“Қазақ тілі” оқу – әдістемелік кешенінің сапалы білімді қамтамасыз ету алгоритмдері
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында білім сапасын арттыру мақсатының қойылуы өз кезегінде оқу пәндерінің сапалы білімді қамтамасыз ету қажеттігін де арттырып отыр. Ұлттық жобаның басты мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда «Қазақ тілі» пәні оқу-әдістемелік кешенінің (оқулық, жұмыс дәптерлері, оқыту әдістемесі, диктанттар жинағы) алатын орны зор. Оқу-әдістемелік кешеннің тек пәндік білім мен білікке ғана емес, сонымен қатар сапалы білімді қамтамасыз етуге бағытталғаны оның басты ерекшелігі болып табылады.
Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларының жеке тұлға қалыптасуында олардың қабілеті мен талантын ашу; шығармашылық, логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру; өз алдына мақсат қою арқылы оны жүзеге асыра білуге және өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білуге үйрету «Қазақ тілі» пәні оқу-әдістемелік кешенінің басым бағыттары боп табылады. Сапалы білімді қамтамасыз етуде оқушының алгоритмдік мәдениетін қалыптастыру мен дамытудың мәні зор.
Өйткені алгоритмді оқу үдерісінде пайдалану оқушылардың түрлі біліктер мен дағдыларды игеру үдерісін жеңілдетеді, оқыту/оқу барысында аса маңызды болып табылатын өз күші мен қабілеттеріне деген сенімділіктерін қалыптастырады. Алгоритмдерді пайдаланудың арқасында мұғалім оқытудың әр кезеңінде оқушы біліміндегі олқылықтарды нақты анықтауға, қателіктердің шығу себептерін дер кезінде көре алуға және оларды болдырмауға, түзетуге мүмкіндік алады, тіпті кейде оқушының өзі өз қатесін оңай таба алады.
Сондықтан алгоритмді қолдану өздерін бақылау мен бағалаудың құралы ретінде анықталады. Сапалы білімді қамтамасыз етуде алгоритмді «берілген міндетті шешуге арналған амал-әрекеттердің жиынтығы», «түпкі шешімге алып келетін әрекеттер», «жоспар тізбегінің сипаттамасы», «іздеген нәтижеге жеткізетін әрекеттер тізбегі», «әр қадамы саналы түрде таңдалып алынған әрекеттер реті», «қатаң түрде белгілі бір ретпен орындалатын әрекеттер реті» тұрғысында қарастырып, нәтижеге жетудің, оқушылардың өздерін бақылау мен бағалаудың құралы ретінде қолдануға болады.
Реттелген нұсқаулар тізбегімен жұмыста қолда бар тәжірибеге сүйену қағидасы басшылыққа алынады. Оқулық форзеціндегі «Мәтінді қалай дұрыс көшіріп жазу керек?», «Есте сақтап жазуға дайындық», «Сөзге дыбыстық-әріптік талдау жасау», «Сөз құрамына талдау» нұсқаулар тізбегі қатаң түрде белгілі бір ретпен орындалады. Қазақ тілі сабақтарында мәтінді көшіріп жазудың алгоритмін келтіруге болады.
Бірінші қадам. Сөйлемді оқы, мағынасын түсініп ал. 2-қадам. Жазбас бұрын әр сөзді жазылуы бойынша айтып көр. 3-қадам. Жазу барысында сөзді іштей буынға бөл. 4-қадам. Жазған әрбір сөзді үлгімен салыстыр. 5-қадам. Мәтіндегі сөйлемдерді осылайша жаз. 6-қадам. Барлық жазғаныңды оқулық арқылы тексер. Осындай нұсқаулар тізбегімен жұмыстың алгоритмін игергеннен кейін оқушының кез келген мәтінді қатесіз көшіріп жазуы әбден мүмкін.
Жалпы алғанда, алгоритм әрекеттерді рет-ретімен орындай отырып, нәтижені дәл әрі тез арада алуға, егер әр қадамы дұрыс сақталған болса, материалды оңай әрі жеңіл игеруге көмектеседі. Сапалы білім беру алгоритмінің құрылымын оқулықтың әр бөлім бойынша берілген басқы беттерінен байқауға болады. Іс-әрекеттік аспект бойынша күтілетін нәтиже алгоритмі еске түсіру, білу, үйрену – шығармашылықпен қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру және бағалау әрекеттері ретінде берілген.
Мысалы, «Қазақ тілі» оқулығының (2-бөлім, 40-бет) қарастырылған «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» бөлімінің басқы бетінің алгоритмдік сипаты төмендегіше қарастырылған: «Заттың атын білдіретін сөздер туралы білетінімді еске түсіремін. Зат есімнің сөз табы екенін; зат есімнің жалқы және жалпы, дара және күрделі, жекеше және көпше түрлерін білемін. Жалқы есімнің жазылу емлесін; көптік жалғауларын дұрыс қолдануды; дара және күрделі зат есімді анықтауды үйренемін».
«Қазақ тілі» оқулықтарының сапалы білім мазмұны оқушылардың логикалық ойлауын, шығармашылық әлеуетін, дүниетанымын дамытатын мәтіндер мен солардың аясында танытылатын грамматикалық жаттығулардан және зерттеушілікке бағыттайтын, болжам жасауға, қарама-қарсы пікір айтуға, белгілі тақырыпқа пікірталасқа түсуге және ізденіске жетелейтін тапсырмалар жүйесінен тұрады. Мысалы, «Өзіңе ұнайтын жануардың мерекелік киімін қағаздан жасап көр немесе суретін сал. Не үшін бұл жануарды таңдағаның туралы өз ойыңды білдір.
Ойыңды «Менің ойымша, …» деп бастауды ұмытпа» («Қазақ тілі» оқулығы, 1-бөлім 36-жаттығу, 90-бет); «Сипаттау үшін өзіңе ұнаған суретті таңда. Осы затты сипаттауға тырыс. Ол үшін сипаттау мәтінін «Бұл –…» деп баста. Әрі қарай ол заттың негізгі белгілерін (түр-түсін, көлемін, қасиетін) сипатта. Сол зат туралы өз ойыңды айт» («Қазақ тілі» оқулығы, 1-бөлім 17-жаттығу, 109-бет) шығармашылық сипаттағы тапсырмалар оқушыларды болжам жасауға, дәлелді пікір айтуға, ізденіске жетелейді. Демек мұндай нәтижеге тапсырмалар алгоритмінің «түпкі шешімге алып келетін әрекеттер» немесе «іздеген нәтижеге жеткізетін әрекеттер тізбегі» түрінде берілуі арқылы қол жеткізуге болады.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және оның қалыптасуын тексеру құралы шығармашылық сипаттағы тапсырмалар болып табылады. Сол себепті «Қазақ тілі» оқулығында «Біздің жобамыз», «Шығармашылық үзіліс» айдарларымен зерттеу жұмыстарына бейімдейтін тапсырмалар, өмірлік тәжірибеге үйрететін жағдаяттық тапсырмалар және т.б. беріліп отыр. Мәселен, «Түбір және қосымша» тақырыбы бойынша оқушылардың зерттеушілік дағдысын қалыптастыру мақсатында шығармашылық тапсырма мазмұны төмендегіше белгілі бір ретпен берілген.
«Тәжірибе жаса. Орманшы сөзінің негізгі бөлігін қағазбен жауып, жабылмаған бөлігін оқып көр. Қалай ойлайсың, бұл бөліктің жеке тұрғанда мағынасы бола ма? Зерттеу барысында сөздің түбірі болатынына, ол сөздің мағынасын сақтап тұратынына көзіңді жеткіздің. Қосымшаның жеке тұрғанда мағына бермейтінін анықтадың» («Қазақ тілі» оқулығы. 2-бөлім. 17-бет, 30-жаттығу) тапсырмасы зерттеу жұмысына жаттықтырады. «Біздің жобамыз» айдары бойынша берілген оқу материалдары арқылы оқушылар өздігінен ізденіп, дереккөздермен жұмыс істеуге үйренеді.
«Ауызша сөйлеу кезіндегі қимыл мен ым-ишара» бірінші жоба жұмысы бойынша («Қазақ тілі» оқулығы. 1-бөлім. 37-бет) рет-ретімен тапсырмаларды орындайды: 1. Балалардың бет-бейнесінде қандай өзгеріс болғанын тауып көр. 2. Сен де өз нұсқаңды ойластырып, қуанған немесе ренжіген баланың жағдаятын құрастырып көр. 3. Жұмысыңның нәтижесін сыныптастарыңның алдында қорға және бағала. Нәтижесінде оқушылар өз нұсқаларын ойластырып, қуанған немесе ренжіген бала жағдаятын құрастырады және сыныптастарының алдында қорғайды.
Екінші жобада («Қазақ тілі» оқулығы. 1-бөлім. 67-бет) шежіре ағашын жасау үшін «Әкеңнің аты-жөні кім? Атаңның ше? Арғы ата, түп ата, тек аталарыңды білесің бе?» сұрақтарына ретімен жауап береді. Білмеген жағдайда үлкендерден сұхбат алады. Ол үшін төмендегідей сұрақтар қояды: «Менің арғы атам кім? Түп атам ше? Тек атам ше?». «Бала, әке, ата, баба, арғы ата, түп ата, тек ата» тізбегін пайдаланып, өз әулетінің шежіре ағашын жасайды.
«Қазақ тілі» оқулығындағы оқу материалдары белгілі бір өмірлік мәселелердің шешімін табуға, ақпараттың мәнін, мағынасын, құндылығын түсінуге, жүйесін ұғынуға, өзара байланыс заңдылықтарын табуға, өңдеуге және оларды талдауға, қорытынды шығаруға, тәжірибеде қолдануға және шығармашылықпен дамытуға бағытталған. Олар әрекеттер тізбегі түріндегі шығармашылық тапсырмалар қатарын құрайды.
Солардың бірі – «Қазақ тілі» оқулығының 2-бөліміндегі 50-жаттығу оқу материалдары: «Сен саяхат жетекшісісің. Сенің міндетің балаларды өзің тұратын көшемен таныстыру. Ол үшін: – көше кімнің атында екенін анықта; – Ол туралы ақпарат жина; – көше атауы болмаса, көше бойында орналасқан ерекше нысандар (дүкен, мектеп және т.б.) туралы айтуға тырыс; – өз сөзіңде сан есімдерді қолдануды ұмытпа»( 119-бет).
Сондай-ақ оқулықта оқушылардың танымдық мотивациясын қалыптастыру үшін қарастырылған түрлі ойындар, әлеуметтік-психологиялық жағдаяттар балалардың өз жасына лайық жеңіл әлеуметтенуін қамтамасыз етеді. Оқушыны әлеуметтендіру – сапалы білім берудің түпкі мақсаттарының бірі. Мәселен, «И, й әріптерінің жазылуы» тақырыбын өту барысында «Бүгін – Дидардың әкесінің туған күні. Сабақтан соң ол дүкенге келді. Сыйлық таңдау көп қиындық келтірді.
Сен Дидардың орнында болсаң, әкеңе не сыйлар едің?» жағдаяттық тапсырмасымен жұмыс баланы талдау жасауға, өз әрекетін іштей жоспарлауға, рефлексияға бейімдейді. Оқушы қиындықтан шығудың жолын өздігінен табуға ұмтылады, қорытынды пікір айтуға дағдыланады. Бұл – бір. Екіншіден, жағдаяттық тапсырма мазмұнындағы «и» және «й» әріптері бар «сыйлық», «сыйлау», «Дидар», «қиындық» сөздерін өз сөйлеуінде қолдануға үйренеді.
Әрбір бөлімнің оқушының өзін-өзі тексеруін мүмкін ететін нәтиже сабақтармен аяқталуы «Қазақ тілі» оқулығында тек ақпараттық емес, жинақтау (трансформациялық), өзін-өзі бақылау және бағалау оқу материалдарының бар екендігін көрсетеді. «Жұмыс дәптерімен» жұмыста оқушылардың жазу дағдысын жетілдіру және әр сабақ соңында өз іс-әрекетіне (сауатты жазу, көркем жазу, шығармашылық тапсырманы орындау) кері байланыс жасау және өзін-өзін бағалау дағдыларын дамыту көзделген.
Жұмыс дәптеріндегі «Өз жұмысыңды бағала» тапсырмасы арқылы оқушы сауатты және көркем жазуын, орындаған шығармашылық жұмысының дұрыстығын үш түрлі қарындашпен бояп бағалау мүмкіндігі қарастырылған: «жасыл» түс – «Бәрекелді!», «көк» түс – «Жарайсың!», «қызыл» түс – «Ойлан!». Сонымен «Қазақ тілі» оқулығы мен жұмыс дәптеріндегі оқу тапсырмаларының алгоритмге құрылуы сапалы білімді қамтамасыз ете алады.
Әзия Елеупанқызы ЖҰМАБАЕВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ Кәсіби даярлау
бөлімінің Бастауыш білім беру бағдарламалары
жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы,
профессор