртаза сияқты танымал авторлардың өз шығармалары мен еңбектерін оқырманға жеткізу үшін «Атамұра» баспасын таңдауы тегін емес еді. Бір жағынан, баспа иесінің іскерлігі мен сенімділігі болса, екінші жағынан, баспа жаңа технологиямен әрі білікті мамандармен толығып жатты. Кітапқа тапсырыс берілген соң, шартта ең қысқа мерзім белгіленетін және одан бір күн кешіктірілмейтін.

 

Сол жылдары  «Атамұра» баспасы тағы бір олқылықтың орнын толтырды. Ол құқыққа арналды. Қазақстан мектебінің соңғы сыныбында бұған дейін «Қоғам тану» атты пән болды. Оның оқулығы қазақ тілінде болғанмен, қазақ авторлары жазбаған. Мәскеудегі «Просвещение» баспасында орыс тілінде басылған кітаптың таза аудармасы еді.

Сондықтан оқулықта Қазақстаннан ешқандай мысал болмайтын. Аймақтардағы әрбір әрекетті жіті бақылайтын Орталық ондай еркіндікке жол бермейтін. Өйткені «Қоғам тану» оқулығында одақтас республиканың өз мысалы келтірілсе, ол Одақтың бірлігіне жік түсіреді деп санайтын. Бұл оқулық кеңестік конституцияны бағытқа алып жазылған, кеңестік идеологияны шамшырақ еткен. Енді «шамшырақ» жалп етіп сөнді, конституциясы тұрмақ кеңес елінің өзі келмеске кетті. Заман өзгеріп, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, кеңестік конституция ешкімге керексіз болып қалды. Ал енді Қазақстан мектептеріндегі «Қоғам тану» пәнін қайтпек керек? Оқушылардың қазіргі қоғамдық құрылымды білуі маңызды ғой. Пәнді тоқтатуға болмайды, тек оқулықты өзгерту қажеттігі анық байқалды.

 

Осындай жағдайда «Атамұра» баспасынан Білім беру министрлігінің мақұлдауымен бұрынғы «Қоғам танудың» орнына «Қазақстан мемлекеті және құқығының негіздері» атты қазақша-орысша оқулық жедел басылды. Мұны белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, сол тұста Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы Ғайрат Сапарғалиев жазды. Кешікпей Ұлттық ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры болып тағайындалды.

Демек, «Атамұра» баспасынан шыққан оқулығы ғалымның кеңінен танылуына кезекті баспалдақ болғаны даусыз. Ақсары өңді, жарасымды келбетті, денесі биік әрі кеуделі, жүрісі маңғаз, бірақ бойында астамшылық мінезі жоқ ғалым «Атамұра» баспасына жиі келіп тұратын. Қолында ұстаздарға тән қоңыр әрі көнелеу портфелі болатын. Керек кітаптары мен дәрістерінің көптігінен портфель тым қомақты көрінетін.

 

Оқулық басылардан бұрын гранкасын мұқият оқып, әр сөздің қатесіз жазылуын тексеретін. Негізі «Атамұра» баспасында орысша және қазақша өте сауатты редакторлар мен корректорлар қызмет етеді. Сонда да Ғайрат аға басылуға кетер кезде әр бетті бір рет оқып, тексеріп кететін. Мұның сыры тереңде еді. Көркем әдебиетте  қолданылған сөзді бірнеше мағынада түсініп, қабылдауға болады. Ал заң ғылымы мен құқыққа қатысты еңбектерде олай емес. Әр сөз нақты бір мағынада қолданылады. Ғайрат Сапарғалиев осыны өзі ұстанып қоймай, өзгелерге үйрете білетін.

«Атамұра» баспасы шындығын шығаруға атсалысқан тағы бір «ақтаңдақ» болды. Ол бергі тарихтағы Желтоқсан көтерілісі. Қазақстанды басқаруға сырттан, бұл республикада мүлде болмаған адамды жібергенге наразы қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсан айының 17–19 күндері Алматы мен республиканың басқа да ірі қалаларында өткен бейбіт бойкөрсетуін Кеңес Одағының басшылығы қарулы солдаттардың күшімен басып-жаныштаған. Орталықтың солақай саясаты дұрыс еместігін айтып, өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шыққандардың сау қалғандарын анықтап, бірнеше жыл қуғын-сүргінге салған. Оқудан шығару мен қызметтен қууды айтпағанда бірталай студент және жұмысшы жастар сотталды. Оның ішінде өлім жазасына кесілгендері болды. Солардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков еді.

 

Журналист-жазушы Қайым-Мұнар Тәбейдің «Қайсар рухты қазақ» кітабын 1994 жылы «Атамұра» баспасы жедел басты. Қайраттай өршіл өреннің өлеңдері мен хаттары және тергеу мен сот материалдарындағы құпия ақпараттар арқылы жазылған шыншыл шығарма барша оқырман қауымның көңілінен шықты. Қайым-Мұнар Тәбей мынандай дерек келтіреді: «Қайрат 21 жасында, 21 мамырда Семей түрмесінде оның 21-ші камерасында қаскөйлікпен өлтірілді. Өлтірген кім? Әрине, қасындағы бұрын алты рет сотталған кәнігі қылмыскер Леонид Власенко болуы әбден мүмкін. Алайда ол да оңай ұйғарым. Олай дейтініміз, сол бұрынғы коммунистік империялық жүйенің біреудің қолымен от көсеуге бейім болғаны айтпаса да түсінікті.

Иә, Қайраттың тағдырына байланысты күні бүгінге дейін анықталмай келе жатқан жұмбақ жағдайдың бірі де осы», – дейді. Жалпы, курстасымыз Қайым-Мұнар Тәбей топшылағандай, Қайратқа сол кездегі соттың өлім жазасын белгілеуінен бастап, билік тарапынан жасалған қысастықтың ешқайсысы кездейсоқтық емес еді. Оны автор былай түйіндеген: «Тіпті, басқасы-басқа, оның мүрдесінің қайда жерленгені көп уақытқа дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайдылық емес, ол – нағыз қысастықтың тап өзі».

 

Арада талай уақыт өткенде баспа мен автор бұл тақырыпқа қайтып оралды. 2021 жылы Қайым-Мұнар Тәбей «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке жаңадан көп материал жинақтағанын, бұрынғы кітапты толықтырып, өңдеп қайта жазып шыққанын хабарлады. Талай баспалар Желтоқсан тақырыбы десе, тосырқап та, тағасыз аттай тасырқап та қалады.

Рақымғали болса, сөзге келместен «аға, қолжазбаңызды әкеліңіз, шығарамын» деді. Сөйтіп Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл болғанда ол туралы бұрынғыдан қалың әрі материалы молыққан «Қарағайдың қарсы бұтағы» аталатын кітап көпшілік қолына тиді. Автор айтқандай, тыңнан табылған материал жеткілікті екен. Тіпті, бұрын көтеріліске шыққан жастарды ұрып-соққаны, қала сыртына апарып, мұз бен қарға тастағаны, хабарсыз кетіргені, жазықсыз соттап, түрмеде өлтіргені белгілі болса, енді жазалаушылардың алаңға шыққандарды зорлағанына дейін талай куәгердің сөздері мен дәлелдері бар. Жалпы «Атамұра» баспасында ұлтқа пайдалы, сұранымға ие кітаптарды толықтырып, арада жылдар өткенде екінші рет шығаратын игі дәстүр қалыптасқан.

 

Біріккен бес саусақ. «Атамұра» баспасы 1996 жылы ауқымды және жауапты жұмысқа білек түре кірісіп, алғашқы нәтижесін ұсынды. Ол – академиялық «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» аталатын бес томдықтың бірінші томы. Көк мұқабасы алтын түстес өрнекпен және жазумен өте ұстамды безендірілген қалың кітап – Отанын сүйетін әрбір азаматтың төрінде тұруы тиіс құнды дүние. Академиялық басылым Қазақстан Республикасының сол кездегі  Ғылым министрлігі, Ғылым академиясы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә. Марғұлан атындағы Археология институты сияқты мүйізі қарағайдай білікті мекемелердің бірлескен жұмысы еді.

Көлемді авторлар тобын  Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев бастап тұрды. Бірінші томның редакциялық алқасына көз салғанда К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, О.И. Исмағұлов, Б.Е. Көмеков сынды төрт тұлғаның өзі неге тұрады?! Осы редакциялық алқаның атынан бірінші томға алғы сөз жазылды. 1995 жылғы қараша айындағы бұл алғы сөзде бес томдықтың не үшін қажет екені көрсетілді: «Жаңа әлеуметтік-саяси және экономикалық шындықтар Қазақстан халықтарының сана-сезімін өзгертуде. Дүниеге, қоғамға, халықтың тарихына көзқарас өзгеріп келеді.

 

Ұлттық сана-сезім, ал сонымен бірге Отанымыздың шыншыл, ақиқатты ғана айтатын тарихына деген ынта-ықылас та қауырт өсе түсті». Демек, ұстаным айқындалған. Кітаптың мазмұнына ешқандай партия немесе министрлік, тіпті баспаның басшылығы ықпал етіп тұрған жоқ. Редакциялық алқадағы айтулы ғалымдардың өзі түрлі кезең туралы мақаланы, яғни тарауды жазған авторлардың көзқарастарын бір арнаға тоғыстыруға тырыспаған. Сондықтан нақты зерттеу мен талдауға ғана орын берілген.

542 беттік 1-томда палеолит дәуірінен орта ғасырларға дейін Қазақстан аумағында болған оқиғалар мен сол заманға тиесілі табылған жәдігерлер сипатталды. Араға аз уақыт салып жарық көрген «Қазақстан тарихының» екінші томы орта ғасырларда қазақ даласында болған түрлі ұлыстық, рулық, хандық, қағанаттық құрылымдарды зерттеуге арналды. Кітаптың алғашқы бөлімінде Қазақстанға қатысты қандай деректер болғаны сараланған.

 

Олар «парсы деректемелері», «түркі тілді деректемелер», «қытай деректемелері», «орыс деректемелері» және «Батыс деректемелері» болып бөлініп, әрбіріне бірнеше беттер арналды. Екінші том қазақ хандығы қалай құрылғанын жан-жақты баяндайды. Кейін қаншама тарихшы Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап мақалалар жазғанда осы құнды еңбекті қолдарына ұстап, алдарына қойғаны талассыз. Кітап Қазақ хандығы кезіндегі шаруашылық, неке, отбасы, қылмысты жазалау сияқты салалардың қандай болғанын талдайды. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес, онда кітапты көшіріп шығу керек қой, сондықтан мұнда Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бірінші рет толық мазмұндалғанын айтумен тоқтайық.

Үшінші томның редакциялық алқасы бастапқы бірінші томға қарағанда өзгерген. Бірінші томның редакциялық алқасы К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, О.И. Исмағұлов, Б.Е. Көмеков сынды төрт ғалымнан тұрған. Үшінші томды редакциялаған алқа құрамы Қ.С. Алдажұманов, М.Х. Асылбеков, Ж.Қ. Қасымбаев, М.Қ. Қозыбаев екен. Бұл өзгеріс нені байқатады? Бірінші томда археология мен антропологияға басымдық берілген сыры – далада тұрған ежелгі адамдардың қоныстары мен тасқа қашап кеткен петроглиф жазуларға мән берілген. Қажетті материал соларды зерттеген ғалымдардың қолында еді.

 

Он сегізінші ғасырдан басталған оқиғалар енді тарихи құжаттарға түскен. Оны иен даладан, тау қойнауынан емес, астаналар мен оған теңдес ірі қалалардағы мұрағаттардан іздеп, соларды сөйлету керек. Сондықтан «Атамұра» баспасының талабымен жаңа томдағы алқа құрамын толықтай жаңалаған. Үшінші томда қазақ даласына қаптаған қарашекпендер жайында жан-жақты баяндалды. Ақыр аяғында кешегі Кенесары көтерілісін 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне ұштастырады: «Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды.

Ол Ресейдегі әскери-феодалдық және әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және Шығыстың отар халықтарының империалистік езгіге қарсы ХХ ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі, буындарының бірі болды». Осы тұжырымның өзі Торғайда, Жетісуда және басқа аймақтарда бұрқ ете қалған көтеріліс тақыр жерде пайда болмағанын, оған дейінгі азаттық үшін атқа қонған оқиғалармен сабақтасып жатқанын байқатады. Айтулы ғылыми еңбекте мұндай тың тұжырымдар жеткілікті. Бұл том ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қалыптасуымен түйінделген. Кеше сол зиялылар қалыптаспағанда бүгін Рақымғали Құл-Мұхаммед сияқты ұлтын сүйетін азаматтар болмас еді. 

 

«Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» бес томдығының төртінші томында  кеңестік кезеңдегі Қазақстан туралы жан-жақты жазылды. Бұл кезең бұған дейін бүкіл кітап пен баспасөзде мақтанышпен жазылатын және «Кеңестік Қазақстан» атты киножурналда асқан пафоспен көрсетілетін. Шындықтың жартысы, тіпті жартысынан көбі бүркемеленіп қалғанын қалың оқырман мен көрермен қайдан білсін?! Төртінші томда қазақ даласындағы күштеп ұжымдастыру, оған жергілікті халықтың қарсылығы және амалсыз атамекенді тастап көшуі, ақыр аяғында ол тап қылған ашаршылық туралы көптеген құжаттар негізінде терең талдау жасалған.

