Қазақстан педагогикасының қалыптасуы мен дамуы

Тәуелсіз Қазақстанды алдыңғы қатарлы, өркениетті елдермен тең болу үшін, қазақ елінің мәдениетін, тілін, әдебиетін, экономикасын, ғылымын көтеретін тұлғаны қалыптастыру қазіргі Қазақстан педагогика ғылымының басты мақсаты. Сондықтан халқымыздың өткен тарихындағы озық педагогикалық идеяларды ұлттық құндылықтар тұрғысынан қарап, бүгінгі ұрпақты жан-жақты дамытып қалыптастыруға пайдалану керек. Педагогикалық теория мен тәжірибені бірін-бірінен айыру – соңғы бір неше он жылдықтар бойында педагогтар санасында қалыптасып қалған, педагогикалық ойлау тәсілдеріне тікелей ықпал ететін, қазіргі педагогикалық шындық.

Алдымен, өзіміздің тарихымызды нақты айқындап алуымыз қажет, бұл – әрбір ғылымның саласына қатысты мәселе. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси жүйеде қазақ ұлтының өткен тарихы, оның барлық кезеңдері мен іргелі мәселелері бұрмалауға ұшырағаны құпия емес. Қазіргі уақытта Тәуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі кезінде  педагогиканы түбегейлі өзгерту мәселесін алдыңғы қатарға қойылып отыр.

Дамыған әлемдік өркениетке түрлі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын әрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін қарастыру көзделуде. Педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нәтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі әлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни және объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді.

Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын әлеуметтік технология ретінде қолдану педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мәдениеттің басым болмауы болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге әкеліп соқтырды.

Педагогикалық ілімдер тәрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз үлгілері ретінде қарастырылды. Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мәдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің әлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануына алып келді. Әлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық және әдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тәрбие мен білім беру мәселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен әдіснамалық әлсіздікке әкеліп соқтырды.

Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары әлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мәнін, тарихы мен мәдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар әлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Педагогика ғылымының әдіснамасы философия заңдылықтарына сүйенетіні белгілі. Философиялық  ғылымдар педагогикаға  тәрбиенің мағынасы мен мақсатын анықтауға, адамзат болмысы мен ойлауының жалпы заңдылықтарының әрекетін дұрыс түсінуге көмектеседі, ғылым мен қоғамда болып жатқан өзгерістер туралы шұғыл ақпарат бере отырып, тәрбиенің бағытын нақтылауға жәрдемдеседі.

Философия табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын, түбегейлі мәселелерін зерттейді, өмір шындығын танып білу жөніндегі көзқарастың негізгі жүйесі болып табылады, адамды күшті идеялық сенімге, айқын түсіне білушілікке тәрбиелейді. Педагогика материалистік диалектиканың қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысуы және терістеуді терістеу сияқты негізгі заңдарын тәрбие, білім беру және оқыту процестерінде шығармашылықпен пайдалануды көздейді.

Қазіргі таңда педагогикалық іс-тәжірибені жаңғыртудың,  қалыптастырудың негізгі көзі –  педагогикалық  инновациялар болмақ, ал оның негізінде ғылыми-педагогикалық зерттеулер жататындығы  құпия емес. Қазақстан педагогикасының қалыптасуы мен дамуы   педагогикалық сананы ұдайы жаңартып жүйелі түрде әсер ететін педагогикалық тетікке айналдыру заман талабы.

Гүлжазира БОЛЫС,
Оңтүстік Қазакстан педагогикалық
мемлекеттік университеті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий