Экономиканың аграрлық секторына мамандар даярлаудың маңызы
Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының басты күші. Ал аграрлық салаға ауыл шаруашылық мамандарын даярлау, сапалы білім беру, Елі мен жерін қастерлейтін, туған топырақтың қадірін білетін, ауылын дамыту мен өркендетуге ат салысатын маман даярлау – біздің басты міндетіміз. Қазалы аграрлы – техникалық колледжі жетпіс жылға жуық тарихы бар Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы өркендеген ірі ауданда орналасқан ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын іргелі оқу орны.
Колледждің 22 мамандық, 44 біліктілік бойынша лицензиясы бар. 2019 жылы дуальды оқыту бойынша оқытылатын «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Пісіру ісі», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауылшаруашылық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Ветеринария», «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша аккредиттеуден өтті. Колледж барлық мамандықтар бойынша жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеп, модульдік оқытуды толығымен енгізген бірден – бір оқу орны.
Колледж «Жас маман» жобасының 2020 жылғы жеңімпазы. Жоба бойынша республикалық бюджеттен 323 312 000 теңге бөлініп, бөлінген қаржыға «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауылшаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталып, құзіреттілік орталығы ашылды. Құзіреттілік орталығының әлеуметтік ынтымақтастықты одан әрі нығайту және орталық жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «СТАгро» ЖШС мен «Қазалы аграрлы – техникалық колледжі» КМҚК арасында әлеуметтік әріптестік меморандумына қол қойылды.
Қазалы аграрлы техникалық колледжі 2014 жылдан бастап дуальды оқыту жүйесіне көшірілді. 2021-2022 оқу жылында қабылданған 4 мамандық, 6 топ дуальды оқыту жүйесі бойынша оқытылуда. Жалпы саны – 100 білім алушы, 22,7 пайызды құрайды. Қазіргі таңда аталған білім алушылар, кәсіпорын, оқу орны арасында үш жақты келісім шарт жасалды. Жұмыс оқу жоспарлары әлеуметтік серіктестердің білікті мамандарымен біріге отырып 60/40 қағидасына келтірілді. Яғни, алпыс пайыз практика, 40 пайыз теориялық оқу.
Келісім шарт Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №93 бұйрығының 5-қосымшасына сәйкес жасалынды. 07161600 «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша оқу жұмыс жоспары колледжішілік индустриалдық кеңес отырысының хаттамасына сәйкес «Агро-Өркен» ЖШС білікті мамандарымен бірлесе әзірленді. Білім берудің барлық деңгейінде мазмұнды жаңарту, жұмыс берушілердің талаптарын, қазақстандық экономиканың сұранысын ескеретін халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу еліміздің заманауи білім беру моделін құру және дамытудың негізгі факторының бірі болып табылады.
Сондықтан кадрларды даярлауда икемділікті қамтамасыз ету үшін колледждерге академиялық дербестік берілуде. Колледждерге жұмыс берушілермен бірге кәсіби стандарттар негізінде және аймақтық ерекшелікті ескере отыра, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқыту мерзімі мен траекториясын анықтау мүмкіндігінің берілуін болжайды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын ірі бизнес өкілдеріне қамқорлыққа беру – бүгінгі таңда өзекті мәселе. Қазіргі уақыттағы өзгерістерге байланысты өндіріске қажетті кадрларды даярлау үшін колледждерді ірі бизнес өкілдеріне қамқорлыққа беру қажеттілігі туындауда.
Алда бұл жұмыстарды стратегиялық жоспарымызға сай жүзеге асыратын боламыз. Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығының білім алушылары жыл сайын «Агро-Өркен» ЖШС базасында өндірістік практикадан өтеді. Колледж базасында білім алушылар Mag Don 155 және Class Arion 620S, Беларусь МТЗ 82 тракторларының техникасы мен механизмін өз қолдарымен ұстап, техникаға техникалық қызмет көрсетіп, жүргізіп үйренсе, осы тракторлардың барлығы «Агро-Өркен» ЖШС базасында бар.
Тәжірибелік, өндірістік практикаға келген білім алушылар техникамызды тез игеріп кетеді. Сапалы білім берілгенде ғана білікті кадр даярланады. Экономикамызды ілгерілетуде озық техника мен технологиялардың маңызы зор. Бұл ретте колледж білім алушыларының өндірістік, дипломалды практикаларын ұйымдастыруда «РЗА» АҚ, «Сыр маржаны» ЖШС, «Агро-Өркен» ЖШС орны ерекше. Өйткені «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығындағы білім алушыларымыз жыл сайын аталмыш әлеуметтік әріптестік базасында ауыл шаруашылық техникаларының тілін меңгереді.
Білім алушылар ІІ – ІІІ курстарда шаруашылықтың көктемгі егін егу жұмыстары мен күзгі күріш ору науқанына ат салысады. Бұл шаруашылықтардың базасында білім алушыларымыз тәжірибеден өтіп, өз біліктіліктеріне сәйкес маман болып қалыптасуларына, еңбек нарығына қажетті кадрлардың даярлануы мен жұмыспен қамтылуына толық жағдай жасалған. Оның бір дәлелі, білім алушыларға тәжірибе уақытында еңбекақы төленуі. Бұл жұмыстардың барлығы да біздің аймағымыздағы колледждердің дуальді оқыту бағытындағы 40 пайыз теория, 60 пайыз тәжірибе негізінде жасалған оқу бағдарламасының нәтижесі.
«РЗА» АҚ күріш, ет, нан, сүт өнімдерін өндірумен айналысса, «Сыр маржаны» ЖШС мен «Агро-Өркен» ЖШС күріш өсірумен және экспорттаумен айналысады. «Агро-Өркен» ЖШС өкілдері «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша колледждегі біліктілік беру комиссиясының төрағасы, оқу процесіндегі аралық аттестаттау, біліктілік беру емтиханы мен диплом жобасын қорғауға қатысады.
Колледждегі құзіреттілік орталығының басты мақсаттарының бірі – Worldskills Кazakhstan чемпионаттарына қатысу үшін аймақтық команда мен Қазақстан құрамасына бәсекеге қабілетті қатысушыларды даярлау, инфрақұрылымын қалыптастыру, білім беру ұйымдарының өндірістік білім беру оқытушылары мен шеберлері қатарынан сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру және оларды Worldskills Кazakhstan талаптарына сәйкес оқыту, Қызылорда облысы аумағында таңдалған құзыреті бойынша Worldskills Кazakhstan стандарттарын іске асыру және оқу процесіне WorldSkills стандарттары мен модульдік-құзыреттілік тәсілін енгізуге ерекше назар аударылуда.
«Worldskills-2022» Ұлттық чемпионатының Республикалық кезеңіне қатысушыларды іріктеу мақсатында өткізілген облыстық чемпионатқа колледж 7 құзіреттілік бойынша қатысып, 5 құзіреттілік бойынша «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауылшаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь», «Графикалық дизаин», «Дәнекерлеу технологиясы», «Ветеринария» құзіреттіліктері бойынша республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл көрсеткіш заманауи жабдықтарды меңгерген болашақ мамандардың еңбегі екені айқын.
Әлеуметтік әріптес пен колледж арасындағы байланыс нәтижесі екі жаққа да тиімді, әрі дұрыс шешім. Біріншіден, кәсіпорындардың кадрларға немесе мамандықтарға қажетті сұранысын қалыптастыру. Жұмыс беруші білім алушыларды кәсіпорын базасында практикадан өткізеді және бітіруші түлектерді жұмысқа орналастырады. Яғни, республикада жүзеге асырылып жатқан мақсатты тапсырыс негізінде оқыту колледжде өз дәрежесінде жүзеге асырылуда. Мақсатты тапсырыспен оқытылатындықтан, жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша білім алушылар колледжді аяқтай сала жұмысқа орналасып кетеді. Бюджеттік шығын азаяды, себебі оқуға кеткен шығынның біраз бөлігі өндірісте болғандықтан оқушы оны күнделікті көріп, игереді. Соңғы үш жылдағы бітіруші түлектер 70 пайыздан кем емес жұмысқа орналасып келеді.
Екіншіден, білімді, болашақ жұмысшы маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. «Тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жасай алады. Кәсіпорынның талаптарына сәйкес сапалы мамандар даярлауды қамтамасыз ету. Ол үшін кәсіпорын өкілдерін оқу орындарының қамқоршылық және индустриалдық кеңесіне тарту. 07161600 – «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығында осы бағыт бойынша 45 студент білім алуда. Жаңа бағдарламаларды енгізу барысында әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыстағы ынтымақтастық орнатылып, жұмыс оқу жоспарлары қайта қаралып, оқу кестесіне түзетулер енгізілді. Колледж жұмыс берушімен бірге кәсіби стандарттар негізінде және аймақтық ерекшелікті ескере отыра, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқыту мерзімі мен траекториясын анықтап отыр.
Үшіншіден, жұмыс берушінің білім алушыға берген бағасы дайындалған маманның біліктілігімен байқалады. Тек қана теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді. Даярланатын мамандықтардың оқу бағдарламаларын кәсіби стандарттар негізінде жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес жоспарлау және бекіту. Бұның біз үшін тиімділігі «Техник – механик» мамандығының оқу мерзімі 3 жыл 10 айдан 2 жыл, 10 айға қысқартылды. «Агро-Өркен» ЖШС Worldskills Кazakhstan чемпионатының облыстық, республикалық кезеңдеріне қатысушы колледж студенті мен жетекшісіне қаржылай демеушілік көрсетуде.Колледждегі құзіреттілік орталығы мен әлеуметтік серіктес базасында Worldskills Кazakhstan чемпионатына қатысушыларды дайындау оң әсерін тигізуде.
Төртіншіден, колледждің инженер-педагогтерін кәсіпорын базасында тағылымдамадан өткізуді ұйымдастыру. Яғни, оқу тобы практикадан өтіп жатқанда, арнайы пән оқытушысы мен өндірістік оқыту шебері де практика уақытында серіктестік базасында тағыламдамадан өтіп, кәсіби шеберліктерін арттырды. 07161600 – «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығыбойынша академиялық дербестік жағдайында оқу бағдарламалары «КМ 11 Ауылшаруашылығы машиналарына техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді орындау», «КМ 12 Кәсіпорында технологиялық процестерді орындау үшін машиналарды жабдықтау» модулдері жұмыс берушілердің талабына сәйкес құзіреттіліктері бойынша жасалды.
Әлеуметтік әріптес пен колледж арасындағы байланысты жетілдіруге ҰСЫНЫСЫМ: Біріншіден, ауыл шаруашылығы техникасын, жанар – жағар май, тұқым сатып алуға субсидия бөлу. Екіншіден, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінде ауылдық колледждер үшін түзету коэффициенті ескерілсін. Үшіншіден, шетелдік озық ауылшаруашылық колледждерімен тәжірибе алмасу үшін байланыс орнатуға көмек көрсету. Агроөнеркәсіп кешені үшін әлеуеті зор кадрлар даярлау жолында Қазалы аграрлы – техникалық колледжі мен «Агро-Өркен» ЖШС бірлесіп инновациялық бағытта аянбай еңбек ете береді.
Арман Қонысбайұлы МУСАЕВ,
Қазалы аграрлы техникалық колледжінің
директоры, Қызылорда облысы