Тағы бір ерекшелігі – оның ең соңғы тарауы ХХ ғасырдағы қазақ диаспорасына арналғаны. Басқа мемлекеттер аумағында тұрып жатқан қазақтар осылайша алғаш рет отандық тарихта қамтылып, олар туралы мәліметтер молынан берілді. Әсіресе, Моңғолия мен Қытайдағы қазақтардың басынан өткен оқиғаларға талдау жасалды. «Қазақстан тарихының» соңғы кітабы – бесінші томы әлбетте, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі оқиғалар тізбегіне арналған. Үлкен-үлкен алты бөлімнен тұрады. Әр бөлімінде үш-төрт тараудан бар. Айталық, «Егемен Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты екінші бөлімнің төрт тарауы мыналар: «Қоғамды саяси жаңғыртудың жаңа үлгісіне көшу»; «Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі»; «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту кезеңдері»; «Білім мен ғылым реформалары». Әрбірі нақты деректер мен құжаттарды негізге алып, саяси салмақты ой түйіп жазылған.  

 

«Атамұра» баспасы 2010 жылы бес томды қатты көк мұқабада бірдей етіп қайтадан басып шықты. Әрбір томы 750 беттен асып тұрды. Әрбір томда он-он жеті тарау болды. Әр тараудың соңында 200–280 сілтеме бар. Соның бәрі еш қатесіз шығарылды. Бұл авторлардың ғана емес, баспаның редакторлары мен корректорларының көз майын тауысқан елеулі еңбек екенін айғақтайды. Әрі 2010 жылғы басылымның әрбірінің ішкі айқара мұқабасына сол дәуірдің картасы түрлі түсті бояумен басылды. Мұның өзі кітаптардың құндылығын арттырды.

Бесінші томға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, салтанатты жиындар мен іргелі мемлекет басшылармен кездесулерін және мемлекеттің әр саладағы жетістіктерін әйгілейтін түрлі түсті суреттер топтап берілді.   Бір теңеу келтірсек, «Қазақстан тарихының» бес томы бес саусақ сияқты. Бес саусақ біріккенде жұмылған жұдырыққа айналады. Бұл бес томдық баяғы аңыздардағы алыптың жұдырығы сияқтанып отандық кітапханалардың төрінен орын алды. Салмағы, маңызы, атқарылған еңбектің ауырлығы оның бес саусақты жұмылдырған теңдессіз жұдырық екенін айғақтайды.

 

Энциклопедиялар шеруі. «Атамұра» баспасының кемелдене бастағанын аңғартатын көрсеткіш – энциклопедиялар шығаруы. Бұл анау-мынау ұжым тәуекел ететін әрі қолынан келетін ісі емес. Шаруасы шаш-етектен. Қыр-сырына қанықпаған баспа су астындағы жартасқа соғылған кеменің күйін кешпек. Алдымен әліпби бойынша бүкіл тақырыптарды тізіп алу керек. Ресей «Пушкин энциклопедиясын» шығарарда бұл жұмыс ширек ғасырға созылған. Энциклопедияның қамтуы тиіс тақырыбының біреуі ұмыт қалса, онда бүкіл еңбектің еш болғаны. Демек, толымды жұмыс арналатын аймақ, тұлға туралы жан-жақты зерттеп алмай, тәуекел ету мүмкін емес.

Екіншісі – энциклопедияның әр атау бойынша мақалалары. Олар қысқа да нұсқа болуымен қатар, дерегі дәл, жылдары мен оқиғалары нақты болмақ. Суреттеу, көркемдеу құралдарын пайдалана алмайсыз. Бейнелі сөз, тұрақты тіркес, мақал-мәтелді қиыстыра кетуге орын жоқ. Мұнда жазушы мен журналистің қиялы емес, тарихшы ретіндегі зерттеу бірінші орынға қойылады. Үшіншіден – тарихи және көркем кітаптарды фотосыз, оның ішінде түрлі түсті суреттерсіз шығара беруге болады.

 

Оларға суретшінің қолмен салған иллюстрациясы жарай берсе, энциклопедияда керісінше. Қиялмен безендіруге жол жоқ. Әрбір адамның, тіпті аң мен құстың, өсімдіктің фотосы керек. Мұның сыртында оқиғалардың картасы, сол кездегі тарихи құжаттардың көшірмесі болуы тиіс. Мықты болсаңыз, мұның бәрін жинап көріңіз. Мақалалар дайын болғанмен, бай архивсіз энциклопедия шығара алмайсыз.

Төртіншісі – соншама мол мақала мен суреттерді дұрыс орналастырып, беттей білу, ешқайсысын шатастырып алмау. Жауаптылық деңгейі өте жоғары. Бір кісінің орнына екіншісінің фотосы түсіп кетсе, бүкіл кітапты жарамсыз деп санауға болады. Бесіншіден – көлемі үлкен және өзі қалың болатын энциклопедияның бір данасына басқа кітапты шығарудан гөрі үш-төрт есе көп қағаз бен бояу кетеді. Мұның бәрі – қаржыға барып тірелмек. Демек, баспаның экономикалық базасы берік болмаса, полиграфия үшін жұмсалатын шығынды көтере алмаса, мұндай ауқымды еңбек шығаруға тыраштанбағаны жөн. 

 

Міне, осыған жекеменшік «Атамұра» баспасы білек сыбанып,  1995 жылы «Ақмола» атты энциклопедия шығарды. Ел астанасының таңдалуы мен «Атамұра» баспасының «Ақмола» энциклопедиясының шығуы уақыт жағынан бір-біріне сәйкес келеді. Бұл мемлекет тәуелсіздігінен кейінгі алғашқы энциклопедия әзірленіп жатқанда тың игеру науқаны кезінде күштеп таңылған Целиноград атауы ауыстырылып, қала мен облысқа тарихи Ақмола аты қайтарылған.

Сондықтан Есіл өңіріне арналған энциклопедияның кітап шығару саласында ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиға екені алғы сөзде атап өтілді. Онда Есіл бойындағы облыстың республикадағы ірі аграрлық-өндірістік өңір екені айтылды. «Ақмола» энциклопедиясы араға он үш жыл, яғни бір мүшел салып, «Астана» энциклопедиясына жалғасты. «Ақмола» 400 бетпен тоқтаса, бұл 576 бетті құрады. Жаңа тарих, жаңарған өңірдің дүбірлі оқиғаларына жаңа беттер керек еді.

 

Біз «Астана» энциклопедиясын шыққан уақыты бойынша кезегі келгенде, яғни сәл кейінірек сөз етеміз. Осылайша, аймаққа арналған энциклопедия әзірлеп шығаруда тәжірибе жинақтаған «Атамұра» баспасы кеңінен көсілуге кірісті. Оған 1997 жылы жарыққа шыққан «Маңғыстау», одан кейінгі «Атырау» және «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиялары дәлел болады. «Маңғыстау» мен «Атырау» энциклопедияларының өзгешелігі – алғы сөзді осы аймақтан шыққан аса беделді қоғам қайраткерлерінің жазып бергені. Оқырманға арнауды облыс басшысына жазғызса, бірер жылдан соң, ол қызметтен кетіп, атын халық ұмытатыны анық.

Ал энциклопедия бірнеше ондаған жыл халықтың кәдесіне жарап, қолында тұрады. Мұндайда аты ұмытылмайтын, өшпейтін тұлғаның алғы сөзі ғана ғұмырлы болмақ. Осыны ескерген «Атамұра» баспа корпорациясы «Маңғыстау» үшін аса ірі мемлекет қайраткері әрі қаламгер Әбіш Кекілбайұлына және «Атырау» үшін Ұлттық ғылым академиясының академигі, өзінің ұстазы Зейнолла Қабдоловқа өтініш білдірген және олар өтінішті аяқсыз қалдырмай алғы сөз жазды. Бұған қоса бас редактор болып, бүкіл мәтінді үстінен тексеріп шықты.

 

Баспа шығарған «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы Қазақстанның ең ортасында орналасқан облыстың географиясынан, табиғатынан, тарихынан, индустрия орталығы ретінде қалай қалыптасып, дамығанынан көптеген мәліметтер береді. Бұл энциклопедияда облыс тарихындағы бұған дейін жете сөз болмаған оқиғаларға жеке мақалалар арнаған. Оның ішінде отызыншы жылдар басындағы Қарқаралы көтерілісі қалай басталып, қалай аяқталғанын білуге болады. 1931 жылдың қыркүйек айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Елтай Ерназаров Ақтоғай ауданына келіп, жиналыс өткізгені жазылған.

Ол кезде елдің көбі ашаршылыққа ұшырай бастаған, ал аты бар да, заты жоқ заң шығарушы органның басшысы өкіметтен жасырған малды өткізуді халықтан талап етеді. Кеңес өкіметінің басшыларының бірі Сергей Миронович Кировтің Қарағандыға келген сапары сипатталған. Бір атап өтерлігі: осы көзі қарақты, талабы жоғары, болашағы бар делінген қайраткерді Қарағанды сапарынан кейін екі айдан соң, қастандықпен өлтірген. Сол сияқты 1959 жылы тамыз айында басталған Теміртау оқиғасын нақты деректермен берді. Бұған дейін ол туралы көп жазылмаған еді. Талайлар металлургтер қаласында Хрущев билігі тұсында не болып, не қойғанын энциклопедиядан білді.

 

Ал баспа ұсынған, енді облыс емес жеке қалаға арналған «Астана» энциклопедиясының жөні бөлек. Оның ең соңына «Астана қаласы тарихи оқиғаларының  хронологиялық көрсеткіші» берілген. Ол орта ғасырларда гүлденген Бозақ қаласы болғандығынан басталады. Осы шежіреден Бөгенбай батырға, Үмбетей жырауға орын берілуі – бүгінгі заманда Тоқтар Әубәкіровтің, Несіпбек Айтұлының тегін аймақта тұрмағанына  сабақтаса кетеді. Хронологияда басқа да маңызды оқиғалар арасында «1996 жыл 6 шілде – ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы астанасын көшіру туралы Қаулысы қабылданды» деп шегелене жазылған.

Шежіреден 2002 жылы «Бәйтерек» монументі, 2007 жылғы 21 шілдеде «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң қабылданғанын, тағы басқа көптеген айтулы оқиғалардың қашан өткенін білуге болады. Энциклопедия өте көркем безендірілген. Мәселен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары» атты мақаладан кейін айқара екі бетке сол наградалардың түрлі түсті суреттері беріліпті. «Алтын қыран» белгі орденінен бастап, «Халық қаһарманы» Алтын жұлдызы қостап тұрған наградалар шеруінің өзі – тәуелсіз ел екенімізді танытып, кеудеге мақтаныш сезімін құяды.

«Атамұра» баспасының республикадағы аймақтар мен қалаларға арналған энциклопедиялар шеруі осындай. Соларды кезекпен қолға алып, өңірден өңірге өткен сайын даланың дарқан, тарихтың бай, өлкенің жомарт, тұлғалардың толымды екеніне көз қанығып, көңіл тоғаймақ. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырған «Атамұра» баспасы республиканың мәдени-рухани өмірінде айтулы жетістікке жетті. Ол – 1995 жылы шыққан «Абай» энциклопедиясы. 720 беттік қалың кітаптың аннотациясы оның қандай екенін айқындап тұр:

 

«Ақынның өскен-өнген ортасы, бай мұрасы, дүниеге көзқарасы, эстетикасы, поэтикасы, қоғамдық-саяси ой-пікірлері, тағылымы, дәстүрлері жан-жақты сөз болады». 1994–95 жылдары «Атамұрадан» қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған екі кітап көпшілікке ұсынылды. Оның біріншісі: философ-ғалым Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай» кітабы еді. Екіншісі: белгілі абайтанушы, Мұхтар Әуезовтің ізбасары, үлкен ғалым, ұлт үшін қуғын-сүргін көріп, соның бәріне төзген Қайым Мұхамедхановтың «Абай мұрагерлері» атты ғылыми-танымдық кітабы.

Мұнда Абай төңірегіне топтасқан жас буын арасындағылардың әрбірінің шығармасы мен ғұмырына талдау жасалған. Олардың көбі жастай өмірден өткенімен, Абай тәлімі арқылы өлмес туындылар қалдырғаны айтылған. «Абай» энциклопедиясын дайындауға Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Рымғали Нұрғалиев бастаған авторлардың үлкен тобы қатысты. Олардың қатарына қарағанда мерей өсіріп, көңіл тоғаймақ. Академиктер З. Ахметов, М. Қаратаев, З. Қабдолов, С. Қирабаев, корреспондент-мүшелер  Р. Сыздықова, Р. Бердібаев, Б. Ерзакович, А. Қасымжанов, Ғ. Есімов, Ш. Сәтбаева, М. Серғалиев, ғылым докторлары, профессорлар М. Мырзахметов, Қ. Мұхамедханов, Ж. Ысмағұлов, Ш. Елеукенов, Ә. Дербісәлі, Т. Қожеекев және басқалардың мақалалары самсап тұр.

 

Шоғырды одан әрі Ә. Тәжібаев, Т. Әбдірахманова, М. Мағауин сияқты Халық жазушылары күшейте түседі. Оларды аз десеңіз, Абай туралы үш тілде бірнеше мақала жазған Герольд Бельгер және бар. Энциклопедия республиканың мәдени, рухани және ғылыми өміріндегі ең жарқын оқиғаның бірі болды. Сондықтан «Абай» энциклопедиясын шығарған топқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Абай» энциклопедиясы қазақ баспа саласын ғана емес, бүкіл мәдениетті бір саты жоғарылатты. Қазақстан жеке тұлғаға арналған энциклопедия шығарған мемлекеттер қатарына қосылды.

Қазақ тұлғатану ғылымына зор үлес қосқан әрі «Абай» бастаған сара жолды жалғастырған «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясына мойын бұрмасақ, ыңғайсыз болар… Өйткені, бұл бірінші шұғылалы шың – «Абай» энциклопедиясына іргелесе бой көтерген, «Атамұра» баспасы толықтай өз қойнауында қалыптастырған тағы бір асқар тау еді. «Мұхтар Әуезов» 2011 жылы Қазақстан Республикасының 20 жылдығына орай көпшілікке ұсынылған. «Абайдың» алғы сөзі үшін Мұхтар Әуезовтің алпысыншы жылдарғы ең айтулы мақаласы берілсе, Әуезовке арналған еңбектің алғы сөзін академик Зәки Ахметов жазбағанда кім жазады?! Баспаның биік талғамына еш талас жоқ. Қайта тапқырлығына таңырқайсың.

 

Белгісіздер мен белгілілер. ХХ ғасыр парағы жабылар, жаңа ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттауға дайындалған 2000 жылы қолымызға тиген шағын кітапша – «Атамұраның» кезекті өнімі. Табақтай экциклопедиялар, жыл сайын жүздеген түрлі оқулықтар, бірнеше томдық тарихи және көркем әдебиеттер шығарып жүрген баспаға алақаннан сәл ғана үлкен кітапша қазақтың сөзімен айтқанда «бұйым болып па»?! Бірақ оның салмағы батпан тастан ауыр.

Онда 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерациясы Президенті Борис Ельциннің Жарлығымен 1941–1945 жылдары неміс-фашист басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін қаза тапқаннан кейін капитан Александр Маслов, лейтенант Владимир Балашов, кіші сержант Григорий Реутовпен бірге Ресей Федерациясының Батыры атанған кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаевтың тағдыры баяндалған. Бұл экипаждың өртенген ұшақты жау қаруының үстіне дәлдеп құлатқан ерлігі атақты капитан Гастеллодан бұрын жасалған екен. Бірақ ескерусіз қалған.

 

«Атамұра» корпорациясы батыр жөніндегі бүкіл ақиқатты анықтау үшін 1998 жылы арнайы экспедиция жасақтады. Біз «Хабар» агенттігіне ауысып, сондағы Жаңалықтар мен сараптамалар дирекциясында басшылардың бірі едік. Экспедицияға журналист Гауһар Керімова мен оператор Хасен Омарқұловты қостық. Бұл кезде корпорацияның «Столичное обозрение – Атамұра» деген апталық газеті шығатын. Сол газеттің фототілшісі Анатолий Устиненко осы топтың құрамында жүрді. Баспасөзге жазатын қазақ тілді журналист болып «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі Мейрамбек Төлепберген таңдалды.

Ол бізбен курстас, бұған дейін қолымызда жинақталған материалдарды соған тапсырдық. Бір рет Мәскеуге, келесі жолы Минскіге барған экспедицияның бүкіл шығынын «Атамұра» көтеріп алды. Беларусь пен Ресей Федерацияларына аттандырылған екі экспедиция ерлік қалай жасалды деген сұрақтардың жауабын тауып келді. Батырдың соғысқа дейінгі өмір жолы қайда өтті, туыстары бар ма, енді осыларды анықтау үшін экспедиция республика ішін шарлады.

 

Ақыры Алматы облысы Балқаш ауданынан Бақтыоразды көрген, майданға аттандырып салған жеңгесі Әсембала табылды. Немере қарындасы Тұмаркүл бар екен. Батырды жас кезінде көрген туысы Сейіткер Райысбеков та экспедиция мүшелеріне естелік айтты. Міне, бірер ай тынымсыз жұмыс істеліп, нәтижесінде қаһарман жас қазақ қайда туғанын, не ерлік істегенін және қандай туыстары табылғанын бүкіл ел білді. Рухани осы жеңістен кейін не істелуі керек? Әлбетте ас берілгені дұрыс.

1998 жылғы 26 маусымда «Атамұра» баспасы Алматы қаласында Қазақстанның Халық қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевқа арналған ас берді. Оған Қазақстанның бетке ұстар зиялы қауымы, қаладағы соғыс ардагерлері, аты қайта жаңғырған қаһарманның бүкіл туған-туыстары, жиыны 200 адам шақырылды. Астан кейін келесі күні айтыс өткізілді. Бұл шараның ұйымдастырушысы да, демеушісі де «Атамұра» корпорациясы еді. Алматыдағы Республика сарайы сөз асылын тыңдауға құмартып келгендерге сыймай, аузы-мұрнынан шықты. Үш мың көрерменнің алдында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновты сахнаға шығарып, оған лайықты сый-сияпат жасады.

 

Бақтыораздың аты мен ерлігін анықтау мен бағалауда Талғат Жақыпбекұлы кеңесші болғаны көпшілікке жеткізілді. Мұндай құрмет Бақтыораздың жеңгесі Әсембала апаға да көрсетілді. Батырдың атын ұмытпай, зердесінде сақтағаны және «Батыр жолы – бауыр жолы» экспедициясына құнды мәліметтер бергені атап айтылды. Сөзсайыс соңында Аманжол Әлтаевқа айтыстың бас жүлдесі – «Шкода» автокөлігінің кілті табысталды. Ақмаралға қомақты ақшалай жүлде бұйырды. Айтысқа қатысқанның бәріне құрмет көрсетілді.

Одан кейін Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлік жолымен қайта жүріп өтіп, аса құнды материалдар жинаған «Хабар» агенттігінің журналисті Гауһар Керімоваға, «Столичное обозрение – Атамұра»  апталық газетінің фототілшісі Анатолий Устиненкоға, «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі Мейрамбек Төлепбергенге корпорацияның алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтары табысталды. «Атамұра» баспасы Жер шары жұртшылығының мойнын бұрғызған, сан тілді жаһанда дүмпу туғызған бірнеше кітапты аударып шығарды. Авторлары қазақ та, қазақстандық та емес, әлемге танымал, халықаралық аренада мойындалған қайраткерлер мен қаламгерлер еді. Аятолла Хомейнидің «Исламское правление» және оның қазақша аударылған «Исламдық басқару» кітабы шықты. Бұл өте батыл қадам еді.

 

2005 жылы «Атамұра» баспасы өз оқырмандарын ғана емес, әлемнің кітапқұмар тұрғындарын дүр сілкінткен оқиғаның кіндігіне айналды. Нақты күні 2005 жылғы 5 сәуір. Баспа қазақ тілінде «Заһир» атты романды ұсынды. Бұған дейін Жер жүзінде жаңа фильмдердің әлемдік тұсаукесері бір күнде өтіп жүргені белгілі. Ал бір кітаптың 83 елде бір күнде 8 миллион данамен шығып, саудаға түсуі бұрын кездесе бермейтін жайт еді. «Заһир» солай болды. Қазақстанды бұл орайда әлемдік көшке қосқан «Атамұра» еді. Баспаның ғаламдық маркетингті меңгергені, оған сәтті қосылғаны жарқырай көрінді.

Қаламгер осы романда бірнеше тосын байлам ұсынады. Кезінде Кеңес Одағын құрған көсемдер «тарихты күрес өзгертеді, ал күрестің иесі – ха­лық» деп уағыздап келгені мәлім. Пауло Коэльо болса, «тарихты махаббаттың қуаты ғана өзгерте алады» деген қағида ұсынады. Махаббаттың қуаты желдің, теңіздің, атомның қуатындай болады. Демек, ол жасанды емес, табиғаттың өзімен етене болуы керек. Сондықтан адамға жаратушы сыйлаған ұлы сезімді тарихты өзгертуші күш ретінде санау керек. Міне, «Заһир» кітабының әр тұсынан осындай ерекше ойларды табамыз. 

 

Пауло Коэльо кітабында қазақ даласын әдемі суреттейді. Жас кезімізде әзірбайжан жазушысы Анардың «Ақ жағалау» атты кітабын оқып едік. Онда бас кейіпкердің түнде ұйықтайтын төсегінің қабырғасына Кеңес Одағының үлкен картасы ілінген. Жатар кезде ол картадан «Ақсуат, Үржар, Мақаншы» деген жазуларды оқып, көз алдына ақшаңқан киіз үйлерді, отар-отар қой мен үйір-үйір жылқыны, кең даламен келе жатқан салт аттыларды елестететін. Осы картина «Заһир» романында бар екен: «Салт атқа мініп, үнсіз келеміз.

Ат суарар кезде ғана тұма бұлақтарға тоқтаймыз. Ол тұмаларды бұрын көрмеген адам таба алатын емес. Кейде алыстан өзіміз сияқты салт аттылар шалынып қалады көзге. Кейде аспан мен жердің арасын ойып алғандай қарауытып қойшы мен қой отарлары көрінеді». Бұл кітапты «Атамұра» баспасы ерекше безендіріп шығарды. Пішімінің өзі әлемдік стандарттар ішінде классиктерге арналғаны саналатын 84х90 өлшемімен. Сыртқы қаптамасындағы романның «Заһир» деген аты ақ күміспен шекігендей.

 

Кітап бір уақытта шыққан 83 елге ортақ «OZAHIR» жазуы табақшаны айналдыра жазылған, табақша ішіндегі сурет көне латын мүсінін еске салады. Бірақ бедерленген жігіттің мұрны мен ерні, маңдай мен бүкіл бет-пішіні еркін даланың тұрғыны қазақ екені талассыз. Жігіттің басындағы шаш па, көрпеше ме, соның үстінде ұйықтап жатқан ару «Қыз қуу» желісіне жеткізеді. Кітап беттерін бірде сол, ал екінші бетте оң жағынан қалыптап жартылай дөңгелек бедер қойылған. Ең қызығы кітапты көркемдеген екі суретші: Досбол Қасымов пен Ералы Оспанұлының бірі – Дос осы кітаптың соңғы бөлігінде кейіпкер ретінде кездеседі.

Әлем әйгілілерінің қатарына түркі жұртының түгеліне ортақ тұлға болған Шыңғыс Айтматовты қоссақ, бізді ешкім айыптай қоймас. Шыңғыс Төреқұлұлының шығармаларын оқырмандарға ұсынуда «Атамұра» баспасы басқалардан кем түспеді. Жазушы өзінің кітаптарын шығару үшін келісімшарт жасарда үлкен басымен «Атамұра» корпорациясына арнайы келді. Осы іскерлік байланыстың нәтижесінде айтулы қаламгердің қазақ тілінде бес кітабы: «Жәмила», «Ақ кеме», «Қызыл алма», «Ғасырдан да ұзақ күн» және «Жан пида» жарық көрді. Бұған жазушы жазған орыс тіліндегі түпнұсқадағы «Джамиля», «Белый пароход», «Красное яблоко», «И дольше века длится день» және «Плаха» қосылғанда он кітабы шықты. Орысша және қазақша нұсқаларының тілі бөлек те, сыртқы безендірілуі бірдей болды.   

 

«Пауло Коэльоның «Заһир» романы отандық кітап шығару саласындағы үздік өнімнің бірі болды» деген сөзді жалғастырып, ол сондай-ақ «Атамұра» баспасының әлемдік интергациядағы бастапқы қадамы екенін нықтай кеткен ләзім. Қадам сәтті басталды. Романның қазақша нұсқасы қолдан қолға тимей оқылғаны өз алдына, халықаралық жоғары бағаға ие болды. 2005 жылы 19 тамызда Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында XVII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Сонда «Кітап өнері» халықаралық конкурсында бұл романның қазақша шыққан нұсқасы «Арт-книга» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Атамұра» баспасының полиграфиялық және қаржылық мүмкіндігі шетелдік әріптестерді қызықтыра бастады. Осының арқасында жаңа жобалар пайда болды әрі сәтті жүзеге асырылды.

2000 жылы «Атамұра» баспасы республикадан тысқары өткізілген конкурсқа қатысты және оның жеңімпазы болып, дереу тың жобаға білек түре кірісті. Бұл отандық баспалардың ешбірі белсене қоймаған, қатысуды ойлай бермейтін халықаралық тендер еді. Оны Бүкілдүниежүзілік банк Тәжікстан Республикасының Білім министрлігімен бірлесіп өткізді. Тендердегі талап бойынша баспа тәжік мектептеріне арналған оқулықтарды  басып беруі керек. Бұл тендер «Атамұраның» әлемдік аренада танылуына жол ашты. Оның қандай болмасын тапсырысты уақытылы, сапалы және қалыпты бағаға шығармашылықпен орындайтынына Бүкіл дүниежүзілік банктің көзі жетіп қойған жоқ, осы банкке әріптес донар мемлекеттер мен іргелі халықаралық компаниялар да осыны білді. Бұл бағалау корпорацияның алдағы әлемдік қарым-қатынасына жақсы алғышарт болды. Енді соның мысалдарына тоқталмақпыз.   

 

«Маленький принц» – «Кішкентай ханзада» кітабы 2013 жылы «Атамұра» баспасында Алматы Француз Альянсының қолдауымен жарыққа шықты және бірден француз тілінен аударылды. Сол себепті, оқырманға автордың ойы мен кейіпкерлер бейнесі бұрынғыдан жақындай түсті. Кітапты қазақ тіліне жай тәржімашы емес, Қазақстан-Франция елшілігінің аудармашысы, француз тілі мен әдебиетінің маманы Жанар Қонаева аударды. Сондықтан жоғарыдағы аралық тіл арқылы аударғанға қарағанда тікелей французша-қазақша аударылған түпнұсқа әрі мен дәмін анағұрлым жақсы сақтағаны анық.  2021 жылғы осы кітаптың Францияда жарық көруінің 75 жылдығына байланысты жиналған мәлімет бойынша, бұл кітап 456 тілге аударылған. 145 миллион данамен тараған. Соның ішінде қазақ тіліне бір емес, екі рет аударылған деп өз тарапымыздан қоса аламыз.

Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» кітабын қазақ тілінде жарыққа шығарған күні «Атамұра» корпорациясы Алматыдағы Ұлттық кітапханада тұсаукесер рәсімін өткізді. Корпорация президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед көпшілікке осынау мерейлі оқиғаға келген қонақтарды – Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің Алматыдағы бас консулы Патрик Ренар мырзаны, Алматы Француз Альянсының директоры Паскаль Виторж мырзаны құрметпен таныстырды. Олар Францияның даңқын асырған романның ана тілінен қазақ тіліне тікелей аударылғанына және оған алғашқы 1946 жылы 6 сәуірде шыққанда автор өзі салған суреттер түпнұсқада салынғанына ризашылықтарын білдірді және бұл кітапты бірлесе шығару Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың кезекті қадамы болғанын атап айтты.

 

Қазақ қаламгерлері ақын Оразақын Асқар «бұл кітап республиканың рухани қазынасына қосылған тың үлес» десе, жазушы Кәдірбек Сегізбаев «кітап философиялық образдарға толы, сондықтан үлкен оқырманға үлкен олжа» деп бағалады. «Атамұра» корпорациясының Германиямен байланысы да орныққан. Бұл байланыс Қазақстан Гёте институты арқылы орнады. Соның нақты дәлелі ретінде «Атамұра» баспасы 2017 жылдан бастап Қазақстан Гёте институтының қатысуымен неміс әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тілді оқырмандарға ұсынуға кірісті.  Оның ішінде алғашқы болып «Таңғажайып глобус» атты неміс ертегілер топтамасы жарыққа шықты. Қолға ұстағанда-ақ ерекше безендірілген сыртқы мұқабасы, ондағы өзі айналып тұрғандай көрінетін глобус, түрлі тәсілмен түсірілген жұлдыздар аспан әлемін аралап жүргендей әсер береді.

Қазақстандағы Гёте Институты мен «Атамұра» баспасының ынтымақтастығы арқасында жарыққа шыққан келесі кітап «Жат Отан» деп аталады. Авторы – белгілі неміс жазушысы, журналисі Герт Хайденрайх. Қазақстандықтар оны біле қоймаса да, ол Қазақстанды, бүкіл Орта Азия республикаларын біледі. Сырттай емес, бұл аймақ оның көзіне таныс. Бірнеше рет аралап, газеттерге репортаж жазған. 2016 жылы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын неміс тіліне аударған. Мұндай ғажап дастанды тәржімалап шығуы жылқыны, көшпелілер өмірін бірсыдырғы білетіндігінің арқасында мүмкін болды. Ал «Жат Отанды» неміс тілінен тікелей Шырынгүл Зұқайқызы аударған.

 

Қазақстандағы Гёте Институты мен «Атамұра» баспасы екі елдің белгілі қаламгерлерінің туындыларын топтастырып, бір кітап етіп шығарғаны да ортақ рухани әлем құрауға қосылған үлес болды. 2017 жылы қазақ және неміс оқырмандарына ұсынылған «Жүректен жүрекке» аталған бұл кітаптың мұқабасындағы бір жағы күмістей ақ, екінші жағы алтындай сары бояумен бедерленген ағаш – ортақ әдебиеттің символы. Демек, оның бір жартысын қазақ, екінші жартысын неміс әдебиеті құрап тұр деген сөз.

«Атамұра» баспасының келесі керемет тартуы бар. Ол – 2020 жылы жарыққа шыққан үш кітап. Екеуі енді ағылшын тілін үйренуге талап қылған бастауыш сынып, тіпті мектепке дейінгі балаларға арналса, үшіншісі орта мектептің оқушылары үшін өте керек кітап. Қазақ-ағылшын тіліндегі сөздік қорды дамытуға арналғандары «1000 негізгі сөз» және «1000 пайдалы сөз» деп аталған. Білімді жетілдіруге арналған викториналық энциклопедия «Білімдар» деген атаумен жарыққа шықты. Бұлардың пішімі айқара ашылғанда табақтай деуге боларлық, полиграфиялық өлшеммен 60х90 болыпты. Ал безендірілуін сөзбен сипаттау мүмкін емес.

 

Сонау Лондондағы дизайнерлер мен көркемдеуші редакторлары барын салғаны байқалады. Үшеуінің де мұқабасында ашылған кітап бетіне түскен «DK» мен өзімізге көзтаныс ортасында шаңырағы бар «Атамұраның» эмблемалары бар. Қос эмблема – корпорацияның тағы бір халықаралық әріптес тапқанының айғағы. «DK» – әлемге танымал «Dorling Kindersley Limited», яғни «Дорлинг Киндерслей» ЖШС баспасының төлтаңбасы. «1000 пайдалы сөз» кітабы 2019 жылы осы баспадан Лондонда шықса, бір жыл өтпей, оның қазақ тіліндегі нұсқасы Қазақстанда сол мазмұны мен сапасын сақтап басылған. Бұл отандық «Атамұра» баспасының сөзсіз жетістігі еді.

Әр баладан – әр данаға. «Атамұра» баспасының қазір әңгіме өзегіне айналатын бір сериясын қос ат жегілген шанаға теңеуге болар еді. Жаңа серия әріпті енді таныған бүлдіршіндерге арналды. Сондықтан «Менің алғашқы кітапшам» деп аталды. Әр кітапша бір ертегіге арналды. Серияға төлтаңба ретінде үкі таңдалыпты. Оның ең ақылды құс екендігіне дау жоқ. Екі көзі бақырайған үкінің алдында жанып тұрған шырақ – білімге шақырудың белгісі.

 

Ертегі жарияланған кітапшаны шанаға теңесек, енді оған қосарлана жегілгендерге келейік. Баспа ежелгі ертегілерді сол қалпы ұсына салуды жөн көрмеді. Кейбірін ықшамдап, кейбіріне ой қосып, тым байырғы сөздер мен ұғымдарды қазіргі ұрпақтың санасына жететіндей етіп жаңартып жазу ұйғарылды. Біріншіден, заман талабы осындай болса, екіншіден, барлық кітапшаларды бірдей көлемде шығаруды көздеген техноголиялық ереже еді. Ал ұзынды-қысқалы ертегілерді кім осылай бір қалыпқа түсіріп, бала ұғымына сай шақтап әрі көркемдеп қайта жазып шығады? Бұл оңай сұрақ емес. Бірақ жауабы тез табылды.

«Атамұра» баспасының таңдауы атақты ақын Қадыр Мырза Әлиге түсті. Өйткені ол поэзияға балалар әдебиеті арқылы келген. Бірақ Қадекең – мінездің адамы. Өз ойлағанымен жүреді, өз қалауымен жазады. Минут тұрмақ, өмірінің әр секундын бағалайды. Ендеше ежелгі ертегілерді қайтадан жазып шығуға ол кісіні көндірген «Атамұра» басшыларының дипломатиялық қабілетіне таңданбасқа болмайды. Қосардағы екінші қаламгер – Герольд Бельгер. Ол кісі Қадыр қаламдасы жазып шыққан әрбір ертегіні орысшаға аударған. Біртуар Бельгерді бұл іске жегу – аспандағы Айды алып бергеннен  артық. Қадыр ағамызды өз білгенімен істейтін кісі деп тоқтасақ, Гер-ағамыз мүлде айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтіннің өзі.

 

2003 жылы «Атамұра» баспасынан «Менің алғашқы кітапшам» – «Моя первая книжка» сериясымен шыққан «Айлакер түлкі», одан кейін «Ит пен мысық неге жау» деген кітапша қолға тиді. Мұндай суретті кітапшалардың басты ерекшелігі – безендірілуінде. Мұқабадағы тақырыпқа, одан кейін әрбір беттегі мазмұнға сай сурет салу оңай ма?! Серияның суреттерін салуды алғаш Ағымсалы Дүзелхан бастаса, «Ит пен мысық неге жау» кітапшасының суреттерін Әсел Біләлова әрбір жас оқырманды қызықтыратындай етіп салып шықты. Оны сөзбен айту мүмкін емес, кітапшаны алып көру керек.

Бірі өлеңнің, екіншісі аударманың классигі «Аңқау қасқыр» ертегісін де келістіріп жазып беріпті. Қадыр Мырза Әли халық ертегісінің ізімен жазып, Герольд Бельгер орысша аударған тышқан мен жолбарыстың бір-біріне жақсылық жасаған оқиғасы кезекті кітапша болып шықты. Қадыр ағаның қылпып тұрған қанжардай өткір қаламынан өңделіп шыққан және бір ертегі кітапша – «Түйе неге түкіреді». Ал керек болса! Оны білуге құмартқан жас оқырман бірден парақтай жөнелетіні анық. Бала кезден білетін «Қотыр торғай» Қадыр Мырза Әлидің қаламы арқылы жұмырланып қайта жазылған. Бұрын орысша нұсқасы болды ма, болмады ма Герольд Бельгердің аудармасына таңдай қағасың. Классик екі ағаның келесі ұсынғаны – «Түлкі мен қырғауыл», одан  «Піл мен маймыл», «Түлкі, Тасбақа және Кене» болып жалғаса береді.

 

Сериядағы отызға жуық кітапшаны түгел Қадыр аға жазып, Бельгер аударды десек, онда өтірікші болар едік. Бұл кісілер бастапқы жолды салып, он шақты кітапшаның мәтінін жазып берді. Басқасын «Атамұра» мамандары өздері дайындады. Әсіресе белгілі журналист, энциклопедияшы Иген Хасеновтың біраз тер төккенін айту керек. «Менің алғашқы кітапшам» сериясындағы туындылар тек қазақ тіліндегі түпнұсқадан алынбай, басқа халықтардың ертегілерін қазақша сөйлеткенін атап кету керек. «Теремок», «Колобок», «Волк и семеро козлят» сияқты белгілі ертегілер қазақшаға аударылған.

Серияның орасан зор пайдасы – балаларға екі тілді бірден меңгерту. Әр беттегі екі әрі кетсе үш сөйлемді қазақша да, орысша оқыған бала көп сөздің аудармасын сөздіксіз біледі және көкейде сақтап қалады. Содан кейін атап өтерлігі – жас оқырманды бірден баурау үшін кітаптың атында «неге?» деген сұрақ кездеседі. Бала әр нәрсені білгісі келеді. Өз көкейіндегі көп «негеге» жауап іздеп жүреді. Ендеше «Түйе неге түкіреді», «Қоянның құлағы неге ұзын», «Бөдененің құйрығы неге келте», «Ит пен мысық адамға қалай дос болды» деген кітапша аттарының өзі балаларды магниттей тартып тұрады. Тарауға түйін ретінде айтарымыз: біздің үйде немерелеріміз қызыға парақтаған бұл кітапшаларды ауылдағы ініміз ат-түйедей қалап әкеткен. Ол да өз немерелеріне оқыту үшін. 

 

«Атамұра» өнімдерінің арасында танымал тұлғаларға арналған кітаптар да жеткілікті. Жүсіпәлі Нүкетаев туралы «Тұғыры биік тұлға» кітабына келсек, оған кіргізілген мақаланың бірі айтулы ақын, осы ауданның тумасы Есенқұл Жақыпбековтің қаламынан шығыпты. Ол Жүсіпәлі Нүкетаев аудан басқарған кезде аудандық газетте қызметкер болса да, баспанасыз жүрген екен. Содан бір күні өлеңмен арыз қалдырыпты. Кітапта өлең толық келтірілген, біз бір шумағын алдық:

– Сенсем де дәл өзіңдей туысыма,

Бір пәтер түспеді ғой уысыма.

Әлде, Жүке, жанымды бақсам ба екен,

Кіріп ап домбырамның қуысына?!

Хатшы қыз осы өлең-арызды көрсеткенде Жүсіпәлі Нүкетаев Есенқұлға Ұзынағаштан үй бергізген. Сөздің парқын білетін мұндай басшы ол кезде сирек еді. 

 

Келесі бір мық шегедей мығым азаматты  арнап «Атамұра» баспасы шығарған кітаптан білдік. «Құсбегі Әбен» атты кітап 2009 жылы оқырмандар қолына тиді. Мұқабасында тері биялай киген, қолына балақбауы бар бүркіт қондырып отырған түлкі тымақты кісі. Бүркіт баулып жүрген жанның тымағы түлкіден болмай, неден болсын да? Фотоға қар басқан жотаның бергі етегінде тұрып түсіпті. Иығына қар қонған. Енді бүркітті қансонарда алып шығатыны анық қой. Тымақтың бауын артқа қайырып байлап, сол жақ құлағын ашық қалдырыпты. Онысы дағдылы әдеті екені даусыз. Бүркіттің шаңқылын, қашқан аңның дыбысын естуі керек-ау. Бірқатар мәліметті осылай мұқабаның өзінен алған оқырман кітапты дегбірсіздене парақтайды.

Парасат падишалары. «Атамұра» баспасы «Естеліктер» сериясы деп атап көрсетіп, кітап арналған тұлғаның үлкен фотосы басылған қоңырқай түсті мұқабамен шығаруды бастады. Қоңырқай түс дау жоқ, өткен өмірді еске салады. Ұлтымыздың тіршілігіне ең дәл келетін бояу екені талассыз. Қадырдың қазақ даласын сипаттаған өлеңінде «көп бояудың ішіндегі қоңырым» деген жол бар еді. Жұмекен «қоңыр кеште қоңырайып отырмын» дейді.

 

1998 жылы «Естеліктер» сериясымен алғашқының бірі етіп «Парасат падишасы» атты кітапты көпшілікке ұсынды. Кітаптың аты, серияның жөні төмен жағына жазылған мұқабадан Асқар Сүлейменовтің үлкен фотосын көруге болады. Орақ мұрны, шүңгіл көзі, артқа қайырылған шашы, бірер күн қырылмаған сақал-мұрты, костюм мен галстуксіз еркін киімі, бәрі-бәрі жазушы, драматург, сыншы, эстеттің қайталанбас қалпын аңғартады. «Академик Салық Зиманов» атты кітап «Атамұра» баспасынан 2012 жылы жарық көрді. Естеліктер отандық парасат падишасының бірі, заң ғылымдарының заңғары Салық Зимановтың өмір жолының түрлі белестерінде қалай жарқ етіп алға шыққанын аңғартады. Әрі кісілік келбетінің, жүрек ізгілігінің мысалдарына бай.

Қазақтан шыққан парасат иелерінің ішінде жазушы Ғабит Мүсіреповтің жөні бөлек. «Ұлпан» романы қолдан қолға түспейтін. Тіл тазалығы туралы мақаласын студент кезімізде оқып, талғамына тәнті болғанбыз. Ғабит Мүсіреповтің қандай кісі болғанын талайлар жазды ғой, бірақ жазушы Медеу Сәрсекенің «Мен білетін ер Ғабең» кітабының жөні бөлек екен. Сол баяғы қоңыр да қатты мұқаба. Сыртында Ғабеңнің костюм мен галстукті, бетін сәл бұрыңқырап түскен белгілі портреті. Албырт жас, мәужіреген кәрі емес, нағыз дер шағында түсірілген әрі кабинетте қалам ұстап отырған емес, шығармашылыққа қатыссыз осы сыртқы фото ішкі мазмұнды дәл сипаттайды екен. Бұған кітап атының астындағы әдепкі, біз үйренген «Естеліктер» емес, «Эссе» деген жазуды қосыңыз.

 

«…Қалтай аға». «Естеліктер» сериясындағы қалың кітапты қолға алған кезде іштей осылай күбірледік. Кітаптың аты – «Саңлақ». Мұқабадағы Қалтай Мұхамеджановтың алысқа көз тіккен үлкен фотосына қарағаннан-ақ өз естеліктеріміз көңіл төрінде көсіле кеткен. Қалтай ағаға арналған «Саңлақ» атты 300 бетке жуықтайтын жинаққа алдымен Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Әбділда Тәжібаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтің, Шыңғыс Айтматовтың, Тахауи Ахтановтың көзі тірі кездерінде Қалтай Мұхамеджановтың драматургиясы туралы білдірген пікірлері, жазған мақала мен рецензиялары топтастырылған. Бұл заңды һәм лайықты құрмет еді. Екі жаққа да.

Әсіресе, ұлы Мұхтар Әуезовтің «Бұл күлкіге дән ризамыз» деген мақаласының жөні бөлек. «Саңлақ» – шын мәнінде сатираның, драматургияның, баспасөздің, қоғамның саңлағы болған Қалтай Мұхамеджановтың тұлғасын сан қырынан сипаттаған. Әбіш Кекілбайұлының кітаптың алғы сөзіндегі «Оның өзі де жиырмасыншы ғасырдағы қазақ руханиятының  ерекше құбылысы, ерен тұлғасы еді. Маңдайыңа басар марғасқа азамат, мерейіңді үстем етер кемел қайраткер еді» деген сөздерін кітаптың бетін жабарда қайталап келтіргеннің артығы болмас.     

…«Қаһарман». Сыртқы фото болмаса да, осы естеліктер кітабы атынан-ақ Қасым Қайсеновке арналғанын сезінер едік. Мұқабадағы фотосы ерекше таңдалыпты. Полковник погонын таққан формасы. Кең кеуде орден мен медальға сықасып тұр. Әрбірі үшін қасықтап емес, шелектеп қан төккені талассыз. Онда да атақ, құрмет үшін соғыспаған. Отан үшін соғысқан. Батыр болам деп ұмтылмаған. Өйткені табиғатынан батыр болып туған. «Қаһарман» кітабының бір ерекшелігі – Қасым Қайсенов туралы орыс, украин және беларус майдангерлері мен жазушыларының естелік мақалаларының қазақ тіліне аударылып берілуі. Демек, баспа кітапты асығыс емес, байыпты түрде дайындаған. Бұған тағы бір мысал: әрбір автордың естелігінің алдында Қасымның өз кітаптарынан бір-бір абзац берілген. Сол арқылы өз мінезі, жай емес өр мінезі танылып тұрады.  

 

Камал Смайылов туралы кітаптың беташарындағы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Ақжарылқап» атты көлемді мақаласы кейіпкердің өмір жолына терең талдау жасайды. Ол Камал ағасымен бетпе-бет жүздесуі сонау 1984 жылы болғанын еске түсіріпті. Баспадан 2004 жылы «Сырлы әлем» атты кітап шықты. Мұқабадағы фотосынан жазбай таныдық: кітап ақын әрі ғалым апамыз, Қазақстанның Халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Тұрсынхан Әбдірахманова туралы.  «Сырлы әлем» естеліктер жинағынан Мәриям Хакімжанованың, Сырбай Мәуленовтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Рахманқұл Бердібаевтың, Хабиба Елебекованың, Фариза Оңғарсынованың, Сәбит Досановтың, Шарбану Құмарованың, Күләш Ахметованың және басқа көзкөрген қаламгерлердің Тұрсынхан апаның тұлғасына немесе ол кісінің кітаптары мен өлеңдеріне арналған мақалаларын оқуға болады.

Келесі бөлімге Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Тұрсынай Оразбаева, Мыңбай Рәшев, Қанипа Бұғыбаева, Серік Тұрғынбеков, Баян Бекетова, Марфуға Бектемірова сынды ақындардың арнау өлеңдері топтастырылған. Орыс тіліндегі кітапқа кіргізілген Фазу Алиеваның «Долг», Зоя Кедринаның «Поэзия Турсынхан» атты мақалалары сонау сексенінші жылдар басында жазылғанымен, өміршеңдігін жоймаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қажытай Ілиясұлына арналған естелік кітап 2013 жылы «Келешек, түбі мені түсінерсің» деген атпен жарық көрді. Бізге таныс төрт пұшпағы қара барқытпен жұрындалған ақ киіз тақиясын киген суреті мұқабаға басылыпты. Қажекеңді талай көрдік, «Хабар-2» арнасында директор кезінде көптеген хабарларға шақырдық. Меселімізді жықпайтын, айтылған уақытта келетін. «Ал, сөйлеңіз» деген кезде сөйлеп кететін.

«Атамұра» баспасынан «Естеліктер» сериясындағы келесі кітап өмірден өткен қайсар әйел туралы да, оны құрастырған күйеуі мен ұлы еді. Бұл өте күрделі тағдырға тап болған, алапат қиындықты абыроймен жеңіп шыққан отбасы туралы дастан десе боларлық. «Қайғыдан бақыт жасаған» атты кітаптың мұқабасында күлімсіреп тұрған қазақ әйелінің фотосы тұр. Көзтаныс актриса мен ақын емес, ғалым мен суретші емес, депутат пен қоғам қайраткері де емес. Сонда бұл әйел кім болды екен? Кітапты қолға ұстағандардың бәрі осындай ойға беріледі. «Қайғыдан бақыт жасаған» болса, тегін адам еместігі түсінікті. Баспаның 2008 жылы шығарған бұл кітабы Қуаныш Тазабекқызы Келімбетоваға арналған. Ол белгілі ғалым, жазушы Немат Келімбетовке адал жар, бірі – бизнесмен, екіншісі – министр, үкімет басшысының орынбасары, Ұлттық банк басқармасының төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының президенті сияқты үлкен қызметтерді атқарған екі азаматқа аяулы ана болған.

«Естеліктер» сериясындағы шоң кітаптың бірі – «Қазақтың Қажымұқаны». Оны белгілі деректанушы, жылт еткен мәліметті мұқият жинаушы Ғазизбек Тәшімбай құрастырған. Кезінде Қалмақан Әбдіқадыровтың Қажымұқанның өмірінен жазылған көлемді кітабын қызыға оқығанбыз. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында «Қазақстан» баспасы «Күш атасы» деген жинақ шығарған. Бірақ мұның бәрі кеңес өкіметі жылдарында жазылған дүниелер еді. Кейбір шындық ашылмады. Кейбір авторлар білетінінің өзін бүгіп қалуға мәжбүр болды. Саясат соған иліктірді. «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» деген атам қазақ.

 

Олқылықтың орнын «Атамұра» баспасы толтырды. 2009 жылы шыққан «Қазақтың Қажымұқаны» кітабы қазақтың атақты балуаны жайындағы бүкіл материалды жинақтапты. «Атамұра» баспасы бұл серияны әлі аяқтай қоймас. Алда жоғарыда жазғанымыздай 2021 жылы өмірден өткен Қабдеш ағамыз және басқа мемлекет, қоғам, әдебиет, өнер, спорт қайраткерлері туралы кітаптар шығады деп сенеміз. Оқырман қолындағы кітаптарға естелік жазғандардың талайы бүгінде арамызда жоқ екен, ендеше олар туралы енді келер толқын толғануға міндетті. Корпорация болса ұлтқа жасалатын бұл қызметті жалғастыра бермек.

«Атамұрадан» тек ғалымдар мен қайраткерлер, ақындар мен жазушылар жайындағы естеліктер шығып қоймады. Оқырмандар үшін олжа іспетті мұндай кітаптың үлкен бөлігі өнер тарландарына арналды. Бұл орайда корпорация екі бағытта қатар жұмыс істеді. Бірі – қазақ өнерінің айтулы тұлғаларына арналған фотоальбомдар. Екіншісі – олардың өздерінің немесе олар туралы өнертанушылар мен замандастарының естеліктері. Корпорацияның осындай фотоальбомы КСРО Халық әртісі  Ермек Серкебаевқа арналды. Ол қай жағынан қараса да, көңілден шығатын толымды дүние ретінде көрмелерге қойылды, өнер тарланының  мерейтойларында қонақтарға тарту ретінде ұсынылды. Айтулы өнер қайраткері, КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевтың өмір жолы мен жетістіктері көпке жете таныс болғандықтан, біз «Атамұра» баспасынан шыққан басқа бір, өзіміз аралас-құралас жүрген азамат туралы фотоальбомды талдағанды жөн санадық.

Ол қазақ телевизиясының айтулы тұлғасы Нұртілеу Иманғалиұлына арналды. Осы салада қызмет еттік және Нұртілеу ағамызды жете танып, қатар жүрдік. Сол себепті мұндағы фотолардан ағамыз ғана емес, оның телевизиялық кейіпкерлері мен әріптестері көзге жылыұшыраған. Мұқаба өте тартымды фотоколлаж түрінде жасалған. Жарасымды костюм киіп, креслода өмірге, қоғамға ризашылықпен күле қарап отырған Нұртілеу ағаның арғы фонына Көктөбе телевизия мұнарасының танымал бір бөлігі және Алматы шаһарының шамдары жарқыраған кешкі көрінісі қойылыпты.

 

Альбомның аты – «Нұр Тілеу». Бұл кісі кейін «Қазақстан» арнасында осындай бағдарлама жүргізді. Бастапқы идея мына фотоальбомнан туындаған шығар деп тұжырамыз. Альбом басталатын айқара бетке ақын Қадыр Мырза Әлидің, академик Ғани Қалиевтың, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың, академик Рымғали Нұрғалиевтің Нұртілеу Иманғалиұлы туралы бір ауыз пікірлері жарияланған. Енді өнер тұлғалары туралы мәтіні кеңінен жазылған еңбектерге ойысалық. «Айналайын халқымнан еркелеткен» деп курсив қаріппен терілген кітапқа, оның мұқабасындағы суретіне қарамай, алыстан атын естігенде-ақ оның Роза Бағланова туралы екенін білер едік.

Міне, кітапта өзінің әншілік жолы қалай басталғанын әңгімелейді. Айтпақшы, бұл кітапты белгілі өнертанушы журналист Ұрқия Иманбай әншінің өз аузынан жазып, толық әдеби өңдеп шыққан. Фактілерді бұрмаламаған, бірақ естеліктерді жүйелеп, сөздері мен сөйлемдерін реттеген. Сондықтан Бағланованың Иосиф Сталин, Никита Хрущев, Леонид Брежнев, Джавахарлал Неру, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун, Вильгельм Пик, Клемент Готвальд сияқты әлемдік қайраткерлердің алдында, ресми қабылдауларда ән салғаны түгел рас және әнші ондай саясатшылардың қандай әсер қалдырғанын қаз-қалпында айтып отырады.

«Айналайын халқымнан еркелеткен» – қай жағынан болсын тағылымды, танымдық кітап және бір үлгі аларлық жері: осы кітаптың алғашқы данасы қолына тиген соң, Роза Тәжібайқызы «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед пен баспаның бас редакторы Әділхан Пірмановты дастарқан жайып, үйіне қонаққа шақырғаны. Талайлар ауызша рақметпен шектелетін, тіпті «анаусы алай болмапты, мынаусы былай болмапты» деп біткен дүниеге риза болмайтындар шығатын заманда біртуар әншінің, керек десеңіз, жасы сексеннен асқан апаның баспа басшыларына мұндай құрмет көрсетуі – кісіліктің шыңы емес пе! Баспагерлерді қонақ ете отырып, Бағланова кітап сапасына көңілі толатынын, өте сапалы безендірілгенін айтыпты. Иә, ішкі мазмұны мен ондағы 137 суретті айтпағанда, мұқабаның өзі неге тұрады! Қазақстанның туы түстес көк фон арнайы таңдалған. Әншінің еркелеткен халқына риза екенін жарқын күлкісімен-ақ білдіріп отырған фотосы ше! «Халық қаһарманы» атағының жарқыраған айрықша белгісі қалай жарасып тұр! Бұл бір Бағланова емес, бүкіл халық «Атамұраға» рақмет айтатын сүбелі кітап еді.

 

2014 жылы «Атамұра» баспасы қазақ сахнасының бұлбұл үнді әншісі Бибігүл Төлегенова туралы екі тілде қатар қалың кітап шығарды. Авторы – Ирина Серкебаева. Онда КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың өнер жолы толық зерттелді. Семейдегі ет комбинатының жұмысшысы алғаш қалай ән айтты, кім бұл өнерге баулыды, кім музыкалық аспапта сүйемелдеді, кім нотаны танытты, өзі бірінші рет сахнаға шыққанда қалай толқыды, соның бәрі сипатталған.

Өнер тарландары туралы еңбектердің бастауы іспетті болып 1995 жылы «Майраның әні» атты кітап баспадан шыққан. «Қай Майра еді?» деген сұрақтың жауабы мұқабадан табылады. Кітапты КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов жазған. Демек, бұл Асанәлінің жары болып, 1993 жылы өмірден өткен Майра Шәкенқызы жайында. Асыл жарға арналған еңбекті талдамас бұрын Асанәлі аға мен баспаның арасында тамаша сыйластық орнағанын айта кеткен жөн. Үлкенді құрметтей білетін баспа басшылығы айтулы актерге талай рет қошемет көрсеткен. Қандай кітаптың тұсаукесері өтпесін құрметті қонақтардың төрінде тұруға шақыратын. «Атамұра» айтыс ұйымдастырса, әділқазылар алқасына отырғызатын. Мерейтойлары тұсында ат пен шапаннан кенде қылған жоқ. «Майраның әнін» шығарып беруі – айтулы актерге іскер бауыры тарапынан жасалған кезекті құрмет. 

Сахнаның келесі саңлағы туралы кітап алдымен орысша шықты. Жылдар өте келе «Атамұра» оның қазақ тіліндегі нұсқасын да оқырмандарға ұсынды. Бұл «Майраның әнінен» соң екі жылдан кейін көпшіліктің қолына тиген «Я – актер, Я – человек. Высшее достижения созидателя» деген көлемді жинақ еді. Сыртындағы үлкен портреттен әлдебір жаққа сынай қараған Нұрмұхан Жантөринді көресіз. Ел ішінде үлкен құрметке бөленіп, театр мен кинодағы әрбір рөлі таңдай қаққызғанымен, оған лайықты КСРО Халық әртісі атағы берілмеді, Қазақ КСР-нің Халық әртісімен ғана шектелді. Бірақ өзінің кейіпкерін сомдауды Қазақстан емес, Кеңес Одағы экранынан бастаған, «жығылсаң – нардан жығыл» дейтін рөлге тәуекел еткен осы Нұрмұхан Сейітахметұлы еді.

 

Тағы бір аруағы риза болатын театр тұлғасы – Райымбек Сейтметов. Кітапта Райымбектің Алматыдағы табысты қызметі тәуелсіздіктен кейін Түркістанда жалғасқаны жазылған. Өзі сияқты Түркістанды көркейтуге, қазақтың, тіпті күллі түрік нәсілінің рухани ордасының бірі етуге кеткен филология ғылымдарының докторлары Рахманқұл Бердібайдың, Құлбек Ергөбектің пікірлері ұтымды.

Асанәлі, Райымбек, Нұрмұхан сияқты театр тарландарына кітап арнаған соң, «Атамұра» баспасының солардың үзеңгілесі, сахнаның тағы бір талассыз саңлағы Сәбит Оразбайды ұмытып кетуі мүмкін емес еді. Расында ұмытпады. Баспадан 1999 жылы Жарас Сәрсектің құрастыруымен «Актер Сәбит Оразбай» атты кітап шықты. Оның ішкі бетіне кітап атынан кейін «Сахна шеберінің өмірі мен шығармашылығы хақында» деп жазылды. 304 бетке жеткен кітапта Сәбиттің жас кезінде ағалары айтқан лебіздерден бастап, замандастары, әріптестері айтқан пікірлер жинастырылған. Сол арқылы Сәбит сахналаған бүкіл рөлдерді білуге болады. Қазақстанның халық әртісінің, Мемлекеттік сыйлықтың иегерінің әр жылдары журналистерге берген сұхбаттары ұмыт қалмаған.

Абайдан басталған арна. «Атамұра» баспасы ХХІ ғасырдың басынан қазақ жазба әдебиетіндегі озық шығармаларды қайтадан басып, оқырмандарға ұсына бастады. Бұл алтын сандықты ашып, қазынасын ел игілігіне ұсынумен бірдей қадам еді. Ол үшін арнайы «Атамұра» кітапханасы» және «Атамұра» мектеп кітапханасы» деген сериялары дүниеге келді. «Естеліктер» сериясында мұқабада жеке, ірі пландағы портрет тұрса, мұндағы мұқаба ішкі мазмұнға сай сурет салынатын болды. Осы ерекшелік ұзын саны екі жүзден асып кеткен  әдеби кітапта тегіс сақталып келеді. Автордың аты-жөні мұқабада төменнен жоғары қарай жазылады. Аты ғана жіңішке төртбұрышпен қоршалады. Осы кішкене төртбұрыш келесі жоғарыдан төмен сызылған ұзын ақ төртбұрышпен қиылысады. Бітік төртбұрыштың ішін суретші салған кескіндеме толтырып тұр. Оған қара көлеңкесі бар ақ курсив қаріппен кітап аты жазылған. Осы стиль өте сәтті табылған дер едік. Әрі жиырма жылдан бері қатаң сақталып келеді.

Қазақ жазба әдебиетін шығаруды Абайдан бастау – ұлттық дәстүрге адалдықты «Атамұра» басшылары мен мамандарының қатаң ұстанатындығының айғағы. 2002 жылы серияны бастап Абайдың таңдамалы өлеңдері «Қалың елім, қазағым» деген атпен ұсынылды. Негізі «Абай» энциклопедиясын айтпағанда, оның шығармаларының толық нұсқасын бұл баспа шығарған. Мынау – «Атамұра» кітапханасының» керуенін бастаған және бір жинағы. Мұқабаның соңғы бетіне Абай туралы қысқаша мәлімет берілген. Осы үрдіс бұдан кейін сериядағы барлық кітапта сақталыпты.

Хош. Абайдан соң поэзиядан кім шығуы керек? Шәкәрім, әрине! «Қазақ айнасы» атты өлеңдер мен поэмалар жинағын баспа «Атамұра» кітапханасы» желісімен 2003 жылы оқырман қолына тигізді. Аты қалай дәл қойылған деп таңғалуға болады. Шәкәрім ақынның өлең мен дастандары қазақ жанының айнасы ғой. Кітапқа филология ғылымдарының кандидаты, шәкәрімтанушы Серікқазы Қорабай пікір жазды. Алаш идеясы жолында өмірлерін құрбан еткен Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың шығармалары алдыңғы сапта оқырманға жол тартты. Алаш арыстарынан бұрын ақталған Сәкен мен Ілиястың жырлары бір-бір кітап болып ұсынылды. Бірінің – «Аққудың айрылысуы», екіншісінің «Құлагер» атауы қандай өлеңдер мен дастандары іріктеліп кіргізілгенін байқатады.

Біріне – «Қамар сұлу», екіншісіне «Құралай сұлу» деген ат қойып, баспа Сұлтанмахмұт Торыайғыров пен Иса Байзақовтың поэмалары мен өлеңдерін ұсынды. Сұлтанмахмұттың кітабына алғы сөзді академик Серік Қирабаев жазған. Бұл әрі-беріден соң, алғы сөз емес, Алаштың идеясын жырмен де, «Қазақ» газетіндегі репортажымен де қараңғы қазақ көгіне шығармақ болған ақын туралы зерттеу мақала деуіміз керек.

Майданнан аман қайтқан ақындардың туындыларын бір топтап атап кетейік: Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Қалижан Бекқожин, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев. Алпысыншы жылдардан бастап қазақ поэзиясын аспандатып жіберген Ғафу Қайырбеков, Төлеген Айбергенов, Меңдікеш Сатыбалдиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Сағи Жиенбаев, Кәкімбек Салықов мұралары іріктеліп бір-бір том ретінде ұсынылған. Қайран Мұқағали бұған дейін де жарық көрген. Бұрын ешбір басылымдарында болмаған өлеңдерін тауып, «Аманат» деген атпен шығарған.

Жұмекен Нәжімеденовтің мұрасына «Атамұра» кітапханасы» екі том арнағанды жөн санапты.  2003 жылы Әбіш Кекілбаевтың алғы сөзімен «Жаңғырық» кітабы шыққан. 2008 жылы белгілі қаламгерлер және Жұмекенді зерттеушілер Бауыржан Омаров пен Рахымжан Отарбаевтың құрастыруымен «Менің Қазақстаным» атты кітабы жарыққа шықты. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке келген бұл буыннан кейін де қазақ әдебиеті тамаша өлең мен тартымды поэмадан құр алақан емес. Оның мысалын «Атамұра» шығарған келесі кітаптар шоғырынан көреміз. Мұның ішінде ілгері-кейінді өмірден өтіп кеткен таланттардың туындыларын бірінші тілге тиек ету керек шығар. Аруаққа құрмет үшін.

Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйләсі» – махаббатқа жырмен соғылған ғажайып мұнара тәрізді. Әлгінде «Қамар сұлу», «Құралай сұлу» деп жазсақ, Жұматайдың «Ләйләсі» сұлулық жағынан олардан кем түспес. Жұматайдың өлеңдері жастардың аузында жүргенімен, қолдарына кітабы көп түсе бермейтін. Кезінде шыққан, соңынан жиі басыла қоймаған. Баспа осы олқылықтың орнын толтырып берді. Өмірден ерте өткеннің бірі – Кеңшілік Мырзабековтің өлеңдері мен поэмаларын жинақтап шығарғаны және бар. Ақынның денесін сонау Торғайға алып кеткенмен, жырлары Алатау бөктерінде қалды ғой. Біз «Атамұра» баспа корпорациясы ұсынған кітаптарды талдауға кіріскен кездің өзінде қазақ поэзиясы бірқатар шығынға ұшыраған. Әйтеуір, дер кезінде кітаптары баспадан шығып үлгерді. Шөмішбай Сариев пен Жәркен Бөдешұлы марқұмдар хақында осылай дер едік.

Халыққа аттары кең танымал Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, Нұрлан Оразалин сынды ақындар «Атамұра» кітапханасының» қатарынан лайықты орын алыпты. Ұзақ жыл Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Нұрлан Оразалиннің сериямен шыққан кітабынан басқа 1997 жылы «Құралайдың салқыны» атты жыр жинағы жарық көрген. Оған баспаның ұйымдастыруымен айтулы Шыңғыс Айтматовтың өзі алғы сөз жазған. Сөйтіп бауырлас қазақ пен қырғыз халықтарының әдеби бірлігі, ынтымақтастығы тағы бір мысалмен дәлелденген. Темірханның кітабын қазіргі қоғамның қайшылықтарына, көзқарастардың шарпысуына арналған өлеңдері құрап, «Тағдырлы жылдар жырлары» деп аталған.

Негізі жұрт айтыстың ұйымдастырушысы, қазақтың осы өнерін бұйдасынан жетектеуші ретінде білгенімен, Жүрсін Ерманов – өте тамаша ақын. Талай жырына сусындағанбыз. Қасымның үйі туралы өлеңін жатқа оқитынбыз. «Атамұра» кітапханасының» аясындағы «Өз үйім» атты кітабының эпиграфына сол өлеңнен екі жол берілген екен.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Біздің үй соның іргесінде еді! Ұлықбек Есдәулеттің 368 беттен тұратын өлеңдер жинағының материалдық салмағынан рухани салмағы ауыр. Осы заманның лирикасына тұнып тұрған «Ынтық зардан» бағзының сарынын байқауға болады.  Қазақтың ақын қыздары баршылық. Поэзиядағы «Атамұра» кітапханасына» бұл тараптан біраз үлес қосылған. Солардың көшбасшыларының бірі Марфуға Айтхожа апамыздың кітабы 2008 жылы шығып, «Сырлы саз» аталған.

2013 жылы оқырмандар назарына Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты өлеңдер жинағы ұсынылды. Сыртқы мұқабаға теңіздің асау толқыны және соның үстінде самғап ұшқан дауылпаз құс бейнеленіпті. Бұл  сурет кітаптың бетін ғана емес, ақынның жан дүниесін айшықтап тұр. Тағы да бір Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Күләш Ахметованың өлеңіне екі кітап берілген. Бірақ екеуінің көлемі Марфуғаның немесе Фаризаның жалғыз кітабынан аспайды. Бұл жерде бар мәселе формада болуы керек. Автор Ахметова бір жинағын «Бақ», екіншісін «Құт» деп атаған.

Осыншама ақындардың өлеңдерін оқырманға ұсынған «Атамұра» корпорациясының үстіне бақ құсы қонғаны талассыз дейміз. Әрі баспадан шыққан өлең кітаптарының авторлары Мемлекеттік сыйлық алатын игі дәстүр қалыптасты. Мұқағали Мақатаевқа «Аманат» үшін, Жұмекен Нәжімеденовке «Менің Қазақстаным» үшін қайтыс болғаннан кейін сыйлық берілсе, көзі тірі Темірхан Медетбектің «Тағдырлы жылдар жырлары»,  Нұрлан Оразалиннің «Құралайдың салқыны» кітаптары осы сыйлыққа лайық деп табылды. 

«Атамұра» кітапханасы» мен «Атамұра» мектеп кітапханасы» Алматы мен ел астанасындағы ақындарды ғана қамтып, аймақтағы жыр дүлдүлдерін ұмытқан жоқ па? Жоқ, олай емес. «Атамұра» кітапханасы» мен «Атамұра» мектеп кітапханасы» оларды ұмытпайды. Қарағандыдағы Серік Ақсұңқарұлының жыр кітабы «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» деп аталса, «Бесінші маусым жұпары» деген атпен семейлік ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтың кітабы оқырманға ұсынылды. 2022 жылы баспа осы сериялар аясында Қарағанды қаласында тұратын Абзал Бөкеннің «Қаракөк», Ақтөбе қаласын мекен еткен, облыстық газет қызметкері Ертай Ашықбаевтың «Таныс жұлдыздар» атты кітаптарын ұсынды. Екеуі де соңғы кезде өндіре жазып жүр.

Әдебиеттің бір жанры – сатира. Оның өзі ішінен сықақ, шымшыма, пародия, өтірік өлең, интермедия және басқа түрге бөлінеді. Қазақ әдебиетінде сатираның үлгілері мен көрнекі өкілдері баршылық. «Атамұра» кітапханасы» олардың біразын қамтыпты. Көш басында 2003 жылы шыққан «Мың мінездеме» деген кітабы арқылы Оспанхан Әубәкіровтың тұруы заңды. Мыңбай Рәшевтің «Мұржа мұрын», Ғаббас Қабышұлының «Тарғыл тірлік» сатиралық жинақтары «Атамұра» кітапханасының» қатарын толықтырды. Бұған екі рет басылған «Қалтайдың қалжыңдарын» қосыңыз. Алғашқы 2006 жылғы басылымда есептік баспа табақ 21,82 болса, 2019 жылы шыққан кітаптың есептік баспа табағы 24,31 екен, демек, бұрынғыдан толыға түскен.

Қалекеңнің қалжыңдарын айтып, жинап бергендердің арасында Әбілмәжін Жұмабаев, Дулат Исабеков, Серік Әбдірайымұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Көпен Әмір-Бек, Жаңабек Шағатайұлы сынды қаламгерлер, Еркеғали Рахмадиев, Әшірбек Сығай, Маман Байсеркенұлы сияқты өнер қайраткерлері бар. Қалтайдың біраз қалжыңын жинап беріп, екінші кітаптың қомақты болуына үлес қосқан Көпен Әмір-Бектің өзінің кітабы осы сериямен жарық көрді. Ол «Сахналық пародия», «Шығармашылық пародия», «Езу тартар эпиграмма» дегендей бөлімдерге бөлінген. Әзілдің бәрі жарасымды.

Қазақ әдебиетінің қазынасы. «Атамұра» кітапханасы» сериясында проза саласындағы көшті кім бастауы керек дегенде таңдау Мұхтар Әуезовке түсті. Жазушының 1920–30 жылдар арасындағы шығармалары «Қорғансыздың күні» деген атпен ұсынылды. Алғашқылардың бірі болып Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, «Күнекейдің жазығы» повесімен қоса басылды. Қаншама жыл жабық жатқандықтан бұл шығармаларды енді жиі басып тұру керек деп санаймыз.

«Атамұра» кітапханасы» сериясында Бейімбет Майлиннің әңгімелері «Шұғаның белгісі» деген атпен көпке ұсынылды. Тамаша жинақты кейін мақалға айналып кеткен «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі түйіндейді. Қатар жүрген, қалжыңдасып, қағысып өткен үш классик Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Ғабиден Мұстафин мұраларынан бір-бір кітап осы серия бойынша ұсынылды. Сәбиттен «Мөлдір махаббат», Ғабиденнен «Шығанақ», ал Ғабиттен әлбетте, «Ұлпан» таңдалған.

Әуезовке осы үшеуін қосып, «Алыптар тобы» деп атайды. «Алыптар тобымен» қатар олардың айналасында жүрген жазушылар өз заманында айтарлықтай танылды. Соның арасында Мұхтар мен Сәбит, Ғабит пен Ғабидендер құрметтеген бір қаламгер болған. «Алыптар тобымен» қатарласа өмір сүріп, сыйлық пен атақ алмағанмен, жазушылар ортасындағы құрметі талайлардан жоғары еді. Ол – Сапарғали Бегалин. Бұл қарт жазушының үлесіне қазақтың саятшылық пен аңшылық өнерін суреттеу бұйырды. Оның бәрін «Атамұра» кітапханасы» ұсынған «Көксегеннің көргендері» кітабында ерекше суреттеген. Бұл кітаптағы повестер мен әңгімелер әлі күнге әсерлі оқылады. Өткен ғасырдың 40–60 жылдары арасында өмірден жастай өтіп кеткен, бірақ соңына рухани мұра қалдырған қаламгерлердің жазған-сызғаны назардан қағыс қалмапты. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Баубек Бұлқышевтің «Заман біздікі», Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» кітаптары шығарылды.

Майдангер жазушылардың соғыс пен бейбіт өмірге арнаған көлемді туындылары қазақ прозасының бір белесі еді. Осы белестен бірнеше кітап ұсынылды. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы баласы», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндері», Әди Шәріповтің «Ормандағы оты», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы», Қалмұқан Исабаевтың «Жұмбақ үйі» жеке-жеке кітап болып шықты. Соғыстың шын көрінісін, қазақ елінің ежелгі ерлік салтын танытқан туындылар қаншама жылдан бұрын жазылса да, бүгінгі заманның жауынгерлерін тәрбиелеуге таптырмайды. Ұрыстан кейін жараланып қолға түскен жау жауынгерлерінің жараларын таңып, емдетуге бұйрық берген командирдің кісілігін Әди Шәріпов өз романында көрсеткен.

Бұлардың ізін баса әдебиетке келген Сафуан Шаймарденовтің, Мұқан Иманжановтың, Қалмақан Әбдіқадыровтың, Нығмет Ғабдуллиннің, Тәкен Әлімқұловтың еңбектерін «Атамұра» кітапханасы» көпшілікке ұсынды. Оның ішінде Қалмақаннан «Қажымұқан» повесі таңдалса, Сафуаннан «Битабар балуан» повесі алынған. Осының өзінде жазушылардың ғана емес, даланың келесі құрметтісі, күш иелері – балуандардың бір-бірінің ізін басқан сабақтастығы сақталған екен.

Алпысыншы жылдары қалам ұстаған қауым жаппай «социалистік реализм» деген түсініксіз сүрлеуге түскенде біздің пайымдауымызша, өмірдің шындығын қорықпастан жаза алған екі қаламгер болды. Бірі – Тәкен Әлімқұлов, екіншісі – Бердібек Соқпақбаев. «Тұлпардың тағдыры» кітабын Тәкеннің қызы Алма Әлімқұлова өзі құрастырған. Жүйрік пен иесінің аянышты тағдырын сөз еткен повестен басқа мұнда қазақтың біртуар адамдарының өмірінің соңғы, аянышты да ызалы кезін қапысыз суреттеген «Көк қаршыға», «Қарой» сияқты әңгімелері кіргізілді. Тәкеннің ат спорты мен футбол төңірегінен ой саларлық өте сыршыл новеллалар жазғанын осы кітапты оқығандар білетін болады.

Бердібектің баспадан шыққан «Менің атым Қожасы» бір баланың бүкіл қазақ баласына ортақ мінезі мен көңіл күйін дәл жеткізді. Келесі туындысы – «Балалық шаққа саяхат» өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы қазақ ауылы қандай күйде тұрғанын боямасыз баяндаған. Жоғарыда майдангер қаламгерлер арасында Әзілхан Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқаты» шықты десек, «Атамұра» кітапханасы» кешікпей бұл қаламгерге тағы айналып келеді. Өйткені автордың «Махаббат, қызық мол жылдарын» қалай тастап кетуге, ұмыт қалдыруға болады?!

Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің нағыз қаһарманы. «Атамұра» баспасы қалыптасып жатқанда осынау қайсар қаламгердің бұрын цензураның себебінен басылмай қалған «Мұхиттан өткен желқайық» романын алғаш рет оқырмандарға ұсынған. Басқа баспалар осындай қолжазба барын білмеген, білсе де мән бермеген уақыт еді. Ал роман болса, өте өзекті, өйткені кеңестік заманның соңғы кезіндегі келеңсіздіктерін суреттеген. Қаламгердің «Көшпенділер» трилогиясын шығаруға осы баспа білек түре кірісті. Үш кітаптың алғашқысы болып «Қаһар» романы «Атамұра» кітапханасы» желісімен оқырмандар қолына жетті.

«Атамұра» кітапханасының» прозалық кітаптарының үлкен бөлігі қазақ әдебиетіне алпысыншы жылдардың басы мен ортасында келген, жетпісінші-сексенінші жылдары шеберліктері шыңдалып, өндіріп жазған тегеурінді топтың туындыларынан тұрады. Белгілі қаламгер және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-Дария хикаясының», «Күй» мен «Шыңырау» повестерінің және «Аңыздың ақыры» романының басын қосқан кітабы осы сериямен шықты. Төлен Әбдіковтің бес повесть, бес әңгіме және бір пьесасының басын қосқан кітабы «Оң қол» атымен шықты. Кітапқа аты берілген өте танымал психологиялық туынды авторға зор табыс әкелгені мәлім. Әкім Таразидың жазу стилі бөлек. Оны «Ауыл шетіндегі үй» кітабына кіргізілген әңгімелердің әрбірі байқатады.

Бала кезімізде күндіз тұрмақ, түндегі керосин шамның жарығымен қолымыздан тастамай оқып бітірген кітаптарымыздың біразы осы желі арқылы жолықты. Соның бірі – Сәкен Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» романы болса, екіншісі – Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі. Осы екі қаламгердің ең үздік туындыларын «Атамұра» кітапханасынан» тауып, көңіліміз көтеріліп қалды. Соғыс жылдарындағы және тың игерілген тұстағы қазақ ауылдарының тіршілігін суреттеуде бұлардан асқан шығармалар жоқ шығар. Біз алдыңғы тараулардың бірінде «Атамұра» баспасы тарихты ғылыми еңбектер арқылы ғана емес, әдеби шығармалар арқылы түгендеген деп, оған Шерхан Мұртазаның «Тамұқ» романын шығарғанын мысал етіп жазғанбыз. Мына серия бойынша қаламгердің әңгімелер топтамасы жарық көрді. Сейдахмет Бердіқұловтың «Тұйғын» кітабы. Мұқаба сыртындағы коллаждың алдыңғы планында велошабандоздың тұруы заңдылық еді. Тағы да баспаның суретшісі мен редакторының шығармашылық бірлігіне тәнті болдық.

«Атамұра» кітапханасы» сериясындағы редакторлардың тамаша жұмысы Қабдеш Жұмаділовтың «Бір ғана ғұмыр» кітабынан көрініп тұр. Қабекең бұл корпорация басшылары мен мамандарының әкесі іспетті болды. Қаламгердің мерейтойын Барқытбел баурайында атап өтуге Мұхтар Құл-Мұхаммед барынша көмектесті. Әулеттің үлкені Абрар ақсақалмен әрдайым әңгімесі жарасатын. «Промотей алауы» романын бір аймақ тұрғындарының санасына жарық түсірген тұлғаларға арнап, арасында Ақтайлақ бимен қатар Құл-Мұхаммед әулеті аталарының бейнесін сомдағаны мәлім.

«Бір ғана ғұмырға» келсек, қаламгер мен редактор әңгімелерді топтап берудің тамаша тәсілін тауыпты. Кітап тек әңгімелерден тұрғанымен үш бөлімге бөлінген. Олар – «Алпысыншы жылдар әңгімелері», «Жетпісінші жылдар әңгімелері» және «Тоқсаныншы жылдар әңгімелері». Бұлай іріктеу Қабдеш ағамыздың жазушы ретінде өсу баспалдақтарын байқатып тұр және әр дәуірдің өзіне сай туындылар ұсынатын қабілетін аңғартады. «Лениншіл жас» газетінде қызметте жүргенімізде редакторымыз Сейдахмет Бердіқұловтың бір сөзінде «Қалихан Ысқақов қазақтың Хемингуэйі емес пе» дегені бар. «Қазақтың Хемингуэйінсіз» серия әлбетте, олқы болып тұрмақ еді. Бұл кітаптың редакторы Асқар Алтай жазушы шығармаларын жылдар емес, жанрлар бойынша сатылап ұсынған өзіндік жол тауыпты. Қалиханның «Ақтоқым» әңгімесі, «Қоңыз күз еді» повесі және «Тұйық» романының бастарын біріктіріп ұсыныпты.

Өздері өмірде дос болып қатар жүрген Ақселеу Сейдімбектің, Кәдірбек Сегізбайұлының, Оралхан Бөкейдің хикаялары мен әңгімелері қатар шықты. Тынысы мен тындырымы бөлек Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» атты кітабы осы толқынның ішінде. Бұлардан басқа Смағұл Елубаевтың күштеп ұжымдастыру кезіндегі қазақ ауылының ахуалына арналған «Ақ боз үйі» бар.

Аймақта тұрғанмен, танылу жағынан алматылықтардан кем түспеген Мархабат Байғұт бұл тізімнен тысқары қалмады. Тұрсын Жұртбайдың  ертеректе жазған үштаған повесі мен әңгімелері «Бір уыс жусан» деген атпен ұсынылды. Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді…» деген кітабы атынан-ақ қазақ даласының қай аймағындағы оқиғаларды сипаттайтындығы белгілі. Алтай демекші, қаламгер Асқар Алтайдың кітабы осы желімен шыққан. Асқармен қатарлас сыршыл жазушы Нұрғали Ораздың «Түнгі жалғыздық» жинағы жиырмаға жуық әңгімесінің басын қосқан. Нұрғали «Атамұра» кітапханасына» Мұхтар Абрарұлымен курстас болғандықтан емес, әдебиетте өзінің орны, өз дауысы болғандықтан кіргізілгені талассыз.

Байқасаңыздар, қазақ прозасы туралы сөз еткенде Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабековтің кітаптарына еш шолу жасамадық. Оның алдында поэзия жайындағы тарауда орыс тілді ақын Олжас Сүлейменовті аттап кеткен сияқтымыз. Жоқ, оларды баспа да, біз де ұмытып кеткен жоқпыз. «Атамұра» Дулат Исабеков, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауиннің бүкіл туындыларын қайта басуға кіріскен. Дулат Исабековтің қаламынан туған роман, повесть, әңгіме және пьесалар жеті томды құрады. Алғашқы болып «Атамұрадан» «Гауһар тас» кітабы оқырмандар қолына тиді. Бұдан кейін қаламгердің «Қарғын» романын, «Тіршілік», «Жеті желкен», «Мазасыз күндер» және басқа повестерін шығарудың кезегі келді.  

Мұхтар Мағауинге «Атамұра» корпорациясының көзқарасы өте жоғары. Оны қаламгер 60 жасқа толғанда аттас інісі Мұхтар Құл-Мұхаммед жасаған сый-құрметтен көрдік. Жетпіс пен сексенінде жазушыға корпорация атынан Мұхтардың інісі Рақымғали сый-сияпат жолдады. Министр, сенатор болып кеткен үлкен Құл-Мұхаммед ресми құттықтады. Құрмет қай жағынан болмасын өсе түспесе, кеміген емес. 2006 жылы жеке екі кітап болып «Алдаспан» мен «Қобыз сарыны» басылды. Сонау 1968 жылы бірінші рет шыққан монографияға Мағауин өзі 2005 жылы тамыз айында «Әуелгі сөз» жазып беріпті, кітаптың кіріспесінде тұр.

«Қыпшақ аруының» мұқабасы ғажап. Оның мазмұны қаншама рет баспасөз бен сайттарда, әлеуметтік желіде мақталды. Баспа шығарған бұл кітаптың ішінде Мағауиннің келесі  керемет туындысы – «Кесік бас – тірі тұлып» хикаяты бар. Жон арқаң шымырлап отырып оқисың. Қаламгердің «Атамұрадан» шыққан «Тазының өлімі» томына осы аттас хикаятпен қатар «Одағай әңгімелер» деген ортақ атаумен 6 әңгімесі, «Және одағай әңгімелер» деген бөлімде 7 әңгімесі басылған. Өзі бір сұхбатында үздік әңгімем дейтін «Құмырсқа-қырғын» осы кітапта.

«Тазының өлімі» кітабымен қатарласа 2004 жылы «Көкбалақ» ұсынылды. Тоқсаба күйші туралы роман. Кезегімен «Шахан-Шері» шығарылды. Біз «шіркін, осыдан көркем фильм түсірілсе ғой» деп армандайтын романы. Ары қарай. Мұхтар Мағауиннің жетінші кітабы. «Сары қазақ» пен «Көк мұнардың» қайсысы болар деп күткенбіз. «Сары қазақ» алдағы уақытта «Атамұраның» Мағауин желісіндегі сегізінші кітабы болып та қалар, өйткені кезек «Көк мұнарға» келген екен. Мұхтар Мағауин атын танытып, ол туралы «жақсы жазушы ма, жаман жазушы ма» деп бір толас таппаған таласты бастаған «Көк мұнар». «Атамұрадан» Олжас Сүлейменовтің жеті томы жарық көрді. Ақын, қоғам қайраткері орыс тілінде жазатын болғандықтан, жеті том солай шықты. Негізі, сәті келгенде Олжастың Қадыр замандасы қазақ тіліне аударған кітабын шығарып қойған да артық болмас. Бұл – болашақтың тірлігі.

Ата салтың – халықтық қалпың. «Атамұра» әлі іргелі корпорацияға айналмай, жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде қызметін бастаған шақта «Аталар салған даңғыл жол» деген кітап шығарған еді. Осыдан бастап «Атамұра» қазақтың тұрмысы мен салты, діні мен ділі, тілі мен танымы қандай болды деген саладан соқасын суырған емес. Ең айтулы білімдар этнограф болып тарихымызда қалған академик Әлкей Марғұланның шығармалар жинағының бірінші томында Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті туралы өте құнды деректер берілген.

Ғалым Немат Келімбетовтің 2007 жылы баспадан «Қариялар» атты кітабы жарық көрді. Эссе түрінде жазылған еңбекте қазақ жасы еңкейген адамды түрліше атайтыны түсіндірілген. «Шал», «қария», «қарт» және «ақсақал» атауын барлық жерде бірдей қолдану дұрыс емес . 2008 жылы «Атамұра» баспасынан «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» атты үлкен ғылыми басылым жарық көрді. Көлемі 35 баспа табақ болатын бұл еңбекті сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі жазып шыққан. Мүфти – біздің ұстазымыз. Дін жағынан емес. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде  біраз уақыт Әбсаттар Дербісәлі араб тілінен сабақ берді. Рабат университетінде оқып келген беті. Өте жұмсақ мінезді, күліп тұратын кісі еді.

Қазақтың ән мен күй өнеріне негіз болған домбыра ұмыт қалмады. Әдемі фотолармен безендірілген «Домбыра» атты кітапты «Атамұра» бірден үш тілде ұсынды. Белгілі домбыра жасаушы шебер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің сәндік қолөнер кафедрасының профессоры Жолаушы Тұрдықұлов бұл аспаптың бірнеше түрін түсіндірген. «Атамұра» шығарған көлемді түрлі түсті кітаптардың ішінде «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын» айтпай кетуге болмайды. Баспа бұл кітаптың қазақша нұсқасын екі рет шығарды, одан кейін қазақшасын орысша және ағылшынша аудармаларына қосып ықшамдап тағы ұсынды.

«Атамұра» баспасы салт-дәстүр саласында бірнеше іргелі басылымдарды жарыққа шығарды. Атап айтар болсақ, қазақтың мол дастарқанындағы ұлттық тағамдарды егжей-тегжейлі сипаттап, жасалу жолдарын баяндап, түрлі түсті суреттермен безендірілген «Қазақы дастарқан», «Казахская национальная кухня» кітаптары қазақ және орыс тілдерінде ағылшын тіліндегі аудармасымен жеке-жеке басылды.

«Атамұра» баспасы мектеп пәндеріне көмекші дереккөз бола алатын ірі-ірі «Мектеп энциклопедияларын» жасауда да біраз тер төкті, оларды атап өтпеске болмас… «Қазақстан жануарлары» сериясымен 2008 жылы «Млекопитающие», 2013 жылы «Сүтқоректілер», 2010 жылы «Құстар», «Птицы», 2010 жылы «Насекомые», 2020 жылы «Бунақденелілер», 2012 жылы «Қазақстан гүлдері», 2014 жылы «Балықтар. Қосмекенділер. Жорғалаушылар», 2019 жылы «Қазақстан – қызғалдақтар Отаны» және тағы да басқа фотосуреттерден тұратын көрнекі безендірілген басылымдарды басып шығарды. Бұлардың әрқайсысы – кез келген оқырман үшін таптырмас қазына. 

Тағы бір  келесі көз қуандыратын өнімі Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ тазысы» кітабы екеніне дау жоқ. Ол баспадан 2013 жылы түрлітүсті альбом түрінде шықты. Үш тілде: қазақша, орысша және ағылшынша. Алдымен қазақ тілінде жазылып, екі тілге содан кейін аударылған. Тұтас зерттеу еңбегі іспетті. Өйткені кітап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тарих және этнология институтында талдаудан өтіп, мақұлданған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов ғылыми кеңесші болған. Алғы сөз орнына Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Тазының өмірі» деген мақаласы берілді. Кезінде Мұхтар Мағауин қазақтың санасын сілкіндірген «Тазының өлімі» деген хикая жазған еді. Бергі Мұхтардың мақала тақырыбын «Тазының өмірі» деуінде жай контраст емес, үлкен мән жатқанын мақаланы оқығанда аңғарасыздар.

Талант өзіне лайық құрметті көзі тірісінде көргені ләзім. «Атамұра» баспасы осындай ұстаныммен бірқатар кітап шығарды. Онда белгілі тұлғалар туралы талдау мақалалар, олардың түрлі басылым тілшілеріне берген сұхбаттары, мерейтойлық жазбалар мен құттықтаулар және арнау өлеңдер жинақталған. Бұл жанрларды біз жоғарыда сипаттап кеткен «Естеліктер» сериясынан да байқаймыз. Жалғыз айырмашылық: «Естеліктер» өмірден өтіп кеткен қайраткердің атын ұмытпау мақсатында шығарылса, мынау – өмірде бар адамға көрсетілген құрмет, бәлкім ізет. Баспаның кітаптарын түрлі сала бойынша жүйелеп жазғанда алдымен шыққан кітаптардан бастайтын едік. Көзі тірі тұлғаларға арналған еңбектер туралы толғаныста керісінше алдымен ең кейінгі 2020 жылдың соңында шыққан кітаптан бастағымыз келді.

Мұхтар Мағауин ағасын «Атамұра» баспа корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед бізден артық жақсы көретін сияқты. Оған жоғарыда сөз болған жеті томды айтпағанда қаламгердің 80 жасқа толуына орай «Мұхтар Мағауин: Ұлтқа қызмет» деген кітапты арнап шығарғаны дәлел. Қалың да жалпақ, салмақты да сапалы кітаптың аты дәл қойылған. Ұлтқа қызметтің ғажап үлгісін алпыс жыл бойы Мұхтар Мұқанұлынан артық кім көрсетіп келеді?! 2013 жылы баспадан қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың өмірін өрнектейтін «Сыр-сұхбат» атты қалың кітап жарық көрді. Онда апамыздың көзі тірі, Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезі. «Осы кітабымның жарық көруіне демеушілік жасаған «Атамұра» корпорациясына ризашылығымды білдіремін. Автор» деген сөзі мұқабадан кейінгі форзац бетке беріліпті.

Фариза Оңғарсыновамен сырлас болған, ұзақ жыл бірге жүрген, бір-біріне мақала мен өлең арнаған Шәмша Беркімбаеваның қандай екенін білу үшін «Атамұра» шығарған кітапты парақтау керек. Бір емес, екі кітап. Алғашқысы «Ізгілікті іздеп келем…» баспадан мына ғасыр бастала сала 2001 жылы шықты. Алғы сөзді Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Өмірзақ Айтбайұлы жазды. Ол Шәмша Көпбайқызының қызметінде мән берген үш басты мәселені анықтайды: бірінші – оқу-білім мәселесі; екінші – мемлекеттік тіл мәселесі; үшінші – ұлттық тәлім-тәрбие мәселесі.  

Беркімбаеваның бірінші кітабы мен көлемі молыққан екінші кітабының арасында он жыл уақыт өтсе, Орынша Қарабалина–Қазыбаеваның кітабын «Атамұра» он алты жыл өткенде толықтырып, қайта шығарды. Бұл орайда автор өмірінің тарихы ғана емес, баспа корпорациясының өзінің тарихы сайрап жатыр. Оны автор мұқабаның ішкі жағына атап көрсеткен: «Мемлекет және қоғам қайраткері, жолдасым Кәкімжан Қазыбаев шығармаларының 4 томдығын Мәдениет және ақпарат министрі кезінде Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед мырза шығарып, үлкен азаматтық танытқан еді. Осы кітаптың жарық көруіне «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы демеушілік жасап отыр. Абрар ағаның ұлдарына алғысым шексіз. Автор».  

Орынша апамыз – бүкіл Қазақстанға танымал ұстаздың бірі. Кезінде газетке шыққан «Мейірім», «Мұғалім – мектептің жүрегі», «Қиын класым – қимас класым» сияқты мақалаларына қанық едік. Адам болу үшін осы «Ұстаз жүгі – ауыр, қиын, қызық» аталатын кітапты оқып шығу керек. Демек, оны өз қаржысына шығарған «Атамұра» қазақ жастарының адам болу ісіне лайықты үлесін қосқан. Жалпы, көзі тірі тұлғаларды құрметтеуде баспа корпорациясы әдеттегідей басқаларға үлкен үлгі көрсетіп жүр.

Мектеп пен мұғалім дегенде еске түсетін тағы бір сала – мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы жас бүлдіршіндерге арналған Т. Жексенбайдың «Әліппе әңгімелері», «Бал бұлақ», «Бүркіттің балапаны», К. Сегізбайұлының «Жетім қонжық» әңгімелер жинағы мен «Негеш» балалар энциклопедиясы, сондай-ақ балалар ақын-жазушыларының «Балалар поэзиясының антологиясы» және «Балалар әңгімелерінің антологиясы» басылымдары өз алдына бір төбе. Сонымен қорыта айтқанда, барлық білімнің қайнар көзі, шамшырағы, адам баласының жан азығы, рухани байлығы – кітап шығару саласында 30 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан «Атамұра» баспа корпорациясының халық алдындағы қыруар еңбегінің бір парасы осындай.

Қайнар ОЛЖАЙ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий